Қазақ балаларын қимаған «Әліппе»

Қазақ балаларын қимаған «Әліппе»

Қазақ балаларын қимаған «Әліппе»
ашық дереккөзі
1535
Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 380 мыңнан астам бүлдіршін білім теңізіне жасайтын саяхатты «Сауат ашумен» бастағаны белгілі. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа көздің қарашығындай сақталып жеткен «Әліппемен» біржола қоштасатынымызға сенгіміз келмеген. Сол сенім ақталатын түрі бар. Шын мәнінде, кез келген саналы азамат сол «Әліппемен» өсті, есейді. Ал оның атауын «Сауат ашу» деп өзгерткеннен не ұтамыз? Ілкіден келе жатқан «Әліппе» кімнің тақиясына тар келгені түсініксіз жайт. Сол кезде көптің көкейінде жүрген мәселені Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке сауал жолдап, бірінші сыныптағы «Әліппе» оқулығын неге алып тастағанын сұраған болатын. «1913 жылы Алаш ардагері Аxмет Байтұрсынов басып шығарған, ғасырдан астам миллиондаған жас өркенге оқу-жазуды үйреткен, қазаққа азық болып келген, тілі жеңіл, 105 жылдық тәжірибеден өткен әліппе неден жазықты болды?», – деді Бекболат Тілеуxан. Сондай-ақ, депутат «Әліппенің» орнын «Сауат ашу» басты. Сауат ашу деген орысша «ликвидация безграмотности» деп аударылады. Бұл буыны қатпаған жас балаға емес, ересек адамға арналған. Славян xалықтарының «Букварі» 1618 жылы жарық көрген. Төрт ғасырға жуық тариxы бар. Заманға сай өзгертіліп, толықтырылып отырады, оның өзінде кемі бес жыл тәжірибеден өткізбей кіргізбейді. Ал біз ше? Бірінші сыныптың баласына орыс, ағылшын тілін қосып оқытып миын ашытамыз. Үштілділік қажет. Бірақ оны бірінші сыныптан бастау дұрыс емес», – деп көптеген ата-ананы мазалап жүрген түйткілді дөп басқаны есте. Ал таяуда «Әлiппенi» қайтадан енгiзу мәселесiн қайта көтерген депутат   Бекболат Тілеухан түрлі бастамамен балалардың басын қатыра беретін Білім министрін жекпе-жекке шақырды. «Сауат ашу» – сауатсыздықты жою дегендi бiлдiредi. Бұрынғыдай қала берсе, оның қандай қайшылығы бар. «Әлiппе» деген сөз символдық, бейнелi атау. Бұл атау қанымызға сiңген. Ол – Ахмет Байтұрсыновтардан бастау алатын атау. Зиялы қауымның талабын жеткiзер болсақ, «Сауат ашу» аты мен атауын құртыңыз да, «Әлiппенi» бiзге қайтарып берiңiз. Аяқ астынан жөнсiз iс бастап кетесiздер де, кейiннен қоғамнан қарсылық туындап жатады. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында бар мәселенi ақылмен саралап, қабылдауға шақырды ғой. Ендеше, бастамаларға ақылмен мұқият қараңыздар. Ең алдымен ойланып алып, сосын iстеу керек», – дедi. Бұдан соң депутат Бекболат Тiлеухан оқулықтардағы кемшiлiк атаулыға тоқталды. «Бұл мәселеге кiм жауап бередi? Баспа жауап бере ме, жоқ әлде министр жауапты ма?! Нақты кiм жауап бередi? Керек болса, оқулықтарды алып келемiн де, сорақы нәрселердi бiрiнен соң бiрiн қойдай тоғытамын. Балалар мына оқулықтарға қарап отырып, зәрезап болады. Өйткенi оқулықтардың тiлi өте ауыр, кiтапты бала түгiлi үлкен адамның оқуы мүмкiн емес. Баланың жасы мүлде ескерiлмеген. Екiншi сыныптың баласына жетiншi сыныптың оқушысының деңгейiндегiнi жазып беру рухани қаскүнемдiк. Сабақтастықтың жоқтығынан, ұрпағымызды мүгедек қылып жатырмыз», – деп наразылығын бiлдiрдi. «Ерлан Сағадиев мырза, бұған қазiр жауап берiңiз. Қазiр жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетiнде сiздi жекпе-жекке шақырамын және сiздiң жеңiп кетуiңiзге шын жүректен тiлектеспiн. Өкiнiшке қарай, жеңiлiп қаласыз-ау. Өйткенi ешқандай уәж жоқ. Ертең халықтың, сайлаушылдардың алдында бiз жауап беруiмiз керек», – дедi депутат. Өз кезегiнде Ерлан Сағадиев оқулықтардағы кемшiлiктерге министрлiк жауап беретiнiн атап өттi. «Жыл сайын үш жүзден астам оқулықтарды дайындаймыз. 5 мыңнан астам ұстаз осы жұмыстарға қатысады. Әр оқулық дайындау кезеңiнде алты ай сайтта тұрады. Бұл мерзiмде кемшiлiктердi атап, қандай өзгертулер енгiзу керектiгi тұрғысында әр адамның ұсыныс жасауға құқығы бар. Ендi ертерек қарап, ұсыныстарды енгiзбейсiздер ме?! Қателiктер түзетiлдi ғой. Егер оқулықта кемшiлiк қалса, оларды iздеуге әзiрмiн», – деп жауап бердi. Сондай-ақ, министр Сағадиев «Сауат ашудың» 2019-ға дейін қолданыстан алынатынын, әзірге 0 сыныптағы балалар «Әліппе», бірінші сынып «Ана тілі» оқитынын айтты. Осылайша, депутаттардың айқайынан кейін еліміздің бас ұстазы мектептерге  а???қыры «Әліппені» қайтаратын болды. Бұйырса, бүлдіршіндер екі жылдан кейін «Әліппемен» қайта қауышатын күн тумақ.  

Тоғжан Төлеген

Серіктес жаңалықтары