Рамазан Стамғазиев беташарды бизнеске айналдырып жібергендерді сынады

Оның айтуынша, қазір беташарды сауда-саттық жасайтын базарға айналдырып жіберген.

Рамазан Стамғазиев беташарды бизнеске айналдырып жібергендерді сынады
Фото: ашық дереккөз
1411

Танымал дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев «Ұйқым келмейді» бағдарламасына берген сұхбатында қазақтың салт-дәстүрі беташардың шоуға айналдырып жібергенін жеткізді, деп хабарлады turkystan.kz.

«Қазір беташарды бизнесқа айналдырып жіберді. Кейде асаба қайын атасы беташарға ақша салса, кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып, екінші рет салғызып жатады. Жалғыз баласы үйленіп жатса ол несін аяйды? «Сал да сал» деп елдің алдында беташарды сауда-саттық жасайтын базарға айналдырып жібереді. Беташар ондай болмайды. Ауылға келін түсіп жатқанда, ел сыйлайтын ақсақалдарын, ақын-жырауларын жинайды. Олар беташарда келінді ата-тегінен тартып, келген жерін сұрап, сәлемін салғызып, халқымен таныстырып, ортаға сіңіп кетуге жағдай жасайды. Отырып алып, біреуден ақша жинап, салған ақшасын аз көріп, шоуға айналдырып жіберуге болмайды. Мен қазір де бет ашып жүрмін. Бірақ біреуге барып: «Сен осынша ақша салуың керек» деп айтпаймын», – дейді Рамазан Стамғазиев.

Ол беташар кезінде келіннің бетін ашқан әншінің тапқанына, табаққа таласатындар бар екенін де айтты.

«Өздері тойға шақырады. Бетін ашқан соң ақшасын санап, табаққа таласатындар бар. «Бұл Құдайдың берген ризығы ғой. Мен біреуді зорлап, тойына барып жатқан жоқпын.  Ашамын деп таласпаймын. «Ағаның жолын берсе екен, жастардың жолы ашық болса екен» деп шақырып алып, сәлемін салғызып, табаққа түскен ақшаға таласқандарың болмайды» деймін. Бір-екі тиын түсcе де, келіннің бетін ашып жатқан адамға берілу керек. Ол тойдан қайтады», – дейді өнер иесі.

 

Серіктес жаңалықтары