Ауылда қайырымдылық бутигін ашқан мұғалім

Кішкенекөл ауылында мұқтаж отбасыларға киім мен аяқ киім тегін тарататын бутик ашқан.

Ауылда қайырымдылық бутигін ашқан мұғалім
2049

Алинова Ғалия Шекенбайқызы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектепте еңбек пәнінен сабақ береді. 28 жыл еңбек өтілі бар маман 1996 жылдан бастап бүгінге дейін Кішкенекөл ауылындағы білім ордасында үздіксіз еңбек етіп келеді.

Жуырда Кішкенекөл ауылы туралы отандық БАҚ жарыса жазған болатын. Кішкене көл – еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханның кіндік қамы тамған жер.

«Ризабек мектеп табалдырығын біздің білім ордасында аттады. 8-сыныпқа дейін осында оқып, кейін басқа мектепке ауысты. Әкесі біздің мектепте бапкер болды. Ал туған әжесі біздің мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Өнегелі отбасыдан шыққан баланың жаман болуы мүмкін емес. Біз оны мақтан тұтамыз! Біздің ауылдан осындай батырлардың шыққанына қуанамыз», – дейді Ғ.Шекенбайқызы.

Ұстаздық қызметтен бөлек, Ғалия Шекенбайқызы 10 жыл бойы аудандағы «Қаракөл» бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметін атқарған. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан ол ауданда ерекше құрметтеледі.

«Мұғалімдік пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру, тіпті де қиын емес. Мамандығым бойынша – еңбек пәнінің мұғалімімін. Сосын курс оқып, өзін-өзі тану пәніне жауапты маман болып бекітілдім. Негізінде мен еңбек жолымды тәлімгер жұмысынан бастағанмын. Үлкендерге, мұқтаж жандарға көмектесіп, қолұшын созып, алаңдатқан мәселелерін шешуге тырысатынбыз. Кейін өзін-өзі танудан сабақ бергенде де балалармен жұмыс істеп, ересектерге жол көрсетіп, тәжірибе жинақтай бастадым. Сондықтан қоғамдық жұмысым да, мұғалімдік қызметім де мейірімділік, қайырымдылықпен байланысты болғандықтан, бұл маған аса қиын емес. Керісінше, маған бұл іс ұнайды», – деп ағынан жарылды.

Ең кереметі, Ғалия Шекенбайқызы екі жыл бұрын Кішкенекөлдегі «Ару» сауда үйінде түрлі киім мен аяқ киімдерді тегін беретін арнайы бутик ашқан.

«Бірде теледидардан тұрғындар келіп, тегін тамақ іше алатын мейірімділік кафесі туралы жарнаманы көріп қалдым. Сосын ауылда осындай бутик ашу идеясы туындады. Жалпы, бізде мектеп мұғалімдері балаларға түрлі киімдер әкеп, таратады. Ұнамаған киімдер қалады, кейде тіпті лақтырылады. Мешітте те үйіліп жатады. Кейбірде ретсіз шашылып жатады. Онда келген кісілер ол киімдерді алғысы келеді. Алайда, ыңғайсызданып, ала алмайды. Содан соң, ең дұрысы, ол киімдердің бір бутикте жинақы, таза күйінде тұрсын әрі әрбір мұқтаж жанға қолжетімді болсын деген оймен қайырымдылық бутигін аштық. Өзім де бұрын сауда-саттықпен айналысқанмын, ілгіштерге іліп, нені, қалай қою керек екенін жақсы білемін. Бұл істі бастауда балалар да көмегін аямады. Ата-аналар, кәсіпкерлер аяқ киім, киім-кешек, тіпті ыдыс аяққа дейін алып келді. Әсіресе, балалар ойыншығы тез таралып кетеді», – дейді Ғ.Шекенбайқызы.

Кәсіпкерлер мен ата-аналардан бөлек, бастауыш партия ұйымдарының мүшесі де бұл игі істе оған көп көмектеседі. Әрі қайырымдылық іске бейжай қарамайтын аудан тұрғындары да бутикке сапалы киім мен аяқ киім әкеліп беруде. Ғалия Алинова қайырымдылық бутигін ашу идеясын алдымен «AMANAT» партиясы Уәлиханов аудандық филиалының  төрағасы Маржан Латыповаға айтқан. Ол өз кезегінде «Нұр» бөлшек және көтерме сауда желісінің басшысы Рашида Темірбековамен келіссөз жүргізіп, ақырында сауда үйінен қайтарымсыз негізде буктик ұсыну туралы шешімге келген.

Ғалия Шекенбайқызы белсенді жұмысы үшін ҚР Президентінің, Орталық аппараттың алғыс хаттарымен әрі аудан әкімінің құрмет грамотасымен марапатталған. Алайда, игі істердің басы-қасында жүретін ол халықтың марапаты әрі оқушылардың алғысы бәрінен биік екенін атап өтті.

Ұстаздық әрі қоғамдық қызметінен бөлек, ол бос уақытында шахмат ойнағанды жақсы көреді. Оқушыларды осы ойынға баулу мақсатында 40-қа жуық оқушының басын қосып, мектепте шахмат үйірмесін ашқан.

«Осы уақыт ішінде үйірмеге қатысып жүрген 40 баланың түгелі менің отбасыма айналып үлгерді. Бар білгенімді үйретіп, олардың алғыр, қағілез болуына атсалысып жүрмін. Менің шәкірттерім үнемі алдыңғы шепте жүреді, облыстан 2-орын алдық, ауданнан да үнемі жүлдеге ілігеміз. «Қазспорт» телеарнасы біздің аудан туралы сюжет жасауға келгенде біз туралы хабар таратқан», – дейді Ғалия Шекенбайқызы.

Серіктес жаңалықтары