Креативті индустрия: бағдары мен салмағы

Қазір креативті экономика елімізде де перс­пек­тивалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Алайда креативті экономиканың анықтамасы мен шеңберінің нақты емес нарықты қолдау сая­сатын құруда қиындықтар тудырып отыр. Де­генмен алғашқы талпыныс байқалады.

Креативті индустрия: бағдары мен салмағы
ашық дереккөз
2413

Бір ел әнмен баурайды, бір ел киномен жаулайды. Тыңдап отырып қалай қызық­қа­ның­ды, көріп отырып сол елдің мәдениеті мен ерекшелігіне, тіліне, өмір салтына қа­лай көңілің ауғанын аңғармай да қаласың. Саяхаттап барғың келеді, тіпті көшіп кету тура­лы ой жетелеп кетуі ықтимал. Алысқа бармай-ақ, түрік сериалы мен корей K-pop-ының қа­зақ қоғамына қалай әсер ететінін байқап, көріп жүрміз. Жұмсақ күш. Жұмсақ дегенді тыр­нақшаға алған жөн шығар. Бұл – үлкен бір нарық, игере алсаң, қала берді, тұтас бір ел­дің экономикасын дөңгелететін алып күш. 

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әрбір облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құру қажет екенін айтқан болатын. Жалпы, креативті индустрияны дамыту туралы нарратив кейінгі жылдары билік тарапынан жиі айтылып жүр. 2021 жылы Үкімет Креативті экономиканы дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын да бекітті. 
Қазір еліміздегі бұл нарықтың ахуалы қандай? Қалай дамыта аламыз? Сарапшылар мен сол нарық өкілдері не айтады?

Ақылдың сыйы

Креативті индустрия өзі жаңа ұғым болға­ны­мен, мазмұны ғасырлар бойы қалыптасып келе жатыр. Ол экономикадан бастап әлеуметтік мә­дени са­ла­лаға дейінгі сегментті қамтиды. Кейде бі­лім эко­но­микасы деген балама сөз қолданылып жа­тады. Яғни, бұл – адамның тікелей зияткерлік қыз­метімен бай­ланысты сала. «Креативті эконо­мика» термині алғаш рет Нью-Йорктің Businessweek журналында 2000 жылы қолданылған екен. Әлемді осын­дай мәдени-жұмсақ күш арқылы «жаулау», яғни әсер ету, өзіне қарату ғасырлардан бері жалғасып ке­ле жатқан тенденция. Дегенмен интернет, әлеу­меттік желі дамығаннан бастап бұл процесс өзгеше қар­қынмен дамыды. Әсіресе, пандемиядан кейін ерекше серпіліс байқалған екен. Осыдан болар, 2021 жылды БҰҰ Халықаралық креативті экономика жылы деп жариялаған болатын.

Креативті индустрия шығармашылық қыз­мет­тің әртүрлі саласы, ойын әзірлеу, бағдар­ла­малық өнімдер, әдебиет, музыка, өнер, жарнама, сәу­лет, кинематография, анимация, дизайн және бас­қа шығармашылық қызметпен тікелей немесе жа­нама түрде байланысты басқа да салаларды қам­тиды. БҰҰ мәліметі бойынша жарнама, сәулет, өнер және қолөнер, дизайн, сән, кино, видео, фотография, музыка, орындаушылық өнер, баспа ісі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тар, бағдарламалық жасақтама, компьютерлік ойын­дар сияқты негізгі ресурстар ретінде шы­ғар­ма­шылық пен зияткерлік капиталды қажет ететін са­лалар, электрондық басылымдар, теледидар және ра­дио бұл индустрияның құрама бірліктері. Бұл ті­зім әр елде әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен не­гізгілері – осы.

Бұл салаларды нарық ретінде біріктіріп тұрған осы өнімдердің, яғни зияткерлік меншіктің өнім ре­тінде сұранысқа ие болып, кемінде авторға, ал үл­кен масштабта, жалпы елдің экономикасының өсуі­не ықпалын тигізе алатын күшінде болып отыр. Қа­зір кей мемлекеттер өзінің шикізатын немесе өні­мін сатудан гөрі, елдегі азаматтардың «ақылын» сату­дан зор пайда түсетінін жақсы түсінген. Сол ар­қылы туризм, сауда, білім беру секілді салаларды да қатар дамытып отыр. Мысалы, Ұлыбритания үкі­метінің 2020 жылғы мәліметі бойынша, креативті са­лалар экономикасы 2018 жылы жылғыға қара­ған­да 7,4 пайыз өскен, бұл жалпы экономиканың өсу қарқынынан 5 есе көп. Сонымен қатар шығар­ма­шылық салаларда, әдетте, табыс орташадан жоғары, мысалы, шығармашылық салалардағы жа­лақы мен АҚШ-тағы жеке сектордағы орташа жа­лақы арасында 34,9 пайыз айырмашылық бай­қа­ла­ды, Аустралияда да шығармашылық жұмыс­шы­лар­дың орташа табысы елдегі орташа табыстан 31 пайыз ға жоғары екен. Тағы бір маңызды фактор – креа­тивті экономика кез келген қоғамдастық үшін са­лыстырмалы түрде қол жетімді, өйткені ол нақты та­биғи ресурстарды, қолайлы географиялық орын­ды немесе бәсекелестік артықшылықтың басқа сырт­қы факторларын қажет етпейді. Ол үшін тек білім мен талант қажет.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, креативті ин­дустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі әрине әр елде әртүрлі: мәселен, Аустралияда бұл үлес – 5,7 пайыз, Ұлыбританияда – 5,5 пайыз, АҚШ пен Қытайда – 4,2 пайыз, Италияда – 3,8 пайыз, Германияда – 3,1 пайыз. Түркия және Корея мысалын айтып өттік. Тү­рік сериалдарының әлемге таралу қарқыны мен Түркияға саяхаттаушылардың өсуі арасында кор­реляция бары анық. Бізде түрік тілін үйреніп, сол жақ­қа оқуға кеткісі келіп жүрген жастар өте көп. Ко­рей idol-дары мен дорамаларына байланысты да осы жағдай. Бұл елдің жұмсақ күші тіпті тамақтану мен киім кию мәдениетіне де айтарлықтай ықпал етті. Немесе Димаш Құдайбергенге жанкүйер шетел­дік­тердің Қазақстанға саяхаттап келіп жатқаны, қазақ тілін үйреніп жүргенінің өзі нақты мысал бола алады.

Қазір креативті экономика елімізде де перс­пек­тивалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Алайда креативті экономиканың анықтамасы мен шеңберінің нақты емес нарықты қолдау сая­сатын құруда қиындықтар тудырып отыр. Де­генмен алғашқы талпыныс байқалады.

Саланы қолдауға талпыныс

Не десек те, қазір еліміздегі шығармашылық ин­дуст­рияға қолдау қажет екені даусыз. Шығармашылық индустрияның табысты болуы мем­лекет жұмысына тікелей байланысты, өйткені мем­лекет білім деңгейі, экономикалық әртараптан­дыру, инфрақұрылым және тағы да басқа саланың дамуына байланысты барлық негізгі факторларда маңызды рөл атқарады. Бұған дейін Үкімет Креа­тивті экономиканы дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын, жауапты министрлік креативті индустрияға жататын экономикалық қызметтің 43 негізгі түрін бекіткен болатын. 

Тізімге зергерлік бұйымдар, IT және ойын жасау, мәдени мұра, телебағдарламалар, фо­то және дизайн, сәулет және сән, музыка, кино және ани­мация, сондай-ақ кейбір мәдени-демалыс меке­мелері сияқты салалар кірді. Критерийлер барынша жеңілдетіліп, халықаралық ұсыныстарға сәйкес келтірілген.

– Министрліктің креативті қоғамдастықпен және мемлекеттік органдармен бірлескен жұмы­сының арқасында Қазақстанда алғаш рет креативті индустрияны қаржылық жағынан да, қаржылық емес жағынан да қолдау үшін құқықтық негіз пайда бол­ды. Бұл үдеріс саланың жаңалығына және тіпті ха­лықаралық деңгейде бірыңғай критерийлердің болмауына байланысты белгілі бір уақытты алды. Мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары саладағы жағдайды мұқият зерделегеннен кейін биыл Үкіметтің қарауына ұсынылатын болады, – деген болатын сол кездегі Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Елімізде креативті экономиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары да бар екен. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде креативті индустрияның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,67 пайыз болыпты. 2025 жылға қарай бұл көр­сеткішті 5 пайызға жеткізу де көзделіп отыр екен. Креативті экономиканы дамыту үшін «креа­тивті индустрия» деген ұғым «Мәдениет туралы» заңға бекітілген. Жақында Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаева да Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте креативті ин­дустрия жайлы айтты. Оның мәлімдеуінше, қазір сарап­шылар қауымдастығымен және индустрия өкілдерімен бірлесіп креативті индустрия мәселелері жөніндегі заңнаманы өзгерту тәсілдері талқыланып жатыр.

– Заңнамада авторлық құқық пен зияткерлік мен­шікті қорғау, креативті индустрия қайраткер­лерін қолдау шаралары мен преференциялар, орта­лық мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган­дардың қосымша құзыреттерін қосуды көздейтін бірқатар новеллалар қарастырылған, – деді Мә­де­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, креативті хабтардың тиімді жұмысын құру үшін ел өңірлерінде креативті индустрияны қолдау жөніндегі шаралар мен қолда бар инфрақұрылым туралы қажетті ақпарат жина­лып жатыр.
Дегенмен осы салада жүрген сарапшылардың сөзінше, бізге әлі нақты қолдау шаралары жетіспейді. Алайда олар аяқ алысымыз жаман емес деп баға беріп отыр. 

Ерболат Беделхан, 
Продюссер:

Ұлттық бағдарлама 
қабылдау керек

– Креативті индустрияны дамыту үшін бағдар­ла­ма қа­был­дау керек. Өте көп референстер бар. Ең кейін­­гі референс бұл – Корея. Оның алдында көп­те­ген Еуропа елі, Еуропаның ішін­де Швецария, Швеция бо­латын. Әлемдегі мықты, та­нымал музыканың 70 пайы­зын жазатын Швецияның жеті-ақ миллион хал­қы бар. Сондықтан да солар сияқты біз де бағ­дар­лама, ұлт­тық бағдарлама қабылдауымыз керек. Нүкте. Бағ­дарлама қабылдамайынша, біз ештеңе істей алмаймыз. Мен сияқты жалғыздан-жалғыз жүрген адамдардың шаңы шық­пайды. Одан бөлек, ен­тертэймент бойынша көптеген жоба бастағанмын, бірақ Ре­сей нарығы бізді жұтып қой­ды. Нарық қалыптастыру керек. Ал нарық болса, біз экс­порттауға деген мүм­кін­дігі­міз ашылады. Біздің елдегі креативті индустрияны да­мытуға деген талап емес. 
Жалпы, креативті индустрияны дамыту туралы айтыла бастағанына үш жыл болды. Қат­ты күтіп жүрмін, жұмыс істеуге ниетім зор, өз уақытымды, күшімді салғым келеді. Ең бастысы – сол бағдарламаны дұрыс қабылдау керек. Әрине, бағдарлама деген ол – заң, ол – мемлекеттік қолдау, статус, ұлттық қауіпсіздік мәселесі, ол – тіл.
Сондықтан да, жастардың тілінде сөйлеуіміз керек. 13-14 жастан асқан балаларға не керек? Кино, музыка, ентертэймент. Егер өзімізде бұлар болмаса, бұл нәрсемен қам­тама­сыз ете алмасақ, кім болғанымыз? Ішкі нарықты қазақ тілінде толық қаматамасыз етуі­міз керек. Бұл – өте маңызды. Музыка – жұмсақ күш, біз сол күшті пайдаланып отыр­ған жоқпыз. Тек Астана, Алматы қалаларында үлкен мүмкіндіктер бар, өзге өңір­лерде, қалаларда, өкінішке қарай, мұндай мүмкіншіліктер жоқ. Музыка саласындағы ма­­­мандар да жетіспейді. Қазақтілді контентте де сұраныс көп, ұсыныс жоқ. Одан бөлек, бар қазақтың басын қосатын, бәсекелестік қызып тұрған музыкалық жүлде болуға тиіс. 
Әлеуметтік жүйедегі, әлеуметтік желілер жүйесіндегі үлкен медиаплатформа құру керек. Бұл – жастарға керек дүние. Сонымен қатар біз өз музыкамызды шетелдік стрим­дерден таба алмай жатамыз, себебі бізде нарық жоқ. Сондықтан да, бізде бір ор­тақ стрим болуы керек. Оған қажетті дайын жүйе, бәрі бар. Мен 2014 жылы Кореяға ба­рып, сол жақтан франшиза сатып алып, Ninety One жобасы бойынша жұмыс істеген бо­латынмын. Яғни, idol жұлдыздарды тәрбиелеу жүйесі. Сондықтан бұл жерде еш­қан­дай да жаңалық ашудың, жаңадан дөңгелек ойлап табудың қажеті жоқ. 

Абылай Жүсіпбек,
Amadao крипто-экожүйесінің 
бас техникалық директоры:

Мүмкіндіктерді пайдалана білуіміз керек

– Біздің іске асырып жатқан жобаларымыз ме­та әлемге жатады, яғни Қазақстанның имиджін, оның беделін көтеру үшін біздің мета-әлемге отан­дық өнімдерді, отандық компанияларды енгізіп жа­тырмыз. Қазір креативті индустрия саласына, жаңа бастамаларға қолдау көп. Осындай жобалар креативті индустрия саласында жақсы қолдау тауып жатыр. Сондықтан осы мүмкіндіктерді біз тек қана пайдалануымыз керек. Стартап жасау кезін­де бағдарламаны масштабтау үшін Астана hub бағдарламаларына қатысып, Қазақстанды да­мытатын кез келген идеяны жүзеге асыруға бола­ды деп ойлаймын.

Елнар САЛПЕКОВ,
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы,
Yurt жобасының авторы:

Еліміздегі креативті салалар бойынша білім сапасы әлемдік деңгейге көтеріліп келеді

– Жалпы, креативті индустрия дегеніміз ол – нарық. Және ол өздігінен дамуы керек, дегенмен оны қолдау үшін мемлекет не істей алады? 
Мемлекет қолдауды тек кадрды көбейту, яғни халықаралық компаниялар Қазақстанда негізделуі үшін кадрлық база құруды қолдау тұрғысынан көрсете алады. Мүмкін, неғұрлым түсінікті болуы үшін де бір заң шығару керек болар. Мысалы, Астана hub британдық заң форматы бойынша жұмыс істейді. Бұл өте жақсы бастама болды. Көптеген адам қызықты. Менің ойымша, мұндай хабтарды бүкіл ел бойынша ашуға болады және бұл, әрине, бүкіл индустрияны дамытады. Бірақ кез келген жағдайда кадрларсыз, мамандарсыз болмайды. Онсыз даму мүмкін емес. Оларды қалыптастыру керек. 
Мәселен, Назарбаев мектептері дәл осы бағытқа негізделген, бізде информатика, бағдарламалау бойынша өте мықты бағдарлама бар және осы салаларда нақты кадрлық жүйе құруға жол ашатынына сенімдімін. 
Елдегі креативті индустрияның перспективасы зор. Бірақ проблемаларымыз да бар. Бірақ тұтастай алғанда, қазір көріп, кейінгі жылдары байқағанымыз бойынша, үлкен өсім бар. Менің ойымша, бұл біздің болашағымыздың зор екенін білдіреді, өйткені қазір елімізде қалыптасып келе жатқан кадрлар өте көп, жаңадан база мен университеттер құрылып жатыр. Мәселен, негізінен IT университеті немесе Назарбаев университетін алып қарауға болады. Олар қазір білім сапасы бойынша, әсіресе креативті салаларда әлемдік деңгейге көтеріліп келеді. 

Қорыта айтқанда, дарындыларға да, жалындыларға да, олар ұсынған идеяларға да кенде емеспіз, дегенмен қолдау дейміз бе, әлде басқа ма, әлдебір дүниенің жетіспей тұрғаны анық. Нарық заңына әкеліп тірейік десек, сұраныс жоқ деу сылтау болар еді, ұсыныс жоқ десек, тағы келмейді. Саланың өкілдері бағдарлама қабылдау керек екенін, тағы да басқа жанама қолдау қажет екенін айтады. Алдымен ішкі нарықты қамтымай жатып, креативті индустрияны әлемге танытамыз деу утопия екені анық.
 

Серіктес жаңалықтары