50292
3,3 мың адамды өлтірген 98 жастағы азаматқа айып тағылды
3,3 мың адамды өлтірген 98 жастағы азаматқа айып тағылды
1943-1945 жылдары концлагерьде күзетші болған Германияның 98 жастағы тұрғынына 3300-ден астам адамды өлтіруге қатысы бар деген айып тағылды, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Германияның Гисен қаласының прокуратурасы 98 жастағы ер адамға айып тағып отыр. Ол жасөспірім кезінде – 1943 жылдың шілдесінен 1945 жылдың ақпанына дейінгі аралықта Заксенхаузен концлагерін күзеткен СС бөлімшелерінде қызмет еткен. Осы жылдар ішінде 3300-ден астам адам қатыгездікпен өлтірілген.
Концлагерьдегі қызметі кезінде ол жасөспірім болған. Сол себепті қылмыстық жауапқа тартылмаған.
Прокуратураның айтуынша, қазіргі айыптаудың қаншалықты негізі бар екенін Ханау қаласы сотының кәмелетке толмағандардың қылмыстық істері жөніндегі палатасы қарап жатыр. Себебі кәмелет жасына толмағандар ісін олардың тұрғылықты жеріндегі сот қарайды.
Былтыр қазанда жүргізілген психиатриялық талдау қорытындысы ер адам «өз әрекетіне жауапкершілігі шектеулі» екенін анықтаған.
Заксенхаузен концлагері 1936 жылы Берлиннен солтүстікке қарай Ораниенбург қаласында құрылды. Лагерьде 200 мың адам қамауда болып, оның 100 мыңнан астамы өлтірілген. 1945 жылдың сәуірінде лагерьге кеңес әскері басып кірді. Соғыстан кейін Заксенхаузен КСРО бақылауына көшіп, №7 Ерекше лагерьге айналып, 1945 жылдың тамызынан 1950 жылдың наурызына дейін саяси тұтқындарға арналған түрме ретінде пайдаланылды. Соғыстан кейінгі бес жыл ішінде №7 арнайы лагерьде 60 мың тұтқын болып, оның 12 мыңға жуығы көз жұмған.