Микроқаржы ұйымдары қарызды 339 пайызбен береді – Берік Бейсенғалиев

"Бұл пайыздар қандай параметрлер мен критерийлер бойынша белгіленген және оған қандай негіздеме бар?" деген заңды сұрақ туады.

Микроқаржы ұйымдары қарызды 339 пайызбен береді – Берік Бейсенғалиев
parlam.kz
2920

Парламенттік тыңдауда Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев микроқаржы ұйымдарының жоғары пайыздары, коллектор қызметіндегі кейбір олқылықтар мен жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты мәселелерді көтеріп, баяндама жасады. 

Ресми мәліметтерге сәйкес, 1-қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандықтардың 18,1 трлн теңге құрайтын кредиттік портфелінің тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несиелерге тиесілі. Егер портфельдің сапасы туралы айтатын болсақ, төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жеткен. Оның 63%-ы сол тұтынушылық кепілсіз несиелеуге тиесілі (1 трлн 225 млрд). Қаржылық тұрақтылық тұрғысынан қауіп алдында 1 млн 700 мың біздің отандасымыз тұр, – деді ол.

Депутаттың сөзінше, микроқаржы ұйымдарының қарыздары – проблемалық қарыз алушылардың негізгі көзі саналады.

Коллекторларға сатылған проблемалық қарыз алушыларды есепке алсақ, олардың саны 2019 жылдан бастап 28 есеге өскен және қарқынды өсуде. Бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктердегі жеке тұлғалардың кредиттері бойынша ағымдағы пайыздық мөлшері  56%-ға дейін, ал микроқаржы ұйымдарында – 146-дан 339%-ға дейін жетеді! Осы ретте: бұл пайыздар қандай параметрлер мен критерийлер бойынша белгіленген және оған қандай негіздеме бар? - деген заңды сұрақтар туындайды. Бүгінгі күні Микроқаржы ұйымдары реттеуде жеңілдіктерге ие және саны көп болғандықтан бақыланбайды – бұл реттеушінің кемшілігі., – деді Берік Бейсенғалиев. 

Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдары коллекторлық компанияларға проблемалық қарыздардың 48%-ын сатып жіберген.

Портфельдегі проблемалық борыштардың үлесін азайту себебімен реттеушінің талаптарын формальды түрде сақтау үшін микроқаржы ұйымдары коллекторлық компанияларға проблемалық қарыздардың 48%-ын сатып жіберген, олар ағымдағы есептілікте көрсетілмеген. 2022 жылғы тамыздан бастап проблемалық қарыздарды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен микроқаржы ұйымдары іс жүзінде өз несие портфелдерін «жасанды түрде» 2 есеге жақсартып алған (іс жүзіндегі тәуекел 50% vs несие портфелінің есептілігі бойынша 28-29%). Негізі банктер және әсіресе, микроқаржы ұйымдары өздерінің қауіпті тәуекелдерін ставканың жоғары деңгейімен өтейді.  Демек, бүгінгі күні Жылдық тиімді мөлшерлемені есептеу әдістемесін жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Мөлшерлеменің төмендеуі портфельдің сапасын жақсартуға мәжбүрлейді, өйткені жоғары тәуекелді артық төлемнің жоғары деңгейімен өтеу мүмкін болмайды. Бұдан басқа, реттеуші тарапынан жоғары тәуекелдердің туындауын, сапасы нашар кредиттердің бақылаусыз берілуін және борыш жүктемесі коэффициентінің сақталуын бақылау және қадағалау шараларын күшейту қажет, – деді депутат.

Депутат коллекторлық агенттіктердің қызметіне қойылатын талаптарды заңнамалық деңгейде қатаңдату туралы бастама көтерді. 

Енді, коллекторлық агенттіктерге келетін болсақ Коллекторлық агенттіктердің портфелі тұрақты өсу үрдісіне ие. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 325 млрд теңгені, ал қарыз алушылардың саны – 882 мыңды құрады және де осы 882 мыңның 80%-зы немесе 702 мыңы микроқаржы ұйымдарынан сатып алыңған борышкерлер. Көптеген мемлекеттерде коллекторлық агенттіктердің құқықтары заңмен шектелген, онда қарыз алушыны кейбір шамадан тыс мазалау әрекеттеріне қатысты тыйым салынған. Бізде коллекторлардың жұмысы борышкерге жүйелі түрде моральдық тұрғыдан қысым жасап, борышын төлеттіруден тұрады, қарызды қайта құрылымдау құқығының болғанына қарамастан, бұл құрал іс жүзінде қолданылмайды. Біз коллекторлық агенттіктердің қызметіне қойылатын талаптарды заңнамалық деңгейде қатаңдатуымыз қажет.

Берік Бейсенғалиев Қаржы министрлігінің жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша жүргізетін жұмыстарын қайта қарау қажет деп санайтынын айтты.

Келесі мәселе – Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша. Бізді азаматтардан келіп түскен 67 мың өтініштің 4 мыңға жуығы ғана банкрот деп танылғаны алаңдатады (небәрі 6%). 54 мыңнан астам азамат рәсімді қолдана алмайтыны туралы хабарлама алған. Осы жерде атап өтерлігі, бұған дейін соттан тыс тәрітіппен банкрот мәртебесін алған 140-адамның несиелік қарыз сомасы 150 мың теңгеден аспаған, 18 адамда- 50 мың теңгеден, ал 4 адамда- 4 мың теңгеден төмен болған. Бұл банкроттықтың салдарын біздің азаматтарымыз білмегендігі немесе толық түсінбегендігін көрсетеді. Олар банкрот деп танылсам, онда барлық сома есептен шығарылып, сонымен барлық қарыздардан құтылдық деп санайды. Алайда, ол рәсімнің болашақта жаңа несие алу мүмкіндігінен айыратын және басқа да қойылатын шектеулер сияқты жағымсыз салдары бар ғой. Олар туралы азаматтардың арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілу керек. Бұдан бөлек, өтініш берушілердің 6%-ның ғана банкроттық рәсімнен өткендігі, Заңның қайта пысықталу қажеттілігін талап ететінін көрсетеді. Атап айтқанда, соттан тыс банкроттыққа ұшырайтын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту, өндіріп алу үшін қажетті құжаттардың санын оңтайландыру, Заңның жекелеген нормаларын қайта қарау қажет. Сондықтан, Қаржы министрлігінің тарапынан осы бағытта жүргізілетін жұмыстары қайта қаралу қажет деп санаймыз, – деді депутат. 

 

Серіктес жаңалықтары