Google компаниясындағы қазақтар Kazakh Speaking Club жобасын жүзеге асырып жатыр

Бұл туралы Отандастар форумында АҚШ-тан келген қандасымыз айтты.

Google компаниясындағы қазақтар Kazakh Speaking Club жобасын жүзеге асырып жатыр
1137

Астанада ұйымдастырылған Отандастар форумында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласынан келген Google компаниясының қызметкері Арай Сабыржан баяндама жасады, деп хабарлады Turkystan.kz.

Ол АҚШ-тағы қандастар жайлы сөз қозғады.

«АҚШ-та этникалық қазақтардың саны көбейіп келеді. Олар, негізінен. Нью-Йорк, Калифорния, Вирджиния, Чикаго, Техас, Майами штаттарында шоғырланған. АҚШ-та тұратын қазақтар арасында Қазақстан егемендік алғаннан кейін көшіп келгендер де, Қытай мен Түркия сияқты басқа елдерден келгендер де бар. Жыл сайын Қазақстаннан қоныс аударатын азаматтардың да  саны артып жатыр, – деді Арай Сабыржан.

Қандасымыз бейресми мәлімет бойынша АҚШ-та тұратын қазақстандықтардың жалпы саны 100 мыңнан асқанын айтты.

«Олардың арасында оқуға түскен студенттер, эмигранттар, жұмысқа тұрып жатқан мамандар бар», – деді Google компаниясында жұмыс істейтін қазақ қызы.

А. Сабыржанның айтуынша, шетелдегі қазақ жастары Қазақстандағы жастарды ынталандыру үшін шетелде жұмыс істеп жатқан жас мамандарды қонақ ретінде дәрістерге шақырып, кездесулер өткізеді.

«Google компаниясында жұмыс істеп жатқан қандастарымыз Kazakh Google Community және Kazakh Speaking Club атты жобаларды ұйымдастырып, белсенділік танытып жүр. Олар біздің және балаларымыздың ана тілін сақтауға және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етіп жатыр, – деді ол.

Серіктес жаңалықтары