1357
Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң
Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң
Конституция – мемлекетіміздің ең жоғары күшке ие заңдар жинағы. Ата Заң мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институт ретінде адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастыратын тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Ал қолданыстағы Ата Заң 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Сол кезде референдумға «Жобасы 1995 жылдың бірінші тамызында баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Жаңа Конституцияны сайлаушылардың 90 пайызы қолдады. Содан бері 30 тамызда Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күні мерекеленеді.
Содан бері Ата Заңымыз төрт рет өзгерсе де (1998, 2007, 2011, 2017 жылдары) конституциялық түзетулерге қатысты жалпыұлттық референдум болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтті. Былтырғы референдум нәтижесінде Конституциядағы 33 бапқа 56 түзету мен толықтыру енгізілді. Ата Заңның үштен бір бөлігі өзгеріп, елдегі ең басты құжат жаңа сипатқа көшті. Осылайша, билік институттарының тепе-теңдігін күшейтуге арналған Конституция саяси жүйені жаңғыртты. Еліміздің болашағын айқындауға бағытталған реформаның мақсаты – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Ел болашағын айқындайтын, демократиялық қоғамның, кез келген құқықтық мемлекеттің ең маңызды құралы саналатын Конституциямыз туралы сарапшылардың пікірін тыңдаған едік.
Үнзила ШАПАҚ,
Мәжіліс депутаты:
Конституциялық реформа мемлекеттік жүйені жаңартты
– Қазақстан Республикасының 2022 жылғы конституциялық реформасы жаңа Қазақстанның, яғни қоғам мен мемлекетті одан ары жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалыптастырып берді. Кез келген реформа қоғамның әлеуметтік, экономикалық өміріне мәнді өзгерістерді алып келеді. Ал конституциялық реформа арқылы қоғам мен мемлекеттің барлық жүйесі жаңартылады және жаңғыртылады. Өйткені мемлекет Конституцияда көзделген мақсат, мұраттарға толыққанды қол жеткізбегенін мойындаған тұста осындай реформаларға барады. 2022 жылғы реформаның басты мақсаттарының бірі – еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау процесін жаңғырту, партия жүйесін дамыту болатын. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және Мәслихат сайлауы өтті. Қазір Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Бұған Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымы нақты мысалы бола алады. Қазір Парламент Мәжілісінің құрамында 6 партия өкілі, 29 бірмандатты депутаттар отыр. Сондай-ақ әйелдер және ерекше қажеттілігі бар жандар жалпы депутаттар санының 30 пайызын құрайды. Мұның нәтижесінде сайлаушылармен, халықпен кері байланыс едәуір күшейді. Президенттің алдымызға қойған міндеттерінің бірі – халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру. Әр сәрсенбі сайын Мәжілістің жалпы отырысында 25-тен астам депутаттық сауал жолданады. Оның барлығы халықтың үні. Жалпы алғанда 3 айдың ішінде Үкіметке мемлекеттік лауазымды тұлғалардың атына 355 депутаттық сауал қойылды. Бұрынғыдай емес, жергілікті жерден сенім мандатымен келген депутаттар облысының деңгейінде мемлекетке жетпей жатқан мәселені осы институт арқылы көтеріп отыр. Мәжілістің VIII шақырылымы конституциялық реформаның жүзеге асырудың бел ортасында. Депутаттар қоғамның барлық жүйесінде болып жатқан өзгерістерді заң арқылы бекітіп және сауалдар арқылы салалық проблемаларды Үкіметке жеткізіп отыр. Мемлекет басшысы VIII шақырылымның бірінші жалпы отырысында «AMANAT» партиясына үлкен міндет жүктеді. Сондықтан конституциялық реформаның жүзеге асырылуының басы-қасында, бел ортасында «AMANAT» партиясы үлкен рөл атқарып отыр. Конституциялық өзгеріске сәйкес өткен сессия барысында алғаш рет жылумен қамтамасыз ету саласындағы басқаруға қатысты жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды және аталған салада кешенді проблемалардың бар екені анықталды. Қазір осы бағытта Үкіметтің, басқа да мемлекеттік басқару органдарының тарапынан жұмыстар жасалуда. Тек осы 3 айдың ішінде 82 заң жобасы қаралды. Соның 20-сы депутаттардың бастамашылығымен әзірленді. Өзім 3 айдың ішінде 1 заң жобасына бастамашылық еттім, 2 жеке депутаттық сауал жолдап, 18 депутаттық сауалды бірлесіп жасаппын. Бұл жұмыстардың барлығы конституциялық реформаның нәтижесін көрсетеді. Конституцияның 6-бабына «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген өзгеріс ензілген болатын. Соның бір нәтижесі – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамашылығымен табиғи ресурстардан түсіп жатқан пайданы жинақтап отырған Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын 2024 жылдан бастап балаларға төлеу шешімі. Бұл бала 18 жасқа толғанша жүзеге асырылып отырады. Қазір елімізде кәмелеттік жасқа толмаған 6,5 млн бала бар. Жыл сайын бала саны да артатыны анық. Сонымен бірге Үкімет жұмысын атқару барысында Ұлттық қордың да инвестициялық табысын ұлғайтады деп көздеп отырмыз. Табиғи ресурстардың халыққа тиесілігінің бір дәлелі осы болды. Осы мақсатты іске асыру үшін 5 депутат Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға төлемдер мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірледік. Бірінші оқылымнан өтіп, шілде айында президент инвестициялық кірістің 50 пайызын балалардың қорына аудару туралы Жарлыққа қол қойды. Табиғи ресурстардың халыққа тиесілі болуы мемлекеттен. Ең алдымен халықтың, қоғамның және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескере отырып, олардың меншік құқығын жүзеге асыруды талап еттік. Меншік құқығын қорғау және заңсыз алынған табиғи ресурстар мен оларға байланысты активтерді тікелей халықтың мүддесіне пайдалану үшін оларды заңды иесіне қайтару жөнінде барлық қажетті шараларды қолдану керек. Осының бір нәтижесі – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңның осы VIII шақырылымда талқыланып, қабылданғаны болды. Конституциялық сот заңның Конституцияға сәйкестігін қарады, содан кейін президент қол қойып, заң іске асырыла бастады. Бұл заң ұрлыққа қатысы бар сыбайлас жемқорлар мен олигархтарға қарсы жасалған. Заң арқылы мемлекет елдің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жүйесін айқындап беріп отыр. Бұл да конституцияға енгізілген өзгерістің нәтижесі.Ерлан САИРОВ, Мәжіліс депутаты:
Жаңа Конституция – әділетті жүйенің іргетасы
– Конституцияға жасаған өзгерістер – елімізді демократияландырудың ең басты аспектісі. Аталмыш өзгерістер мен толықтырулар еліміздің Конституциясын халықаралық стандарттарға сәйкес жасап берді. Өйткені бізден басқа бірде-бір мемлекеттің Конституциясында бір адамның жеке басына табынушылық фактілері кездеспейді. Ал бізде 30 жылдың ішінде бір адамның, топтың мемлекеттің билігін жекешелендіріп алу фактісі болды. Осы фактілер Қазақстанның жаңа Конституциясынан алынып тасталды. Жаңа Конституция мәтінінде президент тек қана бір мерзімге, 7 жылға сайланады. Бұл билікке саяси монополия жасаудың алғышарттарын алып тастайды. Сонымен бірге Конституцияда Парламентті, аймақтардағы мәслихаттарды сайлауда үлкен либерализация жасалды. Яғни, партиялық тізіммен бірге халықтың өзі тікелей сайлайтын депутаттар Мәжілісте де, мәслихаттарда да болады. Мұның барлығы еліміздегі демократияның жүзеге асуының нақты көріністері. Сонымен қатар Конституциялық сот институты пайда болады. Бүгінде соттардың ісіне бірде-бір институт, мемлекеттік орган араласуына құқы жоқ. Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы, табиғат ресурстары халық меншігі» ұғымы енгізілді. Конституцияның жаңа постулаты жер асты ресурстарынан халықтың пайда табуына, әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешуіне, жер қойнауы байлығын пайдалануда әлеуметтік әділет принципінің жүзеге асуына кепілдік береді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар «Жаңа Қазақстанды» құрудың нағыз көрінісі. Оған мысал ретінде ауыл әкімдерін сайлау, кей мәселе бойынша Парламент Мәжілісінің құзыретін күшейту туралы өзгерістерді айтуға болады. Президенттің құзыреті азайып, Парламент, оның ішінде, Мәжілістің құзыры артты. Конституция халық пен биліктің арасындағы бұрынғы ара қашықтықты жақындатып, билікке, Парламентке, мәслихаттарға халықтың нақты өкілдерінің келуіне, сонымен бірге еліміздегі саяси жүйенің әділетті экономикалық моделін жасауға алып келді деп айтуға барлық негіз бар. Конституцияға енгізілген өзгерістер халқымызға «өз билігін қайтарды». Болашақта жаңа тұрпаттағы саяси мәдениетті қалыптастыру, әрбір шешімнің халықпен ақылдаса отырып, азаматтардың мұң-мүддесі тұрғысынан қабылдайтын жүйеге келеріміз анық. Жаңа Конституция – болашақтың, жаңа әділетті, саяси плюрализмге бағытталған жүйенің іргетасы. Толықтырылған Конституция саяси реформалардың эволюциялық нақты қадамы деуге толық негіз бар.
Әкім ЫСҚАҚ,
бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері:
Конституция – мемлекеттің темірқазығы
– Ата Заңымыз – қазақ елі азаматтарының құқығын қорғауға толық мүмкіндік беретін басты құжат. Конституцияның әрбір адамның өмірінде алар орны ерекше. Менің өмірімде де ерекше. Мен депутат болған тұста өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, қазақ парламентаризмі тарихында тұңғыш рет қазақша құжат дайындауға бастамашы болған адаммын. Бұл – 1997 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы. 1997 жылы 23 қаңтарда Үкімет дайындаған «Көші-қон туралы» заңның жобасы Парламентке келіп түсті. Мен Мәжіліс депутаты ретінде заң жобасына жетекші болып тағайындалдым. Жобамен жете танысқан соң көптеген кемшілік пен шикілік байқадым. Заң бойынша Үкімет әзірлеген заң жобасының бір-екі бабын өзгертуге болады, бірақ тұтастай ауыстыру мүмкін емес. Мен ойлана келе жұмысшы тобының жетекшілігінен бас тартып, конституция бойынша депутаттық өкілеттілігімді пайдаланып, қазақ тілінде балама заң жобасын ұсындым. Қазақ тіліндегі тұңғыш заң жобасында көші-қон мәселесін құқықтық реттейтін, оның кері ықпалын шектейтін, адам құқығының жалпыға ортақ мүдделеріне кепілдік жасайтын баптар қарастырдық. Дегенмен бізге кедергі жасаушылар аз болмады. «Заңның орыс тіліндегі баламасы болмаса түсініксіз, қазақ тіліндегі жобаны талқылау мүмкін емес» деген пікірлер айтылды. Ол кезде қазақ тілінен орыс тіліне аударатын сапалы аудармашы табу май ішінен қыл іздегенмен тең болатын. Біз бұл мәселені де шештік. Осылайша, тұңғыш қазақ тілінде дайындалған балама заң жобасы қабылданды. Парламент қабырғасында 11 ай қаралып, 42 отырыста қайраткерлікпен қорғалған құжатқа ел астанасы Ақмолаға көшкенде қол қойылды. Бұл елорда төріндегі алғашқы қол қойылған заң болатын. Нәтижесінде, қандастарға құқықтық мәртебе беріліп, олардың атамекенге оралуы үшін республикалық бюджеттен қаржылай қолдау жасалатын болды. Құжат негізінде елімізде арнайы Көші-қон және демография жайлы агенттік құрылды. Сол уақыттан бері алыс және жақын шетелдерден елімізге 1 миллионнан аса қандасымыз оралды. Міне, өзімнің конституциялық құқығымды пайдалану арқылы қандастарымыздың тағдырына оң әсер еткеніме қуанамын. 30 тамыз Конституция күніне орай отандастарымызды Конституция бойынша өз құқығын дұрыс қолдануға және өзгенің құқығына қол сұқпауға шақырамын. Ата Заңымыздың айбыны асқақтап, мәртебесі арта берсін!Асан ИМАШЕВ, Жетісу облысы Қаратал ауданы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі:
Конституция – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі
– Тарихта кез келген елдің, тайпалық одақтың мемлекет болып қалыптасуының бірнеше алғышарты болған. Ол шарттарға шекарасы белгіленген жерінің, халқының, әлеуметтік топтардың, әскердің және заңының болуы жатады. Мемлекеттің қуатты болуы сол елдің басқару жүйесі негізделген заңдарына байланысты. Еліміз тәуелсіз республика болып жарияланғанға дейін кең-байтақ даламызда мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттер қалыптасып, өмір сүрді. Сол мемлекеттердің әрқайсысының өз кезеңіне негізделген, далалық әдет-ғұрыптарға үйлестірілген заңдары болған. Мысалы, Шыңғысханның «Жасағы» (Яса), Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы». Бұл заңдар да бастауы, негізі бір болғанымен мемлекеттердің өмір сүру кезеңіндегі тарихи, саяси жағдайларға байланысты өзгерістерге ұшырап отырған. Қазіргі құрылымдағы конституцияның қайнар көзі – XVIII ғасырдағы Еуропа (Адам және азамат құқықтарының декларациясы) мен АҚШ (АҚШ Конституциясы) заңдары. Елімізде конституциялық заң шығару өткен ғасырдың басында басталды. Алаш қайраткерлері тәуелсіздіктің бастамасы ретінде Алашорда үкіметін құрар кезде Алаш партиясының бағдарламасын конституциялық міндеттемелер негізінде жасаған. Одан кейін РСФСР құрамында болған кезде ҚазАКСР Конституциясы (заңдық күші болмаса да), КСРО-да одақтас республика болған кезде 1937 жылы, 1978 жылы Қазақ КСР Конституциялары қабылданды. КСРО ыдырағаннан кейінгі Конституциялық заңдарымыз 1990 жылы 25 қазандағы «Қазақ ССР мемлекеттік егемендігі туралы декларация», 1991 жылы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңы», 1993 жылы 28 қаңтардағы және 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциялары. Ата Заң – мемлекеттегі барлық заңдық, нормативтік құжаттардың бастауы. Конституция – мемлекеттің тұрақты дамуының, елдегі әр азаматтың толыққанды өмір сүруінің кепілі. Сондықтан да Ата Заңымызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Конституцияның І бөлімінің 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп атап көрсетілген. Біз бәсекеге қабілетті, мықты мемлекет боламыз десек, құқықтық және саяси сауаттылығымызды көтеруіміз керек. Ол үшін барлық заңды жатқа білу міндетті емес, тек Конституциялық құқықтарымыз бен міндеттерімізді біліп, орындап жүрсек жеткілікті. Кейбір жағдайларда осыларды білмегендіктен, мәнін жете түсінбегендіктен де қоғамда кикілжіңдер орын алып жатады. Ата Заңымыздың бірінші бабында жазылған демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік деген ұстанымдарды кейбіреулеріміз дұрыс түсінбей немесе дұрыс қолданбайтын кездеріміз де бар. Әлі демократияның не екенін біле бермейтіндер де бар. Оны еліміздегі саяси науқандар кезінде жиі байқаймыз. Зайырлы мемлекетпіз деп алып, кейбір діни фанаттардың мектеп формасына қатысты ережелерге қарсылық көрсетіп, өз ұстанымдарын тықпалауына жол береміз. Унитарлы мемлекетпіз деп алып, көпұлтты елміз дейміз. Көпұлтты мемлекет дегеніміз унитарлы емес, федеративті деп аталады. Сондықтан тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін көпшілігіміз, әсіресе халыққа қызмет етуі тиіс биліктегілер Конституциялық заңдарды біліп қана қоймай, құрметтеп, олардың орындалуына ықпал жасауымыз керек. Сонымен алда келе жатқан Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күні құтты болсын! Ата Заңымыз толыққанды тәуелсіздігіміздің кепілдігі болсын.