IT мемлекет немесе финтех болашағы
Еліміздегі финтех нарығының дамуына шолу жасап, «қаржы технологияларының тұтынушыларға, бизнеске және қаржы саласына әсері қандай?», «саланы дамыту үшін не істелуі керек?» деген сияқты негізгі сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Интернет-технологиялардың дамуы қаржы әлеміндегі жаңа эволюция дәуірін бастап берді. Осылайша, қарқынды дамып келе жатқан жаңа қаржы сервистері кредит беру, төлем жүйелері, инвестициялау салаларын мүлдем басқа арнаға бұрды. Бұл үрдіс елімізде де байқалып отыр.
Финтехті дамыту индексі бойынша әлеуетіміз жоғары екенін Жолдауында айтқан Мемлекет басшысы да бұл бағыттың маңызына тоқталған еді.
Еліміздегі финтех нарығының дамуына шолу жасап, «қаржы технологияларының тұтынушыларға, бизнеске және қаржы саласына әсері қандай?», «саланы дамыту үшін не істелуі керек?» деген сияқты негізгі сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
«Финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз»
Кейінгі 5-10 жылдағы технологиялардың дамуы өмір салтымызға түбегейлі өзгеріс алып келді. Соның ішінде, ақшаны басқару, жұмсау, қаржы қызметтері де тыс қалған жоқ. Осылайша, технология мен қаржы салаларының тоғысында жаңа бір сала – финтех пайда болды. Сөйтіп, финтех индустриясы ақшаны басқару, инвестициялау және мәмілелер жасау тәсілін өзгертіп, үлкен эволюциядан өтті. Технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқандықтан, әлемде финтех компаниялары инновацияның алғы шебінде болып, қаржы саласындағы шекараны кеңейтіп жатыр.
Елімізде де кейінгі бес жылда қаржы саласы мен кейінгі технология жаңалықтарының тоғысуы көп өзгеріс әкелді. Смартфондағы интернет банкинг қосымшалары төлем жүйесін түбегейлі өзгертті. Қолма-қол ақшаның қолданыс аясы уақыт өткен сайын тарылып барады. Мәселен, 2023 жылғы қаңтар-маусымда жалпы сомасы 63,1 трлн теңге болатын 5,26 млрд қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы қаңтар-маусымдағымен салыстырғанда 40,8 пайызға жоғары. Сонымен қатар банкоматтан қолма-қол ақша алу операциясының саны да былтырғыға қарағанда 7,6 пайызға қысқарған. Сондай-ақ қолма-қол ақшасыз транзакциялардың басым бөлігі интернет және мобильді банкинг арқылы жүзеге асырылғанын атап өту – маңызды. POS-терминалдар мен QR көрсеткіші – 13,6 пайыз және 3,6 пайыз.
Қысқа уақыт ішінде кей қаржы қызметтері жаңа формада қарқынды дамып үлгергендіктен де болар, саланың еліміздегі перспективасына қатысты оң көзқарас қалыптасты. 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жолдауында да финтех саласы туралы айтылған болатын.
– Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған ІТ саласындағы әлеуетіміз мүмкіндік беретініне тоқталған Президент 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу туралы Үкіметке тапсырма берді.
– Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді Президент.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аудару керек екені айтылды. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллектті дамыту ішкі жалпы өнімге айтарлықтай үлес қосуы мүмкін екенін айтқан Мемлекет басшысы мүмкіндікті толық пайдалансақ, экономикаға тың серпін бере алатынымызға назар аударды.
– Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет. Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Мен сайлау алдындағы бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтерген едім. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек екенін айтқан Президент шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн екеніне тоқталды.
– Венчурлық қаржыландыру тәсілі инновациялық жобаларды іске қосуға қажетті негізгі қаражат көзі болуға тиіс. Сондықтан жобаларға еліміздегі және шетелдегі инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін құқықтық және қаржылық мәселенің бәрін шешу қажет, – деп саланың құқықтық негізін дұрыс қалауға мән беру керек екенін баса айтты.
Әрине, Президент бұл жерде жалпы ІТ саласы, жасанды интеллект туралы айтқанымен, соның ішінде қаржы технологияларына ерекше көңіл бөлуді жөн көрдік.
Қаржы технологиясы қарыштап дамысын десек...
Қазақстан финтех қауымдастығы еліміздегі қаржы технологияларының басында онлайн кредит беру ұйымдары тұрғанын айтады. 2014 жылдың басында қаржыландыру нарығы жаңа құбылыс – онлайн-несиелеу нарығында жұмыс істейтін компаниялар пайда болды. Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы, бір жыл ішінде онлайн несиелеу нарығы орта есеппен 45 пайызға өсіп үлгерген.
Жалпы, онлайн немесе цифрлық қаржы ұйымдарының, кей елдерде тіпті банктердің пайда болуы әлемдік финтехтің дамуындағы алғышарт болды. Толығымен онлайн, салалық емес мекемелер дәстүрлі банк моделін бұзды. Мобильді қосымшаларға және тұтынушылардың ыңғайына қарай икемделе білген цифрлық банктер дәстүрлі банктерді өз стратегияларын қайта қарауға мәжбүр еткен еді.
Криптонарық пен блокчейн индустриясының дамуы да – қаржы технологияларының маңызды бөлігі. Bitcoin және Ethereum сияқты криптовалюталар инвесторлардың да, технологтардың да назарын бірден аударды. Бұл сала елімізде халыққа кең таралмаса да, мүлдем келген жоқ деп теріске шығаруға болмайды.
Содан соң төлем жасау тәсілі түбегейлі өзгерді. Мобильді төлем қосымшалары, аударымдар және түрлі төлем әдістері қазір барлық жерде кездеседі. Еліміздегі финтех саласының қазіргі деңгейге жетуіне осы онлайн банкингтің әсері зор болды. Оған Kaspi банкі қосымшасының қосқан үлесін айтпай кетуге болмайды. Kaspi банк бастап берген көшке кейіннен басқа банктер де ілесіп, күн өткен сайын жаңа функцияларды енгізіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, тұтынушы үшін күрестің көркін қыздырды.
Freedom Bankтің баспасөз қызметі банк өнімдеріне мемлекеттік сервистерінің 90-нан астам интеграциясы енгізілгенін айтады.
– Қазақстандағы финтех – қаржы өнімдер мен қызметтерін цифрландырудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік берген Орталық Азиядағы ең ірі және жылдам дамып келе жатқан нарықтардың бірі. Freedom Bank тәжірибесінің мысалында финтех, говтех және банкингтің дұрыс құрылған жұмысы клиенттерге қызметтерді алу кезінде уақытты үнемдеуге, инновациялық өнімдерді әзірлеуге, күрделі бизнес-процестерді жеңілдету мен оңтайландыруға және т.б. мүмкіндік береді деп айта аламыз. Осы өзара әрекеттестіктің арқасында, біз ипотеканы, автокредитті және бизнес үшін кредитті цифрландырдық. Банк өнімдеріне мемлекеттік сервистерінің 90-нан астам интеграциясы енгізілді. Бұл халық үшін қолжетімді, ашық және арзан қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді банктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар банк болжамына сүйенсек, алдағы онжылдықта елдердің экономикалық дамуы қаржы және басқа салалардағы цифрлық прогресс деңгейіне байланысты болады.
– Отандық финтехтің қазір қалай дамып жатқанын ескере отырып, Қазақстан – әлеуеті зор ел. Осындай бағалау интернеттің енуінің жоғары деңгейіне, қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдалануға, дамыған инфрақұрылымға және мемлекетті қолдауға негізделген. Бұрын банктер мүмкіндігінше көп филиал мен үлкен бас кеңселер ашуға ұмтылған, бүгінде финтехтің дамуымен банктер IT жүйелері мен сервистік инфрақұрылымның қарқынды дамуына назар аударады. Цифрлық трансформацияның арқасында компаниялар ыңғайлы және қолжетімді қаржылық қызметтерді жасай бастады. Екінші деңгейлі банктер транзакцияларды өңдеуді жеделдететін, клиенттердің жеке деректерін қорғайтын және шығындарды төмендететін блокчейн және жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды енгізе бастады. Финтех компаниялар қаржыны басқаруға арналған онлайн платформалар мен мобильді қосымшаларды белсенді түрде дамыта бастады, – дейді Freedom Bank ресми жауабында.
Банктің есебінше, 2022 жылы Қазақстан халқының 86 пайызы тұрақты түрде онлайн-банкингті пайдаланды. 14 миллионнан астам адамға қашықтағы банк жүйелері арқылы қызмет көрсетіледі. Осы орайда банк қауіпсіздік мәселесіне баса мән берген жөн деп санайды.
– Цифрлық транзакциялар санын көбейтумен қатар клиенттердің жеке деректерін қорғау құралдарын да күшейту қажет. Саланың жаңа деңгейге шығуы үшін big data сияқты бағытқа назар аудару керек. Үлкен деректер қаржылық алаяқтық операциялардың алдын алуға мүмкіндік береді, сонымен қатар клиенттерге жеке ұсыныстар беруге көмектеседі. Нәтижесінде, клиенттің уақыты мен банк қоры үнемделеді. Әлемдік тәжірибеде қазір жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін машиналық оқыту да жиі қолданылады. Мысалы, алгоритм несиелік скоринг мәселелерін шешуге көмектеседі. Клиент туралы деректерді сауалнама мен ашық көздерден өңдей отырып, адамның несие төлеу қабілеті туралы жүйенің өзі қорытынды жасайды және соның негізінде шешім қабылдайды. Жалпы, финтех технологияларын енгізу елдің қаржы секторындағы бәсекелестікті ынталандырады және бұл көбінесе бірегей инновациялық жобаларға әкеледі, – дейді Freedom Bank баспасөз қызметі.
Дегенмен қаржы секторындағы бәсекелестіктің дамуы тұрғысынан банктер мен IT саласы мамандарының көзқарасы бір жерге тоғыспайды. IT мамандарының пікірінше, елімізде бұл нарықта шынайы финтех бәсекелестігі орнауы керек.
– Қазір ірі банктер осы жұмыстың жемісін көріп отыр. Бірақ тұтастай алғанда, нарықта бәсеке болғаны жақсы болар еді. Бұл мәселенің шешімі ашық API дамыту үшін қабылданатын техникалық шаралар болуы мүмкін. Ұлттық төлем жүйелерінің, жедел төлем жүйелерінің жобалары бұл жағдайды белгілі бір дәрежеде өзгертіп, финтехті ынталандыруы мүмкін, – дейді Axellect Kazakhstan басқарушы директоры Антон Мусин.
Алдағы уақытта елімізде төлемнің жаңа формасы – цифрлық теңге айналымға енетін болады. Ол кезде банктердегі онлайн аударым функциясы мүлдем басқаша сипат алуы да ықтимал. Не дегенмен, қаржы және технология салаларынан күтер жаңалық көп.
IT сарапшы Тимур Бектұр да қаржы технологиялары нарығында бәсеке болғаны дұрыс екенін айтады. Әлемдегі тенденциялар мен Қазақстан жағдайын салыстыра талдаған маман елімізде бұл нарық басқа елдерге қарағанда өзгеше дамып келе жатқанына тоқталды. Сарапшының сөзінше, бұл – алаңдатарлық жайт.
Тимур Бектұр, IT сарапшы:
Харвардта Kaspi банктің қалай жетістікке жеткенін оқытады
– Қазақстанда финтех өте қызық жағдайда дамып жатыр. Шетелмен салыстырғанда бізде саланы нақты банк саласы дамытты деп айтуға толық негіз бар. Әрине, оның жарқын үлгісі Kaspi банк деп айтуға болады. Мен қазір Бостон қаласында оқып жатырмын. Мұнда Бостон университетімен бірге Харвард секілді әлемдік университеттер де бар. Осы Харвардтың бизнес факультетінде Kaspi банктің кейсін, яғни қалай жетістікке жеткенін, қалай финтехті дамытқанын оқытады. Әрине, менің қолымда нақты зерттеу жоқ, дегенмен Қазақстандағы банк нарығы мен финтех нарығын салыстыра отырып қарайтын болсақ, негізі Kaspi банктің дамуы қазақша қызмет көрсетуден басталды деп есептеймін. «Сізге тағы қандай қызмет көрсете аламын?» деген Каспий банктің атақты сөзі бар. Яғни, клиентке қызмет көрсеткенде оның мәселесін толыққанды және соңына дейін ешқандай сұрақ қалдырмастай шешу. Екіншіден, қазақ халқының сұранысына жауап бере алды. Мысалға оған дейін басқа ешбір банк қазақша түсіндіре алмайтын. Қазақтілді клиенттердің үдесінен шыққан соң, барлығы банктің клиенті болуға ұмтылды. Клиентті басты орынға қою біздің Қазақстандағы банктерде, әсіресе қазақтілді аудиторияның көңілінен шығу бұған дейін басты орында болмаған еді. Үшіншіден, Kaspi банк барлық комиссияны алып тастады. Оған дейін телефонға бірлік салу үшін әртүрлі бутиктерге, киосктерге барып, терминалдарды қолданатын едік. Оның үстінде алым-салығы болатын. Одан кейін қандай да бір адамға ақша аударғыңыз келсе, оған тағы да – комиссия, және аудару қиын болды. Яғни, ол үшін банкке баруыңыз керек. Ал Kaspi банк бағдарлама арқылы бірлік салсаңыз да, ақша аударсаңыз да тегін қылды. Содан соң қолма-қол емес ақшаның айналымынан өңір арқылы төлем жасау көбейе бастады. Қазір елімізде осы қолма-қол емес ақша айналымы қарқынды түрде дамып жатыр. Осыдан кейін өзге де банктер де жағдайдың өзгеріп бара жатқанын түсініп, біртіндеп олар да бағдарлама ашып, түрлі функцияны қоса бастады. Сондықтан бұл саланың дамуы, ең бірінші кезекте қазақтілді аудиторияның көңілін табу және қаржылық операцияларды оңтайландырудан басталды деп ойлаймын.
Жалпы, елімізде финтех саласының перспективасы жаман емес. Дегенмен бизнес тілінде single point of failure деген сөз бар. «Cәтсіздікке ұшыраудың жалғыз нүктесі» деп аударуға болады. Әрине, олай болу ықтималдығы қандай екенін білмеймін, бәлкім, олай болу ықтималдығы нөлге тең шығар. Әйтсе де, ойлап қараңызшы, қазір Қазақстанда Kaspi-дің жұмысы тоқтап қалатын болса, қайтадан таз қалпымызға ораламыз. Нақты статистикасын білмеймін, бірақ оқығаным бойынша, Қазақстанда 7,5 миллион адам Kaspi банктің бағдарламасын белсенді түрде қолданады екен. Еңбекке жарамды, қалтасына ақша түсіп тұратын контингент мүмкіндігінен мезетте айырылып қалатын болса, абдырап қалу ықтималдығы өте жоғары. Сондықтан осы салада қызмет көрсететін коммерциялық ұйымдардың көбейгені аса маңызды.
«Әрбір финтех иесі өзінде банк лицензиясы болғанын қалайды. Ал әрбір банк иесі өзінде финтех бағдарлама болғанын қалайды деген» әлемге танылған сөз бар. Өйткені кейбір қаржылық операцияларға банк лицензиясы керек. Ал банк иелері өзінде қуатты финтех бағдарламасы болғанын қалайды. Яғни, негізі финтех дегеніміз – банк емес. Финтех платформалар жасау үшін міндетті түрде банк лицензиясы болуы міндетті емес. Финтех дегеніміз, керісінше, сол банктің істемегенін немесе істесе де жеткілікті деңгейде халықты қамти алмай жатқан кейбір қаржылық өнімдерді технологияны қолдана отырып дамыту. Ол сізге депозит ұсынбайды. Ол сізге несие ұсынбайды. Ол сізге ештеңе бермейді. Оның жалғыз ғана функциясы – сізді қаржы алаяқтарынан қорғайды.
Негізі, Америка, басқа да дамыған елдерде финтех банктерге тым көп жүк артылып кеткендіктен, олар азаматтардың қаржы саласындағы сұранысын жылдам қамтамасыз ете алмағандықтан дамыды. Ал біздің елде финтех саласына банктер кіріп алды. Бұл негізі табиғи дамуға жатпайды. Елімізде финтех даму үшін салаға жекелеген адамдар келуі керек. Осы жағы сәл алаңдатады. Менің ойым, ұсынысым – біздің елде финтехтің азаматтар арасында дамуына көңіл бөлінсе деймін. Бар болғаны оған мүмкіндік беру керек. Мәселен, Kaspi банк өзін қазір банк емес, цифрлық компаниямыз дейді. Яғни, банктің сипатынан шығып, өзін финтехқа айналдырып жатыр. Бірақ кәдімгі классикалық терминмен айтатын болсақ, ол – банк. Себебі оның қолында банк лицензиясы бар. Ал мұндай алпауыттар әрине, финтех нарығын тұмшалап тастауы әбден мүмкін. Сондықтан финтех саласын ашық нарыққа берген дұрысырақ. Сол кезде тек қана бір банкке телміріп отырмаймыз, себебі әр банк тек өзінің өнімдерін ғана алға шығарады. Финтех нарығын дамыту үшін осындай функционалдарды ашық нарыққа, яғни «мен финтех жасаймын» деген азаматтарға беру керек.
Сонымен, қарқынды дамып келе жатқан финтех индустриясы енді шекарасын тек үнемі кеңейтіп отырмақ. Осы тұрғыдан алғанда, қаржы нарығының болашағын қалыптастыратын трендтер мен оқиғаларды қадағалау – аса маңызды. Пұлдан – тиынға, тиыннан – қағаз ақшаға көшкен адамзат өркениетінің тағы бір маңызды кезеңіне, цифрлық ақшаның қолданысқа енген кезіне тұс келіп отырмыз. Яғни, осы саладағы жаңалықтар мен бастамаларды түсіну – қаржы әлемінде алда болудың басты кілтіне айналмақ.