Тұрғын үй нарығындағы «ұзын қол»
Банктің мәртебесінің өзгеруі баспана алсам деп қаражат жинап жүрген халыққа қалай әсер етеді, депозиттерге не болмақ, «Отбасы банкке» мұндай шексіз құзырет не үшін берілмек?
Өткен аптада Мәжілісте тұрғын үй саясатына қатысты заң жобасы қаралды. Енгізілмек өзгерістер мен түзетулер баспананы қолжетімді ете түсуге ықпал етуі керек. Осыған байланысты «Отбасы банкінің» мәртебесі өзгермек. Нақтырақ айтқанда, «Отбасы банкі» бұрынғыдай банк болмайды, оның базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, толыққанды даму институтына айналады. Бірақ банк қызметін атқара береді.
Иә, жаңылтпаш сияқты жаңылдырған бұл бастама заң жобасын талқылау кезінде де, одан кейін де түрлі пікір тудырды. Кей депутаттар, қаржы сарапшылары бұл шешім нарықтағы бәсекелестікке нұқсан келтіріп, монополияның одан әрі тамыр жаюына жол беретінін, сонымен қатар тұрғын үй кезегі мен оны реттеумен шын мәнінде даму институттары айналыспайтынын айтады. Ал банкке ақшасын тірнектеп жинап жүрген азаматтар «депозитіміз не болар екен?» деп алаңдаулы.
Банктің мәртебесінің өзгеруі баспана алсам деп қаражат жинап жүрген халыққа қалай әсер етеді, депозиттерге не болмақ, «Отбасы банкке» мұндай шексіз құзырет не үшін берілмек? – зерттеп көрейік.
Гамлеттің сұрағы
«Отбасы банкі» даму институтына айналып, оның базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» құрылады. Оған тұрғын үйге мұқтаж кез келген азамат тіркеліп, кезекке тұра алады. Кезекке тұру үшін азаматтардың кейінгі 10 жылда баспанасы болмауға тиіс. Бір қарағанда, тұрғын үй қатынастарын реттейтін жақсы бастама, бірақ бұл құзырет екінші деңгейлі банк жүйесіндегі ірі банкке берілетіні бірден дау тудырды. Себебі заң жобасында банк одан кейін ешқандай реттеу мен қадағалауға бағынбайтыны айтылған.
Депутат Екатерина Смышляева тұрғын үй жүйесін реформалау туралы заң жобасында «Отбасы банкін» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару ұсынылып отырғанын айтты.
– Біріншіден, «Отбасы банкі» банктерге қойылатын барлық лицензия талаптарына автоматты түрде бағынуды тоқтатады. Екінші мәселе – азаматтардың салымдарына кепілдік берудің қолданыстағы тексерілген жүйесінен автоматты түрде шығарылады. Пікірталас кезінде депутаттар бұл ұсынысты қолдамады, – деді ол.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов банктің активтері 3,8 триллион теңге екенін айтты. Шындығында да, банктің несие портфелінің сапасы өте жақсы, жұмыс істемейтін несиелердің үлесі 0,8 пайыз. Таза кірістің көлемі бойынша да банк үздік үштікке кіреді.
– Жұмыс істемейтін несиелердің мұндай төмен үлесі бұрын-соңды ешқандай банкте болмаған, бұл «Отбасы банкінің» тұрақтылығын көрсетеді. Заң жобасында «Отбасы банкін» ҚНРДА жүйесінен шығару көзделген. Бірақ банктің мемлекеттік мәртебесін және оның тұрғын үй құрылысы жүйесін дамытудағы маңызды рөлін ескере отырып, біз Ұлттық банкпен және уәкілетті министрлікпен бірлесіп бұл мәселені тағы да қарастырдық. «Отбасы Банкінің» маңыздылығын ескере отырып, біз Парламент Мәжілісі депутатының «Отбасы банкін» ҚНРДА реттеу периметрінде қалдыру туралы ұсынысымен келісеміз, – деп түсіндірді ол.
Ал Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин Ұлттық Банктің «Отбасы банкін» реттеуі бойынша ештеңе өзгермейтінін айтты.
– Ұлттық Банктің міндеті тұрғысынан қарағанда, «Отбасы банкте» ештеңе өзгермейді. «Отбасы банктің» валюта заңнамасы орындауын бақылауға байланысты функционал, статистика, бухгалтерлік есеп, инкассация – осының барлығын Ұлттық Банк қадағалайды. «Отбасы банктің» салымдарға кепілдік беру жүйесінен шығуына келсек, бұл ұсыныс «Отбасы банкін» ҚНРДА-даның бақылауынан шығаруға байланысты жасалды, бірақ егер ҚНРДА қалсын десе, біз оны қолдаймыз және «Отбасы банкін» салымдарға кепілдік беру жүйесінде қалдырамыз, – деді ол.
Дәл сол кезде банктің қадағаланатыны не қадағаланбайтыны немесе кей қызметі ғана реттелетіні аса түсінікті болмады. Дегенмен заң жобасында көрсетілгендей, қадағалаудан мүлде босату көзделген еді.
Ертесі, 23 қарашада Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлімдеме жасады. Ол «Отбасы банктің» жаңа мәртебесі туралы ақпарат дұрыс жетпегенін, қоғам дұрыс қабылдамағанын түсіндірді. Сөйтіп, «Отбасы банкі» банк жүйесінен шықпайтынын, кез келген банк секілді қадағаланатынын айтып дауға нүкте қойғандай болды.
– «Отбасы банкі» екінші деңгейдегі банк болды және болып қала береді, жаңа функцияларға ие болса да, ҚНРДА мен Ұлттық Банктің қадағалауында болды және солай болып қала береді. Яғни, «Отбасы банкінің» мәртебесі өзгермейді, оған тұрғын үйге мұқтаж, кезекте тұрған азаматтардың тізімін жүргізу жөніндегі функциялар ғана қосылады, – деді ол.
Бір айта кететін нәрсе – «Отбасы банкті» бұлайша реформалау 2021 жылы айтылған. 2021 жылғы 28 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасы аясында «Отбасы банк» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылатынын хабарлады. Сонымен қатар екінші деңгейлі банк мәртебесін ұлттық даму институты мәртебесі бар банкке өзгерту жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.
Сонымен, бола ма, болмай ма, қала ма, қалмай ма? Банктің қызметі мен оны қадағалауға қатысты мәселелер алда да талқыланатын болады, дегенмен қалай алсақ та, «Отбасы банктің» құзыретінің кеңеюі туралы шешім ипотека және тұрғын үй нарығын дамытады деу – асыра бағалағандық болар еді.
Жиырма банкім бір төбе...
Сонымен, қандай өзгеріс енгізілсе де, «Отбасы банктің» құзыреті мен қызметі кеңейетіні анық. Бұған дейін Президент банктің қызметін қайта қарауды тапсырған болатын.
– «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн. Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс, – деген болатын ол биылғы қыркүйектегі Жолдауында.
Иә, банктің қызметі қайта қаралып жатыр, дегенмен оны өзгертудегі басты мақсат мүлдем ұмыт қалған сияқты, тіпті оған қарсы жасалған қадам деп бағалау керек. «Отбасы банк» екінші деңгейлі банктердің ішінде ойын тақтасының арғы шегіне бірінші жеткен сарбаздан «қолы ұзын» ферзіге айналмақ. Ол бұған дейін онсыз да мемлекеттің мейір-шапағатынан кенде болған емес.
Мәселен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ипотека нарығындағы банктің үлесі 60 пайыздан асады. Бұған екінші деңгейдегі банктердің ипотека нарығына қатысуына тыйым салынғаны және «Отбасы банкі» басқаларға қарағанда бюджеттен көбірек қаржыландырылып отырғаны әсер етіп отыр. Осы себепті де банктің портфелінің сапасы жақсы, табысы да мол. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша «Отбасы банк» 117 миллиард теңге таза пайда тауып, үздік үштікке кіріп отыр.
«Бәйтеректің» банкі» басқарма мүшелерін де барынша ынталандырып отырады. Finance.kz мәліметінше, былтыр «Отбасы банкі» басқармасының 7 мүшесінің әрқайсысы орташа есеппен 267,2 миллион теңге сыйақы алған, яғни айына 3,1 миллион теңгеден сыйақы берілген. Ал 2021 жылы басқарманың 9 мүшесіне 261 миллион теңге немесе әр адамға шаққанда, орта есеппен 2,4 миллион теңге бөлінген. Бір жылдағы өсім – 22 пайыз.
Ал тұрғын үй жинақтарына қатысты сұрақ көп. Үш жыл болмаған депозит иелері барлық соманың, яғни өзі құйған ақшасының пайызын қоса төлейді. Яғни, олар құйған ақшаны кепілге алады. Ипотеканы жабу мерзімінің шектеулі болуы да ай сайын төлейтін ақшаның қалта қағарлықтай болуына ықпал етіп отыр. Демек, банктің халыққа тиімділігі тұрғысынан да сұрақ жетерлік.
Одан бөлек, банк 9-20-25 тұрғын үй бағдарламасына да қатыспақ. Ал бұған дейін «Отбасы банктің» бұл бағдарламаға қатысы болмаған. Алғашында «Бәйтерек» холдингі мәліметті жоққа шығарды. «Отбасы банк» те ақпаратты растамайтынын, мұндай бағдарлама жоқ екенін мәлімдеді.
– Отбасы банкі ақпаратты растамайды және банктің мұндай бағдарламасы жоқ екенін хабарлайды, – деп ресми мәлімет берді.
Бірақ кейін бұл сөзден тайқыды:
– «9-20-25» бағдарламасы шығуы мүмкін. Бұл жоба әзірленіп жатыр. Банк сарапшылары есептеп, шарттарды талдайды. Егер жоба бекітілсе, «Отбасы банкі» қазақстандықтарды тағы да хабардар етеді және толығырақ ақпарат береді, – деп мәлімдеді банк.
Яғни, «7-20-25» бағдарламасын жүргізіп отырған банк, енді 9-20-25 бағдарламасын да өзіне алуға ниетті. «Бәйтерек» пен «Ұлттық қордың» қаржыландыруынан қалай да болса қағылмауға тырысқан банк-институт шын мәнінде нарықтың кентаврына айналмақ. Экономист Андрей Чеботаревтің пікірінше, тұрғын үй мен ипотека нарығындағы монополияны одан әрі өршітіп алуымыз мүмкін. Ал сарапшы Мадина Қабжалелованың байламынша, банктің құзыретін кеңейту үлкен екі мәселе туындатуы мүмкін.
Андрей Чеботарев,
экономист:
Ипотека нарығын жалғыз өзі билеп-төстеп отыр
– «Отбасы банк» банк болмайды, бірақ банк болып қалады». Шынында да, бұл – өте орынсыз шешім. Біз оны ипотека нарығындағы мемлекеттік монополияға айналдырамыз.
«Отбасы банкін» қайткен күнде де тұрғын үй кезегін қадағалайтын даму институтына айналдырғымыз келіп бара жатса, монополияға қарсы қызмет ұсынғандай, басқа банктерге де тұрғын үйге салым салу жүйесіне қосылуға рұқсат беру керек. Қазір басқа банктерде бұл жүйеге кіруге рұқсат жоқ, мемлекеттің тиімді қаржыландыруынан үлес алып отырған жоқ, ал «Отбасы банк» Ұлттық қордың игілігін көріп отыр. Депозит сыйақылары халыққа жыл сайын банктің өз табысынан емес, Ұлттық қордан төленеді. Ал қабылданғалы отырған шешім ипотека нарығының монополиялануын одан әрі ушықтырады. Оған қоса, ҚНРДА-ның бақылауынан шығару дегеніміз – ол банк болса да, оны ешкім қадағалай алмайды деген сөз. Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры төңірегінде де үлкен сұрақ туындайды: халықтың салымдарына ештеңе болмайтынына кім, қалай кепілдік береді? Банк депозиттерге кепілдік беру қоры жүйесінде қала ма? Мұның бәрі, шындығында, өте өзекті мәселелер.
Ең бастысы, Президент экономикаға мемлекеттің араласуын азайту керек дейді, бірақ біз тұрғын үй мен ипотека нарығындағы монополияны одан әрі өршіткелі отырмыз. 2016 жылы «Отбасы банк» жекеменшікке өтетін компаниялар тізімінде болған. Қазір оны жекеге беру мүмкін емес, қазір ол ешқандай бәсекесіз-ақ ипотека нарығын жалғыз өзі билеп-төстеп отырған мемлекеттік «құбыжыққа» айналды. Мұның барлығы қалай реттеледі, білмеймін, бірақ бірнеше жылдан кейін біз «Отбасы банкін» қайтадан нарыққа шығару туралы шешім қабылдайтын сияқтымыз. Әйтпеген жағдайда, ипотека мен тұрғын үй нарығындағы әділ бәсеке мен нарық қатынастарын біржола ұмытатын боламыз.
Мадина Қабжалелова,
Halyk Finance талдау орталығының сарапшысы:
Тұрғын үй кезегі мәселесінің
даму институттарына ешқандай қатысы жоқ
– Заң жобасының дау тудырғаны әділетті: кей депутаттар шешімге қарсы шықты. Олар банк екінші деңгейдегі кез келген банк сияқты реттелуі керек деп санайды. Қазір «Отбасы банкінің» ЕДБ жүйесінен толық немесе ішінара шығарылатыны белгісіз: даму институты болса да, кей тұстары реттеуші органдардың бақылауында қалуы мүмкін.
Біздің ойымызша, мұндай заңның қабылдануы екі мәселе туындатуы мүмкін. Біріншіден, ең озық әлемдік тәжірибелер көрсеткендей, қаржылық даму институттары жеке қаржы ұйымдары сияқты толықтай реттелуі керек. «Отбасы банкі» банк қызметін атқарып, барлық банк операцияларын жүзеге асырса, ал реттеу және қадағалау төрелігі өзінде болса, бұл банк қызметтері нарығындағы бәсекелестікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондай-ақ қаржылық тұрақтылыққа байланысты да сын-қатер туындайды, өйткені «Отбасы банкінің» салымшылары – жеке тұлғалар, яғни арнайы органдардың бақылауын талап етеді. Салымшылардың болуы «Отбасы банкін» басқа даму институттарынан, мысалы, Қазақстанның Даму Банкінен ерекшелендіреді.
Екіншіден, «Отбасы банкін» тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үй кезегіне тұрғызу, үй беру сияқты өкілеттіктерді беруге қатысты заң жобасына қатысты да сұрақ туындайды. Өйткені бұл – әлеуметтік мемлекеттік мекемелердің функциясы және кез келген елдің экономикасындағы даму институттарына ешқандай қатысы жоқ. Мұндай жағдайда жеңілдігі бар несие, басқа да субсидияларды беру және тұрғын үйге мұқтаждардың кезегін бір мезгілде бақылау құзыретін «Отбасы банкіне» беру мүдделер қақтығысын тудырады және сыбайлас жемқорлықтың қаупін еселейді.
Сонымен, қорытындылайтын болсақ, «Отбасы банкі» банк болып қалады, оған қоса даму институтының
қызметін де атқарып, үй кезегін реттейді. Бірақ шын мәнінде даму институттарының мұндай мәселелерге қатысы жоқ. Банк ЕДБ жүйесінен, Ұлттық банктің, ҚНРДА-ның бақылауынан шықпайды, депозиттерге кепілдік беру қорында да қалады, салымшылар депозитке баяғыдай қаражат жинай алады. Қызметі өзгермейді, тек кеңейеді. Бірақ нарықтың өрісін тарылтып, бәсекелестікті одан да қатты буып тастауы ықтимал. Оған 9-20-25 бағдарламасының қосылуы нарық реттеп келе жатқан тұрғын үй бағасын қайта аспандатып жіберуі әбден мүмкін.