“TÜRKSОY”халықаралық ұйымы бас хатшысының кеңесшісі тағайындалды
Осынау мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін “ТҮРКСОЙ”-ға мүше әрбір елден Бас хатшының кеңесшілерін тағайындауға шешім қабылданғаны белгілі болды.
Түркі мәдениетін және өнерін дамыту ұйымының(ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раевтың Қазақстан бойынша кеңесшісі болып Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев тағайындалды. Академик бұл қызметті қоғамдық негізде атқаратын болады.
“TÜRKSОY”халықаралық ұйымының басты мақсаттарының қатарында - түркі тілінде сөйлейтін халықтар мен елдердің арасында достық қатынастар құрып, ортақ түркі мәдениетін, тілін, тарихын, өнерін, әдет-дәстүрлерін зерттеп, жалпыға жария ету, дамыту, сақтау, болашақ ұрпақтарға мұра ету, баянды қылу мен Түркі дүниесінде ортақ бір тіл мен әліпби қолданылуы үшін тиісті орта және жағдай қалыптастыру қарастырылған. Сондай-ақ,
Түркі дүниесі халықтарының ортақ өткенінің, тарихының, тілі мен әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің біртұтас күйінде ғылыми зерттеулерін күшейту мақсаттары көзделген.
Осынау мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін “ТҮРКСОЙ”-ға мүше әрбір елден Бас хатшының кеңесшілерін тағайындауға шешім қабылданғаны белгілі болды.
“ТҮРКСОЙ”халықаралық ұйымының Бас хатшысы Астанада ұйымдастырылған іс- шара аясында Кәрімбек Арыстанбекұлын қабылдап, оған ғылыми жұртшылықты халықаралық ұйым жұмысына жұмылдырып, түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды зерттеу ісін үйлестіру, ортақ әліпби қолдану туралы тілші-ғалымдармен бірлесіп ұсыныс енгізу, ұлттық мәдени мұралар арқылы Түркі дүниесін интеграциялау бойынша ғылыми конференциялар мен “дөңгелек үстел” отырыстарын өткізуге атсалысу, сондай-ақ халықаралық ұйым өткізетін іс-шараларға белсенді қатысу сияқты міндеттер жүктеді.
Еліміздің көрнекті ғалымы жаңа қызметінде де табысты боларына сенім мол.