«Айттым сәлем қаламқасты» қытай тіліне аударған қаламгер ерекше ұсыныс жасады

Қазақ пен қытайдың ақын-жазушыларын 2 елдің мемлекеттік әдеби сыйлықтарымен марапаттау қажет.

«Айттым сәлем қаламқасты» қытай тіліне аударған қаламгер ерекше ұсыныс жасады
Halyq Uni
1058

Астанада ұйымдастырылған Отандастар форумында Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, аудармашы Әкбар Мәжитұлы шетелдегі қазақ ақын-жазушыларын Қазақстанда әдеби сыйлықпен марапаттау бастамасын көтерді, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Әкбар Мәжитұлы қазақ ақындары мен композиторларының 33 әнін қытай тіліне тәржімалаған. Аудармашы қытайлықтарға Абай Құнанбаев пен Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын шебер жеткізген.

«Мен, Әкбәр Мәжитұлы, Қытайдың Бейжің қаласынан келдім. Қытай тілінде қалам тербейтін жазушы, редактормын. Кезінде Қытайдағы ең ірі әдеби журнал «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы болдым. 3 рет Бейжің  қаласының парламент мүшесі, 11-12-ші рет шақырылған мемлекеттік парламент депутаты, парламенттегі Ұлт-дін істері комитетінің мүшесі болдым. Менің Саяси мәслихат кеңесінде талқылауға қойған 4 ұсыныс жобам Қытай Халық Республикасының мемлекеттік заңына айналды. Аудармашы ретінде 20 жыл бойы аударған «Абай ғақлиялары» мен Абай өлеңдері 2020 жылы Шыңжан әдебиет-көркемөнер баспасынан «Абай» атты кітап болып шығып, оқырмандармен жүздесті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2-дәрежелі Достық орденімен марапатталдым. Бұл Қытай-Қазақстан халқы арасындағы достықтың символы деп білемін. Мен Президент мырзаға шын жүректен алғысымды айтып, құрметімді білдіремін», – деді ол

«Айттым сәлем қаламқасты» қытай тіліне аударған қаламгер «Отандастар қоры» шетелдегі қандастарымыздың шығармаларын қазақ тілінде шығару мәселесін қолға алғанын атап өтіп, ерекше ұсыныс жасады.

«Осы ретте шетелдегі талантты қазақ ақын-жазушыларының мерекелі, айтулы күндерін де Қазақстанда атап өтіп, оларды мемлекеттік әдеби сыйлықтармен марапаттау қажет деп ойлаймын. Өз кезегінде Қазақстандағы белгілі, көрнекті қаламгерлерді де Қытайдың мемлекеттік әдеби сыйлықтарымен марапаттау екі елдің мәдени байланысын одан әрі нығайтатына сенімім мол, – деді Әкбар Мәжитұлы.

Серіктес жаңалықтары