Көп көңіліндегі Көпен

«Көпентанушылар көп пе?» деген бір журналистің сауалына көпентанушылардан гөрі Көпенді танитындар көп. Қазақстанның қай жеріне барсам да, оқырмандар мен көрермендер қолтаңба алып, суретке түсіп жатады. Кейде Асанәлі Әшімовпен, кейде Жүрсін Ермановпен шатастыратындар да бар. Үшеуміз де сақал қойғанбыз ғой.

Көп көңіліндегі Көпен
ашық дереккөз
2378

Қазақ сатирасы мен руханиятындағы танымал тұлғаның бірі Көпен Әмірбектің өмірден өткеніне де 1 жылдай уақыт болды. Ұлттық сатираның қанат жаюына көп еңбек сіңірген қаламгер кезіндегі әйгілі «Ара» журналын бертінде Aiqyn газетінің қосымшасы ретінде өмірінің соңына дейін шығарып кетті. Nur media холдингіне қарасты «Айқын-Литер» ЖШС  құрамындағы басылымдар марқұм қаламгердің шығармашылығы мен өмірінің кейбір сәттері жайлы бірнеше рет материалдар жариялады.  Соңғы жылдары ұлт мәдениетінің тұрақты іздеушісіне айналған «AMANAT» партиясы да сатирик-қаламгердің соңында тындырылмай қалған жұмыстарды жүзеге асыруға мұрындық болып отыр. Осы орайда біз Көпен Әмірбекпен бірнеше рет қызметтес болған  сенатор Нұртөре Жүсіптің мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Көзден кетсе де көңілден кетпейтін кісілер болады. Көпен аға да сондай адам. Көпекеңді көргендер сол бетте езуіне күлкі үйіріліп, «Әй, осы қазір бірдеңе айтады-ау» деп ыңғай беріп тұрады. Көпағаң да соны іштей сезетін болуы керек, ойын жұптап, бойын нықтап қашанда қағілез қалпынан айнымайды, орайы келсе отты, уытты сөз айтады; кейде табан астынан тауып, айтқыштығы «ұстап кетсе» небір ұтқыр тіркес, ұшқыр ойды ортаға үйір-үйірімен тастай салады. Ал содан қыран-топан күлкі...Жан-жағын күлкі көрпесіне көміп жүре береді...

Өмір жолымда Көпен Әмірбекпен екі мәрте қызметтес болдым. Қазақтың Шерханы  – Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанды» басқарып тұрғанда «Сазына дейін сары алтын» деген бір мақаламды оқып, Павлодарда жүрген жерімнен Алматыға алдыртты. Әуелгіде экономика бөлімінде тілші, сосын аға тілші болдым. Шерағаң буын-буыны сіресіп тұрған бас газетке үлкен реформа жасады. Демократиялық жолмен бұған дейін он-он бес бөлімнен тұратын редакция құрылымын бас-аяғы алты бөлімге біріктіріп, бөлім редакторларын ашық дауыспен сайлауды өткізді. Экономика мен ауыл шаруашылығы бөлімі «Экономика» деген атаумен ортақ отау құрды. Ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын Мамадияр Жақып ағамыз ашық сайлау үстінде «самоотвод» алатынын, сөйтіп  жолын «қазір жастардың заманы, оларға мүмкіндік беру керек» деп маған беретінін жеткізді. Сонымен, үлкен бөлім құрылды. Бұрынғы ауыл шаруашылығы бөліміне қоса, транспорт, медицина, әлеуметтік, тұрмыстық салалардың бәрі біздің бөлімге кірді. Сол тұста   фельетон бөлімінің меңгерушісі Көпен Әмірбек те менің «қарамағыма» қарайтын болды.

Павлодардан ауысып келгенімде бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайыл «Ешқандай айтыс-тартысқа араласпа, топ-топқа қосылма, үндемей жұмысыңды істе» деп тапсырған болатын. Жаңа орта, жаңа ұжым болғасын Ерағаңның айтқанын басты қаперде ұстап, басы артық әңгімелерден бойымды аулақ ұстап, тек қана өз міндетімді атқарып жүрдім. Көп сөйлемеймін. Бірақ қарамағымдағы журналистерден тапсырмаларымның орындалуын талап етемін. Қысқаша айтқанда, «қабағы ашылмайтын» адаммын.

Бөлімде Мамадияр Жақып, Кеңесхан Зекен, Қуандық Боқай, Бахтияр Ерімбет секілді менен жасы әлдеқайда үлкен кісілер болды. Оларды «жап-жас болып» менің жұмсауым да оңай емес. Көпеннің аты да көпке танымал. Бірін аға, бірін көке деп тағы отыра алмайсың. Шер-ағаңның талабы тастай. Сөзі алмас қылыштай. Редакцияға сырттан арызданып, қауғаланып кісі келсе, бірден бас редакторға барады. Ішкі телефонмен Шер-ағаң бөлім редакторын шақырады. «Сіздің айтқан нәрсеңіздің бәрін мен емес, мына бөлім бастығы шешеді, қағаздарыңызды осыған беріңіз, ал жақсы» деп келген адамды бізге ертіп жібереді. Шерағаңның өзі сенің құзіретіңді үлкейтіп, «бар мәселені осы шешеді» деп жауапкершілік шекпенін кигізіп жіберген соң жан қала ма, дереу бас редактордың тапсырмасын екі етпеуге ұмтыласың, жасы үлкен екен деп қызметкерлерге аса сыпайылана бермейсің, бәріне бірдей қарауға, тапсырманы сұрауға талпынасың...

Сондай күндердің бірінде кабинетіме Көпен Әмірбек кіріп келді. Амандық-саулықтан соң «Осы сен КГБ-да істемейсің бе?», –  деді бірден. Мұндай сұраққа әуелі тосырқап, сосын іштей жақтырмай қарап қалсам керек.

–  Сенің өмірі бір күлгеніңді көрген жоқпын. Аузыңнан бірауыз артық сөз шықпайды. Сосын үш әріптің адамы ма деп білуге келдім, –  деді.

–  Мен тоғыз әріптің адамымын, –  дедім қитығып.

–  Тоғыз дейсің бе? Сонда ол не болды?

–  Әріп санатып, шаршатпай-ақ қояйын, журналист! –  дедім.

–  Е, онда өзіміздің адам екенсің ғой!

–  Солай болса, солай шығар, –  дедім.

Көпағаң рақаттана бір күлді де «Жауабыңа ризамын» деп шығып кетті. Есіктің тұтқасын тарта беріп кері бұрылды. «Сенің жағалайтын ағаң да, көк тірейтін көкең де жоқ. «Сазына дейін сары алтын» деген мақалаң сойқан. Біздің Шерағаң адам таниды ғой! –  деп ұзай берді. Сол күннен бастап арамызда көзге көрінбейтін, жібек жіптен жіңішке өзара сыйластық жібі жалғанды. Сол жіп Көпеннің өзі кетсе де үзілген жоқ.

Көпен Әмірбек 60-қа толғанда Отырарда дүбірлі шаралар өтті. Әлемге әйгілі ғұлама әл-Фарабидің мерейтойы мен Отырар топырағында дүниеге келген ұлы композитор, вальс падишасы Шәмші Қалдаяқовтың, сонымен қатар Көпен Әмірбектің де тойлары болды. Көпен ұлы композитордың  80 жылдық мерейтой кешін жүргізді. Ал Көпеннің 60 жасқа толған мерейтойын Қадыр Мырза Әлі басқарды. Ол да бір думанды кезең екен.

Көпен Әмірбек Шәмші Қалдаяқов туралы «Шәмші», «Шәмші әлемі», «Шәмшінің әндері мен әзілдері» деген үш кітап шығарды. Бұл жинақтарды шығару арқылы Көпағаң Шәмші есімін мәңгілікке ұлықтады деуге болады.

«Көпен келе жатыр» деген сөзді елдің бәрі біледі. Бірде Оңтүстіктен Алматыға қарай пойызбен жолға шыққан едім. Көршілес вагонда Көпен келе жатыр екен. Жол қысқартып, біраз әңгіме айттық. Алдында ғана Парламент сайлауы өтіп, Көпен өтпей қалып, соған іштей налып келе жатыр екен. «Мен оқу орнында жүргенде әртіс болып ойнадым. 23 жасымда оқуды бітірдім. Сол кезден бастап әртістігім де тоқтады. Себебі менің бар ойым әртіс болу емес, журналист болу еді. Соның ішінде сатира бағытын таңдадым да, бар ықыласым соған ауды. «Ара – Шмель» журналында жауапты хатшы, республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жыл қызмет істедім. Бірақ биліктің дәмін татып, принципімнен айныған жоқпын. Қазір  еркін заман. Осы бостандық біздің сықақшыларды абдыратып тастады ма деген ой келеді, өйткені ұсақ-түйек әңгімені сөз етіп, кемпір-шал, әйел-еркек тақырыбы, маскүнем күйеу, шайпау әйел дегеннің айналасынан шыға алмай қалдық. Мынау қоғамдағы қомақты мәселелерді қопарып, тамырымен үзіп, отап тастайтын күлкінің деңгейіне әлі көтерілген жоқпыз-ау деймін, мүмкін жүрексінеміз бе, әлде шеберлігіміз жетпей ме, білмеймін. Ойлы, мағыналы, әдемі скетч, интермедия немесе монологтар газеттің бетінен жап-жақсы оқылады, ал сахнаға шыққанда ешқандай күлкі шақырмайтын болады, соған қарағанда сықақшылардың бірсыпырасы да сахналық сатираның иірімдерін игере алмай, яғни түсіне алмай, сахнаға лайықтап жаза алмай жатыр. Бұрын әртістер мен сықақшылар бірігіп, бір терінің пұшпағын илегендей жұмылып, тақырыпты талқылап, көркемдік кеңестен өткізіп отыратын, қазір бұл дәстүр жоқ. Театрлардың бәріне дайын сахнаға алып шыға қоятын дүние керек, яғни «алма піс, аузыма түс» деген жағдай болып тұр», –  деді.

Мен де өзімше ақыл айтқан болдым. Сөздің ұзын-ырғасы былай: «Көпаға, Сіз депутаттықты қайтесіз? Қолыңызда сатира деген сойыл бар. Соны дұрыстап пайдаланбайсыз ба? Ресейде Жванецкий, Задорнов, Петросяндар не айтады деп президенттерінен бастап бәрі солардың аузына қарап отырады. Сатира арқылы қоғамды сынауға да, мінеуге де, тіпті тәрбиелеуге де болады. Өз алдыңызға театр құрыңыз. Сойылыңызды сілтеңіз сосын» дегенге сайды.

Сол екеуара әңгіме қатты әсер етті ме, іле-шала «Көпен келе жатыр» деген сатира отауы пайда болды. «Ерте келген қонақтың қадірі болмайды. Ынтықтырып, зарықтырып күттірген жақсы. Өзіме осы жарнама ұнайды: «Келе жатыр!» деген», –  деп өзі айтпақшы, бірауыз сөзбен елге танымал атау қалыптасты.

«Көпентанушылар көп пе?» деген бір журналистің сауалына көпентанушылардан гөрі Көпенді танитындар көп. Қазақстанның қай жеріне барсам да, оқырмандар мен көрермендер қолтаңба алып, суретке түсіп жатады. Кейде Асанәлі Әшімовпен, кейде Жүрсін Ермановпен шатастыратындар да бар. Үшеуміз де сақал қойғанбыз ғой. Сақалымыз ұқсағанымен, мақамымыз ұқсамайтынын біле бермейді-ау? Көпентанушылардың ішінде жаратылыс пен жан дүниемді, болмыс пен бітімімді дәл таныған Әбдіраштың Жарасқаны. Маған арнаған төрт эпиграммасының ішіндегі бір шумағын айтайын. «Кім білмейді Әмірбеков Көпенді, Әзілімен танытады әкеңді. Бір қарасаң,  Алдаркөсе атасындай пып-пысық, Бір қарасаң,  Қожанасыр атасындай әпенді», – деп жауап бергені бар.

Көпен Әмірбекпен жолымыз мен Aiqyn газетінде бас редактор қызметін атқарып жүргенде тағы тоғысты. Жүзжылдық тарихы бар «Араның» журналын қайта шығару үшін Көпекең «Нұр Отан» партиясының басшылығына өтініш айтқан екен. Жабылып қалған журналды қайта шығару оңайға түспеді.

Қаражат табу оңай емес. Сондықтан Көпен Әмірбек «журналды қайта шығарайық, қолдан келгенше дертке дәру етейік» деп еліміздің жетекші  партиясына жүгінеді. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Ара» журналын Aiqyn газетінің бір қосымшасы етіп шығаруға келісім береді.

Мұндай шешімге не үшін барғанын Көпен аға былай деп түсіндірді: «Дәл осы мен айтқан мәселеде сатираның да, елді ойлаған шын саясаттың да мақсаты бір. Еліміздің жарқын болашағын жасау үшін ақ тер, көк тер болып аянбай қажыр-қайратымызды жұмсауымыз керек. Әркім қолынан келгенше. «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу баршаның және әр адамның міндеті. Ол біздің мемлекеттігімізді жегідей жейді, сондықтан біз онымен ымырасыздықпен күресе білуіміз керек» делінген. Осы жолда менің қолымнан келетіні  – сатира. Біле білсеңіз, күлкі  – күштілер қаруы. Әлжуаз болып әлсіреп жатқан әлеуметтік мәселелердің түйткілін сатираның тілімен көрсетіп, тіресетін жерде тірессек, күресетін жерде күрессек, несі сөкет? Ең бастысы, бізді біріктірген  – ел мүддесі. Жаңа жыл қарсаңында «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасын талқылауға Бауыржан Байбек зиялы қауым өкілдерін шақырды. Қатыстым. Ой бөлістім. «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырыстарына да барып, бар-жоқты бағамдап жүрдім. Айтары бар азаматтардың шыр-пыры шығып сөйлеген сөздеріне құлақ түрдім. Қысқа күндегі қырық қылмыстың түр-түрін естігенде түсіңнен шошисың. Мен неге үндемеймін деп ойландым. Сонда сатира мен саясаттың мақсат-мүддесі бір екеніне көзім жетті. Ең алдымен партиялық азаматтардың шынайылығын байқадым. Олардың қажыр-қайратына, аға буын алқаласа тау қопарып, тас көтеретініне сендім. Ұлт мүддесі мен ел болашағының бұл азаматтар үшін үлкен мағынаға ие екенін түсіндім. Жемқорлықпен күресетін «Ара» сияқты журналдың сыбайластықтан, жершілдіктен, түйені түгімен жұтып жіберетін жалмауыздықтан тынысы тарылып бара жатқан бүгінгі қоғамға ауадай қажет болып тұрғанын сездім. Сөйтіп, біраз уақыт толғанып, «Нұр Отан» партиясына ұсыныс айттым. Партия басшылығы менің ұсынысымды бірден қолдай кетті. Сөйтіп, Aiqyn газетінің ішінен айына екі рет сегіз бет болып шыға бастады».

1915 жылы «Садақ» деген атпен шығып, үш жылдан соң жабылып қалған журналдың бірінші редакторы   Бейімбет Майлин болатын.  1925 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлығымен «Шаншар» деген жаңа атаумен қайта жаңғырды. 1932 жылы Ілияс Жансүгіров «Балға» деген атпен жалғыз санын шығарған соң тағы тоқтады. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, нәубет кезеңдерінен кейін қоғамға есіп сөйлемей, кесіп сөйлейтін басылым қажет болып 1956 жылы «Ара» журналының кіндігі кесілді. Бас редакторы, сөз зергері Ғабит Мүсірепов болды. «Ара» өз сөзін:  –  Ұшқалы тұрған «Арамын», Алдарыңа барамын. Қисық, Қыңыр, Қырсауды Талқыға сүйреп саламын. Жексұрын, Жылпос, Тоңмойын, Төрешілді табамын, Табамын да шағамын!   – деп бастады. Осы басылымда Асқар Тоқмағамбетов, Мыңбай Рәшев, Оспанәлі Иманәлиев, Жүсіп Алтайбаев, Шона Смаханұлы, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметов, Қажытай Ілиясұлы, Ғаббас Қабышев секілді сатириктер қызмет етті. ЦК-ның органы болған соң жұрттың бәрі «Арадан» аяғын тартатын. «Ара»  ара болады, шаққан жері жара болады», деген екен Оспанхан Әубәкіров. Нарық қыспағына түскен басылым тағы да шығуын тоқтатты. Сол тұста «Ара» жабылғаны  – қазақ сатирасының қара жамылғаны» деп Қалтай ағамыз уытты сөз айтқан болатын. Бір кезеңдерде  журнал тоқтап қалып еді, Иманғали Тасмағамбетов пен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауымен қайта шықты. Сосын тағы да қаржы қиындығына тап болды.

Көпағаңның жұмыс графигі еркін. Айына редакцияға бір-екі рет келеді. «Араның» версткасын қарайды. Әр келгені  бір мереке. Сонда да кей кездері көңілі жабырқау тартып жүреді. «Қазір сен айтып жатырсың ба, шағып отырсың ба, оныңды ара емес, шыбын шаққан құрлы көрмейтін терісі қалың қоғамға тап болдық. Бірақ «оқтаусыз мылтық он адамды қорқытады» дегендей, «Ара» деген аты бар, бұған да мойын бұрып, оң көзімен қарайтын азаматтар бар. Қаржылық жағынан ешқандай демеушісі жоқ, өз бидайын өзіне қуырып беріп, халық үшін тегін жұмыс істеп жатырмыз, әйтпесе біз үшін көк тиын пайдасы жоқ»,  – деп ішкі сырын айтады...

«Нұр Отан» партиясына Мәулен Әшімбаев жетекшілік еткен кезде Көпен ағамен арамыз шамалы салқын тартып қалды. Мен Aiqyn газетінің бас редакторымын, Көпен Әмірбек «Араның» бас редакторы. Аптасына екі рет түрлі-түсті «Ара» шығып жатқан. Көпекең «Араны» «Егемен Қазақстанның» жанынан шығару туралы өтініш хат әзірлеп, Ақордаға жөнелткен екен. Бұл жағы маған мүлдем беймәлім. Мәулен Сағатханұлы «Араның» жайы не болып жатыр?» деп сұрап қалды.

 – Айына екі рет қосымша болып шығып жатыр, –  дедім. Қасымда Көпекең тұрған.

 – Соны «Егеменнің» жанынан шығарсақ деп едік,  – деп күмілжіді.

–  Сіздің тақияңызға Aiqyn тарлық етті ме? Онда журналыңызды ертеңнен бастап Түркістаннан шығарыңыз! Қайдан шығарғыңыз келсе, сол жақтан шығарыңыз! –  деп мен де тарс жарылдым.

– Қатты айттың ғой,  – деп Көпен төрағаның алдында тіпті ыңғайсызданып қалды.

Арада бір апта өткен соң кабинетке келді. Қабағымды шытып қарсы алдым.

–  Сіз дегеннен басқа алдыңызды кескен жерім жоқ. Жұмысыңызға да қазымырланып араласқан емеспін. Маған айтпай қолдан хат ұйымдастырғаныңыз қалай? Бірауыз ескертсеңіз, атыңыздан түсіп қаласыз ба? Бұл не қылғаныңыз? Елдің бәріне Aiqyn газетінің қаражаты аз, сондықтан «Егемен Қазақстанға» ауысқымыз келеді» деп айтып жүр екенсіз. Осы ойыңызды маған айтуға  болмады ма? Қарсы болады деп ойладыңыз ба?  – деп кірген бетте «қарсы шабуылға» шықтым.

–  Саған рахметтен басқа ештеңе айта алмаймын. Арамыздағы сыйластықта мін жоқ. Ағаңнан бір олқылық кетті, кешір, айналайын, –  деп Көпен аға тіптен төменшіктеп қалды. Қанша дегенмен елге сыйлы азамат қой, бұдан ары тұқырта бермейін деп «Адам өлтіргеннің талайын көріп едік. Айтып өлтірсеңіз қайтеді?», –  деп мен де әзілге бұрдым.

Көпағаң сонда ғана жарқырады. «Мен бір қайбір жетісіп жүрген адаммын. «Бірде менен сұрады. Елбасы қала салды, сіз ел игілігі үшін не жасадыңыз деп. Елбасы қала жасаса, мен бала жасадым дедім. Содан бұл әңгіме көпке тарап кетті. 65 жаста ұлды болам деп ойлаған жоқпын. Бастапқыда жасырып жүргенбіз. Кейін бәріне белгілі болды. Екінші әйелім 35 жас кіші. Кезінде Абылай ханның да 70 баласы болған деген дерек бар ғой. Абылай өзінің тегін адам емес екенін біліп, ұрпағын көбейткісі келген. Жалпы, бала сүю бұл ұрпағыңды ойлаудан туады. «Араны» да бір жағынан сатираны өлтірмеу үшін, екінші жағынан сол ұрпақ қамы үшін шығарып жүрмін ғой», –  деді.

–  Жақсы, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз. Менің тарапымнан қолдау болады, қинау болмайды,  –  дедім.

Көпен Әмірбектің туған жерінде талай рет болдық. Тіпті, сонау  Отырар ауданы Ешкіқора ауылына дейін бардық. Шәуілдірдегі Оман арықтың бойында өткен балалық шағын жиі еске алатын.  Көпен аға 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысқан.  «Правда» баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинаққа әзіл-сықақтары жарияланған. Саяси-сатиралық «Ара – Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі,  Бас прокуратура мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор болып қызмет істеді. Қазақ радиосында Шәмші Қалдаяқовтың үш минуттық даусы сақталған екен.  Шәуілдірде қонақ болған Шәкеңнің әңгімесін бір жігіттер магнитофонға жазып алған көрінеді. Көпен Әмірбек соны іздеп тауып,  білікті мамандарға монтаждатып Қазақ радиосының Алтын қорына тапсырады. Бұл біле білгенге үлкен ерлік! Сондай-ақ ол  Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы болды. Президент гранты мен «Парасат» орденін иеленді, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауызбастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Көпен келе жатыр!..», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!...» атты әзіл-сықақ, сын мақалалар кітабының авторы.

Көпағаң қайтыс болғанда сөз қадірін білетін бүкіл қазақ күңіренді. Астанада, Алматыда, туған өлкесі Түркістанда еске алу шаралары өтті. Сондай жиынның бірінде Ислам Әбіш Көпен Әмірбек туралы жақсы естелік айтты. «Бұрын сырттай білгеніммен, жақын араласып көрмеппін. Мен істі болғанда Көпен барлық сот отырысына қатысып, маған демеу білдіріп жүрді. Сол әрекетін өле-өлгенше ұмытпаймын», – деді. Өзінің ерекше дағдысы жөнінде Көпен ағаның былай дегені бар.

«Соқырдың қасында көз туралы, ақсақтың алдында аяқ туралы әңгіме айтпау да –  жылы сөз. Ауырып жатқан адамға барып қал-ахуалын сұраудың өзі жылы сөзден мың есе артық. Дәрежесі өсіп шекпен киген шенеуніктерді жаңа қызметімен құттықтап барған емеспін. Аяғым баспайды. Неге? Өзімді-өзім жағымпаз сияқты сезінем. Бара қалған күнде де айтатын сөзім белгілі. Жылу сөз емес, сұлу сөз. Керісінше, «тақтан тайған» көкелердің қасында көп жүрем. Рақат! Жұмылып қалған көздері ашылып, адам қалпында ашық-жарқын әңгімелеседі. Бұлақ көзі ашылғандай нұры төгіліп тұрады. Оңбай омақасып құлаған адамды орнынан сүйеп тұрғызғандай жылы сөзімді айтам. Ол да ағынан жарылады. «Әй, Көпен, сенің мұндай жігіт екеніңді бұрын байқамаппын ғой!» дейді. Жылы сөз. Жақсы араласамыз. Күндердің күнінде әлгілердің ішінде бірлі-жарымы қайтадан атқа мінеді. Құттықтап бармаймын. Мені іздейтін шығар деп ойлаймын. Бірақ іздемейді. Көзін тағы да шел басып қалатын шығар, сірә? Ол бейбақ төбеден төменге сырғып түскеннен кейін ойда-жоқта ұшырасып қаламыз. «О-о-о, бауырым, қайда жүрсің ей? Неге хабарласпайсың?» дейді. Құшақтасып амандасамыз. Бірақ баяғыдай жылу жоқ. Өмір ғой... Жала жабылып жазықсыз абақтыға қамалғандардың артынан буынып-түйініп барсаң, сені өмірі ұмытпайды».

Дүниеге адам келеді, кетеді.

Жақсы адамның ісі де, сөзі де, өзі де көп көңілінде өмір сүреді. Көпен сондай адам. Қазақ барда, күлкі мен әзілдің қадір-қасиетін білетін жандар бар кезде көп көңіліндегі Көпен жасай береді.

Нұртөре ЖҮСІП

 

Серіктес жаңалықтары