Қазақстан халқы санының 20 миллионға жетуі тарихи оқиға – демограф

Пандемия кезінде жылына 460-470 мың бала дүниеге келді.

Қазақстан халқы санының 20 миллионға жетуі тарихи оқиға – демограф
1121

Демограф Аяулым Сағынбаева Turkystan.kz тілшісіне Қазақстан халқы санының 20 млн адамға жетуіне байланысты сұхбат берді.

Ол демографиялық дүмпу мен халық санының сыртында ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұрғанын түсіндірді.

Маманның мәлімдеуінше, халық санының 20 миллионға жеткенін қуанышпен емес, ерекше қуанышпен, тіпті, бөркімізді аспанға атып қабылдау қажет. Өйткені 20 миллион деген көрсеткіш - ұлттың болашағымен біте қайнасқан сан. Бұл санның соңында 20 миллион адамның тағдыры, тәуелсіз Қазақстанның болашағы, елдің дамуы мен гүлденуі тұр.

«Қазақстан халқы санының 20 миллионға жетуі - тарихи оқиға. Бұл - демографиялық дүмпудің, өсудің, өнудің белгісі. Халық санының ұлғаюы ұлттық қауіпсіздіктің күшеюіне ықпал етеді. Шекара маңындағы аумақтарда халықтың көп болуы аса маңызды. Халқының саны аз мемлекеттерде экономикалық өсім, әлеуметтік даму көштен кейін жүреді немесе іркіліп, тоқтап қалады. Адам капиталы үлкен ресурс. Ресурс жеткіліксіз болған жағдайда мүмкіндік шектеулі болады. Қай жерде, қай ортада болмасын халық саны шешуші фактор саналады. Өйткені халықтың саны нарық қалыптастырады. Нарықта тұтынушы тапшы болса, инвестиция тарту қиын болады. Жасыратыны жоқ, қазір инвесторлардың басым бөлігі Өзбекстанға бет бұрып жатыр. Себебі бұл елде халық көп. Тұтыну нарығы мен арзан еңбек күші де жеткілікті», – деді демограф.

А.Сағынбаева 1991 жылы Қазақстанда халық саны 16 миллион болғанын, кейін бұл көрсеткіш үдере көшу мен бала туу көрсеткішінің төмендеуі салдарынан азайғанын айтты.

«16 миллион деген санға 2009 жылы әупірімдеп жүріп жеттік. 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адам болған», – деді ол.

Демографтың пікірінше, халық санының соңғы жылдардағы өсімі ел тарихында бұрын-соңды болмаған.

«Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясат жемісін беріп жатыр. Халықтың тұрмысы түзу болмаса, бала туу көрсеткіші көбеймейді», – деді А.Сағынбаева.

Сарапшы өткен ғасырдағы түрлі зауалдар мен соғыс халық санының көбеюіне кедергі келтіргеніне тоқталды.

«Өткен ғасырда қандай оқиғалар болғанын, халыққа демографиялық, жаһандық сын-қатерлер төнгенін назарға алсақ, 20 миллиондық межеге жетуімізді зор жетістік деп бағалау қажет», – деді ол.

А.Сағынбаева пандемия кезінде Қазақстанда демографиялық жағдай нашарламағанын, керісінше жақсарғанын жариялады.

«COVID-19» пандемиясы кезінде жылына 460-470 мың бала дүниеге келді. Кейінгі жылдары бұл көрсетіш 300 мыңнан аспайтын», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, 20 миллионыншы тұрғынның дүниеге келгенін айтып қана қоймай, осы бағыттағы саясатты үздіксіз жалғастыра беру қажет.

«20 миллион адам алдағы уақытта көбейеді. Сол кезде мемлекеттің, қарапайым адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі күшейеді. Әлеуметтік, мәдени нысандар мен инфрақұрылымның маңызы мен қажеттілігі артады. Қай салада болмасын сұраныс көбейеді. Бізге осыған дайын болу қажет. Бұл үшін жоспарлы түрде әрекет ету керек», – деді демограф.

Серіктес жаңалықтары