Тікелей инвестиция қорларының қоғамға берері не?

Бұл қорлар жеке компаниялардың келешегі мен елдің экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Ал тікелей инвестиция қорларының қоғамды, әлеуметті қалайша әсер етуі мүмкін? Мәселені осы қырынан да қарастырып көрейік.

Тікелей инвестиция қорларының қоғамға берері не?
сурет: GOV.KZ
669

Былтыр елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұған дейінгі статистика мәліметтерімен салыстырсақ, бұл – рекорд көрсеткіш. Дегенмен, Президент биылғы қыркүйектегі жолдауында инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұрғанын айтып, бұл болашақта тоқырауға әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескерткен болатын.

Инвестиция, шетелден тартылатын инвестиция мәселесі өте ауқымды тақырып екені белгілі. Инвестициялық саясат мемлекеттік саясаттың ажырамас, құрамдас бір бөлігі. Соның ішінде еліміздегі тікелей инвестиция қорларына тоқталмақпыз.

Бұл қорлар жеке компаниялардың келешегі мен елдің экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Ал тікелей инвестиция қорларының қоғамды, әлеуметті қалайша әсер етуі мүмкін? Мәселені осы қырынан да қарастырып көрейік.

Шетел инвестициясының көбісі тау-кен өнеркәсібіне тартылған

Тікелей инвестициялар дегеніміз белгілі бір компанияға оның жарғылық капиталының 10 пайыздан астамындай салым салу. Салым ретінде ақша, жер, ғимараттар, патенттер және тіпті өзіңіздің сараптамаңызды сала аласыз. Өз салымдарының орнына инвесторлар тек табыс қана емес, сонымен қатар кәсіпорынды басқару құқығына ие болады.

Тікелей инвестиция кез-келген елдің экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Инвестиция ағынының көлемі, шетел капиталының ағыны халықтың өмір сүру деңгейінің өсуіне, сондай-ақ елдің жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігіне байланысты әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл сегментті ынталандыруға әсіресе экономикасы дамып келе жатқан елдерде мемлекеттік деңгейде мән беріледі.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2023 жылғы І тоқсандағы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 7,6 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы сәйкес кезеңдегі қорытындыға қарағанда 694 млн АҚШ долларына артық. Осы өсімнің 76 пайызы өңдеу секторына және көтерме, бөлшек саудасына тиесілі. Екенін айтып өткен жөн.

Егер салалар бойынша жіктер болсақ,  тікелей шетелдік инвестициядағы ең көп үлес  – 46 пайызы немесе 3,5 млрд АҚШ доллары тау-кен өнеркәсібіне тартылған. Оның ішінде 2,8 миллиард АҚШ доллары немесе тікелей шетелдік инвестициядағы жалпы көлемінің 36 пайызы шикі мұнай мен табиғи газ өндіруге бағытталыпты.

Инвестиция көлемі бойынша жетекші салаларға өңдеу өнеркәсібі де кіреді (1,6 млрд АҚШ доллары немесе 22 пайыз), сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда (1,2 млрд АҚШ доллары немесе 16 пайыз).

Ал ең аз үлес ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында екен.

Инвестиция және әлеумет

Өңірлерге шаққанда, еліміздегі ең көп тікелей инвестиция тартылған аймақ – Атырау облысы. Бұл кездейсоқтық емес. Елімізде пайдалы қазбаның қоры көп болуы шетел инвесторларын қызықтырады.

Мәселен, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы Қазақстанда 248,5 млн АҚШ доллары көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру жөнінде Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум арқылы Қазақстанның коммерциялық кәсіпорындарына инвестиция құйылып, экономика мен жергілікті қамтуды дамытатын қор құрылды.

– Жергілікті қамтуды және бизнес ортаны дамыту біз үшін басым мәнге ие. Тікелей инвестициялар қорының тетігі «Шеврон» компаниясына Қазақстанда алынған пайданың бір бөлігін Қазақстанда мұнай-газ,  қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологиялар, бірақ онымен шектелмейтін салаларда тауарлар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпорындарды қолдауға және құруға бағыттауға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеген еді сол кездегі Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев.

– Біз Қордың инвестициялары табысты кәсіпорындар құру және еңбек ресурстарын дамыту арқасында Қазақстанның одан әрі экономикалық дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді «Шеврон» барлау және өндіру бөлімшесінің атқарушы вице-президенті Джей Джонсон.

Олардың ағымы өндірістің техникалық деңгейін арттыруға, шетелдік технологияларды тартуға, менеджмент пен маркетингтің әлемдік тәжірибесін пайдалануға, ел экономикасын әлемдік экономикаға біріктіруге, салық базасын кеңейтуге, экспорттық өндірісті әртараптандыруға ықпал етеді.

Одан бөлек, мұндай қорлардың құрылуы қоғамның дамуына, әлеуметтің, халықтың әл-ауқатының артуына да септігін тигізеді. Себебі жеке капитал секторы әлемдегі ең ірі жұмыс беруші саналады, сондықтан секторда жұмыс істейтін адамдарға да, жалпы қоғамға да айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Жаңа жұмыс орындары ашылады, шетелдік инвестор шетел тәжірибесін үйретіп, сапалы кадр, білікті маман қалыптасуына біршама сеп болады.

Ал әлеуметтік тұрғыдан алғанда, жұмыспен қамту жергілікті бизнеске де пайда әкеледі және қоғамның өміршеңдігі мен өркендеуіне ықпал етеді. Бұл болашақта халықтың тұрмыс жағдайын, әл ауқатын көтеруге үміт сенімін ұялатумен қатар, еліміздің экономикалық жүйесін әлемдік экономикамен үйлестіруге алып келеді.

Экономист маман Мақсат Халықтың пікірінше, тікелей инвестициялық қорладың әлеуметке, қоғамның өркендеуіне пайдасы зор, тек кей мәселелерді назарда ұстаған жөн.

Мақсат Халық,

экономист:

Тікелей инвестициялық қорладың экономикаға пайдасы бар. Әрине, ұшан-теңіз деуге келмейді, дегенмен, атқаратын өз функциялары бар. Бірінші кезекте, жаңа жобаларды қаржыландыруға атсалысады. Ең бастысы – осы инвестициялық қорлар ашық, таза жұмыс істеуі керек. Әртүрлі жобаға деп қаражат алып, ол жобалар жүзеге аспай жатады. Сондай қаражат талан-тараж болған көптеген жайт есте. Компаниялардың лентасы қиылғаннан кейін, жобамен, қаражатпен бірге жоқ болып кетіп жатады. Сондықтан, осындай дүниелерге жол бермеу керек. Инвестициялық қорлар жобаларға үлес қосып, зауыттардың, басқа да нысандардың ашылуына сеп болып жатса, экономиканың өсіміне үлес қосады. Экономика өссе, әлеуметтің әл-ауқаты да жақсарады.

Қорыта айтқанда, тікелей инвестициялық қорлар – шетел тәжірибесін елімізге әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа жобаларды бастауға таптырмас тетік. Тек, әдеттегідей ашықтық пен әділдік, тазалық қажет.

Серіктес жаңалықтары