«Жасыл экономикаға» жаңа қуат көздері ғана жан бітіреді

«Жасыл экономика» қазір әлемдік экономиканы дамытудың жаңа трендіне айналды.

«Жасыл экономикаға» жаңа қуат көздері ғана жан бітіреді
ашық дереккөз
1669

«Жасыл экономика» қазір әлемдік экономиканы дамытудың жаңа трендіне айналды. Яғни, бұл адамзатты өмір сүруге қажет ресурстармен қоршаған ортаға зиян келтірместен қамтамасыз етудің жолы ретінде қарастырылып отыр.

«Жасыл экономика» туралы халыққа Жолдауында айтқан Президент энерге­ти­каны тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нор­мативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет екеніне тоқталған болатын.

«2027 жылға қарай 1,4 гигаваттық қуат көзі іске қосылады»

Президент 2029 жылға қарай энергия тұтыну және энергия шығынына бай­ла­нысты не­гізгі көрсеткіштерді кемінде 15 пайызға азайту тура­лы тапсырма берді.

– Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мық­тап айналысуымыз керек. Бо­лашақта бүкіл әлем та­за энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық са­рапшылардың мә­ліметіне сүйенсек, жалпы әлем­дегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуы­­ғы – жаңартылатын энергетика жобаларының ен­шісінде, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде де бұл бағытта көп жұ­мыс атқарылғанын айтты, Жаңа Эко­логия ко­дек­сі және Көміртек бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стра­тегиясы қабылданғанын ес­ке салды. Кейінгі 5 жылда жаңартылатын энерге­ти­ка­ның елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көле­мін­дегі үлесі 5 пайызға жуық өскен екен. 

«РИО + 20» Саммитінен кейін «жасыл» эко­но­ми­каға ауысу бойынша стратегияны іске асыруға ба­ғыт­талған «Жасыл» экономикаға ауысу бойынша тұ­жырымдама әзірленген болатын. Тұжырымдамада бірін­ші кезекте экономиканың белгілі бір салаларын ре­формалауға бағытталған міндеттер тізімі жасал­ды. Осы міндетті орындау уақыты да нақты бекітіл­ген еді. Бірінші кезең – 2013-2020 жылдары қор­лар­ды пайдалануды оңтайландыру және табиғатты пай­далану қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру кезеңі. Яғни, осы уа­қыт аралығында инфрақұрылым толықтай құ­рылуы керек деген меже көзделген екен.

– 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат кө­зі іске қосылады. Еліміздің энергетикалық тең­гері­мінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энер­гетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру ке­рек, – деді Президент. 

Тағы бір аталған бағыт – сутегіден қуат өндіру ісін дамыту болды. Мемлекет басшысының айтуын­ша, қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық маши­на жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнер­кәсібін құруға негіз болады. Ең бастысы, елі­мізде шикізат қоры жеткілікті.

– Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғыр­лан­дыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабыл­дау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді пар­ник­тік газ шығарындыларына арналған квотаны сау­далау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен биз­нес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пай­далану мәселесімен шұғылдануы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент ESG қағидалары аз уақыт ішінде қар­жы ұйымдарының қалыпты тәжірибесіне ай­нала­тынын да айтты.
«Жетекші экономикалар үшін «жасыл» қаржы тарту ісінің маңызы арта түсуде. Өткен жеті жылда жер жүзінде «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион дол­лардан астам қаражат жұмсалды. ESG қағидалары аз уақыт ішінде қаржы ұйымдарының қалыпты тә­­­жірибесіне айналды. Осыған байланысты «Астана» х­а­лықаралық қаржы орталығы біздің аймақтың «жасыл» қаражат тартатын басты алаңына айналуға тиіс.
Жалпы, жасыл энергетикаға қатысты бүкілә­лем­дік бастамаларды еліміз әрқашан қолдап келеді. 2050 жылға қарай энергетикалық секторды толық кө­міртексіздендіру туралы Париж келісімі қабыл­дан­ған болатын. Бұл – Париж қаласында өткен БҰҰ кли­мат өзгерісі жөніндегі конференцияда әлем ел­дерінің басшылары қабылдаған, климат өзгерісі туралы әлемдегі тұңғыш заң тұрғысынан бекітілген жаһандық келісім. Бұл келісімді 2015 жылғы 12 жел­тоқсанда 196 тарап қабылдап, 2016 жылғы 4 қара­шада күшіне енген. Бұл процесте жаңартылатын энер­гия маңызды рөл атқарады. 
Жалпы, жасыл экономика – ауқымы өте кең ұғым. Топырақ, тыңайтқыштардан бастап қалдық өң­деуге дейінгі барлығын қамтиды. Бұл – адам­зат­тың табиғатқа зиян келтірмей, өзінің де тіршілік етуі­не, өмір сүруіне тиімді жағдай жасауының алғы­шарты. Жолдауда да жалпы ұғым айтылғанымен, соның ішінде жасыл энергетикаға баса мән беріліп отырғанын байқаймыз. 
Бес жыл дайындықтан кейін 3 ай бойы Аста­на­да өткен халықаралық EXPO көрмесінің та­қырыбы да осы болашақтың энергиясына арнал­ған болатын. Сол кезден бастап бұл тақырып жиі қоз­ғалып, жиі айтылып, біршама жобалар жүзеге асы­рылған болатын. 
Еліміз Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серік­тестігіне де (PAGE) қосылды, 2030 жылға қарай өндірілетін энергияның 30 пайызын сарқылмайтын, қал­пына келетін энергия көзінен, 2050 жылға қарай өндірілетін энергияның 50 пайызын осы көздерден алу туралы мақсат қойдық. Сонымен қатар 2020 жы­лы өткен Париж келісімінің 5 жылдығына ар­налған онлайн саммитте жолдаған үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі жағынан бейтарап мемлекетке айналады деп мәлімдеді. Ал Энергетика министрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, 2021 жылы сарқылмайтын энергия көздері жалпы өндірілген электр энергиясының 3,69 пайызы ғана... 

Мөлдір, Қуат, Сәуле... 
бар ма, қайда?

Минералдық ресурстар – мұнай, газ және көмір ел экономикасы үшін аса маңызды. Тәуел­сіздік алған сәттен бастап Үкімет баламалы энер­гия көздерін емес, негізінен қазба отын көз­дерін дамытты. Алайда географиялық орнымызға бай­ланысты қалпына келетін энергия көздерін да­мытуға үлкен әлеуетіміз бар. 
Бұл бағыттағы көрсеткіштерге келер болсақ, рес­ми деректерден өсім бар екенін байқауға болады. Елімізде қалпына келетін энергия көздеріндегі электр стансаларының жалпы белгіленген қуаты 2,5 ГВт-қа дейін өсіп, былтыр электр энергиясын өн­діру­дегі ҚЭК үлесі 4,5 пайызға жеткен екен.
Жалпы, электр энергиясының жалпы ге­не­ра­циясы 2022 жылы сағатына 112,8 миллиард ки­ловат­қа жеткен, оның 5,1 миллиарды – жаңар­тыла­тын энергетика еншісінде. Яғни, күн және жел электр стансалары, шағын ГЭС және биогаз қон­дыр­ғыларын өндіру көлемі. Үлкен көрсеткіш деуге кел­мес, әрине, дегенмен, әдеттегідей, жоспарымыз жақ­сы.
Қазір қалпына келетін энергия көздерінің ішін­де елімізде ең көп қуат желден алынады. Қазір елі­мізде күн энергиясын өндіру жел энергиясын өн­дірудің үштен біріндей екен, ал 2035 жылға қарай айыр­машылық жеті есеге артуға тиіс. Біздегі жел энер­гиясының ресурстары бұған толығымен мүм­кіндік беретіні сөзсіз. Отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Қазақстанның жел әлеуеті жылына 1 триллион 820 мил­лиард киловатт-сағаттан асатыны айтылған. Ел аумағының жартысына жуығында желдің жыл­дам­ды­ғы 30 метр биіктікте секундына 4-5 метрге жетеді. Ең жоғары жел әлеуеті Каспий теңізі аумағында – Аты­рау және Маңғыстау облыстарында және Сол­түстік, Оңтүстік Қазақстанда бар. Дегенмен әлеуе­ті­міз әлі қолданыла қойған жоқ: ел энергожүйесінің батыс аймағында жел энергиясын өндіру 2022 жылы сағатына 301 миллион киловатт (күн энергиясы – не­бәрі сағатына 3,2 миллион) болды. Солтүстік ай­мақ­тың көрсеткіштеріне тоқталсақ, сағатына 
1 255,3 млн киловатт – жел электр стансалары 
өн­дірісінің көрсеткіші, ал  сағатына 554,8 миллион киловатт – күн электр стансалары. Оңтүстік аймақ­та бұл көрсеткіштер сәйкесінше сағатына 805,5 мил­­лион киловатт және сағатына 1 196,7 миллион ки­ловатт.
Күн энергиясы да орасан зор әлеуетке ие, әсіре­се күн жылына 2 200-3 000 сағатқа дейін жарқырап тұ­ра­тын  оңтүстік өңірде. Жазда еліміздің оңтүстігі ті­ке­лей күн радиациясын алады екен, бұл – жалпы алуға мүмкін болатын ең жоғары қуат­тың 83-96 пайызы. Бұл Оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясына сұранысты орындауға жеткі­лік­ті. Салыстыру үшін Вьетнамдағы орташа көрсет­кіш – 2 200 сағат, Қытайда –  2 500 сағат ал Герма­ния, Ұлыбритания, Норвегия және Жапонияда жы­лына 1 000-нан аз екен.
Алғаш рет 2012 жылы Жамбыл облысында 0,5 ме­гаватт энергия өндіретін «Отар» күн электр стан­сасы салынды. Одан соң Алматы облысының Сары­бұлақ ауылында қуаттылығы 52 киловатт болатын тағы бір күн электр стансасы іске қосылды. 2019 жы­лы Алматы облысы Қапшағай қаласында қуаты 100 мегаватт болатын «Нұрғиса» күн электр стан­сасы жұмысын бастады. 2019 жылы Қарағанды об­лы­сында Қазақстандағы қуаты 100 мегаватт бола­тын күн электр стансасы да іске қосылған болатын. Елі­міздің аймақтарында желден энергия алатын флю­герлер, күннен қуат алатын панельдер бар еке­нін білеміз. Көріп, естіп, оқып жүрміз. Дегенмен олар­дан қаншалықты қуат алып жатқанымыз туралы мәлімет сирек айтылады. Қазір барлығы 2 388 мегаватт қуат беретін қалпына келетін энергия көз­дерінің 130 нысаны жұмыс істеп тұр екен. Оның ішінде 46 жел электр стансасы, оның қуаты – 957,5 ме­гаватт. Қуаты 1 149 мегаватт болатын 44 күн электр стансасы. 280 мегаватт болатын 37 су элек­тростансасы нысаны, 1,82 мегаваттық 3 биоэ­лек­тростанса объектісі.
Өңірлер бойынша жеке-жеке қарастырар бол­сақ, ел бойынша ең көп үлес Алматы об­лы­сына тиесілі, ал ең аз ҚЭК үлесі – Қостанай об­лы­сы­нікі. Ал БҚО мен Павлодар облысында бірде-бір ҚЭС жоқ.
Жыл басында еліміздің жасыл энергетиканың бел­гіленген қуаты шамамен 2 400 МВт болды. 2022 жы­лы жалпы жиынтық қуаты 385 МВт болатын 12 ҚЭК жобасы іске асырылған екен, 2023 жылы қуаты 276 МВт болатын 15 ҚЭК жобасын іске қосу жос­пар­ланған.

– Энергетикалық кешенді жоспарлы орнықты да­мыту мақсатында 2035 жылға дейінгі энерге­ти­калық теңгерім бекітілді, оған сәйкес жаңа қуат көз­дері екі есеге жуық өседі деген болжам бар, – деп мә­лім­деген еді бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақ­шолақов ақпан айының басында Үкімет оты­ры­сында.

Электр энергиясын өндіру болжамына сүйенсек,  2035 жылы жел мен күннің жалпы генерациядағы үлесі шамамен 15 пайыз болмақ. Бұл дегеніміз – са­ғатына 152,4 миллиард киловаттың 19,6 және 2,9 мил­лиард киловаты. Сәйкесінше, көмір генера­циясының үлесі 46,5 пайызға дейін төмендеуге тиіс.
Жалпы, ҚЭК объектілерін салуға шетелдік және отан­дық инвесторларды тарту жұмысы жүріп жа­тыр, сарапшылардың пікірінше, жыл сайын елі­міз­дің энергия жүйесінде электр энергиясын өндіретін ҚЭК үлесі мысықтабандап болса да, өсіп келе жат­қа­ны осыған байланысты екен. 

Әлем жүзін бұрған жасыл энергия

Жақында жарияланған 2023 жылғы жаңар­тылатын энергия көздерінің жаһан­дық жағ­дайы туралы REN21 баяндамасына сүйенсек, Ре­сейдің Украинаға басып кіруімен шиеленіскен энер­гетикалық дағдарыс тұрақты және арзан энер­гия көзі ретінде жаңартылатын энергия көздеріне көбірек назар аударуға ықпал етіпті.
Жаңартылатын энергия көздерін енгізу тұрақты түр­де өсіп жатса да, 2021 жылы жалпы түпкілікті энер­гия тұтынудың тек 12,6 пайызы болған, ал қазба отын­дары 78,9 пайыз, атом энергиясы мен дәстүрлі био­масса 8,5 пайыз деңгейде тұр. 
Бірқатар ел жаңартылатын энергияның эко­но­ми­калық және әлеуметтік артықшылықтары көп еке­нін мойындап отыр. 2022 жылдың соңына қарай 128 елде жаңартылатын энергия көздері бойынша жал­пы экономикалық мақсат белгіленген, дегенмен тек 31 елде 100 пайыз жаңартылатын энергия көз­дері бойынша мақсат қойылыпты, олардың көп­ші­лігі 2050 жылға арналған. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді деген де тұжырымдар бар. 2021 жылы әлем бойынша жаңартылатын көздер саласында жұмыспен қамту 12,7 миллион жұмыс орнына жетіпті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. 

Абзал НАРЫМБЕТОВ,
энергетика саласының сарапшысы:

Инфрақұрылымды баламалы энергияға бейімдеу керек

– Елімізде, әрине, жаңартылатын энергетика жобаларына қар­жы тартылып жатыр. Бірақ оны дүниежүзімен салыстыруға кел­мейді. Себебі біздің өзіміздің ішкі түйткілдеріміз бар. 
Біріншіден, бізде баламалы энергияны қабылдауға инф­ра­құры­лым бейімделмеген, ескі. Біздегі инфраструктура тұрақты электр тоғын қабылдауға арналған. Ол нені білдіреді? Тек қана көмір және гидростансалардан шыққан электр тоғы бар. Ол тұрақты. Әр сағат сайын, минут сайын, секунд сайын қанша тоқ шығатыны белгілі. Себебі тоқты көмір жағу ар­қылы, суды айналдыру потенциалы немесе газ арқылы электр тоғын тұрақты алып оты­расыз. Ал күн және жел – баламалы энергия тоқтары. Олар тұрақты емес. Жел қатты тұр­ған кезде, электр көп шығады, жел азайған кезде аз шығады. Күннің сәулесінен қуат ала­тын панельдер де тура солай. Сондықтан энергия көп шыққанда, оны сақтап қалатын, аз шықса, сақталған энергияны біркелкі тарататын қоймалар керек болады.  Ал ондай қой­ма бізде жоқ. KEGOK жасаған және де басқаратын біздегі бүкіл инфрақұрылым және жүйе­лі электр тоғының бәрі тұрақты электр тоғына арналған. Сақтайтын жер жоқ. 
Мұны дамытудың үлгісіне мысал ретінде Еуропа тәжірибесін алуға болады. Еуропада электр жүйесі бір желіде орналасқан. Дания 55 пайыз электр тоғын жел күшінен алады. Бір­ақ жел азайған кезде оларды басқа электр тоқ күштері қамтамасыз етеді. Францияда атом электр стансасынан көп энергия шығады, ал Германияда – көмірден. Елдер бір-бірін қол­дап отырады. Мысалы, Францияда атом қуаты азайған кезде, Германиядан келеді. Гер­м­анияда көп болған кезде, Данияға барады. Желіде кімде көп болса, солай бірін-бірі қам­тамасыз етеді. Ал бізде мұндай жоқ. Мысалы, бір Ақтаудың өзінде өткенде МАЭК бір­неше рет тоқтап қалды. Сол кезде онда тек қана бір ғана электр тоғы, күші де сол Маң­ғыстау, Атырауды, Оралдың кей аудандарына жетеді. Яғни, бұл – инфрақұрылым жа­ғы ақсап тұр деген сөз.
Екінші, тағы бір шектеу – баламалы энергия көздерінің біздің тарифтермен ақтал­мауы. Инвесторлар 5-10 жылда құйған ақшасын қайтара алмайды. Сондықтан олар қызығушылық танытпай отыр. Айта берсек, шектеу көп. Дегенмен инфрақұрылымымызды ба­ламалы энергияға бейімдеу керек. Екіншіден, инвесторларға да тиімді болатын, қы­зығушылық танытатын тарифтерді ұсыну керек.

Жақында ғана жылыту маусымы басталды. Табиғи газбен қамтылмаған аймақтар көмір түсіріп, қамдануға әлдеқашан кірісіп кеткен. Бұл – жыл сайынғы әуре-сарсаң. Алыпсатарлар да бұл «мүмкіндікті» пайдаланып кетуге тырысып бағады. Көмірдің «қаймағы» – сыртқа, қаспағы «іште» қалатыны тағы бар.  Басқасын былай қойғанда, осы көріністен соң жасыл энергия, жаңа қуат көзі халыққа фантастикалық фильмнің элементіндей көрінетіні анық. Не десек те, жоспарымыз жақсы. Ілгерілеу бар болғанымен, айтарлықтай деуге келмес. Орындалмаған жоспарлардың аяғы сұйылып, соңында ұмытылып тынатыны да жасырын емес. Бірақ әлем жүзін бұрған жасыл энергия көзіне, жасыл экономиканы дамыту көшіне біз де үлессек деген үміт бар. Себебі, әдеттегідей, әлеуетіміз жетеді...
 

Серіктес жаңалықтары