Халықты қарызға батырған кім?

Сонымен, халық банктерге қаншалықты қарыз? Ал банктердің қарызы ше? Елді несиеге шырмаған шы­нымен микроқаржы ұйымдары ма? Осы жә­не бас­қа да сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Халықты қарызға батырған кім?
ашық дереккөз
1946

Өткен аптадағы парламенттік тыңдауда халықтың қарызы туралы мәселе талқыланды. «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауатын көтеру туралы» жиында банктердің, микроқаржы ұйымдарының таудай табысқа кенеліп отырғанын айтқан депутаттар қаржы институттарын сынға алды. Ал Мәжіліс Төрағасы да «халық қарыздың қамытын киіп отыр деуге де болады» деген еді.

Бұған дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктердің мемлекеттен қаржылай көмек алып отырғаны туралы жазған болатынбыз. Мемлекет қаржысының көбі же­кеменшік банктер арқылы айналымға жіберіледі, бұ­дан банктердің табысы тағы еселенеді. Одан бөлек, банк секторы халыққа және бизнеске берілетін не­сиенің пайызынан да үлкен пайда көріп отыр. Банк­тер­дің тасы өрге домалағаны олардың іскерлігінен емес, жоғары пайыздан екенін Президент те Жол­дауында айтқан болатын. 

Сонымен, халық банктерге қаншалықты қарыз? Ал банктердің қарызы ше? Елді несиеге шырмаған шы­нымен микроқаржы ұйымдары ма? Осы жә­не бас­қа да сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Банк те қарыз алады 
немесе қанша банк мемлекеттің ақшасын қайтарды?

Елімізде алты банк қаржылық тұ­рақ­тылық үшін мемлекеттің қол­дауын алғаны туралы биыл­ғы 26 cәуірде өт­кен Парламент отырысынан кейін Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­­тігінің төрайымы Мәдина Әбіл­қа­сы­мова мәлім ет­кен болатын. Мәдина Әбіл­қасымованың ай­туын­­ша, банктерді қар­жылай қолдау бағдарламасы 2017 жы­лы бекітілген. 
– Қазір қаржылық тұрақтылық бағ­дар­­ла­ма­сы­на қатысқан алты банк бар. Бұл бағдарламаны 2017 жылы Ұлттық банк бекіткен болатын. Ол кез­­­де банк­тер­дің шығыны, банктердің балансында ст­рес­тік активтердің жоғары деңгейі анық­талған еді. Осы проблемалық займ­дар­ға провизия жасау үшін, банктердің ка­питализациясын толықтыру мақ­­­са­тын­да қаржылық тұрақтылық бағ­дар­ла­масы қа­былданды, – деп түсіндірген еді Әбіл­қасымова. Тө­­рағаның айтуынша, осы­лайша Ұлттық банк тәр­тіптелген об­ли­гация берген. Қалған үштен бір бө­лігі ак­ционерлердің қаражаты есебінен жа­сақ­­талуы тиіс еді. 
– Қазір бұл облигациялар мынадай банк­тердің ба­лансында сақтаулы: Еура­зия­лық банк, Центр­Кре­­­дит банк, Нұр­банк, РБК банк, АТФ банк. Цесна банк­тікі кейін Jusan банкке қосылды. Сонымен қа­­тар мемлекеттік қолдау құралдары Halyk Bank-тің балансында да бар, ол Каз­коммерцбанкті қо­сып алған кезде беріл­ген, – деді Агенттік басшысы. 
Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, қар­жылық тұ­рақ­тылық бағдарламасы бойын­ша бұл алты банк мемлекеттен 700,5 миллиард теңге алған. Ал 2017 жыл­дан бастап банк секторын сауықтыруға 6,9 триллион теңге жұмсалған. Соның н­егізінде агент­тік төрағасы айтып өткен 6 банк сауық­ты­ры­лыпты. Ал 8-і ли­цен­зия­сынан айырылған. Ст­рес­ті ак­тивтер 7,7 триллион теңгеден 2,3 триллион тең­геге дейін азайған. Проблемалық не­сие­лер пор­тфелі бойынша 982,4 миллиард теңге сома­сын­да провизиялар қалыптас­ты­рылыпты. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер деңгейі 2017 жыл­ғы 12,3 пайыз­дан 2021 жылы 3,3 пайызға дейін тө­мендепті. Мемлекеттік қолдауға ие бол­ған алты банк жалпы 8,267 триллион теңге, оның ішін­де заңды тұлғаларға 4,01 трил­лион теңге және же­ке тұлғаларға 4,257 триллион теңге жаңа несие бер­ген. 
Мәдина Әбілқасымова реттеуші мемлекеттік кө­мекті мерзімінен бұ­рын қайтару талаптары белгілегенімен, банк­тер алған қаражатты бірден қайтара алмайтынын айтқан болатын. Дегенмен әрбір банк өзінің параметрлері мен қол­да­ныстағы қаржылық көрсеткіштеріне сүйене отырып, белгіленген шекті соманы ғана төлейді. Яғни, мерзімінен бұрын қай­тарамын деушілерге кедергі жоқ екені айтылды. Сол кезде банктер қаражатты бір­ден қайтаруға мүмкіндік болса да, мұн­дай қадамға бара қоюы екіталай еке­нін жазғанбыз. 
Содан бері жарты жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Halyk Bank мемлекеттік кө­мектің 28,4 миллиард теңгесін мер­зі­мі­нен бұрын қайтарды. Содан соң Bank RBK қарыздың бір бөлігі – 13 миллиард тең­гені мемлекетке мерзімінен бұрын қай­тарып берді.
Ал Jusan банк былтырғы жазда мем­лекеттік көмекті мерзімінен бұрын қай­тару­ға уәде берген. Дегенмен банк былтыр 2021 жылға 172 млрд теңге дивидендті мем­лекетке емес, акционерлерге төлеген. Ал биылғы жазда Әділет министрлігі Jusan Bank активтерінің Қазақстанға қай­тарылғаны туралы мәлімдеген бола­тын.
– Jusan Bank және телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, өзге де салалардағы бірқатар басқа да ірі активтерді қамтитын Jusan тобы шетел юрисдикциясында бол­ғаны белгілі. Қазақстан Үкіметінің ба­қы­лауы­нан шығып кеткен еді. Әділет ми­нистр­лігі басқа мемлекеттік органдармен бір­­лесіп Jusan-ды қазақстандық юрис­дик­цияға қайтарды. Қажетті құжаттарға қол қойылды. Енді Jusan Қазақстан заң­на­масына сәйкес, Үкіметтің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың бақы­лауын­да жұмыс істейтін болады. Банк бұ­ған дейін алған мемлекеттік көмек мерзімінен бұрын қайтарылады, – деп 13 мау­сымда Әділет министрлігінің баспасөз қыз­меті хабарлаған еді. Десек те, банктің қара­жатты қайтарғаны туралы ақпаратты әлі байқай қоймадық.
Яғни, ресми органдардың статисти­ка­лық мәліметіне сүйенсек, мемлекеттің қол­дауы өзінің оң әсерін берген. Біршама банк оңалған. Дегенмен олар онсыз да жеңіл­дік пен жарылқаудан, пайдадан кен­де емес деген пікірлер барын айтып өт­кен жөн.

Инфляциямен күрес – банктерге үлес

Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтағанын, ал биылғы бірінші жарты­жыл­дықтағы таза пайдасы бір триллион тең­геден асып кеткенін айтты. Прези­дент­тің айтуынша, банктердің мол пай­д­аға кенелуі олардың тиімді жұмыс іс­те­генінің нәтижесі емес, жоғары базалық мөлшерлеменің әсері. 
– Корпоративті салаға берілетін н­е­сие­нің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банк­тердің таза пайдасы бір жарым трил­лион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірін­ші жартысында – бір триллион тең­геден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс іс­тегеннің арқасында емес, негізінен Ұлт­тық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пай­даға кенелді, – деген еді Президент биыл­ғы Жолдауында. 
Базалық мөлшерлеме – ақша-кредит сая­сатының негізгі құралы. Мөлшерлеме қан­ша пайыз болса, банктер сонша пайыз­­­бен орталық банктен несие алады, сәй­кесін­ше халыққа одан аз пайызбен несие бер­мейді. Депозит пайызы да одан төмен бол­майды. Әдетте, инфляция жоғары бол­са, орталық банк базалық мөлшер­ле­ме­ні көтеру туралы шешім қабылдайды, се­бебі пайыздың көп болуы халықты не­сие алуға емес, керісінше депозитке жи­науға ынталандыруы керек. Осылайша, ха­лықтың тұтыну көрсеткіші азаяды, кө­бірек жинайды, бұл – теориялық тұр­ғы­да инфляцияны бәсеңдетуге ықпал ете­ді. Естеріңізде болса, Ұлттық банк бұ­ған дейін ұзақ уақыт бойы базалық мөл­шерлемені жоғары мәнде ұстап кел­ген болатын. Бұл – инфляциямен күрес­те­гі маңызды қадам екенін де ескерткен. 
Ал 6 қазанда орталық банктің Ақша-кре­дит саясаты комитеті базалық мөл­шер­лемені жылдық 16 пайызға дейін тө­­­мендету туралы шешім қабылдады.
– Жылдық инфляцияның баяулау қар­қыны жоғары. Сыртқы инфляциялық қы­сым орталық банктердің тежеу сая­саты мен азық-түліктің әлемдік баға­сы­ның төмендеуі аясында біртіндеп тө­мен­деп келеді. Дегенмен назар аударуды қа­жет ететін жекелеген факторлар мен тәуе­­­келдер бар. Фискалдық ынталандыру, ор­н­ықты ішкі сұраныс және жоғары ин­фляциялық күтулер – инфляцияның ішкі факторларына жатады. Реттелетін ба­ғалардың көтерілуінен болған қай­тала­ма әсерлерден тәуекел күшейді. Олар бұ­рын теңге бағамының динамикасымен өтел­ген болатын, – деп түсіндірді банк төра­ғасы.
Дегенмен орталық банк базалық мөл­шерлемені одан әрі төмендету мүм­кін­дік­тері айтарлықтай шектеліп отырғанын да ескертті.
– Ағымдағы шешім мен тәуекел ба­лан­сын ескерсек, 2023 жылы базалық мөл­шерлемені одан әрі төмендету мүм­кіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету ша­ралары қаралады, – деп мәлімдеді ор­та­лық банк.
Жылдық инфляция биылғы қыр­күйекте 11,8 пайызға дейін тө­мен­деген. Ұлттық банк инфляцияның төмендеуіне қатаң ақша-кредит саясаты мен былтырғы жоғары база әсерінің бір­тіндеп жойылуы аясында жалғасып жат­қан фискалдық ынталандыру әсер етке­нін де айтты. Сыртқы инфляция да баяу­­лап келеді. Бірақ жекелеген проин­фля­циялық фактор мен сын-қатер арт­қан. Еуропа Орталық Банкі 2023 жылғы қыркүйектегі соңғы шешімінде жоғары инфляцияны тағы да төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді. АҚШ Федералды Резервтік Жүйесі пайыз­дық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін екені айтылды. ОПЕК+ елдері мұнайды ерік­ті түрде шектеуді ұзартқан еді. Осы­дан кейін мұнай бағасы өсті. Соның аясын­да инфляция қарқын алып кете ме деген алаңдаушылық бар. Ресейде 2023 жылғы қыркүйекте инфляцияның күш алуынан ақша-кредит саясатын қатаң­дату шаралары жалғасын тапқан. Жалпы, Ұлттық банк инфляцияның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмен­детуге мүмкіндік бергенін айтты. 
Дегенмен кей сарапшылар инфляция­ға базалық мөлшерлеме әсер етпейді де­ген пікірде екенін бұған дейін жазған бо­латынбыз. Десе де, реттеуші инфля­ция­ға қарсы атқарып жатқан шаралары нә­ти­желі екенін айтады. Бұл әрине, бөлек әң­гіме, ал Президент нақты секторға бері­летін кредит азайып жатқанда, банк­тер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін айт­ты. Яғни, банктер бизнеске емес, ха­лыққа көбірек несие беріп отыр. Мем­лекет басшысының сөзінше, осы жағдай қар­жы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырған. 

Халық қаншалықты қарыз?

20 қазанда Мәжілісте халықтың шек­тен тыс қарызға батуы туралы парламент­тік тыңдау өтті. Парламенттік тыңдауға Мә­жіліс пен Сенат депутаттары, орталық мем­лекеттік және жергілікті атқарушы ор­ган­дардың, Ұлттық банктің басшы­лары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкіл­дері қатысты. Премьер-Министрдің орын­ба­сары – Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқа­сы­мова,  Ішкі істер министрінің орынба­сары Игорь Лепеха, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов баяндама жасады. Бір­қа­тар депутаттар сөз алды. Барлығы халық­тың қарызы көбейгенін, Ерлан Қошанов халық «қарыздың қамытын киіп отыр деуге де болатынын» айтты. Депутаттар мик­роқаржы ұйымдарының, банктердің пайызы көп екенін жарыса айтты,  қаржы институттарын белсенді түрде сынға ал­ды, популистік ұсыныстар да болғаны жа­сырын емес. Бұдан ешқандай мәселе көр­мейтінін айтқан банк лоббиі өкілдері де сөз сөйледі. Олар назарды басқаға ау­да­рып, мәселенің тоқетерін негізгі проб­леманы микроқаржы ұйымдары тудырып отыр деген нарративке әкелуге тырысып бақты. Әрине, микроқаржы ұйымдары үлкен проблема тудырып отыр, дегенмен банк­тер дефолт қарыздарды әлдеқайда көп береді. Яғни, елдегі проблемасы бар қарыз­дың өсуінің негізгі катализаторы банк­тер болып отыр.  
Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағ­дай бойынша кредит бойынша мерзімі өткен жалпы берешек – 726,360 миллиард тең­ге. Оның ішінде ұзақмерзімді кредит – 84,8 пайыз (616,0 миллиард теңге), қыс­қа­мерзімді – 15,2 пайыз (110,4 миллиард теңге). Соның 54,6 пайызы (396,9 мил­лиард теңге) халыққа берілген, ал 45,4 пайызы (329,5 миллиард теңге) бизнестің үлесінде. Жыл басынан бері ұзақмерзімді кредиттер бойынша мерзімі өткен бере­шек 4,2 пайызға өскен, қысқамерзімді қа­рыз­дар бойынша көрсеткіш 4 пайызға тө­мендеген. 2023 жылғы ең көп мерзімі өткен берешек сәуірде тіркеліп, 666,4 мил­лиард теңгеге жетіпті.
Бизнес пен халық алған қарызға же­ке-жеке тоқталар болсақ, бизнес кре­дит­тері бойынша жалпы мерзімі өткен бере­шек бір айда 82 миллиард теңгеге ұлғайып, 329,5 миллиард теңгеге жеткен. Ха­лықтың кредиттері бойынша жалпы мер­зімі өткен берешек  – 396,9 миллиард тең­ге, бір айда 3,7 миллиард теңгеге азай­ған. Берешек бойынша 2023 жылғы ең жо­ғары мән мамырда – 404,2 миллиард тең­ге. 
Тарқатар болсақ, қазір экономикалық бел­сенді халықтың 84 пайызы немесе 7,9 мил­лион адамның несиесі бар. Егер ха­лық­тың несие алуы осы қарқынмен өсе берсе, 2026 жылға қарай жұмыс істейтін адам­дардың 100 пайызында бір немесе бірнеше несие болады екен. Мемлекеттік кре­диттік бюро мәліметтеріне сәйкес, Банк­тер 7,3 миллион адамға несие берген, бұл – жалпы қарыз алушылардың 72 пайы­зы. Ал микроқаржы ұйымдарынан 1,6 миллион адам несие алған. Яғни, көр­сет­кіш банктерге қарағанда 4,6 есе төмен.
Сондай-ақ негізінен проблемалары бар қарыз алушылар банктерге емес, мик­роқаржы ұйымдарының клиенттері деген пікір де айтылды. Дегенмен микроқаржы ұйымдары да, банктер де проблемалық несиелерді коллекторларға өткізетінін не­месе баланс үшін есептен шығарып тас­тайтынын ескеру керек. Мәселен, осы компоненттерді қорытындылайтын болсақ, банкирлердің үлесіне 1,03 мил­лион проблемалық қарыз алушы, ал мик­роқаржы ұйымдарының үлесіне 347 мың проблемалық қарызы бар азамат ке­леді екен. Бұл екі сектор үшін де өте жо­ғары көрсеткіш. Елімізде халықтың «не­сие қамытын киіп отыр» деп сеніммен айту­ға болатынын айқын айғақтайды. Яғни, тек қана банктер немесе микроқар­жы ұйымдарына кінә артуға келмейді.
Сондықтан жауапты органдар Пар­ла­ментпен бірлесіп неғұрлым қатаң шара­лар қабылдауы керек. Сонымен қатар халықтың несиеге белшесінен батуы та­быс деңгейінің төмендігі, бай мен кедей арасындағы алшақтық ұлғайып бара жат­қаны екенін де ұмытпауымыз керек. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтар» демекші, қатарынан қалмай, заманға ілесемін деп жанталасқан халық үшін несие уақытша жәрдемші болып отыр. Тек сол жәрдемнің ақысы бірнеше есе қымбатқа түсетіні қысылып  тұрған сәтте білінбейтіні анық. Халықтың қар­жы­лық сауаты да – өз алдына жеке мә­селе.  

Шетел банктері бәсекені қыздыра ала ма?

– Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қо­лын­да шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға не­сие берумен, яғни экономикалық жо­ба­ларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы са­ладағы бәсекені арттыру үшін елімізге ше­телден сенімді үш банкті тартқан жөн, – деді Президент Жолдауда.
Қазір де елімізде біршама шетел банкі жұ­мыс істеп тұр. Ресми мәліметтерге сүйен­сек, елімізде жұмыс істеп тұрған 21 банк­тің 8-і – шетел банкі. Атап айтқанда, KZI Bank – Түркия,  Банк ВТБ – Ресей, Қа­зақ­стандағы Қытай банкі – Қытай, «Al-Hilal» ислам банкі – БАӘ, Citibank – АҚШ, Қытайдың сауда-өнеркәсіп Банкі – Қы­тай, Home Credit Bank – Чехия, Шин­хан Банк – Оңтүстік Корея. 
Соның ішінде АҚШ-тың Citibank-і ак­тив көлемі бойынша 2022 жылы Қазақ­стан­ның топ-10 банкінің тізімінде 10-орын­да тұр.  
– Жалпы, елімізде қазір 21 банк жұ­мыс істейді. Осы 21 Банктің 11-інде шет­ел­­дік капитал бар. Толығымен шетелдік банк­тер де бар, мысалы Citibank, үш Қы­тай, бір Корея, бір Түркия банкі бар. Басқа банк­терде үлесі аз, – деген еді Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агенттігінің тө­ра­ғасы Мәдина Әбілқасымова. 
Оның айтуынша, Қазақстанның банк сек­торында бар шетелдік банктер негі­зі­нен сауда операцияларына қызмет көр­сетуге бағытталған. Ал жаңадан келетін банк­тер нарықтағы бәсекелестікті кү­шей­­тіп, экономиканы қаржылан­дыру­ды ұлғайтуға мүмкіндік беруі керек.
– Негізінен, бұл қытайлық компания­лар, оларға Қытай банктерінде қызмет көр­сетіледі, олардың үлесі қазіргі уақытта қазақстандық банктердің активтерімен са­лыстырғанда айтарлықтай аз. Осыған байланысты батыс банктері, сондай-ақ Азия банктері немесе Таяу Шығыс банк­тері келуі мүмкін. Бұл, әрине, қаржы на­ры­ғын­дағы бәсекелестікті күшейтеді және, әрине, экономиканы қаржылан­дыру­ды ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деп түсін­дірді ол. 
Яғни, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр­ған шетел банктері бар екенін, деген­мен ондағы активтердің аз екенін ескер­сек, жаңадан ашылатын шетел банктері банк секторындағы бәсекені басқаша түр­лендіреді деп үміттенуге келмес. Citibank АҚШ-тағы ең ірі екінші банк бол­ға­нымен, оның біздің елдегі қызметі ту­ра­лы халық көп біле бермейді. Ал банк­тің еліміздегі активтерінің басқа шетел банктеріне қарағанда көп болуы еліміз­дегі халықаралық компаниялардың осы банкпен жұмыс істейтініне байланысты деп топшылауға болады. Сонымен қатар жаңа банктер келсе де, олар елдегі база­лық мөлшерлемеге, экономикадағы ақ­шаның құнына бағдарланатын болады. Шет­елдік банк келіп, ресурстарды басқа мөл­шерлеме, басқа пайызбен ұсынады деп күту мүмкін емес екенін Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігінің төра­ғасы да ескерткен болатын.

Қорыта айтқанда, екінші деңгейлі банктердің бизнеске емес, жеке тұлғаларға, яғни халыққа несиені көп беруі Президентті де, Парламентті де алаңдатып отыр. 
Мемлекет басшысы нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсіру туралы тапсырма да берді. Ал халыққа несиені банктер беріп отыр ма, микроқаржы ұйымдарынан алып отыр ма – маңызды емес, мәселе қарыздың көбейіп бара жатқанында. Дегенмен банктердің мақсаты пайда табу болғандықтан, олар өз ұстанымдарын қорғап бағатыны – заңдылық. Ал микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу кезек күттірмейтін іс. 
Ресми деректерде азық-түлік бағасының өсуі тежелгені немесе арзандағаны туралы да ақпараттар бар, бірақ баға өспесе, күрт арзандамайтыны белгілі. Оның үстіне табысқа, зейнетақыға екі теңге қосылса, баға 4 теңгеге қымбаттайтыны үйреншікті жағдайға айналған. Осы жайтты ескерсек, халыққа «қарыз алма» деудің өзі қисынсыздау. Ал жөн-жосықсыз несие алып, «айфонымның қарызын кешір» деу – қаржылық сауат бойынша мәселе көп екенін байқатады.
Не десек те, билік алдында үлкен міндет тұр, жиындар мен талқылаулардағы түйіндер айтылған жерінде қалмаса деген тілек.

 

Серіктес жаңалықтары