50625
«Бұл – заңсыз»: Аймағамбетов даулы мәселеге нүкте қойды
«Бұл – заңсыз»: Аймағамбетов даулы мәселеге нүкте қойды
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ата-аналардың көкейінде жүрген даулы мәселенің нүктесін қойды, деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап.
"Соңғы бір айда менің «жекеме» шығып, көп адам сұрақ қойып жатыр. Мәселен, мектепалды даярлық сыныбына немесе 1-сыныпқа баруы үшін 5 жастан бүлдіршінді балабақшадан мәжбүрлеп шығару қаншалықты заңды деген сұрақ. Бірден айтайын, бұл – заңсыз" деп жазды Аймағамбетов.Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардағы кейбір шенеуніктер заңнаманы басқаларға дұрыс түсіндіре алмайды, не өздері түсіне алмай отыр. Нақты жауап – бала 6 жасқа дейін балабақшада тәрбиелене алады.
"Міне, маған жазып отырған ата-анадан нақты мысал. Бала желтоқсан айында ғана 6-ға толады, сондықтан ата-анасы баланы қыркүйекте мектепке жібермеу туралы шешім қабылдады. Өйткені қыркүйекте 6 жасқа әлі толмайды. Бұл жағдайда бала келесі жазға дейін әлбетте балабақшада қала алады. Немесе басқа жағдай, бала қаңтар айында 6-ға толады екен, енді оны сол қаңтар немесе ақпан айынан бастап балабақшадан шығарып тастайсыз депті. Сонда бала мектепке дейін 8 ай бойы қайда болады? Бұл да заңға қайшы, ол баланы жазға дейін балабақшада тәрбиелеуге болады", – деді депутат.Сондай-ақ ол алдыңғы жылы министрлік тарапынан ресми түсініктемелер берілгенін айтты. Қазір де министрлік тиісті ақпаратты беріп жатыр.