50723
Лудоманиямен қоғам болып күресуіміз керек – депутат
Лудоманиямен қоғам болып күресуіміз керек – депутат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін сөз еткен болатын. Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, тиісті мемлекеттік органдарға құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.
– Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Президент. Осыған байланысты Мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.Мемлекет басшысының лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру идеясын Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та қолдайды.
«Қазақстанда қанша адамның лудоман екені туралы әзірге нақты статистика жоқ. Әрбір бесінші жастың құмар ойын ойнайтыны белгілі. Егер елімізде 5 миллиондай жас азамат бар деп есептесек, онда олардың бір миллионы құмар ойынның жетегінде жүр. 2023 жылдың бірінші 4 айлығының қорытындысы бойынша осы букмекерлік кеңселердің айналымында 100 млрд теңгеден астам қаражат болған. Ал, 1,5 жылды алатын болсақ айналымдағы ақша 1 трлн теңгеден асқан. Бұл өте көп сома. Егер, елімізде 1 миллиондай адам құмар ойын ойнайды деп есептесек, онда әрқайсысы орта есеппен 1 миллион теңгесін осы ойынға салған», – дейді ол өз сөзінде.Сонымен қатар, ол былтыр Мәжіліс депутаттары жетінші шақырылымдағы лудоманияға қарсы заң жобасын әзірлегенін айтады. Аталған заң биыл осы қыркүйек-қазан айларында Мәжіліс депутаттарының қарауына шығарылады. Бұл заң жобасы ойын бизнесінің жарнамасын шектеуге, лудомандардың ойнауына кедергі жасауға бағытталған.
«Бұдан бөлек, еліміздің әрбір өңірінде лудомандарды «емдейтін» жекеменшік орталықтар жұмыс істейді, психологтар көмек көрсетеді. Жаңа заң жобасы негізінен ойын бизнесімен айналысатындардың, әсіресе букмекерлік кеңселердің жұмысына барынша шектеу қоюға бағытталған. Солардың негізгілеріне тоқталып өтейін: Букмекерлер мен тотализаторлар жарнамасын шектеу. Атап айтқанда: ғимараттардың қасбетіне, көлік құралдарына жарнама ілуге, сондай-ақ, БАҚ-та, интернет-ресурстарда, ТВ мен радиода, тұрақты басылым беттерінде, кино және видео өнімдерде, анықтамалық қызмет көрсету сервистерінде жарнамалауға толық тыйым салу; 21 жасқа толмаған азаматтарды құмар ойын ойнауға тартқан немесе ойнауға мүмкіндік жасаған заңды тұлғаларды әкімшілік жазаға тарту; Несиелік берешегі бар жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына толық тыйым салу; Интернет-казино ұйымдастырғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту; Балалар ұйымы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және діни ұйымдар орналасқан ғимараттар мен тұрғын үйлерде лотерея таратуға немесе лотерея терминалдарын орналастыруға тыйым салу; Жұмыс істеуіне сотпен тыйым салынған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жасау және олардың пайдасына қаржылық операция жүргізуге банктер мен төлем жүйелеріне тыйым салу; Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушыларды өз аппараттары мен бағдарламалық жүйелерін мемлекеттік кіріс органдарының ақпараттық жүйесімен интеграциялауды міндеттеу», – деді Е.Бейсенбаев. Елнұр Бейсенбаев бұл заң қолданысқа енсе, құмар ойын ойнайтындардың қатары біршама азаятынын айтады. «Бұл тұста біздің алдымызда нақты KPI жоқ: 50 пайыз немесе 60 пайызға дейін азайтамыз деген. Біз – AMANAT депутаттары, бұл дерттің тамырына түбегейлі балта шапқымыз келеді», – дейді депутат.Лудомания расымен де толғандыратын мәселе екеніне ерекше мән берген фракция жетекшісі онымен күресті Мәжіліс депутаттары ғана емес, қоғам болып күресуіміз керек екенін баса айтты. Оның айтуынша, бұл мәселе бір ғана заңмен шешілмейді.
«Өзіңіз білесіз, темекімен күресу үшін оның қорабының сыртына никотиннен болатын түрлі аурулардың фотосын жабыстырып шығарып жатыр, адамдар аяқ тартады деген үмітпен. Бұл тәсіл расымен де нәтиже берген. Ендеше біз де осы лудоманияның құрбаны болған адамдардың тағдыры туралы түрлі роликтер, мақалаларды БАҚ-та жариялауымыз қажет, әлеуметтік желі арқылы жиі көрсете беруіміз керек. Құмар ойын салдарынан қазір өте қайғылы жағдайлар жиі болып жатыр. Бәлкім, қазір ойнап жүргендер қойып кетпесе де, жаңа лудомандар пайда болмайды. Яғни, проблеманың одан әрі ушығуына жол бермеу керек», – дейді ол сөз соңында.