«2 жасар баласы әкесін жұмысқа жібергісі келмеген»: Динара Зәкиева кеншілердің отбасы жайлы

Оның айтуынша, қазір балаларға психологиялық көмек ұйымдастырылуда.

«2 жасар баласы әкесін жұмысқа жібергісі келмеген»: Динара Зәкиева кеншілердің отбасы жайлы
fotovmire.ru
1288

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Костенко шахтасындағы апатттан қаза тапқан 9 кеншінің артында кәмелетке толмаған балалары қалғанын айтты.

 «Бүгін Насымжан Жамбекқызы, ҚР ОАМ БҚҚК бірге қаза тапқан кеншілердің балаларына бардық. 9 кеншінің артында кәмелетке толмаған балалары қалған. Отбасылардың қазір басынан өтіп жатқан қиындықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір кеншінің 2 жасар баласы әкесін жұмысқа жібергісі келмей, аяғынан ұстап тұрған суреті қалыпты. Тағы бір кеншінің анасы ұлының жұмысқа кетерінде мәңгіге кетіп бара жатқандай қоштасқанын есіне алып жатыр.

Қазір балаларға психологиялық көмек ұйымдастырылуда. Мемлекеттік органдар мен әкімдік Президент тапсырмасымен отбасыларды жан-жақты көмекпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп жатыр» деп жазды ол.

Еске салсақ, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Апаттан қаза болғандар саны - 46.

Бұған дейін 30 қазан таңертең соңғы кеншінің денесі табылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары