"Әлиханға берген уәдемді орындадым": Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлы туралы жазба жариялады

«Сол уәде бойынша Түркияға бардық. Әлихансыз...»

"Әлиханға берген уәдемді орындадым": Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлы туралы жазба жариялады
ашық дереккөзі
3499

Филология ғылымдарының кандидаты, бірнеше республикалық айтыстың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлын есіне алып әлеуметтік желіде жазба жариялады.

«20 шілде күні Әлихан батырым тірі болса он жетіге толар еді. Былтыр дәл осы уақта екеуміз ЦОН-нан құжатын алып, келесі жаздағы туған күнінде Түркияға барып демаламыз деп едік. Сол уәде бойынша Түркияға бардық. Әлихансыз...
Өте патриот бала еді. Демалысқа арнаған бір теңге болсын Қазақстанның дамуына жұмсалсын дейтін. Туған күндерін Алматыда, Балқашта, соңғы үш жылда Алакөлде атап өтіп едік. Сол партиоттығы түбінде өзінің ажалына себепші боларын сәби жүрек қайдан білсін?  …Әлиханның қазасында байланысты ашылған қылмыстық іс әлі жабылған жоқ. 
Жаның жәннатта болсын, жарығым!

Қапияда қайғы бұлты қаусырды,
Жылай-жылай көздің жасы таусылды.
Құба таңда құлхуаллла қайырсам,
Құлыншағым естір ме екен даусымды?!

Келетіндей жарып шығып тұманнан
Қарай-қарай қарашығым суалған.
Қасіреттен қапа болған көңілім,
Қаңтардағы қарағаштай қуарған.

Келер күннің не боларын кім білген,
Көкірекке мұнар торлап, мұң кірген.
Жапан түзде қобыз шалған Қорқыттай,
Жалғыздықтың күйін тартып жүрмін мен.

Сендей ұлды мен ғана емес, ел де аңсап,
Күңгірттенсе күннің нұры солған шақ.
Оңашада ойға шомып отырам,
Елес болып он жетіңе толған сәт..

Өткен іске өкінгеннен не пайда,
Бір тағдырға жүрмейді екен екі айла.
Желкені жоқ қайық сынды ғұмырым,
Қалтылдап жүр сенсіз өткен жеті айда.

Жалт бұрылса бедері жоқ бес күнің,
Саған қорған болмайды екен ешкімің.
Қызығыңды көрсетуге жазбады,
Құйрығындай келте уақыт ешкінің.

Құлагердей күңіренткен Ақанды,
Сені іздеткен өмір заңы қатал-ды.
Ала таңда арзу айтсам Аллаға,
Балапаным естір ме екен батамды?!»

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлы қаңтар айында қайтыс болған еді.

 

Серіктес жаңалықтары