Құндылықтар жүйесі құқықпен өлшенген қоғамда әділеттілік салтанат құрады – Үнзила Шапақ

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Президенттің биылғы Жолдауында айтылған құ­қық үстемдігі, әділетті қоғам туралы өз ойын ортаға салды.

Құндылықтар  жүйесі құқықпен өлшенген қоғамда әділеттілік салтанат құрады – Үнзила Шапақ
1916

Мемлекет басшысының биылғы Жол­дауын­да Қазақстанның жаңа эко­но­ми­калық бағдары айқындалғаны барша оқыр­манға мәлім. Сонымен қатар Жолдауда құ­қықтың үстемдігі, әділетті қоғам жайлы да жақ­сы баяндалған. Біз осы орайда Мәжіліс де­путаты, кәсіби заңгер Үнзила Шапақ ха­ным­ды әңігімеге тартқан едік. 

– 1 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған жыл сайын­­ғы Жолдауын жариялады. Биылғы Жол­дау не­сімен ерекше, мұнда берілген тап­сырмалар негізінде қазақстандықтар қандай игіл­іктерге ие бола алады? Заң шығарушы орган өкілі ре­тінде осы мәселелердің мәнін ашып бер­сеңіз. 
– Президент өз Жолдауында еліміздегі ау­қым­ды саяси өзгерістерден кейін Қазақстан эко­но­ми­калық өсу мен қазақстандықтардың қуатты әл-ау­қатын қамтамасыз ететін құрылымдық эко­но­ми­калық реформаларға көшіп жатқанын атап өт­ті. Президент Жолдауда қойылған жаңа мін­деттерді ескере отырып, ел эко­но­микасының 6-7 пайыз деңгейінде өсуі бол­жанып отырғанын, бұл елдің ЖІӨ-і қазір 200 миллиард АҚШ доллары, ал 2028 жылға қа­рай 475 миллиард долларға жеткізуге мүм­кіндік беретінін айтты. Демек, елдің эко­но­ми­калық өсімін екі есеге арттыру міндеті тұр. Өндірістік-өнеркәсіптік және ресурстық құ­рамдас бөліктер елдің экономикалық да­муының негізгі элементтері болмақ. Осы мақ­сатқа жету үшін өңдеу өнеркәсібі мен а­г­роөнеркәсіптік кешенге баса назар ау­да­рылатын болады. 
Мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа­шыл­дықтың бірі жергілікті бюджетке қо­сым­ша салықтарды аударуға мүмкіндік бе­ре­тін бөлшектенген бюджет элементтерін ке­зең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Жол­дауды талқылау мақсатында еңбек ұжым­дарымен, кәсіпорын және әкімшілік қыз­меткерлерімен кездесіп, осы жайды тал­қыға салып, пікір алмасып жатырмыз. 
«Бөлшектенген бюджеттің» артық­шы­лығы – әрбір министрлік бюджетті алады, қаражатты өз бетінше басқаруға және бөлуге құқылы. Бөлшектенген бюджет моделі бүгін­де Сингапурда қолданылады. Мұндай бөл­шек­тенген бюджетте әрбір министрліктің бюд­жет көлемі ЖІӨ-нің пайызы түрінде ай­­­қындалады.
Бүгінде бірқатар министрліктер, облыс­тың басшылары бөлшектенген бюджет жүйе­­­сіне пилоттық жоба түрінде көшуге әзір еке­нін білдірді. Бюджетті атқару барысында бюд­жеттік бағдарламалардың әкімшілері қа­ражатты басқару бойынша толық дер­бес­тікке ие, яғни бюджетті «бөлшектік» шең­бер­де қаражатты қайта бөлуді келісудің қа­жеті жоқ. Министрліктің бес жылдық жос­парлы кезеңі ішінде республикалық бюд­жет комиссиясының (РБК) шешімі бойынша қара­жат қалдықтарын келесі жылдың шы­ғыс­тарына ауыстыру мүмкіндігі бар. Соны­мен қатар қаражатты бір бюджеттік бағ­дар­лама шеңберінде (Қаржы министрлігінің ке­лі­сімі бойынша), сондай-ақ РБК шешімі бойын­ша 15 пайыз мөлшерінде әртүрлі бюд­жеттік бағдарламалар арасында дербес бөлу­ге болады. 
Бұл шаралар мемлекеттік органдардың дербестігі мен икемділігін, оның ішін­де бюджеттік рәсімдерді қысқарту және оңай­лату арқылы айтарлықтай тиімді жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді. 
Қазір Мәжілісте 2024-2026 жылдарға ар­налған республикалық бюджет және Қа­зақ­стан Республикасының Ұлттық қорынан ке­пілдендірілген трансферті туралы заң жо­балары талқыланып жатыр. «Бюджет жо­басын қараудың әдіснамалық тәсілдері, құ­қықтық нормалар» тақырыбында де­пу­тат­тарға арналған семинарды Қаржы және бюд­жет комитеті ұйымдастырды. Семинар шең­берінде, мемлекеттік басқарудың рес­пуб­­ликалық деңгейінде әзірленетін әлеу­мет­тік-экономикалық даму болжамымен танысу ар­қылы бес жылдық кезеңге арналған эко­но­микалық саясаттың, оның ішінде салық-бюд­жет саясатының мақсаттары мен басым­дық­тарын талдадық. Осындай шара­лар біз­дің, яғни депутаттардың экономикалық сауат­тылығын арттырумен қатар Жолдауға қа­тысты нақтылауға қажет тұстарын анық­тап алуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, біз оны ары қарай халыққа жеткізуге ат салысып жа­­­тырмыз. Сонымен қатар таяуда Бюджет туралы кодекс жобасы да Мәжіліске түседі. Жо­ғарыда аталған шаралардың құқықтық ба­за­сы қалыптасады.
– Сіз Парламенттегі «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшесісіз. Пар­тияның бірқатар жобалары қазір сәтті жү­зеге асып жатыр. Ол жобалар жө­нін­де Жолдауда да айтылды...
– Иә, мен «AMANAT» партиясының депу­та­­­тымын. Жолдауда айтылған шаралардың қа­тарында «AMANAT» партиясының сай­лауал­ды бағдарламасында көзделген «Жер ама­наты», «Қарызсыз қоғам» сияқты жобалар бар. Бұл – Мемлекет басшысы мен «AMANAT» пар­тиясының халықтың жағдайына, әл-ау­қа­­тына деген ортақ мүдделерінің көрсеткіші. Осылайша, «Жер аманаты» жобасы аясында 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, шаруалар арасында қайта бөлінді. Таяуда ғана елді мекендерді аралап келдік. Мен Қарағанды облысында 3 ауданның азаматтарымен кездестім. Ақтоғай ауданына барған кезімде осы жоба арқылы 500 мың гектар жерді қайтарып алған халық алғысын білдіріп отыр. Сонымен қоса, тағы 200 мың гектар жер қайтатынын айтып, көңілдері қош.
Іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығын дамытудың танымал бағдарламаларының біріне айналды, оның аясында өз кәсібін ашуға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл жобаға деген сұранысты Президент атап өтіп, оны дамыту қажеттігін айтты. 
Мемлекет басшысы халықтың қаржы­лық сауаттылығын арттыруға арналған «Қа­рызсыз қоғам» партиялық жобасын да қол­дады. Енді «AMANAT» Үкіметпен бірлесіп, оны бүкіл ел бойынша ауқымын кеңейтумен айналысады. 
Өткен сайлауда халықтың сенімінің ар­қа­сында «AMANAT» партиясы Мәжілісте де, бар­лық деңгейдегі мәслихаттарда да басым көп­шілікке ие болды. Бұл Премьер-Министр­дің кандидатурасын ұсынуға және министр­лерді бекітуге мүмкіндік берді. Өздеріңіз бі­­ліп отырғандай, мәслихаттардағы фрак­ция­­ларымыз облыс, қала әкімдерін бекітеді. Сон­дықтан «AMANAT» партиясы ел бола­ша­ғы үшін жауапты. 
Мұны Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қоша­нов та алдымызда маңызды міндет – Прези­дент­­тің жаңа экономикалық саясатын қол­­дау және оның сапалы жүзеге асуын қам­та­масыз ету тұрғанын атап өтті. 
Жолдауды тиімді жүзеге асыру аза­мат­тардың өмір сүру деңгейін жақ­сартып, халықтың өзекті мәселелерін ше­шуге мүмкіндік береді.

Заң әр адамның құқын қорғауды көздеуі керек


– Президент биылғы Жолдауында «Адам құқығын қорғау саласында маңыз­ды қадамдар жасалды. Әділдікті жә­не заң үстемдігін орнату үшін ау­қым­ды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қа­былдау үдерісіне азаматтардың қа­ты­су мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мә­дениеті мүлде жаңа сипатқа ие бол­ды», – деген болатын. Осы орайда кәсіби заң­гер әрі Парламент Мәжілісінің де­пу­таты ретінде қоғамдағы заң үстемдігі жө­­нінде кеңірек тоқталып өтсеңіз. Соң­ғы жылдары жүріп жатқан реформа ая­сында, соның ішінде қарапайым аза­маттар құқықтық тұрғыдан қандай мүм­кіндіктерге қол жеткізе алады?
– К.Маркстың бір нақыл сөзі есіме түсіп отыр. «...Адам заң үшін жаратылмаған, заң адам үшін түзіледі», яғни кез келген заң әр адам­ның құқығын қорғауды көздеуі керек. Қазіргі заманда кез келген мемлекет де­мок­ратияға негізделе отырып адамның не­гіз­гі құқығы мен бостандығын сақтап, құқық үс­темдігін ту етіп ұстануы керек екені айқын болды. Мемлекет басшылыққа алып отырған ха­лықаралық және ұлттық саяси-құқықтық құ­жаттарда «құқық үстемдігі», «заң үстемдігі» де­ген термин жиі кездеседі. Бүгінгі күні «құ­қық үстемдігі» қастерлі ұғымдардың бірі, бұл тек «ұлттық құқық» аясымен шектелмейді.
Биыл 75 жылдығын атап өтейін деп отырған Адам құқықтары туралы жалпыға бір­дей декларацияның преамбуласында: «адам баласы зорлық-зомбылық пен қанауға қар­сы көтеріліске мәжбүр болатын жағ­дай­ды тудырмау үшін, адам құқықтары құқық ү­с­темдігімен қамтамасыз етілуі керек...» еке­нін атап өткен. 1950 жылғы Адам құқығы жә­­­не негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық Конвенцияның преамбуласында «құ­қық үстемдігі» қағидасы туралы белг­і­лен­ген. Осылай құқық үстемдігі концепциясы әлем­дегі көптеген елдің ұлттық құқықтық жүйе­сінде өз орнын таба білді.
2020 жылы Президент Қ.Тоқаев «Абай жә­не ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты ма­қа­ласында «Заң үстемдігін және қоғамдық тәр­тіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғын­ған жөн» деп нақтылап кеткен.
Еліміздегі 2022 жылғы конституциялық реформа Жаңа Қазақтанның, яғни екінші Рес­публиканың көздеп отырған қоғам мен мем­лекетті одан әрі жаңғыртудың құқықтық не­гіздерін айқындап берді. Ол реформаның бас­ты мақсатының бірі – еліміздегі сайлау жүйе­сін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, партия жүйесін дамыту еді. Конституциялық өз­герістерге сәйкес Президент сайлауы, Се­нат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Қа­зір Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне же­­­­текшілік етпейді. Өздеріңіз көріп отыр­ған­дай, бұған Парламент Мәжілісінің VIII шақ­ырылымы нақты мысал болады. 
Қазір Мәжілістің құрамы 6 партия өкіл­дері мен бірмандатты депутаттардан құрал­ған. Бірмандатты депутаттар саны 29. Сон­­­дай-ақ әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар тұлғалар жалпы депутаттар санының 30 пайызын құрайды. Бұл жүйенің нәтижесінде, сайлаушылармен, халықпен кері байланыс едеуір жақсарды. Президенттің алдымызға қойған міндеттерінің бірі, халық үніне құлақ асу мәселесі екенін білесіздер.
Реформаның тағы бір жаңалығы – Жо­ғары аудиторлық палатаның жы­лына екі рет Мәжілістің алдында есеп беруі. Кон­с­­­титуциялық өзгеріске сәйкес, өткен сес­сия ба­рысында алғаш рет жылумен қам­тамасыз ету саласындағы басқаруға қатысты Жо­ғары аудиторлық палатаның есебі тың­далды және атал­ған салада кешенді проб­лемалар бар еке­ні анықталды.Ал биылғы Жолдауда өзіңіз айтқандай, әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ау­­­­қымды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Құқықтың үстемдігі тек құқықтық фак­торлармен шектелмейді. Ол қоғамдағы жал­пы құқықтық мәдениетпен тығыз бай­ланысты. Құқықтық мәдениет пен құқықтық жүйенің ара қатынасы құқық үстемдігі эле­мент­терінің қандай деңгейде, қаншалықты нақ­ты екеніне қатысты. 
2011 және 2016 жылдары Еуропалық Одақтың Құқық арқылы демократия үшін Комиссияның (Венециялық Комиссияның) жалпы отырысында Құқық үстемдігін сақтауды бағалау үшін бақылау сұрақтар тізімі бекітілген. 
Онда құқық үстемдігін анықтау мақ­са­тын­да 6 өлшем алынған: заңдылық; құқық­тық айқындылық; өкілеттілікті асыра пай­даланудың алдын алу, әділ сотқа қол­жетім­ді­лік; құқық үстемдігін қамтамасыз ету жол­дарындағы кедергілер. Соның бір өлшемі конституциялық әділ сот. Дәлірек айтсақ, конституциялық ба­қы­лау­ды арнайы конституциялық сот қам­та­ма­сыз етеді. Сөйтіп, жеке тұлғалар конс­ти­ту­­циялық сотқа, жалпы сотқа қарсы на­ра­зы­лық білдіре алады. Яғни, заңның конс­ти­туцияға сәйкестігін тексеру үшін тікелей арыз беруге құқылы. Мұндай мүмкіндікке ре­ферендум арқылы қол жеткіздік. Ре­фе­рен­дум арқылы қолданыстағы Конституцияның үш­тен бір бөлігін жаңаладық. Соның бірі – Конс­­титуциялық Соттың құрылуы. Пар­ла­мент Конституциялық Сот туралы конс­ти­ту­циялық заңды қабылдады. Заң толыққанды іске асырылып жатыр.
– Осы уақытқа дейін азаматтарымыз өз құқын пайдаланып, заңның конс­ти­ту­цияға сәйкестігіне байланысты ша­ғым білдіре алды ма?
– Әрине, 9 айдың ішінде Конституциялық Сот­қа азаматтардан 4050-ден астам өтініш ке­ліп түсіпті. Қазір азаматтардың Конс­ти­ту­ция­лық Сотқа тікелей жүгіну және құқықтық ак­тілердің заңдылығына шағым айту мүм­кін­дігі арқасында қазақстандық конс­ти­ту­ция­лық бақылау органы 40-тан астам құқық­тық норманың Конституцияға сәйкестігін қай­та қараған. Оның 7-еуі конституциялық та­лапқа сай емес деп, 13-і Конституцияға сәй­кес деп танылды. 
Референдум – халық, қоғам үшін маңыз­­­­ды. Ел болашағы жолында стра­те­гиялық мәні бар шешімді қабылдауда кез кел­­ген азамат жеке дара ниетін еркін білдіре алатын конституциялық құқық құралы. Бұл құ­рал нақты демократияның, әділдіктің ны­­шаны. Мәселен, АЭС құрылысы туралы мә­­селе Үкімет деңгейінде, халық арасында ша­­мамен 10 жыл бойы талқыланып келеді. Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның «таза» атом электр энергиясына мұқтаж екенін, АЭС құ­рылы­сынсыз электр энергиясы тапшы­лы­ғы­ның ірі ықтималдығы бар екенін мәлім­де­ген. 
2023 жылдың 22 тамызында Алматы об­лысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында өт­кен қоғамдық тыңдауда жергілікті тұр­ғын­дар АЭС құрылысын қолдады. Кейбір қо­­­ғам қайраткерлері айқындық пен ашық диа­логты қамтамасыз ету үшін барлық мүд­делі тараптардың пікірлері мен мүдделерін ес­керу мақсатында басқа да жақын ай­мақ­тарда қосымша талқылаулар жүргізу туралы бас­тама көтерді. АЭС құрылысы бойынша ре­­ферендум өткізу «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасының іске ас­а­­тындығын куәландырады және Прези­дент­­тің аса маңызды стратегиялық мәсе­ле­лер бойынша жалпыұлттық дауыс беруге уә­де берген сайлауалды бағдарламасын орын­дайтынын көрсетеді. 
Осы тұста айта кететін бір мәселе, VІІІ ша­қ­ырылым депутаттары Үкіметтің жә­не басқа да өкілетті мемлекеттік орган­дар­дың атына халық тарапынан өзекті, кө­кей­тесті сұрақтар бойынша депутаттық сауал­­­дар жолдау белсенділігі өте қарқынды. Бірін­ші сессияда 355 депутаттық сауал жол­данған болса, қыркүйек айынан бері 2 пле­нар­лық отырыста 50-ден астам сауал жол­дан­ды. Бұл да «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» концепциясын іске асыруда қол­­­­данылып жатқан конституциялық құ­қық­тық құрал. 
Тағы бір мәселеге қысқаша тоқта­лайын. Ол – Конституцияның 6-ба­бы­на енгізілген өзгерту туралы. 6-бапта «Жер және оның қой­науы, су көздері, өсімдіктер мен жануар­лар дүниесі, басқа да табиғи ре­сурс­тар ха­лық­қа тиесілі» деген өзгеріс енгіз­дік. Соның бір нәтижесі, Мемлекет басшысы Қа­сым-Жо­март Тоқаевтың бастамасымен табиғи ре­сурс­тардан түсіп жатқан пайданы жинақтап отыр­ған Ұлттық қордың инвестициялық кірі­сінің 50 пайызын 2024 жылдан бастап ба­­­лаларға төлеу туралы шешім. Мінеки, бұл табиғи ресурстардың халыққа тиесілігінің бір дәлелі. Осы бастаманы іске асыру бойын­ша 5 депутат «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық қорынан ба­ла­ларға төлемдер мәселелері бойынша өз­ге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­басын әзірледік.
Конституцияға былтыр өзгеріс енгіз­генде – МЕМЛЕКЕТТІ халыққа тиесілі қа­зы­наға меншік құқығын қорғау және заңсыз алын­ған табиғи ресурстар мен оларға байла­нысты активтерді тікелей ХАЛЫҚ мүддесіне пайдалану үшін қажетті шараларды қол­дану­ға міндеттеген едік. Мінеки, нәтижесін көре бастадық. 
Қарапайым азаматтар құқықтық тұрғы­дан қандай мүмкіндіктерге қол жеткізе ала­ды, дедіңіз. «Заңсыз иемденген активтерді мем­лекетке қайтару туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы заңын ерекше атап өткім келеді. 
Заң ұрлыққа қатысы бар сыбайлас жем­қорлар мен олигархтарға қарсы жасалған. Аталған заң арқылы МЕМЛЕКЕТ елдің тұрақты экономикалық және әлеумет­тік дамуы үшін Қазақстан халқының бұзыл­ған құқын қалпына келтіру жүйесін ай­қын­дайды. Ең бастысы, Әділетті Қазақстанда құ­қық үстемдік құрып, халықтың құқығы жү­зеге асырылып жатыр.

Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі кеңейді


– Жолдауда тәртіп пен жауап­кер­ші­лік, өзара түсіністік үйлесім табатын қо­ғам құру жайында айтылды. Азамат­тар теңдей дәрежеде өмір сүретін әді­лет­ті орта қалыптастыруға біздің хал­қы­мыз қаншалықты даяр деп ойлайсыз? Сіз­дер жұртшылықпен кездесіп, ел ішін көп аралайсыздар, халықтың жалпы жағ­дайынан хабардар деп ойлаймын.
– Азаматтар теңдей дәрежеде өмір сү­ре­тін ортаны қалыптастыру құқық үстем­дігі­мен өлшенеді. Қоғамда өмір сүріп жатқан адам­дардың ұстанатын құндылығы, яғни құн­дылықтар жүйесі құқықпен өлшенген қо­­­ғамда теңдік, әділеттілік, еркіндік салта­нат құрады. 
Құқықтық тәртіптің нық, мығым болуы заң­дылық режиммен тығыз байланысты. ХІХ ғасырда Францияда буржуазия кө­се­мі­нің бірі «бізді заң үстемдігі құртып жатыр» де­ген екен. Егер қоғамда заң үстемдігі толық­қан­ды әрекет ете бастаса құқықтық тәртіп ор­нығады. Мемлекетіміздегі кез келген аза­мат заң алдында өзара тең болса, жауап­кер­ші­лік жүктелген азаматтар міндеттемесін заң­ға сәйкес орындаса, әділетті орта қалып­та­сады.
Депутат ретінде ауыл-аймақты арала­ған­да байқағанымыз, халық арасында­ғы туындаған көп мәселе жергілікті басқару органдары мен әкім арқылы шешілуі керегіне көз жеткіземіз. Өкініштісі, кейде әкім немесе жергілікті департамент басшылары жоғары жақтағы органдарға сілтеп, ауыздарын қу шөппен сүртіп, сырғыма хатпен жауап қатып отырады. 
Президент 2022 жылғы Жолдауында «экономиканы түбегейлі рефор­ма­лау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне сер­­піліс қажет. Үкіметтің кейбір құзырет­те­рін министрліктерге берген жөн. Нақты бір са­ла­дағы саясатқа «ұжымдасқан кабинет» емес, нақты бір министр жауапты болуға тиіс» деп айтты. Үкіметтің 500-ге жуық функ­ция­сы орталық мемлекеттік органдарға бер­і­ліп, жергілікті атқарушы органдардың өкі­леттігі кеңейді. Мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы Ұлт­тық баяндамада жарияланған мәлі­мет­терге сәйкес, респонденттердің 53 пайызы тұ­жырымдамалық мәселелер бойынша бас­шылық өз бетінше шешім қабылдай ал­май­ты­ны сыналды. 
Биылғы Жолдауда осы мәселені әлі де жақ­сарту баяндалды. 
Біріншіден, жауапкершілік аймағы, же­тістіктер мен сәтсіздіктер үшін жеке жауап­кер­шілік кеңейеді. Екіншіден, шешім қабыл­даудың жеделдігі артып, әрбір әрекет пен шешімді келісуде бюрократия төмендейді. Со­нымен қатар жауапкершілік қана емес, бас­тамаларды іске асыру мүмкіндігі де арта­ды. Өйткені жоғарыда айтып кеткендей, то­лық бөлшектенген бюджет пен әкімдердің қар­жылық дербестігі нығаяды.
Үкімет пен Президент Әкімшілігі ара­сын­­да жауапкершілік аймағы нақты бөлінді. Президент Әкімшілігі жұмысын ре­формалау шеңберінде Мемлекет бас­шы­сы «Президент Әкім­шілігінің құрылымын қайта ұйым­дас­тыру туралы Жарлыққа» қол қойды.
Сот жүйесі де белгілі реформаны бас­тан өткереді. Кассациялық сот са­ты­сы құрылады. Судьялардың қызметіне ара­ласуды шектей отырып, олардың заң бұз­ғаны үшін жауапкершілігін арттырады. Сот­тардың рейтингісіне қатысты әлі де тың өз­герістер болады. Президент өткенде биз­нес­мендермен кездесу өткізген кезде, «Заң­нама неғұрлым оңай болса, оны қате түсіну ық­тималдығы да соғұрлым азаяды. Со­н­дық­тан рәсімдерді түбегейлі қысқартып, екіұш­ты тұжырымдарды жою қажет...» деп айтып кетті. Яғни, заң шығарушылық билікке қа­тыс­ты айтылған бұл тұжырым көп мәселенің ба­сын ашады. Заң жазу барысында туын­дай­тын даулы мәселе заңға бағынатын тарап­тар­дың, азаматтардың пайдасына шешілуі ке­рек. Мінеки, осы түйін әділ, тең қоғамды құру­дың бір шарты болмақ.
– Президенттің ерекше атап өткен мә­­селесінің бірі – қоғамдық тәртіп мәсе­ле­сі. Кейде вандализм белгілерінің бай­­қалатыны айтылды. Және қоғамдық тәр­­тіпті бақылауға құқық қорғаушылар мен жергілікті биліктің жіті назар ау­дар­май отырғандығы да сынға алынды. Осы орайда атқарушы билік адамдар са­­­насын өзгертіп, әділетті қоғам құру үшін жұмысты неден бастаған жөн? Мүм­­кін қатал тәртіпті талап ету қажет пе, әлде түсіндіру жұмыстарын жүйелі әрі сауатты, жан-жақты ұйымдастыруы қа­жет пе? 
– Сұрақ өте орынды. Бастысы, халықтың құ­қықтық сауаттылығы, құқықтық мәдение­ті, құқықтық санасының жоғары болуы. Құ­қыққа деген немқұрайлылық, құқықты мойындамаушылық, құқықтық талапқа төз­беушілік мүлде болмауға тиіс. Әңгіме ба­сын­да айтып кеткендей, қоғамда құқық үстем­ді­гін қамтамасыз ету маңызды. Барлық қо­ғам­дық қатынастар құқық арқылы рет­тел­гені абзал. Мемлекет тарапынан қабылданған заң нормаларын мемлекеттік билік орган­дары да, азаматтар да мүлтіксіз орындаса бар­лық жерде қоғамдық және құқықтық тәр­тіп болады. 
Біздің елде қазір күнделікті хабар ал­масу құқықбұзушылық туралы ақпа­рат­тардан басталады. Отбасылық зорлық-зом­былық, бала құқығын бұзу, есірткі, вейп, лудо­мания туралы жағымсыз мәліметтер, ин­тернет алаяқтығы, вандализм, ар-ожда­нын таптау, жала жабу, жол ережесін бұзу, жа­лақысын төлемеу, бөтеннің мүлкін ием­дену, қарызға бату және т.т. Бұл мәселелер Мәжіліс қабырғасында, «AMANAT» партиясы фракциясында тұрақты түр­де талқыланып, шешімін табатын ке­шен­ді шаралар қабылданып жүр. 14 қыркүйекте Пар­ламент Мәжілісінде «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында фракцияның жұр­тшылықпен бірлесіп әзірлеген бала­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды. 
Бұған дейін партия кибербуллингке қар­сы заң шығаруға мұрындық болған еді, ол бүгінде әлеуметтік желіде балаларды қорлау­ға қарсы күресуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ балаларға психологиялық және өзге де кө­мек көрсету үшін партия жанынан «111» се­нім телефоны құрылды. Кезінде оған 47 мың адам жүгінді. Бұл жұмысты жаңа дең­гей­де жалғастыру үшін осы жобаны Үкіметке беру туралы шешім қабылданды. 


Сұхбаттасқан 
Бейбіт Тоқтарбай 

Серіктес жаңалықтары