«Салтанат» би ансамблі ел назарында

Алматыда Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің «Тәуелсіздік − тұғырым» атты концерті өтті.

«Салтанат» би ансамблі ел назарында
1148

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында аты аңызға айналған ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің кеші тәуелсіздік күніне және ҚР Халық әртісі, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіровтың 100 жылдығына арналды.  

 ҚР Халық әртісі, өнертану ғылым­да­рының кандидаты, хореогра­фия профессоры Дәурен Әбіровтің еліміздің хореография өнерінің қалыптасуына, дамуына қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Оның есімі бірнеше ЖОО хореографиялық залдарына берілді. Ол өз халқының тарихымен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста болды. Балетмейстер  қазақ биін жаңа тақырыптармен, бейнелермен байытып, қазақ биінің шеңберін кеңейтті, әрі қазіргі ұлттық-сахналық бидің негіздерін дамытып, ұлттық хореографиялық өнердің кәсіби жанрларына көп жаңалық енгізді. Оның кез-келген қойылымынан қазақтың мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін көруге болады. Артында өлмейтұғын өнері қалған, ел мақтанышына айналған Дәурен Әбіровтің 100 жылдық мерейтойына арналған кеште ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлегеннің бастамасымен «Сылқыма», «Балбырауын» би қойылымдары қайта жандандырылып, көрерменнің назарына ұсынылды.

ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара Тұңғыш рет Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Кеште «Қазақ өрнектері», «Шашу», «Сылқыма», «Қос алқа», «Балбырауын», «Биші қайың», «Аққу», «Аса таяқ», «Вальс», «Жастық жалын», «Болгар биі», «Өмір тармағы»,«Моңғол биі, «Көңілді серуен», «Молдаван биі», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» балетінен адажио, «Қыз қуу», «Ғажайып тылсым», «Жарық», «Ел салтанаты» атты би қойылымдарын Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің  балет артистері орындап шықты. Күмбірлеген күй де, қобыздың сырлы үні де осы кеште естілді. Мың бұралған биден, әсем ән мен тәтті күйден шашу шашылған концертті тамашалаған көрермендер таңданыстарын жасыра алмады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, бас дирижер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Дина Хамзина, ҚР мәдениет қайраткері Есенгелді Ырза, Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Венера Алпысбай, Нұрғалым Аманбай, Шаттық Уатқан  68-ші маусымның ашылу салтанатының арнайы қонағы болды. Ансамбль концертке тыңғылықты дайындалған. Балет артистері көрермендердерді өнеріне тамсандырып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Шара соңында ҚР  Мәдениет және Ақпарат министрлігінің атынан ықылас гүлі табысталды. Балетмейстер Дәурен Әбіровтың ұл-қыздары өнер иелеріне алғысын білдірді.

Айта кетейік, «Салтанат» ансамблі 1955 жылы Қазақ КСР ән-би ансамблі болып құрылған еді. Алматы және Киев консерваторияларының, Ленинград және Алматы музыкалық училищелерінің жас түлектері ұжымға алғашқылардың бірі болып жұмысқа қабылданады. Олар ән салып, би билеп қана қоймай, бейбітшілікті, ұлттар арасындағы достықты кеңінен насихаттай білді. Ансамбль Мәскеу қаласында өткен студенттер мен жастардың Дүниежүзілік фестивалінің жеңімпазы және Дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды.

 1989 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жарлығымен ән-би ансамблі З.Райбаевтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі болып өзгертіледі. Бүгінде ансамбль қазақтың ұлттық және әлем халықтарының биімен қатар, түрлі ұлт пен этнос арасындағы бірлік пен татулықты, бейбітшілікті насихаттап, ұлттар достығының алтын көпiрiне айналып отыр.

 

Серіктес жаңалықтары