1342
ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ТІЛ АХУАЛЫ
ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ТІЛ АХУАЛЫ
Әрбір халықтың тіліне оның өткені, яғни тарихы, сол халықтың мекен еткен ортасы, өзге ұлттармен өзара қарым-қатынасы нәтижесінде, ішкі-сыртқы факторлардың әсері болатыны тіл ғылымы саласында дәлелденген. Сондықтан әр қазақ өз ана тілінде көркем сөйлеп, сауатты жазып, ата-бабамыз ардақтаған тіл байлығын келер ұрпаққа жеткізу – бәрімізге аманат.
Қазақ тілі – Қазақстан ғана емес, басқа республикаларда да, сондай-ақ шетелде тұратын қазақтардың да ана тілі. Дегенмен шеттен келген жастарымыздың ауызекі сөйлеу тілінің кейбір ерекшеліктерін сөз еткенде, олардың басынан кешкен сан алуан тарихи, саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларды ескерген жөн.
Санамалап айтар болсақ:
Біріншіден, Кеңес Үкіметі тұсындағы саяси-әлеуметтік қарама-қайшылықтардың салдарынан атажұртпен байланыс пен қарым-қатынастың шектелуі; Екіншіден, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың, мәдени орындардың, баспасөз, теледидар құралдарының болмауы; Үшіншіден, жазу графикасының араб, латынша болып, орыс әліпбиін түсіндіру қиынға түсуі; Төртіншіден, қазақ тілінің тек отбасында ғана қолданылатын ауызекі қарым-қатынас құралы ретінде ғана қызмет атқаруы; Бесіншіден, өздері мекен еткен тілдік ортаның әсері, яғни солардың, жергілікті халық тілінің ықпалының болуы, т.б.
Алайда осындай қайшылықтар мен тілдік заңдылықтар бола тұрса да, қандастарымыз ана тілде сөйлеудің қатаң тәртібін сақтауының сыры неде? Тіл деген – үнемі өсіп, өзгеріп отыратын динамикалық құбылыс. Мысалы, әр дәуір этностарымен бүгінгі ұрпақ қатынасы үшін араға тілмаш қажет. Өйткені әрбір халықтың ахуал-тұрмысы, өмір салтына келген өзгеріс ұлттың мәдениетіне де белгілі жаңалықтар әкелмей қоймайды. Оның бір дәлелі – ХХ ғасырда қазақтың өзінің таза этникалық нәсілдік ортасынан алыстап, көп ұлт өкілдерімен серіктесіп өмір сүруі. Мысалы, Қазақстан жеріндегі қазақтарға орыс, Қытайдағы қазақтарға қытай, Моңғолия қазақтарына моңғол, Түркиядағы қазақтарға түрік тілінің елеулі әсері болды. Соның нәтижесінде жалпы ұлт тілі ХХ ғасыр тұсында әр түрлі өзгерістерді басынан кешірді.
Бүгінгі қазақ тілі – жалпы әлемдік дамудың деңгейінде тұрған дамыған тіл. Дәуір өзгерген сайын адам баласының ұғым-түсінігі де дамып, өзгеріске ұшырайды. Басқа тілден сөз алу, сөз жасау және сол сөздің мағынасын, қызметін кеңейту арқылы жаңа ұғымды көрсету деген сөз. Қандастарымыздың тілін басқа тілдерден оқшауландырып, ерекшелендіріп тұратын да – басқа тілдерден енген сөздердің молдығы. Сөзімізге дәлел ретінде, ақын-жазушыларымыздың еңбектерінен алынған жергілікті сипаты бар үзінділерден мысалдар келтіре кетсем: «Рақымды шяужаң көк мешпетінің жеңін түріп, маған қарай мамырлады. Жарқыратып таза сүртіпті, жуған киімдерін дәзмал салып қаттап қойыпты. Момыны үстелге төңкере сап, дасты соның басына кигізе қойдым» (Қ. Шабданұлы, «Қылмыс»). Мұндағы дәзмал/дәсмәл – үтік, қаттап – бүктеп, момы – нан, дас – табақ.
Қытай жерінде мекендеп келген қазақ жастарының көпшілігі өз ана тілімен қатар сол өлкедегі көрші халықтың тілін меңгеріп, «қос тілді» болған.
Ақпарат құралдары «қос тілді» оқыту тек аты ғана болмаса, жоғарғы оқу орындарында сабақ тек қытай тілінде жүретінін жазып жүр. Қазақ, ұйғыр т.б. аз ұлт шоғырланған ортасы бар аймақтарда халық балаларды оқыту үшін қалаға апарады. Қытай тілін аз білетін оқытушы, ол қанша жерден ана тілін жетік білгенімен, зейнеткерлікке шығарылады, немесе білімін жетілдіру керектігі ескертіледі. Екі тілде қатар оқыту жүйесі қазақ оқушыларының білім алуына кедергі болып отыр, жалпы «қос тілді» оқыту талабына сәйкес жүргізілуі қандастарымыздың психологиясына да кері әсерін тигізуде. Себебі бұл жүйе бірте-бірте ұлттық болмысқа, салт-дәстүрдің өзгеруіне, әсіресе, ана тілінің (қазақ тілі) әлсіреуін біртіндеп арттырмаса, бәсеңдемейтіні анық. Өкініштісі де сол, қазақ диаспорасы өз ана тілін қанша сақтап қалуға тырысқанымен, «қос тілді» оқыту пәрменді жүргізілуде. Осылайша, қандастарымыздың аты-жөні қазақ болғанымен, түр-тұлғасы, киім-кешегі, ойлау жүйесі, іс-әрекеті қытайлардан аумайтын, аты – қазақ, заты – қытай деуге болатын жаңа буын қалыптасуда!
Айтылған әңгімеге дәлел де жоқ емес. Әр нәрсені салыстыра жүріп пайымдайсың, әрине. Бірнеше жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ диаспорасы өкілдеріне, яғни ҚХР-дан келген жастарға білім беріп, етене араласып келдім. Алдыңда отырған шәкірт бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді байқап, пайымдайтынымыз рас. Шынында да, соңғы жылдары қазақ диаспорасы (ҚХР-дан келген) өкілдерінің, яғни жастарымыздың тілінен де, болмысынан да алғашқы жылдардағы түлектерімізбен салыстырғанда, «қос тілді» оқытудың құрығына ілініп, дәрменсіздік күйге түскені байқала бастады. Басты құндылық құлдырап, салт-дәстүрімізге сызат түсе бастағандығын бірте-бірте оралман жастарымыздың арасынан да ана тілін жетік білетін, домбыраның құлағында ойнайтын, құлақ құрышын қандырып күй тарта білетін баланы табудың өзі қат болатын түрі бар деп қынжылатынымыз рас. Өкінішті-ақ! Қазіргі жастардың (тек оралмандар ғана емес) ойы терең болғанмен, тілі жұтаң. Оны естіп те, көріп те жүргендіктен осындай пікір айтылып та жүр. Жергілікті жастар тілі мүлдем шұбарланып барады, тіпті, шет тілін қосып шатпақтап, қысқа қайырып сөйлейтін болды, сөйлеу тілінде мәнерлілік, көркемдік аз. Заман ағымына еліктеп ілескен бүгінгі ұрпақ тілінен әдемі тұрақты сөз тіркестер қатары мен ана тілінің мәйегі саналатын мақал-мәтелдерді қосып сөйлейтін ұл-қыздарды табу қиын.
Шыны керек, сөзі мірдің оғындай, айтайын деген ойын айызыңды қандырып, сөздің майын тамызып шебер жеткізетін сөз зергерлерін бүгінгі жастар арасынан табу оңай емес. Осындайда ішкі жағдай өз қолыңда, бір жөні болар-ау деп жұбатқансып, сырттағы қандастарымыздың бұлыңғыр болашағына алаңдайтынымыз тағы бар. Осы орайда, оралмандар мәселесіне Елбасы да, Үкімет те, сол маңызды істің басында жүрген азаматтар да атсалысып, зор мән беріп жатқаны да анық. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шешілетін мәселелер, бір нүктеде шоғырландыру сияқты т.б. мәселелер бәрі түгел қайта қарауды талап етеді», – деді Елбасы. Ұлт Көшбасшысының мақсаты – тарихи себептермен атажұртынан алыстап кеткен қандастарымыздың мәселесін түбегейлі айқындап алу. Елбасы Н.Ә. Назарбаев осы мәселе маңызды және ұлт алдында сарабдал іс екендігін ескеріп, «Алыстағы ағайынға ақ тілек» хатын жолдады. Бір ғана тілек сол – тағдыр тәлкегімен тарыдай шашыраған қандастарымызды атажұртқа тезірек жеткізу, қазақ еліне шақыру еді.
«Еділдің бойы – ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім!», – деген батырларымыз бен ақындарымыздың аңсап кеткен арманын ақиқатқа айналдыру мақсатында бір қазақ емес, исі қазақ бір ауыздан атсалыссақ, сауабы мол іс тындырғанымыз болар еді.
Енді, ҚХР-дан келіп білім алып жатқан жастарымыздың, жалпы елге оралған қандастарымыздың тілдік ахуалына тоқталайын. Қазақ жеріндегі қазақтар, яғни өзіміз де орыс сөздерін араластырып сөйлегеніміздей, басқа елден келген оралман тілінде де өздері мекен еткен елдің тілін қосып сөйлеуі – заңды құбылыс. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Қытай қазақтары тілінде ұйғыр, қытай сөздерінің элементтері жиі байқалады, соның ішінде ең көлемдісі – ұйғыр тілі. Ұйғыр, қазақ – түбірі бір түркі тілдері болғандықтан, екі тіл арасында, дыбысталу жүйесінде азды-көпті өзгешелік, тілдік ауысулар болуы заңды. Кейбір сөздер дыбыстық жағынан қазақ тіліне бейімделіп, қазақ тілі үшін төл сөздер болып кеткен. Мысалы: «жүйеден» – қытай, ұйғыр тілдерінің сөйлеу дағдысына еліктеуден туындаған сөз. Ауызекі тілде «жүйеден» деп айтылғанмен, әдеби тілдегі нұсқасы және беретін мағынасы «негізінен» деген сөз. Сол секілді Қытай қазақтары тіліндегі «ғұрып-әдет» сөзінің орны ауыстырылып айтылса, қазақ тілінде «әдет-ғұрып» түрінде айтылады. Қытай қазақтары тіліндегі қолданылып жүрген тұрақты сөз тіркестерінің кейбіреулері өзгеріске ұшыраған, бірақ әдеби тілдегі нұсқасы сақталып жазылады. Мысалы: оралман тіліндегі: езіп малтау, батына алмау, ойдан ойдыру, еңбегі көрінбеу, райына бағу, шырапатын бұзу, тісіне тию, тәжірибе алмастыру, идеядан өтпеу, ораты келу, жақ кіресін ашпау деген сөздер әдеби тілде малтасын езу, бата алмау, ойдан қиыстыру, еңбегі еленбеу, райын бағу, шырқын бұзу, қитығына тию, тәжірибе алысу, көкейге қонбау, орайы келу, жағын ашпау түрінде қолданылады.
Мысалдардан көріп отырғанымыздай, әдеби тілдегі тіркестердің айтылуынан ҚХР қазақтары тіліндегі құрылымында аздаған айырмашылықтары байқалады. Алыстан, әлемнің әр түкпірінен келген оралман жастарымыздың тарихи жағдайлары да әр түрлі. Олай деу себебім, олардың бірі – байырғы бай қазақ тілінің қаймағын бұзбай, қайтадан өзімізге әкелушілер болса, олармен бірге қазақ тілі, ата-баба салты ғана емес, мол тәжірибе, мәдени құндылықтар, қазақ еліне керекті жерде қызмет ететін қатпарлы қазына бірге көшіп келе жатыр деуге де болады. Енді бірі – ана тіліне зәру болып, ұзақ жылдар бойы туған топырағына жетуді армандаған жастар (Түркия, Иран, Ауғанстаннан келген). Олар ана тілінде отбасында ғана сөйлегені болмаса, мекен еткен елдерінде қазақ тілді мектеп, қазақ тілінде газет-жорнал көрмей келгендерін тілге тиек етеді. «Ендігі жерде, біздің арманымыз – ана тілімізде таза сөйлеп, қазақ еліне қызмет ету» деген жүрекжарды сырын да жайып салады жастар.
Ең бастысы – шет жерде жүрген қандастарымыздың, олардың ұрпақтарының атажұртына, Қазақ еліне деген сағыныштары, ықыластары бір сәт те толастар емес. Иә, шетте жүрген жанның жан-дүниесін, жүрек лүпілін шетке шыққанда, елден жырақта жүргенде ғана түсінесің. Ол – шындық! Айтпағым, 2012 жылдың желтоқсан айында «Түркі халықтары мен мемлекеттерінің тарихи-мәдени мұрасы және интеграциялық үдерістері» бағдарламасы аясында жазылған ұжымдық монография авторларының бірі ретінде, ҚХР-дың Үрімжі қаласына іссапармен барып қайттым. Іссапар барысында жиған-терген материалдар, түйіндеген ойлар, Қытай жеріндегі қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектеріндегі тілге қатысты ерекшеліктері жөніндегі азды-көпті мағлұматтар, пікірлер ҚХР-дағы қазақ диаспорасы тілінің ахуалы жайында азды-көпті тұжырым жасауыма негіз болды. Осы ретте Қытай қазақтары тіліне біршама көңіл бөлген, ғылыми еңбектер жазған қазақ ғалымдарымен кездесіп, пікір алысудың сәті түсті. Солардың бірі – Шыңжаң тіл-жазу комитетінің профессоры, түркітанушы ғалым Нұрғабыл Сұлтаншәріпұлы мырза болды. Ғалым екі аймақ – Қазақстан және Қытай қазақтары тіліндегі біршама дыбыстық ерекшеліктерге тоқталып, белгілі бір дәрежеде тілдік айырмашылықтар қалыптасқанын айтып өтті. Н.Сұлтаншәріпұлы «Жоңго Шыңжаң қазақтары мен Қазақстан қазақтары тіліндегі фонетикалық өзгешеліктер» атты ғылыми жұмыстың авторы. Нұрғабыл Сұлтаншәріпұлы ғылыми еңбегінде екі өңір қазақтарының тіліндегі қалыптасқан дыбыстық ерекшеліктері бар кейбір сөздерге тоқталды. Сонда ол Қазақстан қазақтары тіліндегі: асылы, ажа, жаңа, шашы, нашар, жарапазан, балуан, кірпіш, мешіт, кесе, мемлекет, жәрдем, мектеп, керемет, ерегіс, ілеген, Сұлтан, бұғағы, ұқсас деген сөздердің Қытай қазақтары тілінде: әсілі, әже, жәңе, шәші, нәшәр, жарамазан, палуан, керпіш, мәшіт, касе, мәмлекет, жардам, мәктәп, керамат, ерегес, елеген, Солтан, боғағы, оқсас, оқшаш деп айтылатынын көрсеткен-ді.
Н.Сұлтаншәріпұлы дауысты дыбыстардың өз-өзімен алмасуы бүкіл түркі тілдеріне тән құбылыс және бір ұғымды білдіретін жарыспалы варианттылық құрайтын сөздер екенін мысалдар арқылы дәлелдеді.
Сайып келгенде, бір ғана мағынаны білдіретін варианттылық шеттен келген жастар тілінде ғана емес, жергілікті халық тілінде, сондай-ақ әдеби тілде де ұшырасады.
Қытай қазақтарының ғылыми еңбектерінің бірінде «ажым-әжім» сияқты варианттас сөздер қатары жиі кездесті. Әдеби тілде де «әжім» сөзі бар. Қарт адамның кәрілік жетіп, әже болғанда бет-әлпеті әжімденетіні заңды. Сонда, «ажа» мен «әже» түбірлес сөздер болды. «Әй» дер ажа, «қой» дер қожа жоқ деген бәрімізге таныс мақалдағы «ажа» сөзі «әже»-нің жуан формасы екені даусыз.
Қытай жерінде өмір сүріп жатқан басқа да ғалымдар мен «Шұғыла» жорналының бас редакторы (сол кезде) Тәпи Қайысқан сынды тілшілермен кездесіп, «Байауыл» тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен таныстым.
«Әлемнің әр елінде қоныс тепкен қазақтың «қазақ» болып қалуының бірден-бір куәсі – оның сақталған тілі» деген тіл зерттеуші ғалымдар пікіріне мен де өз тарапымнан, шын мәнінде, ҚХР-дағы қазақ ағайындар да негізінен тілдік тұтастығын сақтап қалған деген ойымды қосып, толықтырғым келеді.
Бір қоғамдық ортада өмір сүретін әр түрлі тілдердің бір-бірімен қарым-қатынасы немесе өзара әсері ауызекі тілде жиі ұшырасады. Демек, қатарласа өмір сүрген тілдерде бір-біріне сөз ауысуы қалыпты құбылыс. Мақала барысында айтқанымдай, қандастарымыз тіліне сол өздері мекен еткен жердегі халық тілінің, яғни, қытай, ұйғыр тілдерінің тікелей әсерінен қалыптасқан сөздер мен сөз тіркестері, тұрақты тіркестер ҚХР-дан келген қазақтар тілінде кең тараған. Мысалы: «мазлашып қалу» – түбірі «маз» – «масқара» деген сөз. Яғни, «ыңғайсыз жағдайға тап болу» немесе «ұятқа қалу» деген мағынада қолданылады. Бұл тіркестің негізгі түбірі «мазлішіш», ұйғыр тілінде «мазлішіп қиліш» түрінде қолданылады. Ауызекі сөйлеу тілінде қолданысқа кеңінен еніп кеткен: «қыжалат болу» – ұйғыр тілінен енген тіркес, «ұялу», «ыңғайсыздану» деген мағынаны білдіреді. Бұл тіркес Қытай Халық Республикасынан келген қазақтар тілінде Алматы облысының Жаркент, Нарынқол, Кеген аудандары қазақтарының тілінде кең тараған.
Қытай қазақтары тілінде бір сыңары қытай тіліндегі сөз болып келетін образды тіркестер кеңінен тараған. Мысалы:
Жегенім – шөп-шалаң,
Кигенім – дичиеляң.
«Шөп-шалаң» – көкөніс; «дичиеляң» – иленген теріден тігілген киім. Бұл тұрақты тіркестің мағынасы – мән-мағынасыз бір сарынды тұрмыс, қоңыр қалта өмір. Бәй жазы қылу – көкірек керу, тәкаппарлану; зауталы (zao ta le) қылу – аяқ асты қылу; ауқат қылу – саудамен айналысу; ауқаты көтерілді – тұрмысы көтерілді; гүн көтермеу – шығымын өтемеу, еңбекті ақтамау; gong – қытай тілінен аударғанда «еңбек», «шығын». сақал тастап жүру – ниеті бұзылу; өз тасын төрттен қою – әділетсіздік істеу; өз қара басының қамын ойлау; ми жұмсау – ойлау, ой жүгірту.
Сонымен, ҚХР-дан келген қандастарымыз тіліндегі сөз тіркестерінің бір тобын жалпыхалықтық лексика құраса, бір бөлігін жергілікті тіл ерекшеліктері молдығымен кең тараған тұрақты сөз тіркестер қатары құрайды. Тағы бір ескеретіні, қандастарымыз тіліндегі қолданып жүрген кейбір тұрақты тіркестер тікелей қытай тілінің әсерінен қалыптасқандығы байқалды. Оған жоғарыда келтірілген тұрақты тіркестер қатары дәлел болады.
Қалай десек те, атажұртынан жырақта жүрсе де, ұлтына, ұлт тіліне деген адалдықтарын, ата-баба салтына қанық қандастарымыздың ұлтжандылығын үлгі тұтып, олардың ерлігі мен өрлігін баса айту ләзім.
Рыскен ӘБІШЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты