Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындары: Қазақстан 48 жүлде жеңіп алды

Ел намысын 10 спорт түрінен 53 спортшы қорғады.

Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындары: Қазақстан 48 жүлде жеңіп алды
Спортты дамыту дирекциясы
826

Сауд Арабиясының астанасы Әр-Рияд қаласында аяқталған V Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында Қазақстан құрамасы үздік үштікке кірді.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, биылғы ойындар Қазақстан үшін ең табысты болды.

Он бір күннің ішінде 16 спорт түрінен 1500-ден астам атлет 954 медальді өзара сарапқа салды. Оның 259-ы алтын, 259-ы күміс болса, қалған 436-сы – қола.

Қазақстан делегациясы 12 алтын, 13 күміс пен 23 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 3-орынға көтерілді. Көш басында Украина (21 алтын, 17 күміс, 15 қола), одан кейін соңғы жарыс күні екінші орынға шыққан Сауд Арабиясы (12 алтын, 20 күміс, 19 қола) тұр.

Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарына өз спортшыларын жіберген 120-дан астам елдің 87-сіне жүлде бұйырды.

Қазақстан делегациясы үшін Әр-Риядтағы кешенді жарыстың әр күні тарихи нәтижемен есте қалып отырды. Мәселен, ойындар бағдарламасына алғаш рет қосылған қазақ күресі мен армрестлингтен ұлттық құрама спортшылары табысты өнер көрсетіп, командалық есепте 1-орын алды. Самбо мен грэпплингтен қоржынға World Combat Games-тің алғашқы алтыны түссе, каратэшілер бірінші рет жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ел намысын 10 спорт түрінен 53 спортшы қорғады.

Осы көрсеткіштің арқасында Қазақстан жауынгерлік өнер ойындарының жалпы рейтингісінде 37-ден үздік ондыққа кірді. Бұған дейін Бейжің мен Санкт-Петербургті қосқанда, қоржынға 1 алтын, 3 күміс және 5 қола түскен.

Келесі ойындар 2025 жылы өтпек. Қабылдайтын мемлекет алдағы жылдың басында белгілі болады.

Серіктес жаңалықтары