Нәзипа Шанай: Ұлттық құндылық – ұлттық тәрбиенің негізі

Нәзипа Шанай ана ұл мен қызды тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейтінін тілге тиек етті.

Нәзипа Шанай: Ұлттық құндылық – ұлттық тәрбиенің негізі
halyq-uni.kz
2195

«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Өйткені әйел-ана өмір дауылын жеңетін алапат күшке ие. Оның мейірі мен пейілі сүрінгенге – сүйеу, жығылғанға – демеу.

Қазақстан халқы Ассам­блеясы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанай Turkystan.kz. тілшісімен сұхбаттасып, отбасы институты мен ұрпақ тәрбиесі жөнінде ой бөлісті.

Нәзипа Ыдырысқызы Президент жанындағы «Аналар кеңесі» консультативтік кеңесші органы әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешуде қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын баяндады.

«2014 жыл Қазақстан тарихында тастанды балалар көбейген жыл болды. Дәл осы жылы шақалақты дәретханаға тастап кету, автокөліктің терезесінен лақтырып жіберу сияқты жан шошытарлық жағдайлар тіркелді. Қоғам азды ма, адам азды ма деген сұрақ жанымызды жегідей жеді. Неге бес күн жалғаннан мейірім таппай қалдық? Тастанды бала мен тасбауыр ананың кінәсі мен күнәсін кім арқалайды? Осы сұрақтарға жауап табу үшін дәстүрлі ана мектебін қалыптастырған дұрыс деп шештік», – дейді Нәзипа Шанай.

Сұхбат беруші ана ұл мен қызды тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейтінін тілге тиек етті.

«Аналар кеңесі» орталығының құрылғанына келесі жылы 10 жыл болады. Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам ананың басын біріктіріп отырған консультативтік кеңесші орган ауылдарда да бар. 2021 жылдан бері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асырып келеміз. Ана мәдениетті болмаса, ұлт та, қоғам да мәдениетті болмайды», – дейді Нәзипа Шанай.

«Аналар кеңесі» төрағасының пікірінше, қазіргі аналардың мәдениетінің деңгейі кей кезде көңілге кірбің ұялатады.

«Митингке шыққан аналардың полицияны теуіп, Денсаулық сақтау министрлігінде алдынан шыққан азаматтарға қол жұмсағандарын ақтау қиын. Қазір біз 4 бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Нәтижесі жақсы. Жақында Батыс Қазақстан облысына барып келдік. Өңірде ерте жүктіліктің саны азайған екен. Осыған қатты қуандық. Тастанды балалардың да саны қысқарған. Облыстағы «балалар үйі» балабақшаға айналыпты», – дейді Аналар кеңесінің төрағасы.

Нәзипа Шанай «отбасы институтындағы» ер азаматтардың орны қандай деген сұраққа да жауап берді.

«Отбасы институтының тірегі де, жүрегі де – ер адам. Ислам дініне сәйкес, жас жұбайлар шаңырақ көтерген кезде міндетті түрде шариғат шарты бойынша неке қияды. Некенің мәні ер азаматқа жауапкершілік жүктеу, яғни «біреудің мәпелеп өсірген қызына қорған боламын, оны асыраймын» деген уәдесін алу. Осыдан-ақ отағасы деген сөздің түп-тамыры тереңде екенін түсінуге болады. Бұл отбасы институтында отағасының, ер азаматтың рөлі зор әрі маңызды екенінің белгісі болса керек», – дейді Н.Шанай.

Оның айтуынша, ошақтың отын сөндірмеу – қыз балаларға жүктелмен маңызды міндет.

«Әйел отбасын біріктіріп отыруы керек. Ана үйдің медиаторы және модераторы болуы тиіс. Ежелден солай болған. Ағайын мен туғанның арасын жалғап, әке мен баланың қарым-қатынасына дәнекер болған аналардың абыройы биік, беделі жоғары. Бұл – медиаторлық. Енді модераторлыққа тоқталайық. Отанасы кешкі аста дастархан басында отбасы мүшелерінің басын қосып: «әкесі, бүгін балаң 5 алды, қызың олимпиадаға барайын деп жатыр» деген сияқты жанға жылу сыйлайтын әңгіменің шетін шығарып отырса, отбасының береке-бірлігі мен ынтымағы арта береді. Отбасында ер кісінің атқаратын міндеті – аз, әйел адамдікі – көп деуге болмайды. Отбасының әлеуметтік жағдайын жасау әкенің міндеті болса, шаңырақтың шаттығын шалқыту ананың міндеті. Отбасында сыйластық пен сүйіспеншілік болғанда ғана босаға берік, кереге кең болады», – деп түйді ойын Аналар кеңесінің төрағасы.

Н.Шанайдың айтуынша, бүгінгі таңда отбасының жүгін жалғыз өзі арқалайтын әйелдер көбейген. Олар іштен тынып, күйзеліспен күн кешеді.

Осындай келіншектерге көмек көрсету үшін елімізде «Бақытты отбасы» атты 38 орталық құрылған.

«Осы орталықтар әйелдерге моральдық-психологиялық қолдау көрсетеді. Бірақ мұны қате түсініп, теріс қабылдайтын азаматтар бар. Олар әйелдеріне: «Бар, саған үкімет көмектеседі» деп масыл болуды жалғастыра береді. Мұның түп-тамыры 1990 жылдарда жатыр. Сол кезеңде ер кісілер жұмыссыз қалып, әйелдер балаларын аштан өлтірмеу үшін артист, дәрігер, ғалым болғанына қарамастан, ақша табуға көшті. Ала қапты арқалап, базарға шықты. Мұның да теріс салдары болды. Табыс тауып үйренген әйелдер бала тәрбиесіне көңіл бөлуді біржолата жауып қойды»,  – дейді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі.

Кейіпкеріміз ақылды ана бала тәрбиесін уысынан шығармайтынын алға тартты.

«Анасының мейірімін сезініп өскен бала ана арқылы айналасына шапағат шуағын шашады. Басқа адамдарға бақыт сыйлайды, өзі де бақытты болады», – дейді Н.Шанай.

Аналар кеңесінің төрағасы «Бақытты отбасы»  орталықтарында ең бірінші әйелдерге құқықтық көмек берілетінін баяндады.

«Аналардың дені өз құқығын білмейді. Олардың арасында  тұрмысқа ерте шыққандар, діни ағымның жетегінде кеткендер бар. Мұндай аналар өздерінің, балаларының құжаттарына салғырт қарайды. Біз олардың құжаттарын рәсімдеуге, балабақша, тұрғын үй кезегіне тұруға қол ұшын созамыз. Екінші бағыт – психиологиялық көмек. Бұл жерде де үлкен мәселе бар. Бізде әзірше психология ғылым ретінде дамымаған. Тіпті көп адамдар психотерапевт пен психологтың айырмашылығын білмейді. Ең алғашында сізге психологқа бару керек дегенді естіген жандардың арасында: «мен жынды емеспін» деп жауап бергендер болды. Жалпы, адамға қиын жағдайда психологиялық көмек қажет.  Себебі қоғамда өзін жоғалтып алған аналар бар. Олар күнделікті күйбең тірлікпен, балаларының қамымен жүріп, өздерінің ана, тұлға екенін ұмытып қалған. Мұндай аналар балаға не үйретеді? Ертең олардың перзенттері абьюзерлердің қолына түсетін қыз, буллингке тап болатын келін, қысымға ұшырайтын оқушы болып шықпай ма? Өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасы қандай болады? Осы мәселелерді шешу үшін ана психологиялық тұрғыда мықты болуы керек. Біз аналардың қандай да бір іспен айналысуына мүдделіміз. Сол үшін оларға қысқа мерзімде өздері қалаған мамандықты игеруге мүмкіндік береміз. Қазір кәсібін шыр айналдырып, меңгерген мамандығының жемісін жеп отырған келіншектер бар. Олардың алды цех ашып, 12-20 адамды жұмыспен қамтып отыр», – дейді ол.

Н.Шанай ұл баланың тәрбиесін ақсатып алғанымызды айтты.

«Жасыратыны жоқ, біз ұл баланың тәрбиесін босаңсытып, ақсатып алдық. Халқымызда ұлға деген көзқарас бөлек. Ұлы жоқ болса, өзін бақытсыз санайтын отбасылар да бар. «Бұл ұл ғой, тиіспеңдер, қыздар істей салады» деген ұстаным ер балаларды кішкентай кезінен енжарлыққа итермелейді. Апа-қарындастарын сыйлауға, оларға арқа сүйер болуға баулымайды. Ұлдарды өбексіте береді. Ал қызға кететін адам деп қарайды. Негізі ұл баланы жастайынан жұмыс істеуге үйрету қажет. Мінез қиындықтан өткен адамда ғана қалыптасады. Қазіргі ажырасулардың, отбасын ұстай алмайтын  еркектердің көбеюінің түбінде тәрбиеден кеткен кемшілік жатыр. Бұрынғы азаматтардың байсалды болғаны сонша, олар тіпті дауыс көтермейтін. Ер кісінің айқайлауы ерсі саналатын. Олар нақты сөйлеп, кесімді пікір білдіретін. Қазіргідей шыңғырып, шіңкілдеп жүрген еркек болмайтын», – дейді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі.

Сондай-ақ ол қоғамда өзін сыйлата білетін ер кісілердің қатары  азайғанын мәлімдеді.

«Шынымен сыйлы азамат болса, онда ол өз отбасын толығымен қамтамасыз ету мәселесін мойына алуы керек. Осы міндетті атқара алмағандықтан, отбасында ер кісінің рөлі төмендейді. Себебі әйел өзі ақша табатын болса, барлық мәселені өзі шешетін болса, ер адам не үшін қажет? Жатыпішер әкені көрген баланың оған деген көзқарасы өзгереді. Ертең мұндай шаңырақтың ұлы ез болып өседі. Өйткені ол үйінде әкесінің емес, анасының шешім қабылдайтынын көріп өседі және осыны күтіп отырады. Ал қызы барған жерінде күйеуінің айтқанымен жүруге емес, күйеуін өзінің айтқанымен жүргізуге тырысады. Біз ұлдың жауапкершілігін арттыру қажет. Оған қыздарға болашақ ана, біреудің келіні, біреудің жары ретінде қарауды үйрету керек. Әйелдерді жыныстық нысан ретінде емес, ұрпақтың, ұлттың  тәрбиешісі ретінде қабылдауды меңгерту қажет», – дейді ол.

Нәзипа Шанай бала тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны мен рөлі маңызды екеніне назар аударды.

«Әкесі жоқ отбасында тәрбиеленген ұлдар өздерінен үлкен әйелге үйленгенді қалап тұрады. Себебі олар аналарының жетектеп өсіргеніне үйреніп қалған. Әйелдерінен де сондай қамқорлықты күтеді. Әкесіз өскен қыз баланың да олқы тұсы болады. Мұндай қыздар еркек пен әйелдің қарым-қатынасын көрмей өседі. Әкені, ер адамды сыйлауды білмейді. Кейін келін болғанда осы мәселемен бетпе-бет келеді. Бала тәрбиесінде әкенің де, ананың да рөлі маңызды. Әрқайсының өз орны бар. Жалғызбасты, ажырасып кеткен  әйелдерге қырын қарауға болмайды. Бұл – тағдыр. Олардың әрқайсының артында түйіні тарқамаған мәселе тұр», – дейді Н.Шанай.

Сонымен қатар Н.Шанай «қызға қырық үйден тыйым» деген нақылдың түп-төркіні «ұят» екенін түсіндірді.

«Қызға қырық үйден тыйым» деген нақылды айтқанда, «ұят» дегенді де айту керек. Мысалы кейбір елдердің ұғымында «ұят» деген категория жоқ. Бізге бұл ұғым бабаларымыздан мирас болып келе жатыр. Бізді көп нәрседен ұят ұстайды. Ашық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан осы категорияны жоғалта бастадық. Бұл ең бірінші ашық-шашық киінуден басталды. Қыз құпия болуы керек. Қазір кейбір қыздардың сыры да, сыйы да. Бұл ер адамдардың оларға деген құрметін төмендетті. Қыз балаға тәрбие беру ананың міндеті. Мысалы, бір қызы ғана болса, оның дамуына қаражат құяды, бірақ ол «ертең келін болады, ана болады» деген сұраққа бас қатырмайды. Шындап келгенде бұл өз қызына жасалған қастандық. Қыз бойжетеді, ғашық болады, тұрмысқа шығады. Тұрмысқа шыққан соң күйеуінің киімін жуып, тамағын істеу сияқты қарапайым міндет пайда болады. Осыны істі атқара алмайтын қыздар көп.  Түйме қадауды білмейтін бойжеткендер бар. Түйме қадай алмаған қыздың бала бағуға шыдамы жете ме? Ойлану керек», – дейді Н.Шанай.

Аналар кеңесінің төрағасы жаһандану заманында ұлттық тәрбиеден ажырап қалмау үшін сыртқы құбылысты сыни көзқараспен қабылдау қажет екенін мәлімдеді.

«Қоғам саналы болуы керек. Біз саналы қоғамға әлі жеткен жоқпыз. Көзі тірісінде Әбіш Кекілбаев атамыздан: «Біз қандай қоғам боламыз? Деп сұрағанымызда ол: «Теңізде қатты жел тұрған кезде түбіндегі қоқыстың барлығын алып шығады. Кейін дауыл басылған кезде бетіне шыққан қоқысты жинап, лақтыруға болады» деген. Қазір біз осындай жағдайдамыз. Қоқыс жан-жақтан келіп жатыр. Біз бұдан өтеміз. Тек уақыт, шыдам, сабыр қажет», – дейді ол.

Н.Шанай адам дүниеге келген кезде өзімен бірге ұлтын, тілін, дінін ала келетініне тоқталды.

«Қазақ болып туса да, өз тілін білмейтіндер, тілін білмегендіктен дәстүрін түсінбейтіндер көбейді. Дегенмен ұлттының ұпайын түгендеу жолында тер төгіп жүрген жастар жоқ емес. Бізге осындай жастарды қолдап, насихаттау қажет. Қоғамның санасын өзгертуге күш жұмсаған жөн. Өскелең ұрпаққа біздің салт-дәстүріміз өзгелерден озық болмаса, кем емес екенін түсіндіру керек. Мен басқа діни ағымдарға кетіп қалған жастарды кінәлай алмаймын. Себебі өзіміз осыған жол беріп алдық», – деп қорытты сөзін Аналар кеңесінің төрағасы.

 

Серіктес жаңалықтары