Калифорниядағы қазақ қауымдастығы және Раушан
Раушан Мұхтар 2020 жылдың күзінде California Qazaq Community қауымдастығының негізін қалаған. Аталған орталықтың сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз, ассамблеядан кем емес жұмыс атқарып жатқанын аңғарасың. Қазақ тілі, Қазақстан тарихы сабақтарынан бөлек, домбыра тарту, ұлттық би мен халық әндеріне баулу секілді үйірмелерге белсенді қатысып жүрген қарадомалақтардың көптігін көріп бұл орталықтың өзіндік миссиясы бар екенін түсінесің. АҚШ-тың ірі қалаларының бірі саналатын Лос-Анджелес қаласында мәдениетімізді дәріптеп жүрген Раушанға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
Раушан Мұхтар 2020 жылдың күзінде California Qazaq Community қауымдастығының негізін қалаған. Аталған орталықтың сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз, ассамблеядан кем емес жұмыс атқарып жатқанын аңғарасың. Қазақ тілі, Қазақстан тарихы сабақтарынан бөлек, домбыра тарту, ұлттық би мен халық әндеріне баулу секілді үйірмелерге белсенді қатысып жүрген қарадомалақтардың көптігін көріп бұл орталықтың өзіндік миссиясы бар екенін түсінесің. АҚШ-тың ірі қалаларының бірі саналатын Лос-Анджелес қаласында мәдениетімізді дәріптеп жүрген Раушанға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Сұхбат уақытын келісейін деп хабарласқанымда «Мені емес, біздің орталықта тегін сабақ беріп жүрген мұғалімдердің еңбегін сөз етейік. Мен көпшілік көзіне көрінгенді құп көрмеймін» дедіңіз. Дегенмен қазақ көп шоғырланған Лос-Анджелес қаласында қазақ қауымдастығын ашқан сіздің бұл бастаманы қолға алуға не түрткі болғанын сұрамай кетсек болмас.
– Мен 2011 жылы Америкаға көшіп келдім. Содан бері көшеде қазақтарды көре қалсам, үйіме шақырып, қонақ қыламын. Әңгіме-дүкен құрып, бір марқайып қаламын. Тіпті, кейде мексикалықтарды қазақтарға ұқсатып, бас қосқан кездерім болды. Өзім орыс мектебінде оқысам да, үйде балаларыммен тек қазақша сөйлесемін. Үйде ешкім ағылшынша немесе орысша сөйлеспейді. Менің балаларым, тіпті орысша дұрыс сөйлей алмайды. Балаларымның қазақтілді ортада өсіп-өнуі мен үшін маңызды. Олар ана тілін, дәстүрін, мәдениетін ұмытып қалмасын деп осында тұратын қазақтармен етене араласып, жиі бас қосуды әдетке айналдырдым. Кейін мерекелерді бірге атап өтетін болдық. Табиғат аясына жиі шығамыз. Қала берді, еш себеп болмаса да, бір үйге жиналатын едік. Кейін үйге сыймай кеттік. Сол кезде Фатима деген отандасымыз қазақ тілін үйрететін үйірме ашу туралы идеяны ортаға салды. Шыны керек, ол кезде мен ондай бастаманы қолға алуға дайын болмадым. Біріншіден, оны өткізетін орын жоқ болды. Сосын қым-қуыт тірлікпен қолым тимей кетті. Дегенмен 5-6 жылдай сол әлгі идеяны пісіріп жүрген едім. Кейін басқа қауымдастықтар ұйымдастырған іс-шараларға барып, әркім өз мәдениетін шама-шарқы келгенше насихаттап жүргенін көрген кезде «Бізге де неге мұндай қауымдастық ашпасқа?» деп қызығып кеттім. Сөйтіп жүргенде пандемия басталды. Дегенмен қайтсек те ашуымыз қажет деп, 2020 жылдың күзінде California Qazaq Community деген атпен қауымдастықтың негізін қаладық. Басында гаражды кеңсе қылып жабдықтау туралы ойлағанмын. Американың гараждары Қазақстандағыдай емес, басқаша ғой. Іші кең әрі жылы. Кәдімгі бөлме секілді. Сонда қабырғаларға сурет іліп, еденге кілем төсеп, үйірмені тездетіп бастап кетейік деп шештік. Гараж ішін реттестіріп, дайындалып жүргенде бір танысым бір кеңсені бірге жалдайық деп ұсыныс айтты. Сөйтіп, сол ғимараттан қауымдастық кеңсесін ашып, жұмысты бастап кеттік.
– Ол кезде араларыңызда қазақ тілін үйрететін маман бар ма еді?
– Жоқ. Сонда да мұғалім іздестіріп, ақпан айында нақты бастаймыз деп жоспар құрдық. Сол кезде Абзал есімді жігіт қауымдастықтың сайтын жетілдіріп, маркетинг жағынан көмектескен еді. Өзі қазақ-түрік лицейінде оқыған. Мамандығы – математик. Мұғалім керек екенін білген ол «Балаларға қазақ тілін мен үйрете берейін» деп ұсыныс айтып, сабақты бастап кетті. Үйірме ашылған кезде қырыққа жуық бала тіркелді. Белгілі боксшы Мадияр Әшкеев те қатарымызға қосылып, балаларды спортқа баулып, бокстасуды үйретті. Оның келіншегі Қарлығаштың мамандығы лингвист болғандықтан, ол да бір жағымызға шығысып, көмектескісі келетінін айтты. Қазір Мадияр жұмыс бабымен үлгере алмай жүргендіктен, бокс үйірмесі тоқтап тұр. Дегенмен Қарлығаш екеуі екі жылдан бері бізден көмегін аяған емес. Қарлығаш қазірге дейін қазақ тілінен сабақ береді. Абзал оқуына байланысты үйірмені жалғастыра алмады. Есесіне, Қарлығаштың қатарына Гүлнара есімді мықты маман қосылды. Гүлнара – қазақ тілін зерттеп жүрген докторант. Біздегі екі мұғалімнің екеуі де тіл маманы болғаны қуантады. Сабақтар әр сенбі сайын таңертең сағат он бірден түскі үшке дейін өтеді. Екеуі балаларды тіл деңгейіне байланысты, екі-үш топқа бөліп оқытады. Осы ретте оларға шексіз алғысымды айтқым келеді. Өйткені олар әу бастан тегін сабақ береді. Дегенмен «Отандастар» қоры мұғалімдерге қысқа мерзімге жалақы төлеп тұрады. Одан бөлек, бізге жеке кәсіпкерлер де көмектеседі. Алайда ол қаражат жетпейді. Басында кеңсе тауарларына қаражат керек болғандықтан, бір отбасыға жылына үш жүз доллар көлемінде жарна төлеу туралы ұсыныс айтқан едік. Бірақ бір отбасыдан үш-төрт бала қатысатындықтан, шығын көп болып тұр. Бұған қарамастан, бізде сабақ беретіндер оқу, бала-шағасынан бөлек, біздің орталыққа да қарайласуды бірінші орынға қояды. Тұратын жерлерінен орталықта орналасқан кеңсеге де жету оңай емес. Кемі бір-екі сағат жүріп келеді. Сосын кешке қарай тағы екі сағат жүріп, үйлеріне қайтады. Дегенмен олар қазақ тілін, қазақ мәдениетін насихаттау десе барлық жұмысын тастап, көмектесуге дайын тұрады.
– Қазақстан тарихынан да сабақтар жүргізіледі екен.
– Иә, жүргізілген. Осында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға келген Әсел есімді маман Қазақстан тарихы пәнін енгізген болатын. Әсел бір жылдан астам уақыт осы сабақты жүргізді. Кейін оқуы бітіп, елге қайтқан соң, тоқтап қалды. Дегенмен Қарлығаш пен Гүлнара сол сабақты қайтсек те, оқу жоспарына енгізейік деп ұсыныс айтты. Қазір бізге бұл пәнді жүргізетін еріктілер керек. Дейтұрғанмен, олар қазақ тілі сабағында ара-тұра Қазақстанның тарихы туралы мәліметтер беріп, түрлі деректі балалармен бірге талқыға салады. Қазақстанға барған сайын кітаптар алып келеді. Ата-аналар да оқулықтар әкеліп береді. Осындағы Қазақстан Консулдығы да өз кітапханасында бар кітаптарды бізге әкеліп берді.
– Әлеуметтік желіге таралған видеолардан байқағанымыздай, орталықта домбыра үйірмесі де бар екен. Көпшілік домбыра үйренемін деушілердің қатары көп екенін байқап, жылы лебіздерін білдіріп жатты.
– Басында Саят есімді кәсіби музыкант осында оқуға келген бойда «Мен домбыра үйірмесін жүргізейін. Арнайы уақыт бөлемін» деп бастама көтерген еді. Осылайша, ол екі жылға жуық балаларға домбыра тартудың қыр-сырын үйретті. Бертін келе оқуына бола қолы тимей кеткен соң, бұл игі істі Әйгерім есімді отандасымыз жалғастырып әкетті. Әйгерімнің күйеуі осында «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдіріп жүр. Ал өзі бізге көмектеседі. Өзі музыкалық мектепті бітірген. Балаларға бар білгенін үйретіп, концерттерге қатыстырып жүр. Дегенмен оған оңайға түспейді. Өйткені бізге домбыра аспабы жетіспейді. Қазір ол он беске жуық баланы үш топқа бөліп оқытады. Балалар домбыраны өз үйлерінен алып келеді. Ал ол үйірмеге қатысқысы келетіндердің қарасы көп. Бірақ біздің орталықта домбыра жоқ. «Отандастар» қорынан домбыра сұраған едік. Қор өкілдері көмектесетінін айтты. Алдыңғы жылы олар ішінде шапан, Қазақстанның туы бар қоржын жіберген еді. Енді домбырамен қамтамасыз етеміз деп отыр. Елде жүргенде байқамаймыз, ал бірақ сыртқа шыққанда бәрінің қадірін түсінеді екенсің. Қазір Қазақстанда біз онша мән бермейтін көрпешелер біз үшін Америкада алтынмен пара-пар. Ою-өрнегі бар әрбір зат көзімізге оттай басылады.
– Сайттарыңызда өнер сыныбы да бар екені туралы жазылған. Ұлттық би сабақтары да жүргізіле ме?
– Иә. «Ұлттық би» сабағын Жанерке есімді маман жүргізеді. Өзі «Болашақ» бойынша Нью-Йорк кино академиясында білім алады. Кәсіби бишіден кем емес, мың бұралып билейді. Концерттерде өнер көрсетеді. Одан бөлек, бізде «Қазақ әні» сабағы өткізіледі. Ол сабақты да «Болашақпен» оқитын Мөлдір есімді маман жүргізеді. Орталықтағы мұғалімдер бала халық әндерін, даланың үнін естіп өссе, қазақшаны тез үйренеді дегенді алға тартады. Сондықтан тек қазақ әндерін үйрету туралы шешімге келдік. Мөлдір кәсіби әнші емес, дегенмен құйқылжытып ән салғанда таң-тамаша боласың. Әрі ол домбырада шебер ойнайды.
– Балалар әр сенбі сайын Қазақстанға саяхаттап қайтады екен ғой?
– Иә (күліп). Ата-аналар балалар сенбі күні «Қазақ мектебіне кеттік» дегеннің орнына, «Қазақстанға кеттік» деп айтады екен (күліп). Шынымен балалар бұл орталыққа келуге асығады. Сабақтан қолы босағанда ойнап, улап-шулап жүреді. Орталықта өтетін түрлі іс-шараға қатысады. Бірге сурет салады. Одан қалды, мұғалімдермен бірге тағам әзірлейді.
– Қазақстан мектептеріндегідей орталықта ашық сабақ форматын да енгізіпсіздер.
– Иә, Аналар, Республика күндерін, содан соң Жеңіс күнін орталықта ашық сабақ күйінде өткіземіз. Тәуелсіздік күнін кең ауқымда тойлап, концерт ұйымдастырамыз. Одан бөлек, Наурыз мерекесі мен Абай күнін де дүркіретіп атап өтеміз. Балалар күнін саябақта тойлатамыз. Осында енді келгендері бар, Қазақстанға қайтатындары бар, барлық бала елі, жері, тілі мен дінін ұмытпасын деген мақсатты бәрінен биік қойып, қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Сыртта жүрсек те, ұлттық бірегейлігімізді сақтап, арадағы рухани байланысты нықтай түсу үшін орталықта тегін жұмыс істейтін еріктінің әрбірі көмегін аянып қалмайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп қазақ бекерге айтпаған ғой. Шынымен сұхбат басында мені емес, өз тірлігін ысырып қойып, өзге мәдениетке жалтақтатпау үшін алтындай уақытын қиып жүрген мұғалімдерді алдымен ескерейік дегенім де сондықтан. Олар болмаса, орталықтың жұмысы қайдан жүрсін?!
– Біз сұхбаттасқан бірнеше америкалық Қазақстанды бұрын Димаш және Головкинмен байланыстыратынын айтқан еді. Алайда сіздің әңгімеңізді бағамдап, Калифорния жұртшылығы Қазақстанды сіз басқаратын орталық арқылы танып-біліп жатыр десем, қателеспейтін шығармын?
– Солай десе де болады. Бұрынғыдай емес, қазір көбі Қазақстан туралы біледі. Биыл Наурыз мерекесін бірге тойлауға жергілікті билік органдарын шақырған едік. Калифорния штатының сенаторы Энтони Портантино арнайы келіп, бізге грамота ұсынып, құттықтап кетті. Ол өз сөзінде қазақтармен бірінші рет мерекені бірге атап өткенін айтып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оған Наурыз көженің дәмі ерекше ұнаса керек. Одан бөлек, Лос-Анджелес округі атқарушы билігінің өкілдерін де шақырған едік. Олар мерекеге келе алмайтынын айтып, кешірім сұрап, арнайы құттықтау хатын жіберді. Тағы бір айта кетерлігі, Америкада өз тілдерін сақтай алмай қалған халық жетерлік. Мұнда тұратындардың көбі – Еуропадан келген иммигранттар. Олар осында көшіп келген соң, күйбең тірлік қамымен жүгіріп жүріп, өз мәдениеті мен тілін жетілдіруге мұршасы болмай қалады. Сөйтіп, бірте-бірте ағылшын тілін кеңінен қолданады. Дастархан басында да сол тілде сөйлейді. Өз тілі ұмыт қалады. Балаларға жас кезінде ана тіліне деген сүйіспеншілікті дарытпасаң, кейін бәрі кеш болады. Себебі ағылшынтілді ортада өз тіліңді ұмыту өте оңай. Сондықтан олар өз тілін, мәдениетін сақтап, тарихын беске білетін халықты қатты сыйлайды. Олар өз құндылықтарын сақтай алмағандықтан, өзгелерді өз мәдениетін, өз ортасын көзінің қарашығындай қорғап қалғаны үшін айрықша құрметтейді. Сондықтан олар бізге қызыға қарайды деп айтсам, артық айтпаймын. Негізгі, басымдықты балаларға беріп жатқанымыз да сондықтан. Себебі бала біз көрсеткен жолмен, біз сілтеген бағытпен жүрсе, қазақ тілін, салт-дәстүрін әсте ұмытпайды. Үнемі бірге жүрсін, бірге өссін, қазақ екенін ұмытпасын дейміз. Орталықты өз үйіндей көріп, мәдениетінен ажырап қалмасын дейміз. Осындай орталықтар болмаса жастар бір-бірімен қалай танысады? Қазақ мәдениеті туралы басқа қай жерден біледі? Қазақ тілін басқа қай жерге барып үйренеді? Сондықтан сыртта жүрген бауырластарымыздың ұлттық болмысын сақтап қалуда мұндай орталықтар үлкен рөл атқарады. Тіпті, орталық арқылы танысып, көңіл жарастырып жатқан қазақтар да бар.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ