Әлем таныған математик
Әлем таныған математик
Ғибратты ғұмыр кешіп, елінің ғылыми, рухани-мәдени, саяси-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азаматтардың жарқын бейнесі уақыт көшінде сәулелене беретіні тарихи заңдылық. Математика ғылымында жаңа бағыттың пайда болып, оның дамуына өзінің қосқан үлесімен, ұйымдастырушылық қызметімен, білім беруге қосқан еңбегімен ел есіндегі абзал жандардың бірі – Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Төлеубай Ыдырысұлы Аманов. Төлеубай Ыдырысұлы Аманов 1923 жылы 25 тамызда Семей қаласына іргелес, Ертіс өзенінің жағалауына жақын орналасқан Құрманқожа ауылында өмірге келді. Әкесі – Ыдырыс Иманбайұлы жұмсақ мінезді, қайырымды, еңбекшіл, қарапайым, момын шаруа адамы болса, анасы – Бақыт иман жүзді, парасатты, дастарханы жиналмайтын қонақжай, адамгершілігі мол, сыпайы жан болған. Төлеубай Ыдырысұлының, онымен үзеңгілес ғалымдардың еңбегін біздің еліміздегі ғылымның даму тарихында алатын орны ерекше. Біріншіден, бұл кезең Республикамызда оқу-ағарту және ғылым жүйелерінің қалыптасуы мен даму дәуіріне дәл келеді. Сонымен қатар сол кездегі ұрпақтың өзіне тән рухы – білімге құштарлық және оны халық арасында кең тарату еді. Екіншіден, бұл – ұрпақтың балалық және жастық шағына ауыр сынның түскен кезі. Осы жаста ашаршылық пен соғыс қасіретін бастан кешкендердің бойында ауыртпашылықтан пісіп-жетілген жігерлілік, еңбекқорлық қасиеті мәңгі сақталды. Т.Амановтың өмір жолы мен қызметін оқып зерттеуде оның да бойында осы қасиеттердің бар екеніне көзіміз жетеді. Семей педагогикалық институтында еңбек еткен 1944-1968 жылдар аралығында Төлеубай Ыдырысұлы жоғары математика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика факультетінің деканы, институттың оқу және ғылыми жұмыстар бойынша директордың орынбасары (проректоры) қызметтерін атқару барысында жастарға білім беру мен ғылымға баулуда еліміздегі іргелі оқу орнының болуына үлкен үлес қосқан ғалым. Осы факультетте қазақ кадрлары «жоқтықтан» жабылып қалған қазақ топтарын 1957-1958 жылдары қайтадан аштыруы, онда білім беретін, ғылыммен шұғылдануға бейім қазақ жастарын облысымыздың әр жерінен жұмысқа шақырып, олардың ғылыми дәрежеге жетуіне жағдай жасауы Төлеубай Ыдырысұлының қолдан жасалған орыстандыруға қарсы тұрған ерлігі, үлкен ұлтжандылығы деп есептеймін. Бұл жас кадрлар Қажи Нұрсұлтанов, Абылайхан Ахметжанов, Сләмшайық Рахметжанов, Болысбек Базарханов, Самат Әлиұлы болса, кейіннен Сағидолла Шаяхметов, Гафиза Нақышбекова, Ерғали Есенжолов сынды болашақ математик ғалымдармен толықтырылды. Ал келесі жылы Семей педагогикалық институтының тарихында тұңғыш рет барлық сабақтары төл тілімізде оқытылатын толыққанды қазақша физиктер тобын ашқызды. Жер жаһандағы ең үздік шығармашыл математиктер төрт жылда бір бас қосып отыратын дүркінді мәслихаттық жиналым бар. Оны «Бүкіл дүниежүзілік математиктер конгресі» деп атайды. Тұңғыш мұндай конгресс 1897 жылы Цюрих қаласында өткен. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш ұйымдастырылған тоғызыншы конгресс Кембриджде болған. Дүниежүзі математиктерінің он үшінші конгресі 1966 жылы Мәскеуде өтті. Осы конгреске Қазақстаннан жалғыз семейлік Төлеубай Ыдырысұлы ғана қатысып, «Сыйыстыру және жалғастыру теоремалары» деген тақырыпта баяндама жасады. Осы баяндама Төлеубай Ыдырысұлының докторлық еңбегіне іргетас және өзекті арқау болғаны анық. Төлеубай Ыдырысұлынан бұрын аталған конгреске қатысып, баяндама жасаған қазақстандық математик ғалымның есімі бізге беймәлім. Сондықтан Төлеубай Ыдырысұлын әлемдік математика деңгейіне тұңғыш көтерілген бірегей қазақ ғалымы деп бағалаймыз. Төлеубай Ыдырысұлы «Аралас туындыдағы функциялар кеңістігіндегі енгізу теориясын» құру жөніндегі және олардың эллипс типті теңдеулерін шектік есептерді шешуге қолданылуын дамытты, «О.Бесов кеңістігінің» элементтерін анықтау туралы тура және кері теоремаларды ашты. 1967 жылғы Сібір сапарынан ұзақ түндер мен күндер көз майын тауысқан «Аралас туындысы басым келетін функциялар кластарының өзіндік қасиетін зерттеу» атты ғылыми жұмысы аса жоғары бағаланып, физика-математика ғылымдарының докторы болып, еліне мерейі өсіп қайтты. Осы сапары жөнінде өзінің шәкірті әрі туысы профессор Абылайхан Ахметжанов «Мен 1967 жылы Төлеубай Ыдырысұлының Новосибирскіде өткен докторлық диссертациясын қорғау рәсіміне әдейілеп бардым. Төкен аға әлемдік математика тарихына енген бұл еңбегін 15-ақ минуттың ішінде қорғап шықты. Тақтаға бұрыш-бұрышты сызып жіберіп сөйлей жөнелгенде зал іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс қалыпқа еніп, ширек уақыттан соң ду қол шапалаққа ұласып кетті. В.Ильин, Я.Бугров, С.Никольский сияқты әлемдік математика тарландары жас докторға орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Сондағы ұстазымның қарапайым да жарқын бейнесі жүрегімде мәңгі сақтаулы» деген еске алуы 90 жылдық мерейтойға арналған халықаралық конференцияның алғы сөзінде келтірілген. Бұл конференцияны университет ректоры, профессор Шәріпбек Ағабайұлы Әмірбеков халықаралық деңгейде ұйымдастырып, сәтті өтуіне үлкен басшылық жасады. 1968 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының математика және механика институтының директорының орынбасары жұмысына ауысып, функциялық анализ теориясы бөлімінің меңгерушісі болды. Сонымен қатар С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде дифференциалдық теңдеулер кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Алматыға келісімен қазақ жастарының ғылымға бет бұруына үлкен ықпал етті. Бұл жөнінде жоғарыда айтылған халықаралық конференциялардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілуіне ерекше үлес қосқан физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есмұхамбет Смаилов ағамыз өз естелігінде мынандай дәлел келтіреді: «Төлеубай ағамыз ұйымдастырып өткізген екі үлкен ғылыми форум – еліміздің математика ғылымының жаңа сатыға көтерілуіне көмектескен өте маңызды шаралар болды. Біріншісі – 1973 жылы қыркүйек айында өткен функционалдық кеңістіктердің қамту теориясына арналып өткен бүкілодақтық симпозиум. Екіншісі – 1976 жылы қазан айында өткен функционалдық анализдің дифференциалдық теңдеулерге қолданылуына арналған «Совет және Чехославакия математиктерінің кеңесі» деп аталатын халықаралық конференция. Төлеубай ағаның шақыруымен Одақтың жетекші математик ғалымдары түгелге жуық келді десе де болады: С.Соболев, С.Никольский, Л.Кудрявцев, О.Бесов, П. Лизоркин, Я.Бугров, И.Киприянов, С.Успенский, М.Потапов, П.Ульянов, С.Крейн, Е.Семенов, П.Соболевский, В.Солонников, М.Тиман, В.Масленникова, А.Тайманов, О.Олейник және т.т. Қазақстан математиктері Одақтың көптеген ғалымымен танысып, ғылыми мақалалары мен мекенжайларымен алмасып, болашаққа пайдалы творчестволық баланыстар орнатты». Төлеубай Ыдырысұлы туған елінің, өзі өсіп шыққан С.Никольскийдің ғылыми мектебінің мәртебесін арттырып отыруды ұмытпай, ұрпақ сабақтастығын дәріптеп, адалдықты ту етуі бізге үлкен өнеге. Адамгершілігі зор, мансапқорлықпен қаны қас, өзінен кейінгі буынға саясы мол, математика ғылымының дамуына қосқан сүбелі үлесі бар ғалымның өмір жолы мен еңбектерін жас ұрпаққа жеткізу мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар ауқымы уақыт өткен сайын кеңейе түсуде. Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде, оның ішінде өзі іргетасын қалаған факультетте үлкен іс-шаралар жүргізілуде. Семей қаласының орталық көшелерінің біріне профессор Т.Аманов есімі берілді. Төлеубай Ыдырысұлы ғылым кандидаты болып қызмет еткен және кейіннен ғылым докторы дәрежесін алған шақтарында тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Қаламыздағы №16, өзі туып-өскен Құрманқожа ауылындағы Петропавловка орта мектептеріне Т.Амановтың есімі беріліп, өзімен қызметтес болған ұстаздар, профессорлар Қажи Нұрсұлтанов, Абылайхан Ахметжанов, доценттер Сағидолла Шаяхметұлы, Сләмшайық Рахметжановтардың кеңестері негізінде ғалымның музейі ашылды. Музейді қызы Нұргүл Төлеубай Ыдырысұлының ғылыми-әдістемелік еңбектерімен, құжаттармен, қолданған жеке заттарымен толықтырды. Университетте физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент О.Жолымбаевтың ұйымдастыруымен 15 жыл бойы мектеп оқушылары арасында математика және информатика пәндерінен Төлеубай Ыдырысұлы Аманов атындағы аймақтық олимпиада ұйымдастырылып, өткізіліп отырды. Т.Аманов атындағы дәрісхана ашылды. Ғалымның өмір жолы тек қана математиктер қауымына ғана емес, барша ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен «Жарқын бейне. Светлая личность» атты естелік жинағы көпшілік оқырманға ұсынылды. Бұл естелік кітапты ұрпақтары бірнеше рет қайта басып шығарды. Әлем таныған математик Төлеубай Амановтың 100 жылдық тойына арналған халықаралық конференцияны еліміздің жетекші математиктері тоғысқан, функциялар теориясы және функционалдық анализден ғылыми мектеп қалыптасқан Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізген университет ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдыковқа, барша ғалымға ризашылығымыз шексіз!
Гүлназ Берікханова, Физика-математика ғылымдарының докторы, Шәкәрім университетінің профессоры