Бір әулетте бәрі – дәрігер

Бір әулетте бәрі – дәрігер

Бір әулетте бәрі – дәрігер
ашық дереккөзі
54454

Жуырда әлеуметтік желіде «Бір отбасыда бәрі дәрігер болуы мүмкін емес дейсіздер ме?» деген атаумен видео кеңінен таралды. Үш миллионға жуық қаралым жинаған әлгі видеода көпшілік бүтіндей бір әулеттің үлкені мен кішісі өмірін денсаулық сақтау ісіне арнағанына таңырқап, тәнті болды. Дегенмен арасында «Бір үйде алты дәрігер ме? Бұл қалай болғаны?» деп таңғалғандары да бар. Отбасы күні мерекесінде Turkystan.kz тілшісі Алдабергеновтер әулетінің үлкені Азаматқа хабарласып, дәрігерлер династиясының сабақтастығы туралы әңгімелескен еді.

БІЗДІ ЕШКІМ «ДӘРІГЕРДІҢ ОҚУЫН ТАҢДА» ДЕП ҚИНАҒАН ЖОҚ

Азаматтың мамандығы – дәрігер-стоматолог. Жолдасы Назерке де тіс емдеумен айналысады. Інісі Темірлан мен келіні Сабина да – тіс дәрігерлері. Азамат пен Темірланның болашағын медицинамен байланыстыруы кездейсоқтық емес. Өйткені олардың ата-анасы да – ақ халатты абзал жандар. Әкесі Ерболат Мәлікұлы – терапевт, токсиколог, барафизиолог. Ал анасы Нұргүл Әбдірахманқызы – дәрігер педиатр, нефролог. «Әкем мен анам – Қызылорда өңірінің тумалары. Бірақ екеуі Қызылордада емес, Қарағанды медициналық академиясында оқып жүргенде танысқан. Сонда отбасын құрып, оқу бітірген соң Қызылордаға оралып, осында тұрақтаған. Әкем Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханасында терапия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ал анам облыстық балалар ауруханасында еңбек етеді. Інім екеуміз ата-анамыздың осы салада тынбай еңбек етіп жүргенін көзімізбен көріп өстік. Сөйтіп, бірте-бірте өзімізде де бұл салаға қызығушылық пайда болды. Бірінші сыныпта оқып жүргенде-ақ «Мен дәрігер боламын» деп айтып жүретінмін. Ол кезде қандай дәрігер болатынымды нақты білмесем де, түптің түбінде, ата-анам секілді ақ халат киіп, науқастарды емдеймін деп ойлайтынмын. Бастапқыда жалпы медицина, хирургия мамандығы бойынша оқығым келген. Бірақ ол кезде оқу мерзімі ұзақ болды, сондықтан ойлана келе тіс дәрігері мамандығын таңдадым. Інім Темірлан да бұл саланы өз еркімен таңдады. Бізді ешкім «Дәрігердің оқуын таңда» деп қинаған жоқ. Дегенмен дәрігерлер отбасында тәрбиеленіп-өскендіктен, бізде басқа салада жұмыс істеу деген ой тіпті де болған жоқ. Інім екеуміз де – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің түлегіміз. Жарым Назеркемен де сол университет қабырғасында табыстық. Екеуміз бір топта оқыдық, жақын араластық. Содан соң мұның арты махаббатқа ұласып, ақырында отбасын құрдық. Келінім Сабина да – тіс дәрігері. Інім оқуын бітірген соң, Қызылордаға қайтып, сонда жұмыс істеді. Сабина екеуі бір емханада әріптес болып жұмыс істеп, ақырында көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Жақында үйлену тойлары дүрілдеп өтті. Айта кетерлігі, бізде «Болашақ жарымыз да дәрігер болсын» деген талап болған жоқ. Тағдырдың жазуы солай болды. Әйелім екеуміз Алматыда жеке клиникада жұмыс істейміз. Бауырым мен келінім де Қызылордада жеке клиникада еңбек етеді. Алдағы уақытта жеке тіс емдеу клиникасын ашқымыз келеді», – дейді Азамат.

СҮЙІКТІ ІСІМЕН АЙНАЛЫСҚАН АДАМ – БАҚЫТТЫ АДАМ

Бір қызығы, Азамат TikTok-та үш млн, Instagram-да екі млн қаралым жинаған әлгі видео ел ішіне кең таралған соң, ә дегенде ашуға булығып, тіпті өшіріп тастағысы келгенін айтады. «Видеоның астына қалдырылған көп пікір ақшаға байланысты. «Төртеуі бірдей тіс дәрігері. Тек ақша табуды көздесе керек» дегендей пікір көп жазылған. Бұл саланың қандай қиын екенін білмейтіндер солай жазады. Ақшаны күреп табуды көздесек, кәсіптің түр-түрімен айналысатын едік. Ал мұнда – мамандыққа деген сүйіспеншілік, біреуді емдеу, өз білгеніңді баршаға бөлісу. Арасында «Өздерің алдымен алты жыл оқып көріңдер. Сосын жауапкершілігін сезініп, жұмыс істеп көріңдер» деп жазғандар да бар. Дегенмен таразы басын «Вагон-вагон ақша табатын шығарсыңдар» деп тек ақшаны ойлайтындар басып кетіп жатыр. Асып-тасып жатқанымыз жоқ. Коттеджде тұрып, қос-қос көлік мініп жатқан біз жоқ. Басында ашуыма тигені рас. Алайда бәріне жауап беру мүмкін емес қой. Тіпті, видео түсіргім келді. Алайда кімнің алдында ақталасың? «Ақшаларың көп шығар» дегендерге, әдейі «Иә», «Иә» деп жауап бердім. Бізді бай тұрады екен деп ойлай берсін. Бір жағынан қарасақ, материалдық жағынан бай болмасақ та, басқа жағынан баймыз. Біз үшін пациенттерімізді емдеп-жазып, олардың алғысын алғаннан артық ешнәрсе жоқ», – дейді Азамат ризашылыққа бөленген күн бекерге кетпейтінін айтып. Ол ата-анасы жастайынан ақша маңызды емес екенін санасына сіңіріп өсіргенін айтады. «Мен мектепте ата-анамның дәрігер екенін мақтана айтып жүретінмін. Кейін айлығын сұраған кезде, күндіз-түні жұмыста жүретін әкемнің 68 мың айлық алатынын біліп, таңғалдым. Сол кезде әкеме «Мұндай аз айлыққа қалай жұмыс істеп жүрсің? Бізді қалай асырап жүрсің?» дегенімде, «Біз, дәрігерлер, халықтың ризашылығын, халықтың батасы арқылы көгереміз. Біздің байлығымыз – ел алғысына бөлену. Дәрігерлер ақшаны ешқашан биік қоймайды» деп айтқаны есімде. Дәрігердің еңбегін дәрігер ғана біледі. Шынымен, түн ішінде хабарласып, ауырып тұрғанын айтса, жүрегің ауырады, уайымға салынасың. Мен мұны кішкентай кезімнен білемін. Әкем түнгі екі-үште жұмысқа, тіпті аудандарға кетіп қалатын. Ұйқы жоқ. Уайым басым. Мұның бәрі денсаулығына әсер етті. Қазір денсаулығы жақсы емес. Әкеме «Өзіңді аямайсың. Көп жұмыс істейсің» деп кейде ренжимін. Алайда, ол мамандыққа деген адалдықты бәрінен биік қояды. Ата-анам бүкіл жастығын осы салаға арнады. Қызылордаға жас маман болып келген екеуінің биыл осы салада жүргендеріне отыз жыл болды. Биыл әкемнің еңбегі бағаланып, «Медицина саласының үздігі» төсбелгісін алды», – дейді Азамат. Арман «сүйікті ісімен айналысқан адам – бақытты адам» дегенді алға тартады. «Мысалы, бүгін мерекеде демалуым керек еді. Алайда, пациенттер таңғы тоғыздан бастап хабарласып, қабылдауымды өтініп жатыр. Кешке дейін жұмыстамын. Әкем де қазір жұмыста жүр екен. Отбасылық чатқа жұмыста жүрген суретін жіберді. Дәрігерлер онша дұрыс демалмайды ғой. Сосын өмір бойы оқисың. Дәрігерлер үнемі бәрінен көшілгері жүруге тиіс. Осы ретте барша қазақтандықтарды бүгін тойланатын Отбасы күнімен құттықтаймын! «Дені саудың – жаны сау» деген. «Бірінші байлық – денсаулық» екенін естен шығармайық. Баршаңызға мықты денсаулық, молшылық, татулық, әр шаңыраққа құт-береке мен бақ тілеймін!» – дейді Азамат сөз соңында.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ.

Серіктес жаңалықтары