Қазақы эстетиканы брендке айналдырcақ – қыш құмыра шебері

Көнеден қалған, сыры ашылмаған талай дүниелер бар. Соның бірі – құмыра жасау.

Қазақы эстетиканы брендке айналдырcақ – қыш құмыра шебері
3872

Қыш құмыра жасау – көнеден келе жатқан өнер. Қазір бұл іспен айналысатын шеберлер көп емес. Дегенмен арамызда мұны жеке кәсібіне айналдыра білген жандар баршылық. Соның бірі – қыш құмыра шебері Айдын Есбергенов. Ол алғашқылардың бірі болып Қарағандыдан орталық ашқан. Бүгінде жұртшылыққа саз балшықтан түрлі зат жасауды үйретіп жүр. Еңбек күні қарсаңында жас кәсіпкер қыш құмыра жасау бизнесін қалай бастағаны туралы Turkystan.kz тілшісіне баяндап берді.

    Айдынның бұл кәсіппен айналысып жүргеніне бір жылдан асыпты. Ол мұндай шешімді аяқ астынан қабылдағанын айтады.

    «Басында редакция кәсібімен айналысқан болатынмын. Кейін Instagram желісінен франшизалық бизнес бар екенін көрдім. Бір бизнес серіктесім соны барып көрді. Ол ең алдымен қазақы нақышта екенін айтып, ұнатты. Содан менде қызығушылық пайда болды. Шынымды айтсам, шешімді бір аптаның ішінде қабылдадық. Содан жан-жақтан жинаған қаражатымызды қосып, үш жігіт болып аштық. Қасымда Ерлан, Ахметжан деген серіктестерім бар. Негізгі мақсатымыз қалада адамдар келіп демалатын ұлттық нақыштағы орталық ашу болатын. Құдайға шүкір дейміз, бастаған ісіміздің нәтижесі жаман емес. Ақиқатына келсек, көнеден қалған, сыры ашылмаған талай дүниелер бар. Соның бірі – құмыра жасау», – дейді кейіпкеріміз.

   Бүгінде кәсіпкердің орталығына келетіндердің қарасы көп. Әсіресе, жастарды жиі кездестіруге болады. Осыған қарап көнеден келе жатқан өнерге қызығушылық артып келе жатқанын байқау қиын емес.

    Шебер бұл адамның шаршағанын басатын, күнделікті күйбең тіршілікті бір сәтке болса да ұмытып, ми тынықтырып, шығармашылықпен айналысатын жер екенін айтады. Бұл іс баланың дамуына да пайдасы зор екен.

    «Негізгі қонақтарымыз – жастар. Балалар да келіп тұрады. Жалпы, жасқа ешқандай шектеу жоқ. Арт терапияның адамға пайдалы тұстары бар. Бұл ең алдымен адам жанына тыныштық сыйлайды. Балалардағы қол маторикасын, ойлау, ми жұмысын дамытуға пайдалы. Адам саз балшықты ұстағаннан сырттағы проблеманы ұмыта бастайды. Студиямызға келген қонақтар қазақы атмосфераны көріп, домбыраның үнін естігенде ерекше сезімге бөленетінін айтады. «Батаменен ел көгерер» демекші, адамдарға қуаныш сыйлау, алғысын алу шабыт береді емес пе?!», – дейді кәсіпкер.

    Қазір орталықта Айдынның өзінен бөлек төрт адам жұмыс істейді. Құмыра жасау десе ішер асын жерге қоятын шебердің ендігі мақсаты – ұлттық құндылығымызды кеңінен насихаттай отырып, кәсібін ары қарай дамыту.

     «Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, мықты тұстары болады. Мысалы, арабтар шөл даласын, грузиндер шарабын брендке айналдырып отыр. Ал британдықтар өздерін өздерін ақсүйек ретінде таныстырып жататынын білеміз. Біз де өз болмысымыздан ажырамай, қазақы эстетиканы, ұлттық құндылығымызды брендке айналдырсақ деймін», – дейді кәсіпкер.

Серіктес жаңалықтары