50636
Мақсат Халық: «Жасыл экономиканың» болашағы жарқын
Мақсат Халық: «Жасыл экономиканың» болашағы жарқын
Президенттің биылығы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – өңдеуші өнеркәсіп саласы, яғни мұнай-химия саласын дамыту. Мысалы, шикізаттың өзін өндіре бермей, келесі өңдеу аралығы өнімдерді өңдеу мәселесі кеңінен айтылды. Президент тарапынан кен өндіру саласында да, металл болса, металдан кейінгі алғашқы өнімдерді өңдеуді жүзеге асыру мәселесі көтерілді. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс. Оған біздің өндірістік мүмкіндіктіріміз де жетеді. Бұл жерде керемет инновация немесе үлкен технология жасау керек деген мәселелер жоқ. Өзімізде бар шикізаттардан келесі деңгейдегі өндірістерді іске қосу мәселесі тұр.
Басым бағыттар ретінде Мемлекет басшысы приоритет салаларды атап өтті. Ол туризм, логистика, жасыл экономика мен IT саласы және агроөнеркәсіп кешені. Осы салалардың барлығы біздің экономикамыздың дамуына өзіндік үлесін қосады деп айтуға негіз бар. Алдағы уақытта Қазақстан экономикасына мүмкіндік туғызатын салалардың бірі ретінде – жасыл экономиканы айтар едім. Ол жерде ESG факторларды қолға алу керектігін атап өтті. ESG деген – корпоративтік басқару. E – экология, S – әлеуметтік саясат, G – корпоративтік басқару. Осы критерияға негізделетін компанияларды құратын болсақ, ол әлемдегі жасыл қаржыларды да инвистиция ретінде тартуға өзіндік мүмкіндіктерін беретінін айтып өтті. Менің ойымша, бұл – дұрыс. Осы мәселелерге мемлекет барынша инфрақұрылымдық жағдайлар жасауы керек деп есептеймін. Бұл салаларды дамыта түсуіміз керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы IT саласына тоқталды. Аймақтарда IT саласын дамыту бойынша негізгі басым бағыттарымыз бар. Бізде старт-ап жобалар жетерлік. IT саласында бергілі бір дәрежеде адами капитал жетеді, білікті кадрларымыз да жасақталды. Осы бағыттарға бізге көбірек инвистиция тарту мәселесін қолға алуымыз керек. Соның ішінде Президент венчурлік қаржыландыру мәселесін де атап өтті. Венчурлік қаржыландыру туралы индустрияландыру жобаларын құрған кезде, программаларын жасаған кезде көп айтылған. Ұлттық инновациялық қор құрылған еді. Алғашқы кездері сол Ұлттық инновациялық қор қарамағынан бірнеше венчурлік қорлар құрылған болатын. Бірақ оның барлығы кейін қарапайым жоба болып, нәтижесін бермеді. Ол жаққа салынған ақшалардың бәрі «құмға құйылған су» сияқты сіңіп кетті. Менің ойымша, сол жерде тиімді менеджмент болмады. Егер венчурлік қаржыландыруды біз дұрыс пайдалана алатын болсақ, ол шын мәнінде старт-ап жобалардың одан әрі дамуына бүгінгі таңда үлкен негіз болатын еді деп есептеймін. Алайда дұрыс жүзеге аспағандықтан, салдарынан көптеген қаражат талан-таражға түсті. Нәтижесінда Алматы қаласының шетінде құрылған Алатау ақпараттық технологиялар паркі де өз деңгейінде дамымай қалды. Мінекей, мұның барлығы дұрыс менеджменттің болмауынан. Президенттің венчурлік қаржыландыру мәселесін тарту туралы ұсынысы өте өзекті деп есептеймін. Өйткені, бір ғана Үкіметтің, жалпы мемлекеттік бюджеттің есебінен ғана біз инновациялық жобаларды, әсіресе IT саласында жүзеге асырамыз деу ақылға сыймайды. Сондықтан біз инвесторларды тартуымыз керек.
Мен Ұлттық қор активтерін ұлғайтудың негізгі жолы – шетелден қайтатын активтерді бірден қорға аударту мәселесін ұсыныс ретінде көп жерде айтып жүрмін. Арнайы шот ашудың қажеті жоқ. Бірден Ұлттық қорға аударатын болса, қорды ұлғайта аламыз. Тиісінше, инвистициялық кіріс те артады, балаларға түсетін түсімдер де ұлғаяды деп ойлаймын.
Ұлттық банктің қойған ноталарын сатып алу операцияларында да қазір базалық пайыз мөлшерінің жоғары болуына байланысты өте көп табыс тауып отыр. Мемлекет басшысы табыстан ешқандай салық салынбайтыны, мемлекетке ешқандай пайда келмейтінін атап өтті. Өте өзекті мәселе. Салық салынуы керек. Базалық пайыз мөлшерін түсірген абзал. Банктер өзара сатып алу процесіне өте қатты қызығушылық білдірмейді. Базалық пайыз мөлшері түсетін болса, банктер өздері-ақ экономиканы қаржыландыруға қарай бет бұрады. Ұлттық банктің жаңа төрағасы тағайындалып, ол да «базалық пайыздық мөлшерлемені түсіремін» деді. Бірақ бұл жерде сақ болу керек. Мысалға, Түркияны алып қарайық. Бірден базалық пайыздық мөлшерлемені қатты түсіріп, инфляцияның 80 пайызға шығып кеткені бар. Сондық базалық пайыздық мөлшерлемені түсіру кезінде бағамдап әрекет жасау керек деп ойлаймын. Ең бірінші кезекте – инфляциямен күрес. Бағалық тұрақтылықты қамтамасыз етеміз десек, ұзақ мерзімдегі инвестициялық қаражатты тартамыз десек, онда бізде инфляция тұрақталу керек. Инфляция тұрақталу үшін өнеркәсіп саласын дамытқан жөн. Бұл – Үкіметтің жұмысы. Егер Үкімет жақсы жұмыс істейтін болса, онда біз өңдеуші өнеркәсіп саламызды дамытамыз, елдегі инфляциялық жағдай да тұрақталады. Соның нәтижесінде базалық пайыздық мөлшерлеме де түседі, экономикамыз өседі.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист.