«ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымы ішкі нарыққа жеткізілетін сұйытылған мұнай газ көлемін ұлғайтты

Ішкі нарыққа 362 744 тонна сұйытылған мұнай газы жеткізілді.

«ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымы ішкі нарыққа жеткізілетін сұйытылған мұнай газ көлемін ұлғайтты
ашық дереккөз
2847

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ еншілесі Petrosun ЖШС ішкі нарыққа жеткізілетін сұйытылған мұнай газ көлемін көбейтті, деп хабарлады Turkystan.kz.

Petrosun ЖШС 2023 жылдың 11 айында ішкі нарыққа 362 744 тонна сұйытылған мұнай газын жеткізді.

Компанияның баспасөз қызметі бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,33%-ға артық көрсеткіш деген ақпарат таратты. Сұйытылған газ жеткізу көлемінің артуына отандық 3 мұнай өңдеу зауытындағы газ өндірісінің ұлғаюы себеп болған.

Petrosun ЖШС 2022 жылдың басынан қазірге дейін қазақстандық тұтынушыларға шамамен 748 036 тонна сұйытылған газ жеткізген.

Компания жанармайдың негізгі көлемін Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларына жөнелтеді. Соңғы 3 айда компания Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, жоғарыда аты аталған өңірлердің қажеттілігін 49%-дан 100%-ға дейін қамтамасыз еткен.

Компания сұйытылған мұнай газын Энергетика министрлігі бекітетін шекті көтерме бағамен сатады. Petrosun ЖШС 2022 жылғы шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының тоннасын - 37 632 теңгеден, 2023 жылғы шілдеден бастап - 45 158 теңгеден ұсынды.

Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықтың жекелеген субъектілеріне АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны саудасын негізсіз шектегені үшін Petrosun ЖШС-ға 542,9 млн теңге айыппұл салған.

«Департамент қызметкерлерінің қорытындысы негізінде Petrosun ЖШС үстем жағдайды теріс пайдалану фактісі бойынша 542,9 млн теңге сомасы көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлаған сол кезде  Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Серіктес жаңалықтары