Қостанайда бірінші сыныпқа барған баланың 71%-ы орыс тілінде оқуды таңдаған

Қостанайда бірінші сыныпқа барған баланың 71%-ы орыс тілінде оқуды таңдаған

Қостанайда бірінші сыныпқа барған баланың 71%-ы орыс тілінде оқуды таңдаған
ашық дереккөзі
50542
Қостанайда бірінші сыныпқа барған балалардың 71%-ы орыс тілінде оқуды таңдаған. Бұл туралы ұстаз Аятжан Ахметжанұлы facebook парақшасында жазды, деп хабарлады turkystan.kz sn.kz сайтына сілтеме жасап.
"Міне, біздің Оқу-ағарту министрлігінің жұмысының тағы бір «керемет нәтижесі». Қостанай облысында 454 мектеп бар. Оның 112-сі ғана қазақ тілінде, 227 мектеп таза орыс тілінде, 115 аралас (орыс және қазақ тілінде оқытатын) мектеп бар. Орыс мектептерінің 60 пайызын өзіміздің қаракөз балалар толтырған!" - дейді ол.
Биыл 1 қыркүйекте 10 384 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Осы балдырғандардың 71 пайыздан астамы орыс сыныптарына қабылданған. Қалған 29 пайызы ғана қазақ мектебіне барады. Ашынған ұстаз, сондай-ақ, облыстық Білім басқармасының басшысы мемлекеттік тілден мақұрым екенін, ал Оқу-ағарту министрлігі бұған көз жұма қарап отырғанын айтады.
"Айтпақшы, Қостанай облысы Білім басқармасы басшысы да мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкер! Оған да қазақ тіліндегі мектептер аса қызық емес! Ал министрлікке бәрібір, не болса да бастарын құмға тығып отыра береді! Қостанай облысы әкімдігіне де бәрібір шығар, бас ауыртып не істейді? P.S. Осындай өңірге барып ұлттық мектеп ашып жүрген менікі ерлік пе, алаңғасарлық па? Біз таза қазақ тілінде оқытатын QAZBILIM Қостанай ұлттық лицейіне бала таппай отырмыз! Жұрт қайда десек, орысша оқиды екен. Ағайын, не істейміз? Қалай ел боламыз? Біз өзі тәуелсіз Қазақстан бола аламыз ба?" деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.

Серіктес жаңалықтары