Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындары ерекше үлгідегі куәлік пен 2 млн теңгенің тұрғын үй сертификатын алады

13 қарашада 20 миллиондық көрсеткішке жету үшін 277 адам қалғаны анықталды.

Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындары ерекше үлгідегі куәлік пен 2 млн теңгенің тұрғын үй сертификатын алады
ашық дереккөз
1168

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды 20 миллионыншы тұрғынның дүниеге келуімен құттықтап, бақытты отбасы – ұлт игілігінің, елдің тұрақты ілгерілеуінің негізі екенін мәлімдеді.

Қалың көпшілік жағымды жаңалықты қуанышпен қабылдады. Әлеуметтік желіде сүйінші сұраған жазбалар жарияланды. БАҚ өкілдері 20 миллионыншы тұрғындар жайлы жарыса жазды. Атқамінерлер 20 миллионыншы тұрғындарды құттықтап, құрмет көрсетті.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан халық санының өсуі жағынан ең оптимистік болжамның өзінен асып түскенін жариялап, мұндай көрсеткішке, ең жақсы нәтиже көрсеткеннің өзінде 2024 жылы жетуге тиіс болғанымызды баяндады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасө мәслихатында 2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені жарияланды.

«2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да еліміздің әртүрлі аймақтарында бір уақытта дүниеге келген 5 бала 20 миллионыншы азамат ретінде анықталды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар», – деді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев.

Оның айтуынша, 20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық оқиғаларды, елімізде туғандар мен елімізге келгендердің санын және қайтыс болғандар мен кеткендердің санын ескере отырып айқындалды.

«Биыл 1 қарашада Бюро халық саны туралы мәліметтерді жариялады, ол осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 19 967 964 адамды құрады. Яғни 20 миллионға 32 мыңнан астам адам жетпеді. Осылайша Бюро әкімшілік көздермен жасалатын интеграция және халықтың ай сайынғы өсуінің орташа қарқынын ескеріп, 20 миллионыншы азамат қараша айында болатынын жариялады», – деді спикер.

М. Тұрлыбаевтың түсіндіруінше, бұған дейін деректер қолмен өңделіп, қосымша уақытты қажет ететін. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы процесті жеделдетуге және мерейлі көрсеткішті аз уақыт ішінде анықтауға мүмкіндік берді.

«13 қарашадағы жағдай бойынша біз миллиондық көрсеткішке жету үшін 277 адам қалғанын анықтадық. Бұдан әрі 14 қарашадағы халықтың табиғи қозғалысы мен көші-қоны бойынша келіп түскен деректерді ескере отырып, миллионыншы азаматтың туған уақытын анықтадық», – деді Ұлттық статистика бюросысы басшысының орынбасары.

М. Тұрлыбаев тәуелсіздік алған жылы Қазақстан халқының саны 16,4 миллион адамды құрағанын, содан халық саны 22-ден астам пайызға өскенін жариялады.

«Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Ал көші-қонның ең жоғары оң сальдосы 2006 жылы болды. Биылғы дерекке сәйкес, 9 айда дүниеге келгендер саны 291 мың адамды құрады. Осылайша халықтың табиғи өсімі 194,8 мың адамға жетті. Бұл орта есеппен бір айда 22 мың адам немесе күніне шамамен 750 адам дүниеге келді деген сөз», – деді спикер.

Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары облыстар бөлінісіндегі халықтың қазіргі саны бойынша тұрғындардың ең көп саны Түркістан облысында – 2,1 млн, Алматы облысында – 1,5 млн, Жамбыл облысында – 1,2 млн адам құрап отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы экономиканың жағдайына байланысты жыл сайын жаңартылып отыратынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан бөлінетін 7 түрлі жәрдемақы бар.  Оған мемлекеттік бюджеттен биыл 1,3 трлн теңге бөлінді. 2022 жылы – 900 млрд теңгеден астам, 2021 жылы 600 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды.

«Бірінші кезекте әйелдердің жүктілігі мен босануына байланысты жәрдемақы, жалпы жәрдемақының орташа көлемі 1,2 млн теңге, бұл – бір реттік төлем. Сонымен қатар баланың тууына байланысты жәрдемақы болады. Ол республикалық бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Мысалы, 2022 жылы 470 мың жанұяға төленді. Кемінде төлемақы мөлшері 131 мың теңгені құрайды. Биыл 420-430 мың азаматқа төлеу жоспарланған», – деді спикер. 

Вице-министр бала күтімі бойынша, көпбалалы отбасыларға, қиын жағдайға тап болған отбасылардың балаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жариялады. Ол соңғы санаттың параметрлері Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты өзгергеніне назар аударды.

«Маңызды бағыттардың бірі – көпбалалы отбасылар, кәмелеттік жасқа толмаған 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырғандар. Мемлекет тарапынан әр балаға 13800 теңге беріледі және баланың санына қарай ай сайын төленеді. 540 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен наградталған аналар бар, 6-7 бала тәрбиелеп өсірген. Оларға ай сайын, өмір бойы 25 мың теңгеге дейін қаражат төленеді», – деді вице-министр. 

Айтпақшы еліміздің 20 миллионыншы тұрғындарына 2 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары берілетін болды. Бұл туралы «Отбасы Банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

«Біз оларға әрқайсысы 2 млн теңге номиналдық құны бар сыйлық секртификатын сыйлаймыз. Бұл сертификат жай ғана сыйлық емес, ол –жарқын болашаққа жолдама. Бұл қаражат жеке баспана сатып алудың алғашқы қадамы болады. Сертификатты қолдану үшін балалардың ата-аналары өз қаласындағы банк бөлімшесіне келіп немесе видеобанкингпен жеке куәлігін, баланың туу туралы куәлігін көрсетуі керек. Бұл үшін ата-аналарға 3 ай уақыт беріледі», – деді басқарма төрағасы.

Л. Ибрагимова «Ұлттық қор балаларға» жобасы аясында балалардың жинақталатын қаражатын пайдалануға болатын мақсаттардың бірі – баспана алу екенін айтты.

«Қазірдің өзінде Қазақстанда бала дүниеге келісімен оның атына тұрғын үй жинақ шоттарын ашатын ата-аналар жеткілікті. Балаларының болашақ баспанасына қаржы жинақтауға ерте кіріскен ата-аналардың көбі – Шымкент қаласының тұрғындары. Онда 1 жасқа дейінгі балалардың атына тұрғын үй жинақтарына арналған 679 депозит ашылған, одан кейін Алматы – 642 және Астана – 531 депозит», – деді басқарма төрағасы.

Л. Ибрагимованың айтуынша, қазіргі уақытта «Отбасы банкінде» балаларға арналған 299 579 депозит бар. Оның ішінде, 5 жасқа дейінгі балаларға 50 140 мыңнан астам жинақ шоттары ашылған. Ал 1 жасқа дейінгі ең кішкентай клиенттердің атында 12 мың 721 депозит бар. 

Баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев жаңа туған 20 миллионыншы қазақстандықтарға ерекше үлгідегі туу туралы куәлік берілетінін мәлімдеді.

«Соңғы 5 жылда Қазақстан халқының саны 8,8%-ға артқан, балалар саны – 6,6 млн. Атап айтқанда, 2022 жылы 400 мыңнан астам бала, 2023 жылдың 10 айында 339 мыңнан аса бала дүниеге келді», – деді вице-министр.

Спикер балаларға медициналық көмек кепілдендірілген көлем мен МӘМС аясында тегін көрсетілетінін еске салды.

«Ел аумағында 250 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 39 перинаталдық орталықта салмағы 500 грамнан және одан жоғары жаңа туған нәрестелерге көмек көрсетіледі. 55 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді, оның үшеуі – республикалық деңгейдегі мекемелер», – деді Б. Есенбаев.

Оның дерегінше, жыл сайын балаларға амбулаториялық жағдайда 100 млн-нан астам консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізіледі, 500 мыңнан астам балаға тәулік бойғы стационарларда көмек көрсетіліп, 100 мыңнан астам операция жасалады. Осы жұмысты 2640 педиатр, 773 неонатолог атқарады.

«Пренатальды скринингтің сапасын жақсарту мақсатында 20 ұрықты қорғау орталығы құрылды. 400 мың жүкті әйел босануға дейінгі бақылаумен қамтылды, 1,2 млн ұрық скринингі жүргізілді. Неонаталдық скринингпен 400 мыңнан астам жаңа туған нәресте қамтылса, 1,5 млн бала – психофизикалық, 6 жасқа дейінгі 2 млн бала – аудиологиялық скринингтен өтті», – деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары.

Б. Есенбаев елімізде шала туылған нәрестелердің ретинопатиясына скрининг перзентхана деңгейінде жүргізілетінін жариялады.

«Аталған скрининг түрінен жыл сайын 7,5 мыңнан астам шала туылған нәресте өтеді. Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында туғаннан 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексерулер жыл сайын жүргізіледі. 9 ай ішінде 4 миллионнан астам бала профилактикалық тексерумен қамтылды. Балалар денсаулығын қорғаудағы басты жетістіктердің бірі – неонатологиядағы жоғары мамандандырылған көмекті дамыту», – деді ол.

Вице-министр 2008 жылдан бері елімізде дене салмағы 500 грамман басталатын нәрестелердің күтімі жүзеге асырыла бастағанын айтты.

«Тиімді перинатальдық технологиялардың, ДДСҰ ұсынған қауіпсіз ана болудың қағидаттары мен жаңа туған нәрестелер реанимациясын дамытудың арқасында 10 жыл ішінде оң жетістіктерге қол жеткізілді. Дене салмағы аса төмен балалардың өмірін сақтап қалу көрсеткіші 4 есеге артты, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші 1,5 есеге төмендеп, балалар арасындағы өлім-жітім 1,6 есеге азайтылды», – деді Б. Есенбаев. 

Серіктес жаңалықтары