Түркістандық мұғалім бір жылда мүмкіндігі шектеулі 200-ден аса баланың арманын орындаған

Түркістан қаласының тұрғыны Әсел Бимырзаева өткен жылдан бері «Менің арманым» атты жобаны жүзеге асырып келеді.

Түркістандық мұғалім бір жылда мүмкіндігі шектеулі 200-ден аса баланың арманын орындаған
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
933

Бір жыл ішінде 200-ден астам мүгедектігі бар балалардың арманын орындаған түркістандық ұстаз «Шапағат» медалімен марапатталды, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Түркістан қаласының тұрғыны Әсел Бимырзаева өткен жылдан бері «Менің арманым» атты жобаны жүзеге асырып келеді.

Қаладағы мектепте мұғалім болып қызмет атқаратын ол әр айда үйден оқитын мүгедектігі бар 10 баланың арманын орындап, қуанышқа кенелтіп отыр.

Өткен жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан игі іс барысында Әсел Маханбетқызы өңірдегі 247 баланың кішігірім арманын орындады.

«Менің ұлым да 4-сыныпқа дейін үйде оқыды. Қазір емдетіп, жағдайын түзеп алдық. Сондай-ақ өзім ұстаз болғандықтан үйде оқитын балаларға сабақ беремін. Арасында әртүрлі балалар бар. Біреуі жүре алмайды, бірі сөйлей алмайды. Тіпті төсектен тұра алмайтындар да бар. Жағдайын көріп жаным ашиды, жылағым келеді. Сабақтан тыс уақытта қасында қалып, көп сөйлесемін. Олармен сырласып, арман-мақсаттарын тыңдаймын. Содан тағдырдың сынағына түскен балалардың аз да болса көңілін көтеріп, қуантқым келді», - дейді жоба жетекшісі.

Әсел Бимырзаева Түркістан қаласындағы Ататүрік атындағы №17 мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді. Бос уақытында қоғамдық істермен айналысады. Өзі қолға алған жобасы аясындағы жұмыстарды үйлестіріп отырады.

«Ең алдымен, балаларға арманын жаздырамын. Қолы икемге келмейтіндеріне ата-анасы көмектеседі. Бала арманы жазылған қағазды конвертке салып, демеушілерге тапсырамын. Содан бір күнді белгілеп, сыйлықты тапсырамыз», - дейді ол.

Республика күніне орай жоба жетекшісі Әсел Бимырзаева «Шапағат» медалімен марапатталды. Түркістан қаласында өткен салтанатты жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды көптеген игі іске ұйытқы болған қайырымды қызға мемлекеттік марапатты табыс етті.

«Бұл менің ғана емес, жобаға қатысушы барлық жанның марапаты деп білемін. Балаларға қуаныш сыйлау – басты мақсатым. Сондықтан жобаны алдағы уақыттыда жоғары деңгейде ұйымдастырып, жалғастыра береміз. Еңбегімізді жоғары бағалаған Мемлекет басшысына, облыс әкіміне рақмет», - дейді ұстаз.

 

 

 

 

 

 

Серіктес жаңалықтары