Аспаз Михаил: Алғашқы сыйақыма домбыра сатып алдым

22 жастағы Михаил сонымен бірге қазақ тілінде де емін-еркін сөйлей алады.

Аспаз Михаил: Алғашқы сыйақыма домбыра сатып алдым
turkystan.kz
2472

Желіде домбырамен «Балбырауын» күйін күмбірлете жөнелген аспазшы Михаилдың бейнежазбасы аз уақыт ішінде миллионға жуық қаралым жинап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Turkystan.kz тілшісі тасада жүріп танылып, желі жұлдызына айналған жанды тауып алып, тілдескен болатын.

Михаил Әбуов балабақша кезінен-ақ өнерге жақын болған. Талай рет сахна төріне шығып, ән шырқаған. Ал домбыра тартуды 8 жасынан бастап үйренген екен.

«Әнге деген қызығушылығымды алдымен 1-сыныпта сабақ берген музыка пәнінің мұғалімі – Антонина Атрясьева байқады. Сол үшін ұстазыма алғысым шексіз! Ол кісі менің қалалық, облыстық және республикалық жарыстарда өнер көрсетуіме ықпал етті.

Ал екінші сыныпта «Балбөбек» байқауында «Қос Қарлығаш» әнін шырқап, жүлделі орынға ие болдым. Онда 60 мың теңге көлемінде сыйақы ұтып алдым. Бұл ақшаға домбыра сатып алғым келді. Анам қарсылық білдірген жоқ, керсінше қолдады. Оның айтуынша, мен кішкентай кезімде теледидардан үнемі айтыс көреді екенмін. Бәлкім, бәрі содан басталған шығар деп ойалаймын», – дейді ол.

Ол домбыраны алғашқы 2 ай құлақпен тыңдап үйренеді. Кейін ата-анасы оны музыка мектебіне берген. Содан бері Михаил домбырадан ажыраған емес.

«Музыка мектептебіндегі алғашқы ұстазым болған Күләш Керейбаеваға шынайы ризашылығымды білдіремін. 5 жыл ішінде мені нағыз музыкант етіп «баптап» шығарды. Үйрену процессі қиын болған жоқ, тек спортпен қатар алып жүргендіктен, уақыт жағынан ыңғайсыздық тудырды. Соған қарамастан мектепті қызыл дипломға аяқтадым. Қазір туыс-достарымның өтініші бойынша жұмыста домбыра тартамын. Ара-тұра Қазақстан халқы Ассамблеясының шақыруымен үлкен сахнада өнер көрсетемін. Араласатын ортам менің домбырада жақсы ойнайтынымды біледі. Онша таңғалмайды. Алайда бірінші рет естіп, көргендер таң-тамаша болады», – дейді өнерлі жігіт.

22 жастағы Михаил сонымен бірге қазақ тілінде де емін-еркін сөйлей алады.

«Қазақша сөйлеп кетуіме де анам көмектесті. Кейде мәжбүрлеп оқытып, сөздер жаттатқызатын. Уақыт өте келе сөздік қорым молайды. Оған қоса, достармының көбі қазақша сөйлейтін. Осының барлығы тілді тез меңгеріп алуыма көмегін тигізді. Соның арқасында қазір әріптестеріммен қазақша еркін әңгімелесіп жүрмін», – дейді ол.

Қазір ол Астанадағы беделді қонақүйлердің бірінде аспаз болып жұмыс істейді.

«Аспаз болу – сүйікті ісім. Жұмысым үшін жанымды беремін. Өз қалауым болғандықтан, ешқандай қиындық, ешқандай ауырлықты сезбеймін», – дейді желі жұлдызы.

Ол машақаты көп жұмысына қарамастан, әрдайым музыкаға аз да болса уақыт табатынын айтады. Желіде кең таралған әлгі бейнежазбада оның бос уақытында сол аспаз әріптестеріне ойнап берген сәті таспаланған. Бұл видео миллионнан астам қаралым, 76  мың лайк, 3 мыңнан астам пікір жинаған.

Желі қолданушылары әлгі видеоның астына «Жарайсың! Қазақстанның болашағы – қазақтың тілін білетін және дәстүрін құрметтейтін осындай жастар», «Кейбіреуі домбыраны қалай ұстау керектігін де білмейді! Бәрекелді!», «Нағыз талант», «Қолың талмасың, керемет!», «Әркімге беріле бермейтін талант», «Өнерін өрге жүзсін!», – деп көп пікір қалдырған.

 

«Домбыра – менің медитациям. Ұлттық аспабымызды шерткенде демалып, өзімді еркін сезінемін. Мектепте үйреткен көп күйді қалай тарту керек екенін ұмытып қалдым. Әзірше ең танымалдары «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Адай», «Әлқисса», «Аққу» күйлерін тартып жүрмін. Негізі ішекті аспаптардың барлығында ойнай аламын. Мұны болашақта балаларға да үйретуді қалар едім. Әрине, егер мүмкіндік болса», – дейді ол.

Михаил сөз соңында бала кезден актер ретінде өте танымал болуды армандағанын айтады.

«Бағыма актер болу жазбаса керек, бірақ желі арқылы танымал болуды жазған екен», – деп аяқтады әңгімесін М. Әбуов.

 

Серіктес жаңалықтары