Еңбек гигиенасы институты дербес түрде жұмыс істеуі тиіс – Аймағамбетов

Депутат медицина қызметкерлеріне біржолғы төлемдердің мөлшерін арттыру қажеттігін де айтты.

Еңбек гигиенасы институты дербес түрде жұмыс істеуі тиіс – Аймағамбетов
899

«AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медицина саласындағы бірнеше өзекті мәселелерге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа сұрақ қойды.

 «AMANAT» партиясының бағдарламасына сәйкес, ауылға жұмыс істеуге баратын дәрігерлер үшін көтерме ақысын 10 млн-ға дейін жеткіземіз деген жоспар болды. Бұл мәселені шешу үшін заңға түзетуді енгіздік. Үкіметке қорытындыға жібердік. Бірнеше ай өтті, бірақ не қорытынды, не жауап жоқ. Бұл мәселе қалай шешіледі және қолдайсыздар ма?

Екіншіден, 1958 жылдан бастап еңбек гигиенасы туралы арнайы дербес институт болған. Қазір ол Медицина университетінің бір бөлімшесі ретінде жұмыс істеп тұр. Шахтерлардың бұл институтты оңтайландырамыз деген жоспарлары бар екен. Бұл институт дербес түрде жұмыс істеуі үшін мәселені шешу керек.

Үшіншіден, 2020 жылы онкогематология ТМККК-дан МӘМС-ке көшірілді. Осыған орай МӘМС-пен қамтылмаған 3 миллионға жуық азамат уақытында УЗИ, КТ, анализ өте алмайды. Нәтижесінде бұл ауруы асқынып кетуге ықпалын тигізеді. Аталмыш ауру әлеуметтік маңызы болғандықтан, 2020 жылға дейін қалай ТМККК-ның шеңберінде болды дәл солай шешу керек деп санаймын», - деді халық қалаулысы.

Ажар Ғиният Үкімет өз тарапынан «AMANAT» партиясының ауыл медицинасын қолдау жөніндегі  ұсынысын қолдап отырғанын айтты.

«Қазіргі кезде өңірлердегі әкімдіктерден мыңдаған дәрігер керек деген сұраныс алдық. Бұған 9 млрд теңге қарастырылған. Қазір Қаржы министрлігімен нақтыланып, шешілуде.

Сіз айтып кеткен профилактикалық, профессионалдық ауруларды емдейтін институт бұрын дербес болған. Алайда институттың материалдық-техникалық базасын жақсартып, ғылыми жұмыстарын жүргізу үшін 1,5 млрд теңге қаражат қарастырылған. Сондықтан 1-2 жылға Қарағанды медициналық университетінің қарамағына қалдырдық.

Ал онкогематологияны емдеу мамандандырылған көмектің тізбесінде республикалық бюджеттен қаржыландырылады. 25 млрд теңге қаралған. Егер науқас шұғыл түрде түссе және сақтандырылған болса, МӘМС жүйесіндегі қаражаттан емделеді.

Медициналық ұйымдардың көтеріп отырған мәселесі – екі келісімшартпен жұмыс істеу. Биыл заңға норма енгізілді. Сондықтан бұл мәселе келесі жылы шешіледі. Барлығы бір бюджеттен қамтамасыз етілетін болады», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары