Петропавлда жасөспірім аялдама павильонын қиратып тастаған

Ол қалалық мектептердің бірінің 8-сынып оқушысы.

Петропавлда жасөспірім аялдама павильонын қиратып тастаған
polisia.kz
886

Петропавлда жасөспірім аялдама павильонын қиратып тастаған, деп хабарлады turkystan.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Петропавл полицейлері аялдама павильонының шынысын сындырған бұзақыны ізін суытпай анықтады. Ол қалалық мектептердің бірінің 8-сынып оқушысы болып шықты.

Бұл туралы "102" арнасына қоңырау шалған қала тұрғындары хабарлаған. Түн ортасында Жамбыл көшесімен келе жатқан екі жасөспірімнің бірі павильонның шынысын аяғымен теуіп сындырып, кейін сол жерден қашып кеткен. Олардың бұл әрекеті Петропавл қалалық Полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

№ 4 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері 14 жастағы жасөспірімді анықтады. Ол анасымен бірге учаскелік полиция пунктіне шақыртылып, бұл әрекетке не себепті барғанын айтып берді. Оның айтуынша, досы екеуінің арасында туындаған келіспеушілік салдарынан ашуын аялдамадан алған.

"Бұл дерекке қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабы (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша материал жиналды. Баптың санкциясы бойынша 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделеді. Бұдан бөлек сот кәмелетке толмаған баланың ата-анасын келтірілген шығынды өтеуге міндеттеуі мүмкін. Сондай-ақ олар кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды", - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Жұмалиев.

Серіктес жаңалықтары