Еліміздегі дәрі-дәрмек бағасын министрлік реттейтін болады

Еліміздегі дәрі-дәрмек бағасын министрлік реттейтін болады

Еліміздегі дәрі-дәрмек бағасын министрлік реттейтін болады
ашық дереккөзі
279
Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі дәрі-дәрмек бағасын реттеуді қолға алмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен Үкіметте өткен брифинг барысында мәлім болды. Министрлік дәрілердің бағасын реттеу үшін заң әзірлеп жатыр. Құжат тамыз айында дайын болмақ. Сондай-ақ, Елжан Біртанов министрліктің жаңа талаптары стоматологиялық қызмет ақысын қымбаттатпайтындығын жеткізді. Стоматологиялық қызметті тек жоғары білімді маман ғана емес, орта білімді дәрігер де көрсете беретінін жеткізді. Өйткені министрлік қызмет сапасын ғана тексеретін көрінеді. «Стоматология саласы жеке сектор болғандықтан, біз оның жұмысына араласпаймыз. Шығынның барлығы нарықтың талаптарына қарай орнатылады. Тіс дәрігерлері мейлі ол орта немесе жоғары білімді болсын, осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген және істей береді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Осы брифингте елімізде әрбір азаматтың электронды денсаулық сақтау төлқұжаты пайда болатындығы да айтылды. 2018 жылдан бастап қазақстандықтардың барлық медициналық жазбалары электронды түрде сақталмақ. Сонымен қатар, ведомство басшысы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін осы жылдың 1 шілдесінен, табысы жоқ азаматтар үшін келер жылдың 1 ақпанынан, ал жұмыс істейтін адамдар үшін 2019 жылдан бастап енгізіледі. Медициналық сақтандыру аясында бұқара халық амбулаторлы-емханалық пен стационарлық көмек алып, күндізгі стационарда емделе алады. Сонымен қатар жоғары технологиялы медициналық қызмет пен тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізеді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру заңында тура жазылған. Жұмысшылар 1 пайыз төлейді. 100 мың теңге айлығынан бір мыңын денсаулық сақтауға төлесеңіз, біз жыл сайын денсаулық сақтау саласына 1 трлн ақша жібереміз. Яғни бір адамның басына 55 мың теңгеден жұмсаймыз. Бірақ кейбір науқастардың бір еміне 5-6 млн теңге жібереміз. 2019 жылдан бастап жыл сайын сіз 12 мың теңге, ал 2020 жылдан бастап 2 пайыз төлейсіз», – деп түсіндірді жаңа жүйені. Ал әлеуметтік қорғалмаған азаматтар үшін жарна мемлекет есебінен төленеді. Бұл санатқа балалар, көпбалалы аналар, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектер, жетім балалар, студенттер, декреттік демалыстағы тұлғалар, жұмыссыз адамдар, жүкті әйелдер мен жазасын өтеушілер кіреді.

Серіктес жаңалықтары