50543
«JOLTAP» жобасы: Астанада алғашқы модульдік пункттер ашылды
«JOLTAP» жобасы: Астанада алғашқы модульдік пункттер ашылды
Астанада «JOLTAP» әлеуметтік жобасы аясында «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінің ашылуы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Елорда тұрғындары мен ниет білдірушілердің бәрі мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде тегін кеңес ала алады. Сол сияқты, жекелеген мамандықтар бойынша оқудан өтіп, өзіне ыңғайлы жұмыс таба алады. Ашылу іс-шарасына Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, қоғам қайраткерлері, жастар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Астана әкімдігінің мәліметінше, жобаға кез келген адам қатыса алады. Ол толықтай тегін. «JOLTAP» аясында тұрғындар қаланың бос жұмыс орындары бар «JUMYS TAP» Telegram-бот секілді құралдарын пайдалана алады, сала көшбасшыларының талаптары мен стандарттары, цифрлық дағдылар (фрилансқа арналған мамандықтар) және шағын бизнесті ашуға арналған шағын несиелеу бағдарламалары жөнінде жұмыс мамандықтары бойынша қысқа мерзімді оқытудан өте алады.
«JOLTAP» жобасы Мемлекет басшысының өнімді жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, белсенді әлеуметтік саясаттың қажеттілігі туралы тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Айта кету керек, жоба құралдары, тұтастай алғанда, қазіргі әлеуметтік реформаларға тиімді қосымша болып саналады», - делінген хабарламада.«JOLTAP» жобасы аясында елордада барлығы 10 модульдік пункт жұмыс істейтін болады. Алғашқы бес модульдік пункт мына мекенжайларда жұмысын бастады: Республика даңғылы, 34 «Жастар» сарайы; «Ailand» СОО, Қорғалжын тас жолы, 2; «Встреча» СҮ Абылай хан даңғылы, 31; «Азия Парк» СОО Қабанбай батыр даңғылы, 21; «Тұлпар» СО Ш. Уәлиханов көшесі, 24. Модульдік пункттер күн сайын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл бастама елорда әкімдігі мен бірқатар мүдделі мемлекеттік органдардың қолдауымен іске асырылды. Жобаның бірлескен операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры. Барлық модульдік пункттерді «Халық» қоры ұсынады. Жобаға қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларындағы ірі бизнес өкілдері мен сала көшбасшылары жұмылдырылды. Олардың ішінде BI Group, Magnum, Marwin, Shaurma Food және т.б. бар.