Алматыда әйелдің басын базарға тастап кеткен ер адамның соты өтті

Қылмысы дәлелденсе, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алматыда әйелдің басын базарға тастап кеткен ер адамның соты өтті
Видеодан алынған кадр
1510

Алматыда келіншектің басын кесіп базарға тастады деген күдікке ілінген Асхат Иманқосов басқаларға өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Басты тастап кеткен шұжық дүкенінде істейтін келіншекке Астанада судьямын деген. Кешегі сот отырысында екі әйелден де жауап алынды. Оларды көрген күдікті көзіне жас алды.

Ол медициналық бетпердемен бетін тұмшалап алған. Тек екі көзі көрінетіндей тесіп алыпты. Куәгерлердің арасынан шұжық сататын дүкенші бірінші болып сөйледі.

«Ол карантин біткен кезде бетперде тағып келіп бастады. Еш нәрсе сатып алмайтын, сөйлемейтін. Жәй ғана тұратын. Осылай екі айда бір соғатын. Мен одан не үшін келіп жүрсің деп сұрадым. Ол «Бұрын осында тұрғанмын. Базарға келу бұрыннан әдетім» деді. Сондай-ақ өзін «сотпын» деп таныстырды. Астанада істейтінін айтты. Бір рет кездесуге шақырған болатын. Мен бас тарттым. Соңғы рет келген кезде қолындағы целофаннан жасалған қолғапты байқадым. Ол бас салынған пакетті тоңазытқыштың жанына тастап кетті», - деді сатушы.

Одан кейін гүл сатушы болып істейтін әйел сөйледі. Екеуі екі жарым жыл бірге тұрған. Ең қызығы өзін Асхат емес, Асқар деп таныстырған, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтінін айтқан.

«Жұмыстан келсем «Жаңалықтарды көрдің бе?» деп сұрады. Ал мен теледидарды мүлде қарамаймын. «Жоқ» деп жауап бердім. Сөйтіп ол менің телефонымнан сюжетті көрсетіп, «Енді мен сені күнде жұмыстан кейін күтіп аламын» деді. Негізі ол мұндай іске барды дегенге сенбеймін. Иә, тұйық болатын, бірақ жақсы адам», - деді ол.

Осы сөздерден кейін күдікті демі жетпей, жылап жіберді, су сұраған. Кейін Асхат Иманқосовты вокзалдан көрген куәгер жауап қатты. Көбісінің көргені бір: күдіктінің қолындағы целлофан қолғап. Дегенмен куәгерлердің бәрі келмеді. Өзгелерінің тұрғылықты мекенжайы жоқ екен.

Еске салайық, жантүршігерлік оқиға биыл көктемде болған еді. Алматыдағы базардан пакетке салынған бас табылып, дүйім ел шулаған. Марқұм 1976 жылы туған әйел. Оның мәйіті базар жанындағы қараусыз ғимараттың маңынан табылды. Кейінірек 61 жастағы күдікті ұсталды. Қазір оның үстінен «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Қылмысы дәлелденсе, Иманқосов кемі 15 жылы немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары