Мұстафа Шоқай және Керенский

Мұстафа Шоқай және Керенский

Мұстафа Шоқай  және  Керенский
ашық дереккөзі
427
1916 жылдың соңына таман Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығында болған көтеріліске байланысты Мемлекеттік Думаның бір топ депутаттары Министрлер Кеңесінің төрағасына, соғыс, ішкі істер және юстиция министрлеріне сауал қойып, мәлімдеме жасады. Сауал мемлекеттің қорғанысының қажеті үшін жұмыстарға бұратана халықты тарту туралы патша жарлығын орындау кезінде орын алған оқиғаларға байланысты тұтанған көтеріліске қатысты болатын. Үкімет пен министрлерге мынадай сауал қойылды: 1) Негізгі заңның бұзылған бабтарының күшін қалпына келтіру үшін қандай шаралар істелінді? 2) 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығын орындау кезінде билікті асыра пайдалануға жол бергендерге қатысты қандай шаралар қолданылды? Үш депутаттық топ сауал қойған: бірінші топта – 31 депутат, екінші топта – 35, үшінші топта – 31 депутат болған, барлығы думаның 97 мүшесі қол қойыпты, олар әр түрлі партиялардың, фракциялардың өкілдері болатын, оның ішінде мұсылман фракциясының өкілдері де бар. Дума мәжілісінің арнайы күн тәртібіне Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығында орын алған  көтерілістің шығу себебі ашық қойылып, талқыға салынуының да саяси маңызы болды, себебі мәжілісте көтерілген мәселе ағымдағы аса өзекті де өткір мәселе болатын. Дума мүшелері мұны жасырып-жаппай, Думаның жабық өткен мәжілісінде ресми түрде ашық түрде батыл қойды. 1916 жылғы 25 маусым жарлығынан кейін, бұрын тыныш, бірқалыпты тіршілік етіп келе жатқан отарлы аймақтағы халықтың бас көтеріп, ашық қарсылық білдіріп, көтеріліске шығуы күтпеген оқиға еді, сондықтан Дума мүшелері бұл жағдайға бейжай қарай алмады. Түркістан өлкесіне, Далалық генерал-губернаторлығына барып, жағдайды өз көздерімен көріп, жергілікті халықпен сөйлесіп, мол материалдар жинап, зерттеді, жағдайдың мән-жайын саралағаннан кейін барып бұл өткір мәселені Мемлекеттік Думаның күн тәртібіне қойды, Министрлер Кеңесінің төрағасын, министрліктің басшыларын жауап беруге міндеттеді. Жүзге жуық Дума мүшелерінің сауалдары мен көтерген мәселелері аяқсыз қалмады. Алайда Думаның мәжілісіне көтеріліс аймақтарынан бірде-бір куәгер, бірде-бір өкіл қатыса алмады. Осыған орай Думаның осы мәжілісіне қазақ зиялылары тарапынан түсірілген шағым, мәлімдемелер болды ма деген сауал да оралары сөзсіз. Дума мүшесі Джафаровтың мәжілісте сөйлеген сөзінде мұсылман фракциясына жер-жерден келіп түскен шағымдар мен өтініштер, талап-тілектер мен сұраулар өте көп, ол барлық көтеріліс аймақтарынан жіберілген, сондай-ақ Петроградта Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығынан шағыммен келіп, ведомстволардың алдына кіре алмай жүргендер де аз емес деп арнайы тоқталғанына қарап, далалықтардың да өз мүдделері мен құқықтары жолында қол қусырып қарап қалмағанын байқаймыз. Қалай болған күнде де Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығындағы қанды оқиға соғыстан әбден титықтаған, экономикасы мүлдем күйзеліп, ішкі қатынастары әбден ширыққан, дағдарыс құрсауына түскен Ресей империясында, оның Мемлекеттік Думасында өткір қойылып, империяның отарлық саясаты тас-талқан етіліп сыналды, үкімет пен ведомство басында отырған дарынсыз басшылардың орыс халқының атына кір келтіргенін, масқаралық жағдайға алып келгенін депутаттар сынап, талқыға салды. Дума мүшелерінің өз пікірлерін Дума мінберінен батыл әрі ашық түрде көтеріп, көтерілістің шығуына кінәлі адамдарды атап көрсетіп, олар қылмыстық іске барды деп айыптауы – шын мәнінде тарихи, саяси үлкен оқиға болды. Орталық Азия мен Қазақстанның езіліп-жаншылған, қойдай қырылған халқының құқығын қорғап, оларды ақтап сөйлеген депутаттардың көзқарастарының беріктігін, позицияларының тегеурінділігін, саяси да, құқықтық та тұрғыдан сауаттылығын құжаттардан айқын байқаймыз. Жергілікті патша әкімшілігінің іс-әрекеттеріндегі заңсыздықтарды, қызмет бабын асыра пайдаланушылықты, жергілікті халық құқының аяққа тапталуын ашық сынады, қыруар материалдар мен документтер құжаттарға негізделген, көтеріліске қатысты бұл мәселелер Ресей зиялы қауым өкілдері, Думаның мүшелері арасында ашық күнгі найзағайдай әсер еткені анық. Жүздеген Дума мүшелері үкіметтің әділетсіз саясатын, империяның дәрменсіздігін аяусыз әшкереледі, себебі империяның тұтастығы тозығы жеткен матадай сетіней бастаған-ды, екінші жағынан бұл кезең Ресейдегі ішкі қайшылықтың да әбден шегіне жетіп шиеленісіп, дүние дидарын өзгертіп жіберетін әлемдік сипаттағы қоғамдық сілкініс пісіп келе жатқан кезең болатын. Патшалы Ресей әлеуметтік дауылды бұрқасынның алдында тұрды. Ресей империясын 300 жылдан астам уақыт бойы билеп-төстеп келген Романовтар әулетінің билігі аяқталып, күнінің батып келе жатқанынан тарихи дүмпулер хабар беріп те тұрғандай-ды. Ресей империясы тарихында алда болатын әлеуметтік революцияның да таяп қалғанын, әйтеуір үлкен бір алапат төңкерістің, сілкіністің болмай қалмайтынын, қоғамның әбден қайшылыққа ұрынып, дағдарыс пен тұйыққа тірелгенін күйреген экономикасы да айқын аңғартып берді. Ал экономикалық дағдарыс әлеуметтік қайшылықты тіптен шиеленістіріп, отаршылдық езгіні одан әрі күшейтіп жіберді, ал мұндай жағдай қоғамда қалайда реформа жүргізуді талап етті. Ресей Мемлекеттік Дума мүшелері, міне, орын алып отырған қайшылықтар, ішкі саясаттағы дағдарыс, оның зардаптары дала халқының шаруашылығын мүлдем күйзелтіп, тұралатып кеткенін, көтеріліс салдарларын мемлекеттік деңгейде қойды, қоғамдық пікір талқысына салды, сөйтіп демократиялық күштер өз мүмкіндігі, құқығы шегінде күресе білді. Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығына іс-сапармен барып, жағдайды өз көздерімен көріп, қыруар құжаттар алып, зерттеген депутаттар тобы өз міндеттерін, азаматтық парыздарын барынша обьективті атқаруға тырысты. Олардың, әрине, Ресей империясының мүддесін көздегенін біз жоққа шығара алмаймыз, дегенмен Дума мүшелері Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығын қазына байлығы мол Ресейдің провинциясы ретінде қарағанымен де, бұл отарлы аймақ әкімшілік тұрғыдан дұрыс басқарылмай алысты болжай алмайтын тайқы маңдайлардың халықты аяусыз қырғынға тап қылып отырғанын жазғырды, мұны қылмысты іс-әрекет деп бағалады. Қалай болғанда да көзқарастарында қайшылықтар бола тұра, әртүрлі партиялардың мүдделерін көздегенімен де оппозициялық партия мүшелері 1916 жылғы көтеріліске өз көзқарастарын ашық білдірді, мұның өзі Дума мүшелері блогы үкіметтің мемлекетті тығырық пен дағдарысқа ұрындырған ішкі, сыртқы саясатының әділетсіздігін қоғам алдында төтесінен қойды, үкіметтің дәрменсіздігін мойындатты, мұның өзі де үлкен тарихи акті еді. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты Дума мүшелері тарапынан қолдауға ие бола алмады, қайта айыпталып, кінәлі адамдарды жауапқа тарту мәселесі ашық көтерілді. Әсіресе, Саратов губерниясынан сайланған Дума мүшесі Керенскийдің сөзі өте өткір, салмақты болды, ол патша жарлығының өзі негізгі заңға қайшы келетінін, соған орай соғыс министрінің бұйрығы да заң талаптарын, баптарын бұзып отырғанын, ал мұның салдары көтеріліске алып келіп, қайғылы оқиғаға ұласқанын дұрыс баяндады. Патша жарлығы жарияланып, оны іске асырған адамдарды – кінәлілерді іздейтін болсақ, онда оған кінәлілер осы жарлықты шығарушылар деп жарлықтың заңсыздығына баса назар аударды. Мұндай үлкен маңызды шараларды жүргізе отырып, жергілікті үкіметтен бұл шараны өткізу мүмкін бе, шиеленіс тудырып алмас үшін қалай, қайтіп өткізу қажет, кімді шақыру керек, жергілікті жағдай нені талап етеді деген мәселені сұрап бас қатырмады, себебі Түркістан мен далалық қазақ облыстары – бұл Тула, болмаса Тамбов губерниясы емес. Дума мүшесі ең алдымен патша жарлығының егісті жинау, жиын-теріннің нағыз қызып тұрған шағында бүкіл еркек кіндіктілерді жаппай мемлекеттің қорғаныс жұмысына тартуы, оны шұғыл түрде іске асыруға кірісіп кетуі – қателік болды деп санады. Мұндай жаппай мобилизациялау жұмысы Ресей губернияларына қатысты болса, онда ол жерлерде де қарсылық туатын еді, ал оның зардабы қандай болары белгілі емес пе деді.  width= Ал Түркістан өлкесі мен далалық облыстар ең тыныш, бейқұт жағдайдағы аймақ болатын, онда қауіп тудыратын ешқандай өзгеріс байқаған емес, өйткені Түркістаннан орыс әскерлері алынып жатты. Керенский соғыс барысында жергілікті халықтан жылқы, киіз үйлер, құралдар, тағы да басқа қажетті заттар үздіксіз жиналып отырғанын, олардан жинаған ақша майданға алынған орыстардың отбасына жылу ретінде беріліп келгенін айтты, депутат 100 000 сомнан астам қаржы майданға кеткен орыс отбасыларына жылу ретінде жергілікті халықтан жиналғанын мысалға келтірді. Депутат халықтың қайырымдылық іс-шараларына саналы түрде барғанын, қолындағы барын аямай ұсынып келгеніне арнайы тоқталды, ал осындай халыққа біз не істеп отырмыз деген сұрау да тұр еді бұл мәліметтің астарында, ал осы көшпенділерді аяусыз мыңдап, он мыңдап, жоспарлы да жүйелі түрде қырып жатырмыз деп мәселені тікесінен қоя отырып, мұның бәрінің себепшісі заңсыз жарлықты жариялап, заң мен құқықты бұзып жүзеге асырушы орталық үкімет, тап солардың кінәсінен ғана болып отыр, бүткіл соғыс майданына олар енді Түркістан майданын қосты деді. Куропаткинге шын мәнінде Түркістан өлкесінің генерал-губернаторлығы қызметіне қоса әскердің қолбасшысы құқығы берілді, сөйтіп ол Түркістан өлкесін майдан алаңына айналдырды. Керенскийдің бұл сынының жаны бар еді. Жергілікті халықтың тұрмыстық ерекшелігін, экономикалық жағдайын, тіршілік ету укладын ескеру керек еді, ешбір даярлықсыз, алдын ала халықты хабардар етіп, түсіндірусіз жүргізілген мұндай шара жүзеге асырылуға тиіс емес еді, оның үстіне қолайсыз мерзім таңдалды, бұл мұсылмандар үшін ораза айы болатын, міне, осындай халықтың тұрмыс-тіршілігіне қайшы келетін деректерді алға тарты. Бұратана халықтарды мемлекеттің қорғаныс жұмыстары үшін майдандағы тыл жұмысына алу туралы патшаның жарлығын орындау мен жүзеге асыру жөнінде Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы өлкенің барлық губернаторларын жинап кеңес өткізді. Осы өткізілген кеңесте солардың ішінде генерал Гиппиус ғана батылы барып, мұндай жарлықты мына тәртіпте ойдағыдай өткізу мүмкін болмайды деді. Өйткені бұл шараның зардаптарын жоюмен күресуге тура келетінін ойлау қажет деп, жергілікті жағдай ескерілмей отырғанын ашық айтты. Ферғана облысының әскери губернаторы өлке генерал-губернаторының үкімін сол күйінде орындаудан бас тартқан, сөйтіп өзі дұрыс деп тапқан жолмен халықтың қарсылығын туғызбай жүргізе білген, бұл облыста болуы ықтимал берекесіздіктің алдын ала білді, алайда өзінің азаматтық әрі губернаторлық парызын осылай жүзеге асырған генерал тез арада қызметінен алынған. Әрине, мұндай генералдар бірен-саран болатын. Керенскийдің азаматтық әрі әкімшілік парызын дұрыс орындаған азамат ретінде оған тоқталуының себебі сол еді. Тыл жұмысына адамдарды мәжбүрлеп, бұйрықтың күшімен, міндеттеп мойынсұндыру жолымен алудан сатып алу-сату, ақша беру жолына көшкенін, жергілікті халықты әскерге шақырудан аман алып қалу үшін ақша алып, басқа біреуді тізімге кіргізу жаппай өріс алып кеткендігі сондай, жергілікті әкімшілік жағдайды пайдаланып, қанаудың жаңа түріне тартып алу, бопсалап баюдың жолына түскенін, сөйтіп жарлықтың сауда-саттыққа айналдырылғанын, оның өзі жергілікті жерлерде нағыз жүгенсіздікке алып келгенін сынға алды. Осыған орай қорқытып, қоқан-лоққы жасап, тартып алу жоғары тұрған әкімшіліктің араласуымен істелініп жатқан жөнсіздік, бетімен кетушілік деп көрсетті. Оның үстіне туу туралы куәлік берілмегендіктен кімнің 19 немесе 43-те екенін түріне қарап ажырату мүмкін де емес қой. Сондықтан мұны жергілікті әкімшілік тізім жасау кезінде өз мүдделеріне жақсы пайдалана білді. 60-тағы қарт тізімде 30-да деп көрсетілді, ал оны дәлелдеу мүмкін емес-ті, содан одан құтылу үшін 300 сом төлеуі тиіс болды, ал 25-30-дағы жас жігітті 50-дегі орта жастағы адам етіп көрсеткен, өйткені ол дәулетті кісі болатын. Бұған ешкім де қарсы бола алмады, ал қарсы шыққандарды сұраусыз ит сияқты атып тастады, сөйтіп халықты бұққан үстіне бұқтыра берді. Керенский мұндай жүгенсіздіктің бұхара психологиясына өшпес із қалдыратынын, орыс мемлекеті, орыс мәдениеті өкілдерінің мұндай қылықтары нағыз арсыздық деп ренішін жасырмады, көтерілістің шығуында осындай себептер жатыр еді. Бүліншілікті басуды орыс үкіметі жоспарлы әрі жүйелі түрде террорлықпен жүргізді. Мұндай террор мәдениетті еуропалық мемлекетте де жол берілетін нәрсе емес. Семиреченск (Жетісу) таулы аймағындағы жағдайды, бейбіт үдере бас сауғалап ауған халықты қырғынға ұшыратқан сұмдықты әлем күні бүгінге дейін көрген емес шығар, осыдан кейін барып Армениядағы түріктердің тағылығы, Болгариядағы немістердің зұлымдығы туралы біздің сөз етуіміз тым қиын болмас па деп, депутат залға сұрау тастады. Керенский панисламистік насихат, неміс агенттігі туралы да тоқталып, мұның бәрі ойдан шығарылған нәрсе деді. Ол Әндіжанда панисламистік насихат жүргізді дегенге қатысты жергілікті милиционердің үйін тінткен кезде панисламистік қозғалысқа шақырған панисламистік мөр басылған үндеу табылған, оған жергілікті күзетшілер қатты қуанған, алайда әкімшіліктердің бірі оған сенбей қарсы тексеру жүргізген кезде, бұл үндеудің жергілікті күзет бөлімінің, фамилиясы шамасы Тимофеев болу керек, агентінің үйінен де әлгі үндеу табылғанын мысалға келтірді. Петербургке жеткен панисламистік насихатты, міне, қандай жолмен таратып келген, мемлекеттік қылмыскерлер міне солар, олар шындықты айтпайды, – деді. Ташкентте де билер Ауғанстанның әмірімен хат арқылы байланыс жасаған деп, бәрін тұтқынға алып, айып тағылғанымен, бұл хаттың төркіні де әлгіндей болып шыққан. Жергілікті әкімшіліктің бұратаналардың түрік, неміс, Ауғанстанмен байланысы бар деп, өздерінің әрекетсіздігін бүркемелеу үшін арандатушылық үндеу мен хатты өздері ұйымдастырып, іріткі салып отырғанын қатты сын нысанасына алды. Ал министрліктің орындығында отырғандар бізге дұшпан мемлекеттердің арандатушылық әрекеттері туралы жалған аңызды қайталап, өз кінәлерін басқаларға ысырып тастауда деді. Жалпы, депутат бүліктің болғанын айта келіп, мұндай стихиялық сипатта тұтанған қозғалыстан кейбір жерлерде орыс тұрғындары да зардап шеккен, әсіресе Пржевальск, Жаркент уездерінде, басқа жерлерде кісі өлімі бірен-саран ғана болғанын, ал Жизақтағы наразылық кезінде жаяу әскер, артиллерия және атты әскер қолданылып, оларға жолдарындағылардың бәрін: бүкіл тұрғындарды, бала-шағаларды, әйелдерді де атып, қырып-жоюға бұйрық берілгенін жеткізді. Емшектегі балалар, қарт кісілер аяусыз оққа ұшқан. Жизақта 13 шілде күні бүлік басталса, ал 3 тамызда әлгі бұйрық беріледі де үш күннің ішінде ұланғайыр аумақты алып жатқан уездердегі кісі өлтірушілерді ұстап бермейтін болса, онда бүкіл халық қаладан қуылып шығарылады деп мерзім берілген, содан ол бұйрық тамызда орындалған. Керенский екі майданда болғанын, Жизақ сияқты тас-талқан, жермен-жексен етіліп, күлге айналып қираған қаланы ешуақытта көрмегенін ашына айтты, бұл дұшпанның емес орыстың қаласы емес пе! – деді. Бұл аздай Түркістан генерал-губернаторы Жизақ тұрғындарының бәрінің жерін тәркілеу туралы бұйрық шығарған. Керенский жазалау отрядының халықты қырғанын, генерал-губернатор олардың құқығынан айырып, жерлерін тәркілегенін барып тұрған жөнсіздік деп бағалады, мұндай шектен шығушылықты қайдан көрдіңіздер деп күйінішін білдірген Дума мүшесі: «И вы, сидящие направо, среди вас так много людей с крестами, кричите: так следовало бы. Вы одобряете, точно не библейские, а я не знаю какие ... (шум), (не слышно) (Голос справо: это ложь). (Грозный 1916-й год. А., 1998, с. 183). Стенограммадан депутаттың баяндамасына ешкім де бейжай қарамағанын байқауға болады. Керенский қазақтарда болған жағдаймен салыстырғанда сарттардікі түк емес деп, Қазақстандағы жазалау отрядтарының халықты жаппай қырып-жоюына тоқталды, қажет болса мен мұны басынан аяғына дейін дәлелдеп шығамын деп, дәлел, деректерінің жеткілікті екенін сенімді түрде мәлімдеді. Фольбаумның Тоқмақ тұрғындарының қозғалысын басу үшін жіберген жазалау экспедициясы бастығының халықты қырғынға ұшыратып, өз еркімен келгендерді өзеннен өткен кезде суға батырып, тұншықтырған тағылық әрекетін жазғырды, үкіметтің бүлікті басу әрекетіне орыс халқының бір бөлігінің қосылып, жағдайды тіптен өршітіп жібергенін, орыстардың арасында да өлім болғанымен, қазақтардың қан қасапқа айналғанын, Луговое селосында жазалау отряды бірнеше орыс қоныстанушыларымен бірігіп жиналған қалың топты қоршап, қамшының астына алған, атқан, жартасқа тықсырып, ағып жатқан өзенге лақтырғанын айтты. Керенский Семиреченскіде шығатын ресми газетте басылған материалдан жазалау отрядының тағылығын баяндаған үзінді келтірді: «Әрине, ақыры бүлікшілерге елді дүрліктірген жазалау шарасы жүргізілді, әскерлер мыңдаған қазақтарды атты ... (сол жақтан дауыс: масқара) ... олардың қоныстары жойылуда, олардың мыңғырған малдары әскерлердің, әкімшіліктің қолына түсті. Іс мұнымен де біткен жоқ. Әскерлердің комбинациялық операцияларының басты нәтижесі мынада еді: бүкіл бүлікшілер қазір таулы аудандарға тықсырылғандығы сондай жақын арада суықтың түсіп, аштықтың салдарынан олар толықтай өздерінің ессіз көтерілісінің зардабын тартатын болады ... (сол жақтан дауыс: масқара) ... қазірдің өзінде олардың арасында ауру таралып, адамдардың өліп жатқандығы туралы хабар түсіп жатыр; бірақ әскерге дұшпанға аяушылық болмасын деген бұйрық берілген» ... (сол жақтан дауыс: жауды тапқан екен) ... қазақтар патша жарлығы шыққаннан кейін, тауға қарай бет алып, қалайда құтылып кету үшін – Қытайға өтпек болды. Таудың қуысына жиналған әйел, бала-шаға, қарт кісілер өлімге тап болды. Қараңғы халықты, оқымаған елді қалай жазғыруға болады, біздер орыс тарихының масқара беттерінің алдында тұрмыз деп депутат күйініп, ренішін жасырмады. Жарлықты орындау шаралары айналып келгенде халықты қорлауға айналдырылды, бұл орыс мемлекеті үшін нағыз масқара жағдай болды. Жергілікті халық орыс әкімшілігінің іс-әрекеттері Бұхара жендеттерінен асып кетпесе, кем түспегенін көрді. Жазықсыз жандардың төгілген қанына жауап берілуге тиіс дей келе Керен­ский аса өткір мәселе ретінде басқару жүйесінің елдің қалыпты өмір сүруіне жарамсыз болып отырғандығын ортаға салды, ал бұл басқару жүйесі шалғайда жатқан дала үшін жазалау, аса қауіпті жүйеге айналғанына ашынды. Сондықтан шеткі аймақтарды басқару тәртібін өзгерту қажеттігін, мүлдем басқа жаңа басқару жүйесіне көшу керектігін талап етті. Куропаткинді сынады. Бұл адамның аймақта жергілікті өзін-өзі басқару қажеттігін мүлде теріске шығаратынын айтып, жергілікті жерде халықтың сана-сезімінің оянып, мәдениеті дамып келе жатқанын, олармен іргелес жатқан Үндістан, Парсы, Қытай елдерінде халық қозғалып оянып, жаңа жаңғырған өмірге ұмтыла бастағанын, ал мұның сөзсіз айналасындағы елдерге ықпалы боларын ескертті. Сондықтан ескі басқару жүйесін мүлдем өзгерту қажеттігін, ол жүйенің бүгінде қоғамды басқаруға жарамсыз болып отырғанын депутат тап басып көрсетіп, гәп елді, Ресейдің маржаны саналған шеткері жатқан аймақты саналы түрде басқару белгісінің де байқалынбай отырғандығына қатты қынжылды. Дума мүшесі Керенскийдің Түркістан мен далалық облыстардағы қарулы көтерілістің себеп-салдарын жан-жақты зерттеп, талдап, Думаның кезекті мәжілісінің күн тәртібіне қоюына қол жеткізуінің өзі саяси мәні зор жетістік еді, ол мәселені, қалыптасқан жағдайды сол қалпында сипаттап, өзінің бұған деген көзқарасы мен пікірін бүкпесіз ашық баяндады. Оның баяндамасының ең бір мықты тұсы көтеріліске себеп болған обьективті мәселелерді айналып өтпей, нақты қоя білуінде жатыр еді. Ол бұл тұрғыда өзінің азаматтық позициясынан тайсақтамай, талқылау барысында ашық баяндады. Сондықтан да оның сын пікірлері нақты, әрі дәлелді, нысанаға дәл тиіп жатты. Керенский Ресейдің мемлекеттік мүддесін қорғайтынын, ал отарлы елдер оның құрамындағы қазыналы аймақ екендігін, сондықтан бұл географиялық кеңістікті Ресей мемлекетінің жері деп санайтынын, ал оның жұртын империя қарауындағы халық деп есептейтінін де бүгіп қалмады. Ол империя мүддесін қорғай отырып, оның заңсыз әрекеттеріне батыл қарсы шықты. Оның көзқарасында демократиялық принциптер, гуманистік парасат пен пайымдылық, жағдайды тарихи тұрғыдан бағалай білушілік басым түсіп жататынын байқаймыз. Сол себептен де ол Түркістан өлкесі мен далалық облыстар халқына патша чиновниктері сияқты империялық өктемдікпен қараған жоқ, оларға Ресейдің азаматы, Ресей империясының халқы ретінде қарады, олармен санасу, жергілікті жердің ерекшеліктерін, халқының әдет-ғұрып, салт-санасын, психологиясын ескеріп отыру қажеттігіне ерекше мән берді. 1916 жылғы көтеріліске кінәлі Түркістан өлкесі мен далалық облыстардың халқы емес, Ресей үкіметінің, оның соғыс, ішкі істер, юстиция министрлері, патша жарлығын шығарушылардың өздері, негізгі заңды бұзған алдымен солар, заңсыз шешімді шұғыл іске асыруға шара қолданған да орталық үкімет деді. ІІ Николайдың 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы заңсыздық деп, оның негізгі заңға кереғар келетінін именбей ашық қойды. Мұндай сын пікір айту – шын мәнінде империяның жүргізіп отырған саясатына қарсылық болатын. Дәл сол 1916 жылдың лаңы әлі басылмай тұрған кезде мұндай өткір пікір айтуға көп азаматтардың жүрегі дауаламас та еді. Орталық Азия мен Қазақстандағы көтеріліске қатысушылардың көкейінде жатқан мұң-зары, қоғамда қордаланған қайшылықтар мен әділетсіздіктер, озбыр отарлық саясат, патша үкіметінің террорлық іс-қимылдары, ұлттық қайшылықтар Керенскийдің баяндамасы арқылы Дума мүшелері мен Ресей үкіметіне, министрліктеріне жеткізілді. Керенский өзін белгілі дәрежеде езілген, қор болған халықтың, қасіретке тап болған көтерілісшілердің мүддесін көздеуші, әділеттілікті жақтаушы, нағыз демократ, зиялы азамат ретінде көрсетіп, ұстанған позициясынан таймады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларды кінәсіз деп таныған, көтеріліске обьективті жан-жақты ресми баға берген де Керен­ский болды, ол бұл тұста, көтеріліс мәселесінде өзінің Ресей азаматы, оның нағыз патриоты екенін іспен де, сөзімен де дәлелдеуге тырысты. Алайда кейін уақытша үкіметті басқарған Керенскийдің де империялық санадан аса алмағанын тарих көрсетті, ол кейін шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Аса ділгір, қайшылыққа толы күрделі мәселелерді Керенский сияқты батыл қоя білетін депутаттар қай кезеңде де, қай қоғамда да аса қажет, олар қоғамның дамуына, демократияның жетілуіне, құқықтық сананың қалыптасуына, мемлекет саясатының дұрыс бағытта жүргізілуіне белгілі дәрежеде ықпал етеді, қоғамдық пікір тудырып, орнықтырады, қоғамның кір-ластан тазаруына әсер етеді. Дума мүшелерінің қойған мәселелері мүлдем ескерусіз қалды деуге болмас, 1916 жылғы көтерілісті басуға қатысты шараларды жүргізуге атсалысқан билік басындағылар қызметінен алынды, Министрлер Кеңесі төрағасының да орнын босатқаны мәлім. ІV Мемлекеттік Думаның жабық мәжілісінің стенографиялық есебі кейіннен Түркістан генерал-губернаторына жіберілген, ол материалдармен танысып, оқып шыққан Куропаткин қара қаламмен сызып, пікірін парақтың шетіне жазыпты, ондай ескертпелері он шақты. Түркістан өлкесіндегі көтерілістің себебі туралы ІІ Николайға жолдаған рапортында ол айтылған сындарды назарға алса керек. Мәжілістің стенографиялық есебінде Керенскийдің сөзіне залдағы депутаттардың реакциясы, қолдап білдірген репликалары мәжілісте бұл мәселенің қызу талқыланғанын аңғартады. Болған оқиға үшін барлық кінә жосықсыз заңсыздық жасаған орыс үкіметіне аударылуға тиіс деп айтты Керен­­ский. Ол көтеріліске байланысты барлық кінәні үкіметтің мойнына артты. Депутат Джафаров өз сөзінде мұндай маңызды мәселе сол аймақ өкілдерінің қатысуынсыз талқыланып отырылуының өзі қалыпты құбылыс еместігін, бұған одан әрі төзуге болмайтынын, жергілікті ұлттардың құқығының шектеліп отырғанын сынға алды. Ол мына мәселелерге көңіл бөлді: бұратана халықты тыл жұмысына алуда өлкелік жерлердің экономикалық ерекшеліктері ескерілмеді, оның тұрмыстық ерекшелігі, жергілікті шаруашылықтың, тылдың қалыпты жағдайда болуына әсер ететін рөліне назар аударылмады деп атап өтті, майдан ұйымдастырылып, ал тылдың шырқын бұздық, берекесін кетірдік, тыл жұмысына кесір келтірдік деді. Үкімет елдің алдында жауапсыз үкіметке, халықтың жанды күшіне сүйенбейтін үкіметке айналды, мұндай үкіметтің жүргізген шараларынан мемлекеттік парасатты, мақсаттылықты күту қиын деген пікірі үкіметтің дәрменсіздігін айқын көрсетті. Желтоқсанның 15 күнгі мәжілісте князь Мансырев, граф Капнист, Аджемов сөз сөйлеген, олар сөйлеген сөздерінде Керенскийдің көтерген мәселелерін қолдап, Ресей үкіметінің, өлкелік әкімшіліктердің жарлықты іске асыру шараларын ұйымдастырып жүргізу кезінде жіберген заңсыздықтарына, жасаған зорлықтарына, жазықсыз жандарды қырғынға ұшыратқандарына ашынды, империя саясатының қайшылыққа тірелгенін, аймақты басқаруға қолданылып келе жатқан ереженің ескіргенін, оның сауатсыз жазылғанын сынады. Граф Капнист соғыстың басында тұтқындар жүз мыңдап қолға түсті, олар Түркістан өлкесіне де жіберілді, ал олардың ол жерде не істеп жатқанын, бәлкім Парсы еліне қашып кетті ме, бір Құдайдың өзі біледі, орыс үкіметі мұны білуге міндетті еді ғой деді. Төгілген қанға, ол орыс крестьяндарының, болмаса бұратана халықтың қаны ма ол кәдуілгі (физикалық) кінәлілердің мойнына ғана емес, интеллектуалдық кінәлілердің мойнына жүктелінуге тиіс, ол қатты жазалануы қажет деп санады. Ол орыс үкіметін сақтық жасауға шақыру керек, болмаса отарлаудан бас тартуға мәжбүр болатын жағдайға тап болып, Түркістан Қытай елінің қол астына көшіп кетуі ықтимал деп пікірін жасырмады. Ол Түркістан орыс тәжінің ең бір әдемі маржандарының бірі деп атап өтті, онда мақтаға деген тәуелділіктің жатқанына назар аударды. Түркістан аймағын жаулап алғанға дейін Ресей мақтаны Америкадан алтын ақшаға алып келген, империяның текстиль кәсіпорнын Америка мақтасы қамтамасыз етіп келсе, Түркістан өлкесін жаулап алғаннан кейін оның мақтасы Ресейді тәуелділіктен құтқарды, әрі мақта өндіру арзанға түсті. Капнистің көтеріп отырған мәселесінің империя саясаты үшін маңызы үлкен еді. Алайда Дума мүшелерінің сөздерінде көтеріліске қатысты мәселеге басты назар аударылып, жан-жақты қарастырылуға күш салынғанымен, отарлы аймақтың мүддесін, жергілікті халықтың талап-тілегін, әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық, ағартушылық, медициналық жағынан қамтамасыз етілуін ешкім де қарастырмады: халықтың мәдениетке, білімге ұмтылысын ешкім де назарға алмады. Көтерілістің әлеуметтік, экономикалық салдарлары, оны жақсарту мәселелері қарастырудан, назардан тыс қалды, демократиялық бағыт ұстанған депутаттар да ұлттардың әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күресіне уақыт талабы тұрғысынан қарай алмады, мұның өзі антогонистік қайшылыққа қайта алып келетінін елемеді, бірақ көтеріліске қатысты оған кінәлі, жауапты адамдар мен ведомствалар батыл сыналды, аяусыз әшкереленді, олардың елді масқаралық жағдайға алып келіп тірегені кешірімсіз нәрсе, қылмыстық акті ретінде қаралды, бұл депутаттардың, әсіресе, Керенскийдің қажырлы іс-әрекетінің нәтижесі еді.  

Мұхтар Қазыбек,

жазушы

Серіктес жаңалықтары