Қоғамның дертіне айналған орамал дауы

Қоғамның дертіне айналған орамал дауы

Қоғамның дертіне айналған орамал дауы
ашық дереккөзі
716
Өткен аптада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың оқушылардың хид­жаб мәселесіне байланысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде біраз тал­қыға түскен болатын. Министрдің жауабына қанағаттанбағандар оның «иә» не «жоқ» деп нақты жауап бермеуін сан-саққа жүгіртті. Тіпті, бұрынғы министр Айма­ғамбетовтің хиджаб туралы кесімді пікірімен салыстырып, Ғани Бейсембаевты солқылдақтық танытты деп сынағандар да болды. Алайда осы аптада өткен Үкімет оты­ры­сын­да министр өзіне қатысты айтылған сын­ға жауап беріп, хиджаб дауына қатысты нүк­тесін қойды.
– Конституция бойынша Қазақстан – зайыр­лы мемлекет. Мектеп те зайырлы бо­лып саналады. 2016 жылы бекітілген оқу­шы­лар­дың мектеп формасы мен киіміне қа­тыс­ты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан ба­лалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл ба­­ғытта өзгеріс жоқ. Енді біз көтеріп отырған сұ­рақ, яғни оқушылардың мектепке хиджаб киіп келуі осы мәселені шеше ала ма? Бірінші ке­зекте біз негізгі мақсат пен адамдардың қо­сымша ойын шатастырмауымыз керек. Ба­ла мектепте сапалы білім мен саналы тәр­бие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз ету­ге тиіс. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәрі­­міз заңды орындауымыз қажет, – деді министр.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей соңғы он жыл шамасында жыл сайын тамыз айында мектеп оқу­шы­ла­ры­ның хиджаб кию мәселесі көтеріліп ке­ле­ді. Бұл ескі дауға қатысты министрлік ар­найы бұйрық бар екенін, оның күшін жой­ма­ғанын жыл сайын мәлімдеп келеді. Оқушы са­баққа мектеп формасымен келуі керек де­ген бұйрыққа бағынғысы келмеген ата-аналар шетелде оқытамыз деп балаларының құ­жаттарын мектептен алып кетеді. Алайда олар Қазақстаннан асып ешқайда бармайтын көр­інеді. Ал шетел мектептерінде онлайн оқы­туды барлық ата-ананың қалтасы көтере бер­мейді. Осылайша, мектепте оқымай, білім ал­май жатқан қыз балалар саны жылдан жыл­ға көбейіп барады. Тіпті, көрші елдердің он­лайн мектептерінде тіркелген қыздардың шын мәнісінде оқыған, оқымағаны белгісіз. Осы жерде тағы бір мәселенің ұшы қыл­тия­ды. Елімізде құжат жүзінде жәй мектеп, бірақ іс жүзінде діни білім беретін мектептер пай­да бола бастады. Олардың білім беру бағыты қан­шалықты дұрыс екенін анықтап жатқан ешкім жоқ.
«Мектептерде хиджаб дауы өте асқынып кет­ті. Бұл бала құқын бұзу деген уәж екі жақ­тан да айтылып, балалардың сабақ процесіне ке­дергі келтіріп жатыр. Мектепке бармай, бі­лім алмай надан күйінде қалатын қыз ба­ла­лар саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Бұл мә­селені елемей қоюға болмайды» дейді Qaz­Bilim Group компаниясының басқарма төрағасы, қоғам белсендісі, білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы. Оның айтуынша, мек­тепте бірыңғай мектеп формасы қатаң сақ­талуы керек. Мектеп формасы жәй киім емес. Ол – тәрбие, сондай-ақ мектептегі әлеу­меттік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын ала­тын басты фактордың бірі. – Біріншіден, біз зайырлы мемлекетпіз. Әр дін өз киімін білімге араластырмай, нақ­ты ортақ тәртіпке бағынуы керек. Екіншіден, мек­теп формасы елде біртұтас болуы керек. Жал­пы, бірыңғай мектеп формасы деген стан­дарт толық сақталғаны дұрыс. Үшін­ші­ден, адам дін ұстануын толық ақылы тол­ған­да өзі шешуі керек. Бастауыш сыныптың оқушысына хиджаб кигізуді ақылым қабылдай алмайды. Төртіншіден, баланы білім алу құқығынан айыруға ешкімнің құқы жоқ. Сондықтан мектепте баласын оқытпай надан еткен ата-аналарға қатаң жаза болуы керек. Біздің елге ұлттық идеология, сапалы білім мен ғылым, дұрыс тәрбие керек, – деді білім сарапшысы.
Хиджаб киген қыздарға мектеп есігін жабу мәселенің шешімі емес, бұл баланың құқығын шектеу дейтіндер де бар. Еліміздің «Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі» ҮЕҰ жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбекова бұл туралы: «Мемлекет хиджаб киген қыздарды мектепке кіргізбеу арқылы олардың барлық құқығы мен бостандығын шектейді. Егер мемлекет ата-аналарға қарсы барлық сот процестерін жеңсе де, оларды әкімшілік жауапқа тартып, қамаса да, мұны жетістік деп санау қателік. Жекеменшік мектептер мен мемлекеттік мектептердегі бөлек кластар да бұл мәселенің шешімі емес, себебі мұның өзі бөлу», – дейді. Спикердің айтуынша, мемлекет бір шешімге келіп, аталған жағдайдан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай шығатын жол іздеуі керек. «Мемлекет пен ата-аналар бір келісімге келмейінше бұл мәселе оқтын-оқтын көтеріле береді» дейді сарапшы. Елімізде 2000 жылдардың алғашқы ондығында дінге бет бұрғандар саны күрт көбейгенін білеміз. Дәстүрлі және дәстүрлі емес уағызшылардың белсенділігі артып, мешітке баратын, діни рәсімдерге қатысатын жастардың қарасы көбейді. Бүгінде сол жастардың балалары мектепке баратын жасқа келді. Қоғамда орамал мәселесінің жиі көтерілуінің бір себебі осында болса керек.
– Біздің қоғамда исламды экстремизм, терроризммен байланыстыратын түсінік қалыптасқан. Олардың пікірінше орамал діннің емес, экстремизм, радикализмнің атрибутикасы. Екіншіден, тәңіршілдік көз­қарас­тамыз дейтіндер саналы түрде исла­мо­фо­­биямен айналысып жатыр. Яғни, мұсыл­ман­­ға қатысты дүниелердің барлығын қа­зақ­­қа жат, ислам – арабтарға тән деп, мұ­сыл­ман­­дарға тән атрибутиканың бәрін орта ға­­сырға тарту деп, өздері орта ғасырдан да ер­­теге тартып жатқанын түсінбейді. Сон­дық­­тан орамалға рұқсат берген жағдайда қо­­ғам­да үлкен резонансты жағдай туындауы мүм­­кін. Қарсы тараптың айтатын уәжі ора­мал­­мен шектелмейтінін ескеруіміз керек. Ұл ба­­лалар мен қыз балаларды бөлек оқыту, ән-күй, бейнелеу өнері сабақтары жүр­гі­зіл­меуі керек деген мәселелер пайда болады. Бір­ақ менің ойымша, бұл қоғамның алдын ала ойлап тапқан гипотезасы. Яғни, қор­қы­ныш­­тан туындаған дүние. Әйтпесе, Еуро­па­ның көптеген демократиялық елінде, Ма­лайзия, Индонезия елдерінде орамал – кон­фессиялық ерекшелік. Әр адам қандай кон­­фессияға тиесілі екенін өзі анықтайды. Еу­ропаның кейбір мемлекеттерінде діни са­бақ жүргізіледі. Христиан діні туралы са­бақ­қа мұсылмандар қатыспауға құқылы. Де­мократиялық құндылықтарға бейімделген мем­лекеттерде ондай үрей байқалмайды. Әри­не, экстремизм, терроризммен құқық қор­ғау органдары айналысады. Ал жаппай ха­лық ол нәрсемен басын қатырып жатқан жоқ, – дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқан­ұлы.
Орамалға қатысты білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы да өз ойын білдірген екен. Оның айтуынша, біз бүгін қыз балалар­дың мектепке хиджабпен келуіне рұқсат бер­­сек, ертең ұл балалар сабақтан босатып, мешітке намазға жіберуге сұранады.
– Ары қарай кейбір ата-аналар «балалар­дың қауіпсіздігі» деген сылтаумен мектепте на­маз оқитын зал ашуды талап етпесіне еш­­кім кепілдік бермейді. Құқықтануда «пре­це­дент» деген ұғым бар. Қазақстанда мұсыл­ман­дардан өзге христиан-правос­лавтар да же­терлік. Оларға да икона іліп, шоқынатын бұ­рыш ашып береміз бе? Сосын елімізде тыйым салынбаған өзге діни сенім өкілдері – като­ликтер, иудейлер, буддашылар да бар. Ертең олар да өз наным-сенімдерін орта білім саласына тықпалайды, – дейді сарапшы.
Қазақстан – мемлекеттің зайырлылығы мен қауіпсіздік мәселесін алға тартып, мек­теп­те хиджаб киюге тыйым салған жалғыз ел емес. Орталық Азия елдері исламдық экст­ремизм билікке қауіп төндіруі мүмкін де­ген сеніммен діни фанатизмді қатты ба­қы­лауда ұстап отыр. Қырғыз республикасы мен Тәжік­стан үкіметтері хиджаб киетін қыз-келін­шек­тер көбейген соң орта және жоғарғы бі­лім беру мекемелерінде орамал тағуға тыйым салды. Өзбекстан Үкіметі де қоғам­дық орындарда хиджаб киюге рұқсат бер­мей­ді. Елімізде барлық азаматтардың сенім бос­тандығына еркіндік берілген. Мектептен бас­қа жерлерде хиджаб киюге тыйым салын­баған. Сондықтан орамал мәселесінде асы­ғыс­тыққа салынбай, жан-жақты сараптап, ақыл­мен шешім қабылдағанымыз жөн се­кілді.

Арайлым БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары