Алматыда дәрігерлер роботтың көмегімен ота жасады

Роботты пайдаланған кезде емдеу әр науқасқа жеке көзқарас принципі бойынша жүргізіледі.

Алматыда дәрігерлер роботтың көмегімен ота жасады
ДСМ
836

Алматылық дәрігерлер жамбас пен тізе ауыстыру операциясын жаңа әдіспен, роботтың көмегімен жасады, деп хабарлады turkystan.kz.

№4 қалалық клиникалық ауруханада ерекше шеберлік сабағы өтті.

«Алматы» арнасының мәліметінше, отаның бұл түрі елімізде алғаш рет жасалды.

2016 жылдан бастап әлемнің жетекші клиникаларында қолданылып келе жатқан Мако робот-көмекшісі нақты хирургиялық нәтиже беруімен танымал. Оның көмегімен эндопротездеуден өткен науқастар отадан кейін тез қалыпқа келеді. Мәселен, 12 жыл құрылыс саласында жұмыс істеген Индира Серікбаева ауыр жұмыстың әсерінен төсекке таңылған. Алғашында оң аяғының тізесіне дәстүрлі ота жасатып, жарты жылдан соң роботтың көмегімен сол аяғын емдеткен. Науқастың өзі операция сәтті жасалды дейді.

«Аяғым қатты қисайып кеткен. Жүре алмай қалдым. Роботтың көмегімен ота жасаса қалай қарайсыз дегенде қорқып едім, қазір міне отадан кейін өзімді жақсы сезініп отырмын», – деді науқас Индира Серікбаева.

Осы жылдың 10 айында аталған ауруханада бір жарым мыңнан астам буын ауыстыру отасы жасалыпты. Мұндай операцияны қажет ететін науқастар саны жыл сайын артып келеді, - дейді мамандар. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шеберлік сабағы аясында 9 адамға жаңа технологияның көмегімен ота жасалды. Үміткерлерді таңдау мұқият іріктеу арқылы бірнеше ай бойы жүргізіліпті.

«Бұл роботтың көмегімен тағы бір операция жасалынды. Бұрын тізесі ауыратын науқастардың толық буынын ауыстыратын болсақ, қазір осы роботтың көмегімен тек қана зақымданған жерін ғана алмастыру мүмкіншілігі бар. Ол буынның ішкі жағы көп жағдайда желінеді, соны ғана алмастыратын операция жасалынды», – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мейрамбек Жұмағұлов.

Отандық дәрігерлер әлемдік тәжірибені зерттей отырып, жаңа технологияны сынап көруді шешкен. Роботты пайдаланған кезде емдеу әр науқасқа жеке көзқарас принципі бойынша жүргізіледі.

«Роботтық эндопротездеу – бұл алдағы операцияны 3D форматында мұқият жоспарлау. Яғни, кез келген болашақ тәуеледерді азайту және жою. Роботты қолданудың арқасында операция дәл жоспарланғандай - 1 мм-ден аз қателікпен жүзеге асырылады. Бұл травматологиялық-ортопедиялық көмекті жетілдірудің жаңа кезеңі», – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының директоры Біржан Досмаилов.

Роботпен ота жасалған науқастардың бәрінде салыстырмалы түрде қан кетудің аз екені байқалады, - дейді дәрігерлер. Алдағы уақытта да емделушілер жіті бақылауда болады. Ал тың әдісті ауруханаларға енгізсе, мамандар жұмысы әлдеқайда жеңілдейтінін айтады ақ халаттылар. 

 

Серіктес жаңалықтары