Қазақстанда 5G жаңа мобильді желісі қолданысқа енгізіліп жатыр

Ұялы байланыс операторлары ерекше бақылауға алынады.

Қазақстанда 5G жаңа мобильді желісі қолданысқа енгізіліп жатыр
e-cis.info
1211

Цифрлық даму министрлігінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын түсіндіру бойынша брифинг өтті, деп хабарлады Turkystan.kz.

Жиында цифрлық теңсіздікті төмендету мақсатында елдімекендер оптикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетіні мәлімделді.

«Урбанизация мен экономикалық орындылықты ескере отырып, талшықты-оптикалық байланыс желілерін 3 мың елдімекенге жеткізу жоспарлануда», – деді ЦДИАӨМ Телекоммуникация комитеті сымсыз байланыс жобаларды дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы Олжас Қабенов.

Ол биыл 5G жаңа мобильді желісін енгізу басталғанын айтты.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін Республикалық маңызы бар қала аумағының 75% -ы, облыс орталықтары аумағының 60% -ы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жоба аясында 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ына, облыс орталықтарының 60%-ына 5G технологиясын жеткізу жоспарланған», – деді басқарма басшысы.

О. Қабенов радиожиілік спектрін тиімді пайдалану және Қазақстан Республикасының аумағында ұялы байланыс сапасын жақсарту шеңберінде ұялы байланыс операторларына жүктелген міндеттемелердің орындалуы ерекше бақылауға алынатынын мәлімдеді.

«2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы абоненттерге сапасыз байланыс бергені үшін айыппұлды ұлғайту туралы заң жобасына қол қойды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 1 175 тексеру жүргізіліп, 1 млрд 670 млн теңге сомасына айыппұл жазылды (жеңілдікті ескере отырып бюджетке 835 млн теңге төленді. Ал 2023 жылдың басынан бастап 13 қарашадағы жағдай бойынша 677 тексеру жүргізіліп, 2 млрд 570 млн теңге сомасына айыппұл жазылды (жеңілдікті ескере отырып бюджетке 1 млрд 285 млн теңге төленді)», – деді спикер. 

 

Серіктес жаңалықтары