Әлем назарындағы додаға дайындығымыз қалай?

Келер жылы Астанада V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтпек.

Әлем назарындағы додаға дайындығымыз қалай?
ашық дереккөз
1011

Келер жылы Астанада V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтпек. Доданы өткізуге деген ынтамыз Бүкіләлемдік этноспорт кон­федерациясы жиынында қолдау тапқан болатын. Бүкіл әлем көшпенділерінің басын қосып, спортшыларымыз бен қонақжайлығымыз сыналатын жарысқа бір жылдан аз уақыт қалды. Дегенмен дайындық жағы ақсап тұрғаны депутаттарды алаңдатып отыр.

18 қазанда өткен Парламент Мәжілі­сі­нің пленарлық отырысында «АМАNАТ» фрак­циясының мүшелері Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, осы мәселені шешуді сұрады. Депу­таттар бірқатар ұсыныс та айтты.

– 2024 жылы V Дүниежүзілік Көш­пен­ді­лер ойыны Астана қаласында өтеді. Бұл – әлемдік этномәдени және этноспортты, ұлт­тық ойындарды жаңғыртуға арналған аса маңызды аламан, – деді депутаттар.

Ең алғашқы ойын 2014 жылғы қырғыз елін­де өткен. Додада 19 елден 583 спортшы ғана бақ сынаған. Бірақ кейін бұған дү­ние­жүзінің назары ауған екен.

– Аралықтағы ІІ, ІІІ ойындардың ста­тис­тикасын тізбелеп жатпайын. Өткен жы­лы Түркияның Изник қаласында өткен ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Ла­тын Америкалық елдерден бастап Жа­понияға дейінгі аралықта әлемнің 102 елі­нен 3 500 спортшы бақ сынаған, – деді Жа­нарбек Әшімжан.
Алғашқылардың бірі болып еліміз де бұл доданы ұйымдастырып, әлемдегі көш­пен­ділердің спортшыларын қонақ қылуға ниет­ті болған. Көшпенділер ойынын өт­кізу­ге берген Қазақстанның өтінімі сол V Дүниежүзілік аламанда Бүкіләлемдік эт­носпорт конфедерациясы жиынында қол­дау тауыпты. Дегенмен депутаттардың сө­зін­ше, бұл шешімнің қабылдануының ар­тын­да үлкен тайталас, тартыс, күш жа­тыр.

– «Қолдау тапты» деп айтуға ғана оңай. Әр ел өзіне қарай тартады. Көзге көрін­бей­тін интригалық «күрестерді», таласқан т­а­рап­тарды көзбен көріп, жүрекпен сезінген­біз. Сонда Дүниежүзілік көшпенділер ойы­­­нының Қазақстанда өтуіне Мемлекет бас­шысының саяси беделі мен ерік-жігері ті­ке­лей көпір болды, – дейді Жанарбек Әшім­­­жан. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міз­де өтетін ауқымды шараны сапалы әрі жо­ғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақ­ты тапсырма берген екен. Депутат «V Дү­ниежүзілік көшпенділер ойындары ұлт­тық спорт шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолө­нер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгер­ле­туге жағдай жасалуы қажет», – деген Пре­зидент сөзін тілге тиек етті. 
Осылайша, бұл шараның маңызын тіз­бек­теп өткен депутат дода өтетін уақыт таяп қалғанымен, ешқандай дайындық жоқ еке­нін айтты.

– Содан бері бір жыл уақыт өтті. Бұл ай­­­ту­лы аламан Мемлекет басшысының тікелей назарында. Алайда, дүниежүзілік до­даны ұйымдастыру жұмыстарының лебі се­зілмейді. Мәлімет бойынша, Үкіметтік дең­гейде комиссия құрылған. Басты сайыс­тар өтетін нысан ретінде Астана қала­сын­дағы «Астана-Арена», «Қазанат» ипподромы, «Жек­пе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген. 8 миллиард теңге қарас­ты­рылған, бірақ бұл – инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына, – деді Жанарбек Әшімжан.

Яғни, инфрақұрылымды реттеуге қала әкімдігіне ақша бөлінбеген. Соның сал­да­рынан әкімдік Үкіметке жалтақтап, мәсе­ле­ні шеше алмай отыр. Депутат жаңадан құрыл­ған министрлікті де сынап өтті.

– Жалпы, спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп. Сол үшін де Мем­лекет басшысы салаға қатысты проб­ле­маларды шешу үшін Туризм және спорт ми­нистрлігін құрды. Енді сол жаңа ве­домствоның сыналатын шағы. Бұған дейін өткізуге жауапты мемлекеттік орган тиісті процедураларды өз деңгейінде ұйым­дас­ты­ра алмай отыр. Тиісті мемлекеттік орган­ның салғырттығы салдарынан қалалық әкімшілікке инфрақұрылымды реттеуге бір тиын қаржы бөлінбеген. Ал Астана қаласы әкім­дігі Үкімет жаққа жалтақтаумен дәр­мен­сіздің күйін кешуде, – деді ол.

Уақыт аз қалғанын былай қойғанда, қыс­тың көзі қырауда қандай да бір дайын­дық жұмыстарын жүргізу қиын, тіпті мүм­кін емес екенін еске салған депутат жағ­дай­ды өз көзімен көріп қайтқан екен.

– Дүниежүзілік доданың өтетін мерзімі – 2024 жылдың қыркүйегі. Тура 11 ай қал­ды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақ­­түтек боран, саршұнақ аязбен алысып тағы алты ай өтеді. Негізгі шаралар өтетін «Қазанат» ипподромында 10 мың адамға қызмет ететін нысан құрылысы жүріп жату керек еді. Өзге де спорттық нысандардың күр­делі жөндеу жұмыстары, реконструкция, басқа да жұмыстары тоқтап тұр. Және ат­ша­барға жапсарлас этноауыл жоспарлан­ған. Күні кеше аяқтай барып көрдік. Өлі тыныштық, – дейді ол.

Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде өте­тін кезекті Көшпенділер ойынына қа­ты­суға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш беріп­ті. Жалпы 100-ден аса елден 3 000-нан аса спортшылар қатысады деп шамаланып отыр. Депутаттар бұған келетін туристерді қосу керек екенін айтады. Сонымен қатар спорт­тық жарыстарды тарататын тран­сля­ция тақырыбы әлі жабық. Өткен жылғы Дү­ниежүзілік көшпенділер ойынын әлем­нің 70-ке жуық мемлекеті тамашалапты. Ақпа­рат таратуға шетелдік БАҚ-тың 800-ден аса өкілі келген. Олардың арасында 57 телеарна, 16 радиостанса, 87 ақпараттық агент­тік пен 48 басылым өкілі және 70-тен аса танымал блогер болған. 

– Басына – кіреуке, денесіне – торғауыт, қо­лына – күрзі, аяғына – саптама киіп, атқа ал­ғаш ауыздық салып, тұлпарының тағасы Батыс пен Шығыстың айылын жиғызған Ұлы дала қаһармандарының мұрагері еке­німіз тарихи шындық. Ошағымыз толы өр­кениет. Ендеше осынау әлемдік Көш­пе­н­ділер ойынын абыройлы өткізу елді­гіміз­ге сын, – деген «АМАNАТ» депутаттары Үкі­меттік комиссия ұйымдастыру жұ­мыс­тарын жеделдету, Астана қаласы әкімдігімен бір­лесе отырып спорттық инфрақұры­лым­дардың құрылысы мен реконструциясына қатысты қаржылық процедураларды ұйым­дастыру қажет деген ұсыныс айтты.

Көш­пенділер ойынын өткізу тек Астана қа­ла­сының ғана емес, бүкіл елдің жауап­кершілігі екенін еске салып, ұйымдастыру жұмыстарына өңірлерді жұмылдырып, «Бір өңір – бір нысан» принципіне күш салу ке­рек екенін айтты. Дүниежүзілік көшпен­ді­лер ойынында қазақ елінің туризм әлеуе­тін табысты пайдалану бағытында нақты жо­балар әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар ұлт­тық спортты және спортшыларды наси­хат­тайтын түрлі форматтағы ақпараттық үгіт жұмыстарын қолға алу, ойынды өткізу­ші ел ретінде нақты регламенттерді бекіт­кен­де, қазақтың ұлттық ойындары мен түр­лі ұсталық өнерге басымдық беру керек екені және басқа да бастамалар көтерілді.

Ұлттық және ат спорты орталығы РМКҚ басшысы Бақдәулет Сәбитовтің сө­зін­ше, бұл доданың маңызы артып келеді. Ол ойынды өткізуші ел ретінде басымдық көп екенін де айтты. 

Бақдәулет СӘБИТОВ,
Ұлттық және ат спорты орталығы РМКҚ басшысы:

Бұл – этноспорттың 
олимпиадасы

– Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары ке­лесі жылғы 8-15 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді деп жоспарланған. Көшпенділер ойындарының маңызы біз үшін ерекше. Олай дей­тініміз, бұл – этнос­порттың олимпиадасы. Біздің ұлттық спор­ты­мыз ұлықталатын, бүкіл әлемнің на­зарына ілігетін тұсы. Алғашқы көш­пен­ді­лер ойын­дарынан бастап ешбірін қал­дыр­май біздің елдің құрамасы аталған жа­рысқа қаты­сып келеді. Көрсеткен нәти­же­міз де жаман емес. Алғашқы көшпенділер ойын­дарына 19 е­лдің спортшылары қатыс­са, былтырғы Түркияда өткен сайысқа әлем­нің 102 мем­лекетінен қатысушылар кел­ді. Демек жаһанның тең жартысы бұл сын­ға қызығушылық таны­тады деген сөз. Біз­дің елде өтуі төл спортымызды дамыту­дың, елімізді танытудың бірден-бір жолы. 

Оның үстіне келер жылы өтетін көш­­­пен­ділер ойындарының жеңімпаздарына  ха­л­ықаралық дәрежедегі спорт шебері (ХДСШ) атағы беріледі. Бұған дейін көш­пен­ділер ойындарына мұндай атақ беріл­ме­ген. Көшпенділер ойындары ресми жа­рыс­қа айналса, ұлт­тық спортпен айна­лы­са­тын жастардың да саны артады. Себебі ха­лықаралық дәре­жедегі атақтар спорт­шы­ның алатын жалақысына, жергілікті әкім­діктерден берілетін сте­пендияларға әсер ете­ді. Жағдайы жасалса, сапалы спорт­шы­лар да көп болары белгілі ғой. 

Тілге тиек етпесем болмас, Парламентте көшпенділер ойындарының өтуі, оның ұйым­­дастырылуы, инфрақұрылымды реттеу жөнінде мәселе көтерілді. Депутат­тардың алаң­дауы, Үкіметтің бейжай қара­мауы ұлттық спорт жанкүйерлерін қуан­та­тыны сөзсіз. Қазір V Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойындарына дайындық және ұйымдастыру дирекциясы құрылды. Оның бас­шылығына тағайындалған Наиль Нуров мырза бұған дейін 2017 жылы өткен Уни­вер­сиаданы өткізу дирекциясының жетек­шісі болған. Тәжі­ри­бесі мол азамат бұл сын­нан да сүрінбей өтеді деп сенемін. Қазір тиіс­ті қаражат қарас­тырылып, елордадағы Қа­занат атшабарында жөндеу жұмыстары бас­талып кетті. Жарыс­тың бағдарламасы, спорт түрлерінің бекітілуі, олардың рег­л­а­м­енттері сынды бірқатар жұ­мыстар атқа­ры­лып жатыр. Біз ұлттық және ат спорты түрлері орталығы тарапынан барын­ша кө­мек­тесіп, бұл істе жұдырықтай жұмыла жұ­мыс істеп жатырмыз. Біздің алды­мызда тұр­ған басты міндет – ұлттық құрама­мыз­дың дайындығын пысықтап, көш­пен­ділер ойындарында жоғары нәтиже көрсету.

Көшпенділер ойындары тек спорттық шара емес. Сонымен қатар мәдени және ғы­лы­­ми кеңестер өткізетін таптырмас алаң. Көшпенділер ойындарының бағдар­ла­­­масы спорт, мәдениет, ғылым бағытында жа­салады. Көшпенді халықтардың өрке­ние­ті, спорт­тық ойындарының, тұрмыс-тіршілігінің шығу тарихы, философиясы талқыланады. Терең ғылыми жұмыстар та­ныстырылады. Және жаңалықтар әлем ха­лықтарына таратылады. Сонымен қатар ішкі және сыртқы туризмнің дамуына үлес қосады. Шамамен төрт мыңға жуық спорт­шы әлемнің жүзден аса елінен жиналады деген жоспар бар. Спортшылармен қатар бап­­керлер, шетелдік БАҚ өкілдері, жан­күйер­лер көптеп жиналады. Олар еліміздің ту­ристік аймақтарымен танысып, ел эка­но­микасына да сүбелі үлес қосады деп ой­­лаймын. 
Орта және шағын бизнес өкілдері үшін де бұл шара – таптырмас мүмкіндік. Және спорт­тық шараларды өткізу, халықаралық спорт мәдениетін қалыптастыру сынды тұс­тарынан алып қарасаңыз өте үлкен тә­жірибе болмақ.

Рас, өткізуші ел ретінде басымдық көп. V Көшпенділер ойындарының бағдар­ла­ма­сына енген 20-дан аса спорттың тең жар­ты­сы бізге тиесілі. Атап өтерлігі, келер жыл­ғы этноспорт олимпиадасына мара­фон бәйгені енгізу де көзделіп отыр. Бұған дейін де ондай бәйге түрлері болған. Бірақ мұның маңызы басқа. Өйткені, жылқыны адам­­зат баласы алғаш қолға үйреткен жер – біздің сары дала. Ботай қонысынан бастау ал­ған жылқы шаруа­шылығы көптеген ұлт­тың ажырамас бір бөлігіне, бөлінбес мә­де­ниетіне айналды. Көш­пенді халықтар жыл­қы тұңғыш рет қолға үйретілген Ботай қо­нысын көргісі келері хақ. Сондықтан ма­рафон бәйге сол Ботайдан басталып Аста­надан аяқталады. 400 шақырымды жү­ріп өту – аттың да, атбегінің де сынала­тын шағы. Біз өз халқымыздың атбегілік өнерін, қазақ жылқысының төзімділігін көр­сететіп қаламыз. Осы сынды көшпен­ділер ойын­дарының бізге берері мол болып тұр. Бастысы – қонақжай бабаларымыздың дәстүрінен жаңыл­май, ат сүрініп, бала құла­май, абыроймен өткізу. Бүкіл ұлттың ойын­дары сарапқа салы­нып, әлем хал­қының алдына жол тартар тұста мұқият бол­ға­ны­мыз абзал. Сондықтан әр тұстан мен­мұн­да­ламай, бір болып жұмылғанымыз дұрыс.

Серіктес жаңалықтары