Атырау көшелерін кәріз суы басты

Тұрғындар пәтерлеріне жағымсыз иіс сіңіп кеткенін айтты.

Атырау көшелерін кәріз суы басты
atrpress.kz
3071

Атырауда Нұрсая шағынауданының көшелері мен аулаларын кәріз суы басты. Оған көршілес "Жерұйық" тұрғын үйіндегі кәріз жүйесінің істен шығуы себеп болған, деп жазды AtyrauPress.

Тұрғындар пәтерлеріне жағымсыз иіс сіңіп кеткенін, жаяу жүргіншілер жолынан өту мүмкін емес екенін айтып шағымданды. Балалар да ауладағы ойын алаңында ойнай алмай отыр.

"Балалар қазір демалыста. Көбісі үйден шықпайды. Олардың ойнайтын жері жоқ, ойын алаңдарын кір су басқан. Иісі де жағымсыз. Апат кезінде жылу, ыстық және суық су өшіріп тастаған. ПИК жұмыс істемейді. Олар ақша жинау керек болған кезде ғана пайда болады", – деді Күншуақ тұрғындары.

Күншуақ өткеліндегі үйлер 5 жыл бұрын пайдалануға берілген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, кәріз құбыры ай сайын бұзылады екен.

Қала әкімдігі Нұрсая шағынауданындағы "Жерұйық" тұрғын үй кешенінде кәріз жүйесі істен шығып, апатты жағдай туындағанын хабарлады.

"Кәріз құдығы толып, бәрі ағып кетті. Сорғы істен шықты және ағынды су орталық кәріз жүйесіне жете алмады. Осы үйлерге қызмет көрсететін "Сапа" ПИК апаттан кейінгі жұмыстарды жүргізді. Ағынды су вакууммен сорылды. Сондай-ақ "Спецавтобаза" ЖШС қосымша техника бөлді", – деп жауап берді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары