Айсұлу Еркінбекова: «Мен Республика күні тудым»

Айсұлу Еркінбекова осы сөзді мақтанышпен айтады.

Айсұлу Еркінбекова: «Мен Республика күні тудым»
1096

Ол осыдан 28 жыл бұрын 25 қазанда Қырғызстан Республикасында дүниеге келді. Cегіз жасқа толғанда Қазақстанға біржолата қоныс аударды. Turkystan.kz тілшісі меншікті мерекесі ұлттық мерекемен қатар келген қызды туған күнімен құттықтап, сыр суыртпақтап қайтты.
 
Анасы Айнұрдың ата жұртына деген аңсары мен сағынышы Айсұлудың  Қазақстанға деген қызығушылығын оятқан екен. Бұл туралы ол: «Әкем –  қырғыз, анам – қазақ. Атам ашаршылық кезінде Қырғызстанға жер ауып кеткен. Сол жақта өсіп, өніп, ұрпақ өрбіткен. Анам әкесіне Қазақстанға көшу туралы үнемі айтып жүретін. Атам оған: «Тұрмыс құрғаннан соң өзің көшіп барасың, ал мен жылы орнымды суытпаймын» дейтін. Атамның айтқаны айдай болды. Анамның Қазақстанға деген құштарлығы мен махаббаты жеңді. Ол қырғыз азаматын, менің әкем Еркінбекті көндіріп, Қазақстанға, атажұртына көшіп келді», – деді.

Астанада түтін түтетіп отырғандарына 20 жылдан астам уақыт болған ару әкесін Қазақстанға көшуге келістіру үшін анасы 5 жыл жалынғанын жеткізді.  

«Анам жалынып, жылап, күні-түні сұрап, дегеніне жетті. Әкем 5 жылдан соң анамның қалауы үшін Қазақстанға көшіп келуге келісім берді», – деді А. Еркінбекова.

Көпбалалы отбасы Қырғызстаннан Қазақстанға қоныс аударғанда Астананы бетке алған екен. Кейіпкеріміз көштің қалай түзелгенін былай баяндады: «Қазақстанға 2005 жылы көшіп келдік. Бауырларым қазақ тілін тез меңгеріп алды. Мен біраз қиналдым. Анам мәселені кітап оқыту арқылы шешті». 

Айсұлудың айтуынша, ол оқыған кітабын мысыққа мазмұндауға мәжбүр болған.

«Кітаптан түсінгенімді айтып, тілімді сындыру үшін мысықпен дос болдым. Мысық менің айтқанымның барлығын үнсіз тыңдайтын. Ал мен осы әдіс арқылы қазақ тілін толық меңгеріп алдым», – деді туған күн иесі.

А. Еркінбекова Астанадағы алғашқы жылдарын былай еске алды:

«Бұрынғы «Артем» қазіргі «Астаналық базарда» саудамен айналыстық. Сол маңайдағы жер үйлердің бірін жалдадық. Астананың суығына үйдің суығы қосылғанда қалшылдап, үсіп кете жаздайтынбыз. Суық қалаға не үшін келдік деп мұңаятынбыз. Уақыт өте келе басқа жаққа барсақ Астанаға оралғымыз келіп тұратын болдық. Астананың аязы мен суығын сағынатын күнге жеттік. Бас қалаға бауыр басып алдық», – деді ол.

Айсұлу Қазақстанға көшіп келгенде адамдардан көрген жақсылығын жылылықпен еске алды. 

«Жағдайымыз сәл түзелгенде көпқабатты үйлердің бірінен үй жалдадық. Кейде 2-3 ай пәтерақысын төлеуге мүмкіндік болмай қалатын. Сонда үй иесі «елім, жерім деп келдіңдер ғой, алаңдамаңдар, дүниенің құны ақшада тұрған жоқ» дейтін. Пәтерақысын төлеңдер деп қыспайтын. Сол кісі күні бүгінге дейін жүрегіме ерекше мейірім тұндырады», – деді кейіпкеріміз.

Айсұлудың айтуынша, көпбалалы ана ретінде анасы үкіметтен үй алған. Бүгінде бауырлары, өзі жеке отау болып отыр. 

«Ағам қазақтың қызына үйленді. Қазір өз кәсібін жүргізіп, отбасымен тату-тәтті тірлік кешуде. Сіңлім, өзім қазақ отбасына келін болып түстік. Әрқайсымыздың тәрбиелеп отырған балапандарымыз бар. Бізге бақ та, береке де, байлық та Қазақстаннан бұйырды. Осы үшін анама, қазақтың қызына алғыс айтамын. Қазақ халқына да мың рахмет, ешқашан маңдайымыздан шертіп, бетімізден қаққан жоқ», – деді ол. 

Дизайнер мамандығын меңгерген қыз бүгінде тігін тігіп, ісмерлігімен танылып жүр.

 

«Тігінші-дизайнер болып жұмыс істеймін. Тапсырыс бойынша киім тігемін», – деді ол.
 

Айсұлу кішкентай кезінен бері туған күнін тойлағанды жақсы көреді екен. Бұл туралы ол: «Ағам туған күніме үнемі тосынсый жасайтын. Ол күні үй жинатпайтын, ыдыс жуғызбайтын, тамақ әзірлетпейтін. Барлығын өзі атқаратын. Осыған байланысты туған күнімді қатты күтетінмін», – деді.

Айсұлу Республика күнімен қатар келетін меншікті мерекесін «Мен Республика күні тудым» деп ерекшелейтінін атап өтті. 

«Айналамдағы адамдарға менің туған күнімде бүкіл Қазақстан демалады,  туған күнімнің «Ұлттық мереке» дейтін мәртебесі бар деп әзілдеймін.  Шындығында Республика күнінің қадірі мен қасиетін бір кісідей түсінемін және қадірлеймін. Бұл – тәуелсіздіктің төлқұжатына айналған күн. Дәл осы күні дүниеге келгенімді мақтан тұтамын», – деді ол. 

Кейіпкеріміз қазақтың көк байрағын, елтаңбасын көргенде, әнұранын тыңдағанда ерекше елжірейтінін айтты. 

«Қазақстанның спортшылары жарыстарда жеңіске жеткен сәтте қатты қуанамын. Әнұранды тыңдағанда өне бойым ерекше шымырлайды. Қырғыздың қызы болсам да, қазақ дегенде шығарға жаным бөлек. Мен Қазақстанды жақсы көремін. Қазақстан менің Отаным, менің елім. Мен Қазақстанның бір бөлшегімін. Осы елде өсемін, осы елде көктеймін. Қазақтың 2 ұлын өсіріп отырмын. Олардың абыройлы азамат болғанын және Қазақстанның өркендеуіне үлес қосқанын аналық жүрегіммен тілеймін», – деп ағынан жарылды Айсұлу. 

Редакция Айсұлу Еркінбекованы бүгінгі туған күнімен, Республика күнімен шын жүректен құттықтайды. Айсұлудың арманы ақиқатқа айналып, мақсаты орындалсын деп тілеулестік білдіреді.

Серіктес жаңалықтары