Теңгеміз тынысты болса, еліміз ырысты болмақ

15 қарашада ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға шыққанына 30 жыл толады.

Теңгеміз тынысты болса, еліміз ырысты болмақ
коллаж: egemen.kz
1995

Әрбір мерейтой қуаныш қана емес, өткенді еске алып, бүгініңді тағы бір безбендейтін сәт. 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға шыққанына 30 жыл толады. Ұлттық валюта тек елдігіңді айқындап, егемен екеніңді білдіретін атрибут қана емес. Ақшаны тек санауға емес, оқуға да болады: ұлттық валютада елдің жай-күйі, ахуалы, экономикасының дәрежесі бүкпесіз көрініс табады.

Осы уақыт ішінде теңге түрлі жолдан өтті. Теңге қалай айналымға шығып еді? Оны шығаруға кімдер атсалысты? 30 жылда ұлттық валютамыз қалай өзгерді? Өткенге көз жүгіртіп, бүгінімізді саралап көрейік.

Алғашқы қадам

Ұлттық валюта айналымға шығардың алдында бұрынғы одақ республикаларының ақша айналымында жағдай шиеленісті. 1993 жылғы шілдеде Ресейдің орталық банкі ақша реформасын жүргізіп, Кеңес одағының ақшасын айналымнан алып тастады, оның орнына жаңа Ресей рублі алмастырды. Осылайша, ескі рубль аймағы құлап, бұрынғы одақ құрамындағы республикаларға, соның ішінде Қазақстанда ескі ақша қаптап кетті. Баға тез өсіп, ақша құнсызданып жатты. Бұл, әрине,  гиперинфляцияға әкеліп, халықтың, елдің өмір сүру сапасын төмендетті. Осылайша, өз ұлттық валютамызды айналымға шығару туралы шешім сол кездегі дағдарыстан шығу, шиеленіскен ахуалды реттеп, экономиканы дамытудың жаңа кезеңіне өту үшін ауадай қажет болды.

1992 жылғы 15 шілдеде Қазақстан Халықаралық валюта қорына мүше болған еді. Шамамен бір жылдан кейін, 1993 жылғы 13 сәуірде Қазақ КСР Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып қайта құрылды. Сол кездегі алтын-валюта активінің көлемі шамамен 711 миллион АҚШ доллары, ал инфляция 2 000 пайыздан астам болған.

«Қазақстан экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген күн»

1993 жылғы 3 қарашада Ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның құрамына сол кездегі Премьер-Министр С.Терещенко, вице-Президент Е.Асанбаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Д.Сембаев, Ұлттық Банк Төрағасы Ғ.Байназаров, Қаржы министрі Е.Дербісов және Экономика министрі Б.Ізтілеуов кірді.

Осы мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі жұмыс тобын құрды, оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Д.Сембаев басшылық етті. Жұмыс тобының құрамында Экономика министрінің бірінші орынбасары О.Жандосов, вице-президенттің көмекшісі Г.Марченко, министрлер кабинетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары Ө.Шөкеев, Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары М.Тұрсынов және Ұлттық Банк Төрағасының кеңесшісі В.Назаровтар болды. Теңгенің айналымға енуіне атсалысқан тұлғалардың бірі – академик Сауық Тәкежанов.

1993 жылғы 12 қарашада сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа ақша бірлігіне айналды.

Теңге айналымға енген 1993 жылғы 15 қарашаға Сауық Тәкежанов «Қазақстан экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген күн» деп анықтама берді.

 «Теңге» атауы қалай таңдалды?

Ұлттық валютаның атауын таңдауға келгенде алуан түрлі қайшылықты пікір айтылған екен. Мәселен, «алтын», «ақша», «таньга» сияқты нұсқалар ұсынылыпты. Н.Назарбаев «Алтын» атауын ұсынған. Кейіннен «теңге» атауы мақұлданды. Бұл «денге» немесе «таньга» сөзінен шыққан, орта ғасырдағы түркі күміс монеталары осылай аталған екен. Яғни, тарихи атау. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсыныпты.

– Ұлттық валютаны дайындауда ойластырылған бағдарламамен маған бірінші келген Сауық Темірбайұлы болды. Ол өзінің бастамаларына табанды және өз ұсыныстарын салмақпен негіздей алатын адам. Ұлттық валютаны дайындауды қатаң құпиялылық жағдайында жүргізуді шештік. Президент біздің долбарларымызды мақұлдады және жұмыс басталып кетті, – деп жазды бұл туралы Қазақстанның сол кездегі вице-президенті Е.Асанбаев.

Теңге мен тұлғалар

Теңгенің алғашқы дизайнына белгілі қазақстандық сәулетші, дизайнер және Қазақстан Дизайнерлер Одағының басшысы Тимур Сүлейменов жауапты болды. Оған құпияны қатаң сақтай отырып Қазақстан валютасының дизайнын әзірлеп, сол арқылы елдің мәдениеті және тарихындағы дәстүрлерді, құндылықтарды көрсету міндеті жүктелді.

Жұмыс Қазақстан тарихының ең алғашқы кезеңдерінен бергі ақша өндірісі мен айналымының тарихы туралы мұрағат құжаттарын зерделеуден басталған екен.

Банкноттың бірінші эскизінде әл-Фараби бейнеленген, түрлі-түсті бірнеше бедер салынған және «теңге» сөзі жазылған. Осылайша, банкноттардың алдыңғы жағына Қазақстанның мәдени мұрасын барынша айқындайтын тарихи тұлғалар бейнеленді. 1 теңгеде – әл-Фарабидің портреті, 3 теңгеде – Сүйінбайдың портреті, 5 теңгеде – Құрманғазының портреті, 10 теңгеде – Шоқан Уәлихановтың портреті, 20 теңгеде – Абай Кұнанбайұлының портреті, 50 теңгеде – Әбілқайыр ханның портреті, 100 теңгеде – Абылай ханның портреті болды. Банкноттың келесі жағында қазақ даласының көрікті жерлері: Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі, сондай-ақ әйгілі мешіттер мен кесенелер бейнеленді. Сондықтан да, теңгенің ең алғашқы дизайнын «тұлғалар» сериясы деп атауға да болады.

Банкноталардың дизайнын жасау барысында тариxи тұлғалар таңдалып болғаннан соң, суретшілер екінші мəселеге тап болды. Енді ол тұлғалардың шынайы түр-бейнесін табу керек. Қиындығы сол, тариxи тұлғалардың басым бөлігінің суреттері болмады. Мысалы, әл-Фарабидің бейнесі қандай болғанын ешкім білмейді. Өз уақытында бұл сурет КСРО Ғылым академиясының стандарты болып бекітілген. Алайда оның өзін ғалымдардың шығармаларынан, мұрағаттан іздеп табу қиынға соқты. Əбілxайыр xанның суреті ағылшын саяxатшысы Аткинсонның жұмыстарынан табылды. Ал Абылай xанның бейнесі орыс дереккөздерінен алынды. Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Əбілxан Қастеевтің картинасынан алынды.

Қарашаның 13-і барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін берді. Ақша купюрасы теңге мен қағаз тиындар, ауыстыру тəртібі туралы республикалық, облыстық баспасөздер хабарлап жатты. Ал қарашаның 15-інен 20-сына дейінгі мерзім сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тəуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Ескі ақша түні бойы есептеліп, сұрыпталып, жөнелтуге даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Бұл ұжым алты күннің ішінде 8 миллиард рубль ескі ақшаны қабылдаған. Осы күндері ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 19,6 миллиард ескі рубль жинаған. 770 қапқа салынған 20 тонна рубль отқа жағылды. 1993 жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылып жатты.

83 миллион банкнот – өз фабрикамыздан

Тенге басылып шығып жатыр, барлығы ойдағыдай, дегенмен осы кезде өзіміз банкнот өндіретін база құру мәселесі туындады, өйткені оларды шетелде басып шығару экономикалық жағынан тиімсіз еді.

1992 жылғы 26 мамырда Президенттің «Қазақстан Ұлттық Банкінің баспа фабрикасын құру туралы» №789 Жарлығы шықты. 1992 жылғы 30 маусымда ҚР Министрлер Кабинеті «Алматы қаласында «Кітап» өндірістік бірлестігінің бос аумағында ұлттық валюта шығаратын кешенін құру туралы» қаулы қабылдады. 1993 жылғы маусымда тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бағалы қағаз шығаратын алғашқы цех жұмысын бастап кетті, онда қағаз тиындар шығарылды.

1994 жылдың басында Үкімет, Ұлттық Банк және De La Rue компаниясы жаңа банкнот фабрикасын салу туралы келісімшарт жасаған болатын. Банкноттың алғашқы эскизін Тимур Сүлейменов Ұлыбритания астанасы Лондондағы Harrison & Sons фабрикасында әзірледі, содан кейін бұл фабрика теңге шығаратын мердігер фирма болды. Алғашқы банкноттар да Англияда осы баспадан басылып шықты.

– 7 миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. Төрт «Ил-76» ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып əкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон – Орал, одан облыстарға дейін əрлі-берлі 18 рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бəрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бəлкім, дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез əрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар», – деп айтқан екен Назарбаев 1993 жылғы естелігінде.

Қаражатты үнемдеу үшін өндіріс орнын жаңадан салғанша, «Гидромаш» АҚ зауытының корпусының бірін банкнот өндірісі талаптары бойынша қайта жаңарту туралы шешім қабылданды. Уақыт аса тығыз болғанықтан, жобалау мен құрылыс жұмыстары бір уақытта, параллель жүргізілді, ал технологиялық жабдықты монтаждау әрлеу жұмыстары кезінде басталды, бұл фабриканың жұмысын ертерек бастауға мүмкіндік берген.

1995 жылғы 19 мамырда банкнот өндірісіне қажетті база құрылғаннан кейін Банкнот фабрикасы ресми түрде ашылды. Сол жылы 83 миллионнан астам, бір жылдан кейін 104 миллионнан астам банкнот шығыпты. Сөйтіп, Банкнот фабрикасының өнімділігі жобаланған мөлшерге жақындады. 1997 жылы Банкнот фабрикасы Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты мен жеке куәлігін шығара бастады.

Қазір жинаған тәжірибе мен көпжылдық жұмыстың арқасында Банкнот фабрикасы өзінің полиграфия базасында банкнот шығару ісін толығымен жолға қойды. Банкноттар сапа мен технологияның барлық әлемдік стандартына жауап береді.

Одан бөлек, елімізде 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында Қазақстан монета сарайы құрылды.

Айналымдағы монеталардың алғашқы өндірілген партиясы 1993 жылы Қазақстан монета сарайында шығарылды. Кәсіпорын түсті металдардан, алтыннан және күмістен ұлттық валюта монеталарын шығаруға байланысты Ұлттық Банктің тапсырыстарын орындайды.

Қазақстан монета сарайы Монета сарайлары қауымдастығына мүше. Бұл қауымдастыққа Англияның Корольдік монета сарайы – Royal Mint сияқты мыңжылдық тарихы бар, саланың флагманы саналатын монета сарайлары мүше. Қазақстан монета сарайында алыс-жақын шет мемлекеттердің тапсырысымен де монеталар әзірленеді. Еліміздің мерейтой қарсаңында шығарылған немесе коллекциялауға арналған монеталары коллекционерлер мен кәсіби сарапшылардың оң бағасын алып келеді.

Ең жақсы қорғалған валюта

Қазақстан теңгесі әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі саналады. Соның ішінде, 20 000 теңгелік Қазақстан банкноты ең жақсы қорғалған теңге банкноты деп есептеледі.

Монеталар да жалған ақша жасаудан жоғары деңгейде қорғалғанына кепілдік бар. Нақтырақ айтсақ, дәлдігі жоғары лазерлік технологияларды қолдану арқылы түрлі дизайн әдістері мен элементтері қолданылады. Мәселен, монетада нейзильбер, нибрасс атты екі қорытпаның болуы, рельефтің жиегі ақ, ал ортасы сары түсті болуы, ою-өрнекте әртүрлі көлбеу гравюраның болуы, монета формасының күрделілігі, монетаның жиегін гофрлеу. Өлшем, салмақ және сыртқы сипаттамалары да бірегей саналады екен. Жалған монета жасаудың алдын алуда, сонымен қатар микротекст, кемпірқосақ түстес кескін, голограмма, жасырын сурет және басқа да өндірістің озық технологиялары мен эксклюзив жабдықтар қолданылады.

2000 жылдан бері Қазақстан монета сарайы мен Ұлттық Банк жыл сайын халықаралық конкурстарға қатысып, әртүрлі номинациялар бойынша 20-дан астам марапатқа ие болған екен. Мәселен, 2012 жылғы сәуірде Халықаралық банкнот қауымдастығы (IBNS) конкурсының қорытындысы шығарылды, онда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 10 000 теңгелік естелік банкнот «2011 жылдың үздік банкноты» деп танылды.

Халықаралық банкнот қоғамдастығы (International Bank Note Society) 3 жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныш элементтеріндегі қайталанбас дизайн мен ұтымды шешімдер үшін Қазақстан банкноттарын әлем бойынша үздік деп таныды. Бір елдің 3 жыл қатарынан марапат алуы 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымның тарихында алғаш рет болды. Жалпы, Қазақстан банкноттары әлемдегі ең жақсы қорғалған және әдемі банкноттардың бірі ретінде халықаралық аренадағы 6 марапатқа ие болды.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан монеталарында ежелгі монета соғу дәстүрі мен заманауи технологиялар сәтті үйлесім тапқан. Айналымдағы монеталар да коллекциялық монеталар сияқты кәсіпқойлар мен коллекционерлердің жоғары бағасын алған. Бұған қазақстандық монеташылардың Базельдегі Дүниежүзілік нумизматикалық конференцияға қатысып келе жатқаны, Сан-Франциско, Сингапур, Пекин, Берлиндегі көрмелер сияқты беделді форумдарға қатысуы, сондай-ақ коллекционерлердің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Теңге сарайының атына келіп түсіп жатқан көптеген сұрағы мен пікірі дәлел бола алады.

Теңгенің жолы

Теңге айналымға шыққанда, айырбас бағамы 1 теңге – 500 кеңес рубліне тең болып бекітілген екен. Айналымға шыққан алғашқы күні теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы бір долларға 4,75 теңге болды. 16 жастан асқан әрбір Қазақстан азаматы 100 мың рубльге дейін ақша айырбастай алды. 30 жыл ішінде теңге 100 еседей құнсызданыпты.

2006 жылы Ұлттық валюта кескіні түбегейлі өзгертілді. Онда бұрынғы үлгіде болған даңқты тұлғалардың бейнелері алынып тасталды. Жаңа үлгідегі банкноталар бірыңғай стильде орындалған, суреттер бет жағында негізінен тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Тұтастай алғанда, дизайн Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсетеді, барлық мемлекеттік нышандар, сəулет объектілерінің жəне елдің табиғат ландшафтарының бейнелері кіреді.

2015 жылы инфляцияны таргеттеу режиміне көшу туралы шешім қабылданғаны есте. Осылайша, теңге еркін айналымға жіберілді. Ұлттық валюта бағамын сұраныс пен ұсыныс қалыптастыратын болды, бұдан кейін бағамның тепе-теңдігін сақтау үшін Ұлттық Банк алтын-валюта активтерін шығындауға тура келмейтін болды. Осы оқиға теңгенің бірден екі есе құнсыздануымен есте қалған болатын.

Осыдан соң инфляцияны таргеттеу режиміне көштік. Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құрылды. Ұлттық банктің таргеті немесе инфляцияға қатысты мақсаты айқындалды.

2021 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгеге байланысты пилоттық жоба жүргізген болатын. Содан бері цифрлық теңгені айналымға енгізу мәселесі пысықталып келеді. Яғни, теңге жаһанданудың жаңа кезеңіне, цифрландырудың табалдырығынан аттауға дайын тұр. Қазір цифрлық теңге жобасының бірінші кезеңі 2021 жылы іске асырылды, цифрлық теңге тұжырымдамасы технологиялық тұрғыдан расталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылы Ұлттық Банк ұлттық цифрлық валютаны енгізу қажеттілігі туралы кешенді зерттеу жүргізді. Биылғы қазанда нақты тұтынушылар және бизнеспен бірлесіп цифрлық теңгенің технологиялық платформасына жасаған сынақ сәтті өтті. Ұлттық банктің мәліметінше, цифрлық теңге 2025 жылдың аяғына дейін 3 фазада, біртіндеп айналымға енетін болады.

Қазір экономикадағы теңгенің көлемі – шамамен 34 триллион теңге. Зейнетақы активтері – 11 триллион теңгеден, банктердегі депозит базасы 25 триллион теңгеден асады. Қазақстан қор биржасы валюта, қор, ақша нарығының жұмысын ұйымдастырады. Жылдық айналымы 260 триллион теңгеге жетті. Ұлттық қордағы активтер 60 миллиард АҚШ долларына жуықтайды. Ұлттық Банктің резервінде 35 миллиард АҚШ долларынан астам шетел валютасы мен алтын бар.

Жарас АХМЕТОВ,

экономист:

Теңге түрлі соқпақтан өтті

– Теңге түрлі бұралаң жолдан өтті. 1994 жылы, айналымға шыққанына бірнеше ай өткен соң-ақ теңге бағамы 15 есе құнсызданды. Бұл есеп айырысудың нәтижесі болды.

Теңге бұдан соң бірнеше девальвацияны бастан өткерді. Курстағы барлық ауытқу әрдайым дұрыс ойластырылмаған экономикалық саясатқа байланысты болды. Ең үлкені 2015 жылғы тамызда болды, теңге 2 есе құнсызданды.

1993 жылғы қарашада, егер қателеспесем, бір доллар 4 теңге болып белгіленді. 1994 жылы бағам бір долларға шаққанда шамамен 60 теңгеге дейін құнсызданды.

Келесі девальвация 1999 жылғы сәуірде болды, курстың қалай өзгергені есімде жоқ. Бұл Ресейдегі 1998 жылғы тамыздағы дефолттың салдары еді.

2003 жылға қарай бағам долларға шаққанда 155 теңгеге дейін төмендеді. Бірақ содан кейін нығая бастады. Бұл мұнай бағасының өсуіне және шетелдік инвестициялардың ағынына байланысты болды. Осылайша, 2004 жылдан 2008 жылға дейінгі бағам долларға шаққанда, шамамен 120 теңге болды.

2009 жылы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін бір доллар 150 теңгеге дейін девальвацияға ұшырады.

2014 жылғы ақпанда теңге бағамы бір долларға шаққанда 180 теңгеге дейін арзандады.

2014 жылдың екінші жартысында мұнай бағасы төмендей бастады, елге келіп жатқан валюта ағыны азайды, бірақ 2015 жылғы мамырдағы Президент сайлауына байланысты бағам сақталды. Сайлаудан кейін сол жылғы тамызда девальвация болды. Қыркүйек-қазанда бағам долларға шаққанда 360 теңгеге дейін төмендеді.

Келесі девальвация пандемияның басталуы және мұнай бағасының төмендеуінен болды. Бағам бір доллар үшін шамамен 400 теңгеге дейін төмендеді.

Соңғы девальвация, өткен жылғы наурызда, Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан кейін байқалды. Бұған халық арасындағы дүрбелең себеп болды.

Бірақ осының бәріне қарамастан, теңге төлем құралы ретіндегі қабілетін сақтап келеді, сақтай береді деп есептеймін.

Ғалымжан Керімбек,

экономист:

Теңгенің құнын отандық өніммен көтере аламыз

– Тарихи деректерге қарайтын болсақ, басқа бір дамыған мемлекеттермен, жалпы мемлекеттермен салыстыратын болсақ, бұл Қазақстан үшін өте бір үлкен тарихи сәт болды. Себебі көптеген елде ұлттық, төл валюта жоқ. Мәселен, кейбір Еуропа елдері, Азия елдері де бар.

Әрине, теңге алғашқы кезде өте құнды болды. Сосын ол кезде бізде қағаз ақшалар, яғни тиындардың өзі қағаз ақша болып шыққан еді. Осы 30 жыл ішінде теңге өзінің тұрақтылығын сақтап тұра алды деп айтуға да болады. Бірақ сол 1993 жылғымен салыстырғанда, қазір жүз есе құнсызданып кетті. Қазақстан экономикасы, өздеріңіз білесіздер, шикізаттық базаға негізделген. Сондықтан алғашқы кезде теңге өзінің құнын ұстап тұрды. Ал еркін айналымға жіберу туралы шешім қабылданғаннан кейін бірден ауытқып кетті.

Теңгені құнды ету үшін отандық өнім өндіруді көбейтуіміз керек. Екіншіден, осы отандық өнім арқылы шетелден келетін импорттық тауарлардың орнын экспорттық тауарлар алмастыруы керек. Яғни, біз өз-өзімізді отандық өнімдермен қамтамасыз етуіміз керек. Үшіншіден, ақшаның айналымын жылдамдатуымыз керек. Ақша көбірек айналған сайын бұл теңгенің құндылығын арттырады. Міне, осы жағдайларда теңге тұрақты болады.

30 жыл ішінде теңге тек төлем құралы емес, тұтас бір жүйеге айналды. Соқтықпалы-соқпақты жолдардан өтті, әлі сол жолда келе жатыр. Жалпы, нарықтың өзі түзу жол болмайтыны анық. Теңгенің тарихында қазіргі ахуалымыз, өткеніміз, әлеуетіміз бен жағдайымыз туралы дерек жазылған. Төл валютамыздың тұғырлы болуы біздің де қуатты мемлекет екеніміздің дәлелі болмақ.

 

 

Серіктес жаңалықтары