Қазынаны толтырғанымен, халықтың қалтасын қақса...
Қосылған құн салығын өсіру қаншалықты қажет?
Биылғы Президент Жолдауында көтерілген тағы бір мәселе – салық саясатына өзгеріс енгізу туралы бастама. Жолдаудан соң тапсырма аясында жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеуді бастаған Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеруді ұсынған болатын.
Министрліктің мәлімдемесінен кейін қоғам пікірі екіге жарылды. Кей сарапшылар бұл қадамды құптады, ал кейбірі керісінше, дұрыс емес деп есептейтіндерін жеткізді. Қарсылардың қатарына кәсіпкерлер де қосылды. Тіпті, Ұлттық палата ресми мәлімдеме жасады.
Мәселені сараптап, қосылған құн салығының өсуі халыққа, Үкіметке, бизнеске қалай әсер ететінін, пайдасы мен тигізуі мүмкін зардабын талқылап көрейік.
Айналып келіп халық төлейтін салық
Қазір елімізде ҚҚС мөлшерлемесі – 12 пайыз. Бұл көрсеткіш Ресей, Беларусь, Армениямен салыстырғанда төмен. Дегенмен Өзбекстандағы ҚҚС 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 15 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеді. Қырғыз Республикасында да мөлшерлеме – 12 пайыз. Аустралия, Оңтүстік Кореяда – 10, БАӘ, Канада, Катарда – 5 пайыз.
Сонымен, 2025 жылдан бастап бізде де ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл мәселе жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында талқыланып жатыр. Оның жобасын Парламент қарауына 2024 жылдың бірінші тоқсанында жіберу жоспарланып отыр.
Жалпы, салықтың өсетіні туралы ақпаратты жағымды жаңалық деп айту қиын. Дегенмен қосылған құн салығын өсіру өте дұрыс бастама дейді экономика саласындағы кей сарапшы мамандар. Ал еліміздегі кәсіпкерлер бұл өзгеріске түбегейлі қарсы, тіпті қымбатшылықты одан әрі шарықтатып, инфляцияны аспандатады деп қауіптеніп отыр.
Қосылған құнға салынатын салық кейде қосылған құн салығы немесе қосымша құн салығы деп те аталады. Қосылған құн салығы өндірістің әр кезеңінде алынған қосымша құнға ғана салынатын салық.
Кәсіпорындар, бір жағынан, сатылған өнімдерінен қосымша құн салығын алады, екінші жағынан, жабдықтаушылардан өндіріс құралдарын сатып алушы ретінде қосылған құн салығын төлейді. Дегенмен салық тауардың бағасына тікелей әсер етеді немесе бағасына қосылады. Демек, халыққа, яғни тұтынушыға да тікелей әсері бар. Сондықтан ҚҚС-ны тұтыну салығы десек түсініктірек болады. ҚҚС, ең алдымен тауарлар мен қызметтерді көбірек тұтынуға мүмкіндігі бар адамдарға әсер етеді.
Яғни, қосылған құн салығы, айналып келгенде тауарлар мен қызметтердің бағасына қосылып, халықтың табысына тікелей әсер етеді.
Бюджеттің жыртығын жамауға талпыныс
Әлемдік тәжірибеде бұл жанама салық түрі салық салудың жақсы тәсілі ретінде танымал. Себебі ол – қарапайым және тиімді, сонымен қатар мемлекеттің кірісін көбейтеді. Бюджеттің маңызды көзінің бірі. Мәселен, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша салық түсімдерінің ішінде ең үлкен өсім осы ҚҚС-да байқалған. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ҚҚС түсімдері 822,1 миллиард теңгеге, 39 пайызға өскен.
Үкімет те ҚҚС-ның түсімдерін бюджетті толтыратын маңызды көзге балап отырған сыңайлы. 2023 жылғы алғашқы 7 айда мемлекеттің бюджет кірісі 12 805,5 млрд теңгеге жетіп, былтырғыға қарағанда 12,1 пайызға өскенімен, бюджет балансы бойынша көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мемлекет бюджетінде 2 393,1 млрд теңге мөлшерінде тапшылық бар. Бұл ретте өткен жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда тапшылық 4,5 есеге өскен. Негізінен, тапшылықтың ұлғаюы бюджет шығыстарының едәуір өсуіне, ал кірістердің аз мөлшерде өскеніне байланысты болып отыр.
21 қыркүйекте Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері кәсіпкерлермен бірге қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеру мәселесін талқылады. Іс-шараға ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, ҰЭМ салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев және бизнес-қоғамдастық өкілдері, атап айтқанда машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, сүт, тау-кен, металлургия, астық, электр энергетикасы салаларында жұмыс істейтін компаниялар қатысты.
Министрлік ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы туралы бастама бюджетке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды.
– Жаңа Салық кодексін әзірлеуге барлық мүдделі тараптар қатысуда. Біз бизнес саласында ҚҚС-ты көтеру бойынша сұрақтар туындап жатқанын түсінеміз. Сондықтан барлық айтылған идеялар мұқият қарастырылады, – деді министр.
Талқылау кезінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдері ҚҚС мөлшерлемесінің жоғарылауы инфляцияны жеделдететінін айтты. Райымбек Баталов бұл мәселе егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететінін және бұл жаңа Салық кодексінің барлық мәселенің ішіндегі ең маңыздысы екеніне тоқталды.
– Бізге мөлшерлемені көтеруге түрткі болған дәйектер мен аналитика көбірек керек. Қазір аналитика аздық етеді. Сараптама ҚҚС не үшін көтеріліп жатқанын түсіну үшін керек. Алдын ала есептеуіміз бойынша ҚҚС мөлшерлемесін көтеру инфляцияға әкеліп қана қоймай, нақты мәнде ЖІӨ өсу қарқынының жылына 1 пайызға төмендеуіне әкеледі. Бұл жайт Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға қауіп төндіреді. Бізге көбірек дәйек керек. Оның үстіне кәсіпкерлердің басым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге қарсы, – деді «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов талқылау кезінде.
Дегенмен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров салықтың өсуінің инфляцияға әсері шамалы екенін айтты. Министрдің есептеуінше, инфляция бір жылда ең көп дегенде 0,8 пайызға көтерілуі мүмкін.
– Біздің есептеулеріміз бойынша инфляция бір жылда максимум 0,8 пайызға өседі. Содан кейін оған экономика үйренеді. Келесі жылдан мұндай әсер болмайды. Құн салығын көтерудегі мақсат – бюджет кірістерін толықтыру. Егер біз оны көтерсек, республикалық бюджетке жыл сайын 2,4 трлн теңгеге дейін қосымша қаражат түседі. Осы ақша тікелей әлеуметтік және басқа да маңызды шығыстарға жұмсалады, – дейді министр.
Сондай-ақ Қуантыров Қазақстандағы қосымша құн салығы Ресеймен салыстырғанда төмен екенін айтты.
– Бізде бәсекелестік Ресейге қарағанда төмен. Ресейдің экономикасы біздің экономикамен салыстырғанда сегіз есе үлкен. Әрине, олардан бәсекелестік бойынша қысым бар. Олар 20 пайыз (қосымша құн салығы) төлейді, бірақ Қазақстанға экспорт жасағанда соны қайтарып алады. Өздеріңіз білесіздер, біздің азық-түлік дүкендерінде Ресейден әкелетін тауарлар көп. Біздің экспорттаушыларға, импорттаушыларға осындай қысым болып жатыр. Жалпы, бағаға ондай үлкен әсер болмайды, – деді Қуантыров.
Кейін бірнеше күн өткен соң «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге қарсы екендерін айтып, мәлімдеме жасады.
Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары және «Атамекен» ҰКП жаңа салық кодексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының басшысы Тимур Жаркеновтың айтуынша, «Атамекен» бизнес-қоғамдастықтың басым бөлігімен бірлесіп, ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге үзілді-кесілді қарсы. Бұл шара тауарлар бағасының күрт өсуіне, инфляцияға және шағын бизнестің орташа, ал орташа бизнестің ірі бизнеске айналуына кедергі келтіреді.
– ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге болмайды. Ашық жұмыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да ашық жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал көлеңкеде жұмыс істегендер сол жерде қалып қояды. Ортада тұрғандар сұр аймақты таңдайды. Осылайша, Президенттің шағын бизнестің орта бизнеске айналуына қатысты тапсырмасы орындалмай қалады, – деді ҰКП өкілі.
Бизнес-қоғамдастық мөлшерлемені өсіруге жол бермеу керек екенін айтады. Олардың айтуынша, бұл шара өсуге емес, Қазақстан Республикасындағы бүкіл кәсіпкерліктің құлдырауына әкеледі. Оның үстіне қосымша құн салығының мөлшерлемесін осылай тез өзгертуге болмайтынын да ескертті.
ҚҚС-ны өсіру қаншалықты, кімге тиімді болады? Оның салдары қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, экономист сарапшылардың пікірін білдік. Олардың сөзінше, бұл қадам азық-түлік бағасын одан әрі шарықтатып, елдегі инвестициялық климаттың нашарлауына әкеп соғады.
Мақсат Сералы,
экономист:
Бюджет тапшылығын реттеудің басқа да жолдары бар
– Қосылған құн салығын көбейту қазір тиімсіз. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілеріне кері әсер етеді. Бұл жерде Үкімет өзінің позициясын анықтауы керек. Не үшін мұндай шара қабылдамақ? Егер де бюджет дефициті байқалатын болса, соның орнын толтыру мақсатында, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру мақсатында көтеретін болса, онда түсінікті. Қаражат тапшылығы кез келген салықтық-нормативтік базаларды өсіру арқылы реттеледі. Ол біріншіден, Ұлттық қордағы ақшаның салымын көбейтуге негізделеді. Әрі қарай мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Дефицит бар екені анық. Яғни, оның орнын толтыру үшін қосымша құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға көтермекші. Бұл дұрыс емес деп есептейміз.
Өйткені біз оны көтеру арқылы тікелей халықтың табыс деңгейіне, әлеуметтік жағдайына әсер етеміз. Қосымша құн салығы өсетін болса, онда автоматты түрде, азық-түлік, жалпы кез келген ел аумағына кіріп жатқан тауардың бағасы өседі. 15-20 пайызға қымбаттап кетеді. Сондықтан қазір бізге салық мөлшерін өсірудің қажеті жоқ. Бізде орта тап әлі қалыптаспаған. Халықтың басым бөлігі кедейлік деңгейінде күн кешіп отыр. Орташа жалақы алатын азаматтардың саны аз, ең төменгі күнкөріс мөлшерінде жүрген азаматтардың саны өте көп. Сондықтан бұл мәселеге мән беруіміз керек.
Иә, мойындау керек, қазір бізде бюджет тапшылығы бар, бірақ жағдайды реттеу үшін қосымша құн салығын өсіру емес, басқа да нормативтерді қарастыруымыз керек. Мысалы, көлеңкелі экономикадағы бизнесті шығарып, заңдастыру. Яғни, олардың салық төлеуіне қолайлы жағдай жасау. Еліміздегі көлеңкелі бизнестің үлесі өте жоғары. Шамамен экономикадағы бизнестің үштен бірі – көлеңкелі экономика.
Одан кейін осы уақытқа дейін ұрлаған, тонаған шетелге капитал шығарған, салықтан жалтарған кәсіпорындар бар, байлар бар. Қаншама миллиардтаған қаражат шетелге кетті. Біз солармен де жұмысты күшейтуіміз керек.
Сонымен қатар қазір елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Әйтсе де, олардың тек қана 1 миллион 4 жүз мыңға жуығы ғана нақты жұмыс істеп тұр. Қалғандарының жұмысы не үшін тоқтап тұр? Соларды да біз ынталандыруымыз керек. Неліктен олар жабылып қалып жатыр? Олар да – біздің салық төлеушілеріміз. Салық төлеу мәдениетін, тәртібін қалыптастыруымыз керек.
Сосын бюджет бағдарламалары бар, Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаражат бар, соларды айқындауымыз керек. Бағдарламалар қаншалықты мақсатты түрде жүргізіліп жатыр, қаншалықты қайтарымды болып жатыр, оны да қарауымыз керек. Яғни, бұл шаралар Үкіметке қаншалықты қажет? Қазіргі мемлекеттік бағдарламалардың біразын алып қарайтын болсақ, көптеген сұрақ туындайтын мәселелер бар. Барлығын саралап, экономикалық талдау жүргізуіміз қажет.
Қосылған құн салығын өсіруден 2030, тіпті 2050 жылға дейін бас тартуымыз керек, өйткені қазіргі экономикалық жағдайда бұған тәуекел ете алмаймыз. Ол үшін ішкі нарықтағы кәсіпкерліктің даму деңгейі, елдің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 65-70 пайызға жетуі керек. Сол кезде ғана біз қосылған құн салығын өсіру туралы ойлана бастаймыз.
Расул Рысмамбетов,
қаржыгер:
Бизнес одан сайын көлеңкеге кетуі мүмкін
– ҚҚС мөлшерлемесін бірден 4 пайызға көтеру – өте тәуекелді қадам. Ұлттық экономика министрлігі, басқа да мекемелердің ниеті түсінікті, олар бюджетті толтырғысы келеді. Себебі салық түсімі төмен, кіріс аз. Бірақ бұл қадамнан кейін бизнес одан сайын көлеңкеге кетуі мүмкін. Сонымен қатар ҚҚС, айналып келгенде, біз өзіміз төлейтін салық. Біз өндіретін өнім аз, көбінесе бәрін сырттан сатып аламыз. Импорт көлемі жоғары.
Одан бөлек, ҚҚС мөлшерін өсіру туралы бастаманы көтерушілер кейін ҚҚС кейін қайтады деген пікірді алға тартып отыр. Дегенмен ҚҚС қайтарып алу мүмкін емес деуге де болады. Мәселен, менімен серіктес компаниялар қазір ақшаларын ала алмай отыр. Бұл – өте қиын процесс, оған қоса жемқорлық жайлаған.
Демек, мәселе көп және бірден алып төрт пайызға көтере салуға болмайды. Бизнеске тиімді деп те айтып жатыр, бірақ, нақты мөлшерлеменің қанша екеніне қарау керек, ал ол – жоғары. Маман ретінде айтсам, клиенттерім ҚҚС төлейтін болса, олардың бас офисін Ташкентке көшіре салу тиімді болар еді. Ол жақта мөлшерлеме – 12 пайыз.
Сондықтан, 12-ден 14-пайызға бірден көтеру өте күрделі, сұрағы мол әрі тәуекелі көп мәселе.
Қорыта айтқанда, сарапшылар да, кәсіпкерлер де ҚҚС мөлшерлемесін бірден 4 пайызға көтеру туралы бастаманы қолдап отырған жоқ. Олар бұл шешім ең алдымен бағаның өсуіне, қызметтердің қымбаттауына әсер етіп, ең аяғы бизнесті көлеңкеге жасырынуға мәжбүрлейтін қадам деп бағалап отыр. Ал бастамашылар қазынаны қалай толтырудың қамымен бас қатырып жатқан сияқты. Жаңа Салық кодексін қабылдау аясында ұсынылып отырған өзгеріс әлі талқылана жатар. Не десек те, бұл қадам қазынаны толтырғанмен, халықтың қалтасын одан сайын ортайтатынын есте ұстаған жөн.